Жаңалықтар

ҚАЗАҚ КҮРЕСI БИIК ТҰҒЫРДАН КӨРIНДI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ КҮРЕСI БИIК ТҰҒЫРДАН КӨРIНДI

Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қараша айының 4-6 аралығында дәстүрлi ұлттық күрес түрлерi бойынша дүниежүзiлiк фестиваль аясында белбау-күрестен 5-әлем чемпионаты өз мәресiне жеттi. Қазақстанда алғаш рет жалауын көтерген бұл күрес бәсекесiне әлемнiң 40-тан астам мемлекетiнiң 130-ға жуық балуаны қатысты. Мамандар алдын-ала болжағандай медаль үшiн Өзбекстан, Ресей және Қазақстан спортшылары бағын сынады. Белдесудiң үш түрi бойынша Бас жүлденi сарапқа салды. Сарапқа салынған 14 алтынның 10-ы ресейлiктердiң майлы қанжығасына байланса, өзбек ағайындарға 3 алтын медаль бұйырды. Ал бiздiң спортшылар 2 күмiс пен 3 қоланы қанағат тұтқандай болды.

Сондай-ақ жанкүйерлер күрес фестивалi аясында қазақ күресiнен өткен әлем бiрiншiлiгiн қалт жiбермедi. Ал осы қазақ күресiне келгенде бiздiң апталдай жiгiттерiмiз ешкiмге дес бермедi. Яғни, намысқа тырысып, 4 салмақ дәрежесiндегi 4 алтынның төртеуi де өзiмiзде қалды. Атап айтсақ, 60 келiге дейiнгi салмақта Бауыржан Тәлiп Еркiн Сайдақовты жеңсе, 74 келiге дейiнгi салмақта Мәди Құрымбаев Ерлан Көнкиевтi қапыда қалдырды. 90 келiдегi Ғани Сейдiлдаев болса, Моңғолиядан келген Ариш Эрдендi 10 секундтың iшiнде жер иiскеттi. Ал абсолюттiк салмақ дәрежесiнде дзюдошы Елдос Ықсанғалиев чемпион атанды. Сол сияқты спортшыларымыз татардың ұлттық күресi мен Джиу-Джитсуда да жанкүйер көңiлiнен шығып, нәтижелi әдiстер көрсете бiлдi. Жалпы, әлемнiң басқа елдерiнен келген спорт сүйер қауым мен қатысушылар бүкiләлемдiк ұлттық күрес мерекесiнiң Қазақстанда өтiп жатқанына дән риза. Оның iшiнде Австрия, Венгрия, Германия қазақ күрес федерациясының өкiлдерi жүрекжарды iлтипатын бiлдiрiп, қазақ күресiн қай жерде болса да насихаттаудан жалықпайтындығын бөлiскен едi. Әрине, қазақ күресiн ендi ғана қолға ала бастаған қазақ диаспоралары үшiн қазақ жiгiттерiнiң жеңiсi олардың да жеңiсi болып табылмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ