Жаңалықтар

БАТЫСТА АШЫЛҒАН ЖАҢА ЗАУЫТ

ашық дереккөзі

БАТЫСТА АШЫЛҒАН ЖАҢА ЗАУЫТ

Жуырда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында аймақтағы бiрiншi керамикалық кiрпiш шығаратын зауыттың тұсаукесерi өттi. «Казкоммерцбанктiң» қаржыландыруымен, БҚО әкiмшiлiгiнiң қолдауымен BUILDING MATERIALS COMPANY компаниясы жүзеге асыратын аталған жоба жылына шартты түрде 30 млн. данаға дейiн кiрпiш шығарады.

Бүгiнге дейiн мұндай өнiм аймаққа негiзiнен Самарадан (Ресей) әкелiнетiн. Ендi Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының құрылыс компаниялары құрылыс материалдарының аталған түрiне өз шығындарын едәуiр төмендете алады. Сондай-ақ, өндiрiстiң ашылуының арқасында жаңа жұмыс орындары құрылады. Зауытта жұмыс iстейтiндердiң жалпы саны 175 адамды құрайтын болады, ал олардың 127-сi өндiрiстiк қызметкерлер болмақ.

Кiрпiш өндiрiсi үшiн Орал қаласының iшiнде зауыт тұрған жерден төрт шақырым қашықтықта орналасқан Шаған балшық кен орны шикiзат базасы болады. Кәсiпорын Ресей, Украина және Белоруссияның технологиялық жабдықтарымен жасақталған, онда шикiзат қабылдауға және өңдеуге арналған өндiрiстiк корпус, дайын өнiм қоймасы мен зертхана бар.

Өндiрiстiң мүлде қалдықсыз болуы да маңызды. Сондықтан өндiрiстегi ауа тазалығы мен оның ауқымы қуатты ауа тазалайтын жүйемен және ауа соратын-шығаратын желдеткiштермен қамтамасыз етiлген.

Жобаның қаржылық жағына келетiн болсақ, «Казкоммерцбанк» пен BUILDING MATERIALS COMPANY зауыт құрылысына 8 млн. АҚШ долларына жуық инвестиция құйды. Бұл қаражат өндiрiстiк орындар құрылысына, жабдықтар сатып алуға және оларды құрастыруға жұмсалды. Жаңа өндiрiстегi банк рөлiне түсiнiктеме бере келе, «Казкоммерцбанк» АҚ-ның басқарушы директоры Ерiк Балапанов: «Аталған жобаны бағалай отырып, бiз оның аймақ үшiн маңызын айқын түсiндiк. Сондықтан зауыт құрылысынан бiз, экономика мен әлеуметтiк саланың тұрақты дамуына мүдделi қаржылық институт ретiнде, екi артықшылықты көрдiк. Бiрiншiден, бұл Қазақстан мен Ресейде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Кәсiпорын өнiмдерi тап осы елдердiң нарығына бағдарланған. Екiншiден, зауыт құрылысы сөзсiз Батыс Қазақстан облысына пайда әкеледi. Жаңа жұмыс орындарының құрылуы, салық алымдарының ұлғаюы, құрылыс материалдарының өзiндiк құнының арзандауы аймақтың әлеуметтiк ортасын жақсартуға мүмкiндiк бередi. Бiздiң банк қазақстандық өндiрушiнi қолдап қана қоймай, iшiнара облыста қолайлы әлеуметтiк орта қалыптастыруға ықпал ете алатыны менi қатты қуантады», – деп атап көрсеттi.

Гүлзина Бектасова