Жаңалықтар

БЮДЖЕТТIҢ ЖЫРЫ БАЯҒЫ...

ашық дереккөзі

БЮДЖЕТТIҢ ЖЫРЫ БАЯҒЫ...

Парламент келер жылға арналған республикалық бюджеттi қабылдады. «Бюджет туралы» Заң жобасын жақтап, 34 сенатор мен 58 Мәжiлiс депутаты дауыс бердi. Заңға мемлекет басшысы бүгiн-ертең қол қоюы мүмкiн.

2007 жылы бюджетке түсетiн қаржы 1 трлн. 982 млрд. теңгенi құрап немесе IЖӨ (Iшкi Жалпы Өнiм)-нiң 16,7% теңеседi деген болжам бар. Ал шығын 2 трлн. 17 млрд. теңгеге сәйкеспек. Бұған дейiн 133,1 млрд. теңгеге сай жоспарланған бюджет тапшылығы 145,1 млрд. теңге есебiнде қабылданып отыр. IЖӨ келесi жылы 11 трлн. 880 млрд. теңгенi құрамақ.

Парламент келер жылдың бюджетiн қабылдап жатқан тұста, Үкiмет осы жыл бюджетiндегi игерiлмей қалған қаржыны санауда. 1-қарашадағы есепке сәйкес, игерiлмей қалған қаржы 59,6 млрд. теңгенi құраған. Премьер-министр Даниал Ахметовтiң айтуына қарағанда, Алматы аймақтық қаржы орталығының жұмысын реттеушi Агенттiк қаржыны аз игерiптi. Ақшаның 7 пайызын ғана қажетiне жаратқан. Қаржы министрлiгi 11,2%, Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi 9,7%, Ауыл шаруашылығы министрлiгi 7,4%, Көлiк және коммуникацииялар министрлiгi 6,9% көлемiнде ғана қаржы игерген.

Бюджет қабылданар кезде әр министрлiк өз қажетiне ақша бөлгiзуге барынша ат салысады, ал жыл аяқталар уақытта «игере алмадық» деп отырады. Бұл соңғы 5-6 жылда тiптi, дәстүрге айналып кеттi. Кейбiр сарапшылар бұл әдеттiң сыртынан сол баяғы жемқорлықтың iзiн көредi.

Гүлнәр Мұқанова