Жаңалықтар

БӘСЕКЕЛЕСТIК ЖОЛЫМЕН 5 ҚАДАМ IЛГЕРIЛЕДIК

ашық дереккөзі

БӘСЕКЕЛЕСТIК ЖОЛЫМЕН 5 ҚАДАМ IЛГЕРIЛЕДIК

Халықаралық экономикалық өлшемдер мен олардың бүгiнгi Қазақстанға қатысты көрсеткiштерi

Үстiмiздегi жылдан бастап Елбасының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы алдына таяу жылдар барысында әлемдегi бәсекелестiкке ең бейiмдi 50 мемлекеттiң қатарына ену мақсатын қойды. Бiрден айта кететiн нәрсе мынау. Әлемдегi бәсекелестiк жағдайы туралы зерттеу есебiн (the Global Competitiveness Report) жыл сайын Дүниежүзiлiк экономикалық форум (the World Economic Forum) жариялап тұрады. Алғашқы рет ол 1979 жылы жасалған. Соңғысы 2006 жылғы күзде, яғни жақында ғана жарияланды.

Қазақстан алдағы уақытта бәсекелестiкке ең бейiмдi 50 мемлекеттiң қатарына ену туралы шешiм қабылдаған кезде елiмiз бүкiл әлем бойынша 61-орынды иемденетiн (Ол туралы мәлiметтердi бiз осыдан бiршама уақыт бұрын «Түркiстан» газетiнiң бетiнде жариялағанбыз). Одан берi көп уақыт өткен жоқ. Бар-жоғы – санаулы ай ғана. Бiрақ қазiрдiң өзiнде жаңа жетiстiктердi паш ететiн өзгерiстер тiркелiп үлгерген. Басқаша айтқанда, аталмыш мақсат жарияланған үстiмiздегi жылдың қаңтар айынан берi Қазақстан межелi көрсеткiшке бiраз жақындады. Соңғы жарияланған 2006 және 2007 жылдарға арналған есептiк рейтингте бiздiң мемлекет 5 сатыға жоғары көтерiлiптi. Ендiгi оның орны – 56-ыншы. Бұл тiзiмде Қазақстан — ТМД елдерiнiң iшiндегi ең алда орналасқан мемлекет. Бұрынғы Кеңес Одағының экономикалық жағынан ең қуатты республикасы болған Ресей Федерациясы 62-iншi орынды, ал екiншi қуатты республикасы болған Украина 78-орынды мiсе тұтуға мәжбүр болған көрiнедi.

Шындығында да, бұрынғы социалистiк елдердiң iшiнде Қазақстан экономикалық реформалары ең қарқынды түрде iлгерiлеген елдердiң бiрi болып табылады. Бұрынғы одақтас республикалардың iшiнде бiздiң алдымызға шыға алғандары – тек Балтық жағалауының елдерi ғана: Эстония (25-орын), Латвия (36-орын) мен Литва (40-орын). Бiрақ қазiр бұл үш республика Еуропалық Одақтың мүшелерi болғандықтан, олардың экономикалық жағынан iлгерiлеу мүмкiндiктерi әлдеқайда зор. Бiрақ ТМД ауқымында бәсекелестiкке бейiмдiлiгi жағынан Қазақстан алдына жан салмай келедi.

Алайда бұл жерде мынадай жайттердi де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бәскелестiкке бейiмдiлiк рейтингiндегi орын елдегi экономика ахуалына тиiстi бағасын белгiлеп беретiн бiрден-бiр көрсеткiш емес. Ұзақ мерзiмдiк экономикалық дамуға жол ашатын тағы екi нәрсе бар.

Оның бiрi – экономикалық еркiндiк жағдайы. Екiншiсi – бизнеспен айналысу ыңғайлылығы.

2006 жылғы Бүкiләлемдiк экономикалық еркiндiк индексiн «Уолл Стрит Джорнэл» (the Wall Street Journal) газетi мен «Херитидж Фаундейшн» (the Heritage Foundation) ұйымы жариялады. Ал ондағы Қазақстанға деп белгiлеп берiлген орын тiптi де көңiл толарлықтай емес. Бұл тiзiмде 157 мемлекеттiң iшiнде елiмiз 113-орынды Мозамбикпен бөлiседi. Яғни белортадан әлдеқайда төмендемiз.

Экономикалық еркiндiк индексi бойынша Моңғолия (60-орын), Грузия (68-орын) және Украина (99-орын) Қазақстаннан озған екен. Ол ол ма, бiздiң алдымызға тiптi бүгiндерi тұрақтылығына қайта ие бола алмай жатқан Қырғызстанның (71-орын) өзi де шығып кеткен екен.

Бiр ғана көңiлдi жұбатарлық нәрсе – Ресей Федерациясының (122-орын) бұл көрсеткiш бойынша да Қазақстаннан кейiн қалғаны.

Бизнеспен айналысу ыңғайлылығына келетiн болсақ, оған қатысты әлемнiң барлық елдерiндегi жағдайды зерттеп, төрелiгiн айтуды өз мойнына Бүкiләлемдiк банк алған. Ол жариялаған соңғы рейтингте Қазақстан 63-орынға қойылған екен. Бұнда да алдымызда Моңғолия (45-орын) мен ТМД елдерiнен Армения мемлекетi (34-орын) жүр. Ресей – 96-орында, Украина – 128-орында.

Аталмыш халықаралық экономикалық өлшемдер елдегi экономиканың жалпы жағдайы туралы бiршама түсiнiк қалыптастыруға көмектесе алады. Бiрақ, шындығында, оның көрсеткiштерiнiң нақты мәнiсiн тек маман-экономистер ғана айқындай алатын болса керек. Өйткенi, жай қарапайым адам Қазақстан экономикалық өлшемнiң кейбiр түрлерi бойынша Моңғолия мен Қырғызстаннан кейiн қалып қойыпты дегенге сенудiң қиындау болары рас.

Дегенмен аталған өлшемдер, ұзақ мерзiмдiк тұрғыдан алып қарағанда, өте маңызды болып табылады. Қазақстан өзiн бәсекелестiкке мейлiнше бейiм сезуi үшiн осы аталған үш өлшемнiң үшеуi бойынша да алғашқы 50 елдiң қатарына енуге күш салуға тиiстi. Бүгiнгi таңда ел экономикасының күрт өсуiн жалғастыра беруi мұнай-газ бен басқа да шикiзат бағаларының жоғары болуы арқасында ғана мүмкiн болып отырғаны кiмге де болса құпия емес. Бiрақ халықаралық рыноктарда бұндай жағдай үнемi сақталып қала бермейдi. Бұны – бiр деңiз. Екiншiден, шикiзат қоры – ерте ме, кеш пе – сарқылады.

Демек, экономиканы ұзақ мерзiмдiк тұрғыда нық қалыптастыру үшiн оған реформалар негiзiнде барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Осы бағытта табысымыз ұлғайғанда барып елiмiздiң жоғарыда аталған үш өлшемнiң үшеуi бойынша да озық елдердiң қатарына қосылуға мүмкiндiк алары хақ.

Әзiрше экономикамыздың жағдайы жалпы алғанда да, аймақаралық байланыс тұрғысынан алғанда да әркелкi болып қалыптасып жатыр. Мәселен, мұнай мен газ өндiретiн облыстардағы даму көрсеткiшi өте жоғары.

Маңғыстау облысында 320 мыңдай халық тұрады. Бұл көп емес. Маңғыстау – Қазақстандағы халқы ең аз облыс. Ал экономикасы гүрiлдеп тұр. 2005 жылдың алғашқы 7 айында Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы 2,033 млрд. долларды құраған. Ондағы экспорттың көлемi — 1,367 млрд., импорт — 0,666 млрд. Бұл мәлiметтердi жылдағы 12 айға шақтап есептесек, 2005 жылғы облыстың жалпы сауда айналымы 3,485 млрд. долларды, экспорты 2,343 млрд. долларды құрады деген есеп шығаруға болады.

Сонда Маңғыстау облысындағы адам басына шаққанда, жалпы сауда айналымынан шамамен 11 мың доллардан (жалпықазақстандық көрсеткiш 2,5 мың доллар), экспорттан 7,5 мың доллардан (жалпықазақстандық көрсеткiш 1,5 мың доллар) келедi екен. Бұл тұрғыдан алғанда, Маңғыстау облысы Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ сияқты ең дамыған мемлекеттер мен мемлекеттiк бiрлестiктердiң өзiнен де асып түседi екен.

Осыған ұқсас жағдай елiмiздiң басқа мұнай-газ өндiрушi облыстарында да қалыптасқан. Онда жұмыс көп. Бiрақ жергiлiктi халық арасында жұмыссыздық та мейлiнше кең тараған. Өйткенi, аталған облыстардың экономикасы бiржақты даму жолымен кеткен. Жергiлiктi халықтың бiраз бөлiгi бұрыннан ауылшаруашылығымен айналысуға дағдыланған. Ал қазiргi заман негiзiнен мұнай-газ өндiрiсi мен соларға қосалқы қызмет көрсететiн салалардың мамандарын көптеп қажет етедi. Мәселен, аталған Маңғыстау облысына бүгiнде ауылшаруашылығы кәсiбiмен айналысатындардан гөрi, құрылысшылар мен теңiз порттарына қажеттi түрлi мамандықтарды игерген адамдар әлдеқайда көбiрек қажет. Ең көп жаңа жұмыс күшiн талап ететiн – осы салалар. Перспективтiк жан-жақты жоспарлаудың жеткiлiксiз болғандығынан жергiлiктi мамандарды тиiсiнше дайындап берiп отыру iсi дұрыс жолға қойылмаған.

Аталған мысалдың өзi-ақ елдегi экономикалық даму барысында бiркелкiлiкке жетудiң қаншалықты маңызды екенiн көрсетедi. Қазақстан экономикасы даму қарқыны жағынан әлемде қазiр алдыңғы қатарда келедi. Осындай қарқынды iлгерiлеу жолында оның төрт құбыласының түгел болуы және бұлардың өзара үйлесiмдi болуы қажеттiгi барған сайын арта түспек. Ең маңызды төрт өлшем – жалпы iшкi өнiм көрсеткiшi, бәсекелестiкке бейiмдiлiк көрсеткiшi, экономикалық еркiндiк жағдайы көрсеткiшi және бизнеспен айналысу ыңғайлылығы көрсеткiшi. Осы төртеуiнiң Қазақстанға қатысты жағдайы әзiрше әркелкi болып тұр.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ