Жаңалықтар

КIСIЛIК КЕЛБЕТI

ашық дереккөзі

КIСIЛIК КЕЛБЕТI

Кiсiлiгiне куә болған адамдарым өз басымда аз болған жоқ. Бәрi туралы ауыз толтырып, әспеттеп айтып беруге болар едi. Тыңдаушыңды елiктiрiп, санасын ширатып, жаңа бiр ойларға жетелеп, өзiңдi де желпiндiрiп отырып айтуға болар. Бiрақ нақ сол ауқымда, сол деңгейде қалам тербеу қиын-ақ. Қаншама дәмдi деген сөздiң өзi қағазға түскенде дәрменсiз болып қала бередi. Өзiңнiң өмiр жолыңда рухани үдеңнен шығып, маңызды принциптерiңдi қалыптастыруға белгiлi дәрежеде дәйектi ықпал еткен адам жөнiнде жазу жауапты-ақ шаруа. Ал ендi бұл пенде өзiңе әлiкүнге кiсiлiктiң үлгiсi болып келе жатса, ол жөнiнде жүрегiңнiң жылуын сарқа жұмсамай сөз қозғай алмайсың. Мен де мiне айрықша толқу үстiнде отырмын.

“Бүгiн сен елдiң қадiрлi азаматы жөнiнде ой толғамақсың. Ол өзiңнiң пiр тұтқан тұлғаң да. Әр сөзiңе ұқыпты бол. Ол кiсi жөнiнде артық та, кем де айтуға болмайды. Оны бiлетiн жалғыз сен емес. Әркiмнiң өз пiкiрi болуы заңды. Сен өз кеудеңнiң түкпiрiнде жинақталған, бүгiнге дейiн сүмбiледей сұрыпталған сырларыңды ортаға сал” деп өзiмдi өзiм қамшылап қоям. Жүректе осыған байланысты пайда болған мөлтек толқынысты да тежей алар емеспiн. Неден бастасам екен? Бәрiн бiле тұра, не айтарыңды таппау да азап қой. Әсiресе алдыңда “Ал, сөйле!” деп төре би тәждi ақ қағаз жатқанда.

Өткен күзде Астанадан Алматыға жиi келiп тұратын, әр келгенде бiздiң мамыражай марғау күйiмiздi қозғалысқа келтiрiп, жадағайлана бастаған жанымызға жалын берiп, бұрыннан бекiген сәндi ортамызды ән ортаға айналдырып кетiп тұратын жанкештi жолдасымыз Әбдiжәлел Бәкiр мырза (өзiмiздiң Жәлел) кәдуiлгi достардың кезектi бiр бас қосқан жерiнде әдеттегiдей саяси сайыстардан саңлау таппай өткен-кеткендi екшеуге көшiп, алуан түрлi ақпараттар тiзгiнiн ауыстыра бергенiмiзде “алдағы жылы Әбекең де жетпiске толады” деп қалды. Сөз арасында тосын айтылған тың мәлiмет ауқымды әңгiменiң ауанын ауытқыта алмағанмен менiң кеудемде үздiксiз арналанып жататын ой желiлерiн жанап өтiп, өзiнiң жұмсақ самалымен жанымды әлдеқашаннан саялап жүретiн әлдебiр шуақты сезiмдi елең еткiздi.

“Бәтiр-ау, мұның Әбекең деп отырғаны Абылай ғой, өзiмiздiң Айдосов — Абылай Хангерейұлы Айдосов. Бұл факты неге айтылды. Жәлел жауапсыз сөз айтпайды. Бұл не дегенi? Қайтсең жарасады? Апыр-ай, Абылай жетпiске келсе бiзге де тықыр таянған екен-ау” деген бiр жағынан жылы болғанмен өзi өте суық ой да кенет сумаң етiп жырынды жүректi сiлкiп өттi.

Шымырқана жөнелген ой тiзбегi менi әлгi ортадан әлдеқайда алшақ алып кетiп, көпке дейiн жаңағы алқалы әңгiмеге қосыла алмай әлек болдым. Сол сиқырлы сәт көңiл күйiн күнi бүгiнге дейiн қобалжытып, жүрек жамылғысын ысырып, күнделiктi күйбең сезiмдердi ығыстыра бередi. Әлдебiр аяулы шақ мен мұндалап қол бұлғайтын сияқты. Ертелi-кеш елпiлдетiп өткен ертегiлiк өмiр көз алдыңнан көлбеңдеп көшiп жатқандай. Ақыр, мiне, қаламға қол создым.

Бiз онда жас едiк. Албырт едiк. Барынша аңқау да болатынбыз. Әлденеге құштар едiк. Бiрақ не қызықтыратынын да байыздап бiле бермейтiнбiз. Ненi қалап, неге елiктеушi едiк — соны пайымдап та жатпадық-ау. Естiгенiмiздiң бәрi жаңалық, көргенiмiздiң бәрi ғажайып болып көрiнетiн. Бiз мынау мәңгiлiк жұмбақ өмiрге енiп келе жаттық. Көп нәрсе нығая қоймаған көңiл көгенiне қонақтап, көп нәрсе қырмызыдай құлпырған қиял шыңына жетелейтiн. Қылаң еткен әр құбылыстың сырын ашқымыз келетiн. Айналаға елгезек жүрек көзiмен сұқтана қарап, әр үнге үңiле ден қойып, сұғына құлақ түретiнбiз. Жарбаңдап жүрiп жақсыларға жолығып, жарасымды сөз ести қалсақ — кеудемiзге қанат бiтiп, аяқ астында аспандай жөнелер едiк.

Кеше ғана мектеп бiтiрiп, депоға жұмысқа орналасқанда өмiрге жаңа келгендей болғанымыз бар. Өндiрiс өзегiндегi жұмысшы ортасы ғана өмiрдiң мәнiндей, тұрмыстың сәнiндей, тiрлiктiң тiрегiндей, бiрлiктiң бiлегiндей көрiнiп, анадан қайта туғандай жанымыз жаңарып, санамыздың саңлауы ашыла бастап едi. Кеудемiздi сұлбасы басқа сезiмдер, табиғаты өзге серпiлiстер билеген. Өзiңдi осылай оқыс баураған асау ағындар ақыр соңында мына бiлiм ғимаратына алып келген. Бiз бүгiн жоғарғы мектептiң студентiмiз. Ендi, мiне, өзiң сияқты кiлең қылқан кескендей қаптаған жастар мен ақылдың кемерлi арналарындай ақ сақалды ғұламалардың алдынан шықтық.

Өмiрге деген құштарлық, бiлуге деген құмарлық қауырсын қанатты қияға қомдандыра бередi. Айналаңа қарайсың — не деген ғажап ағыс, саған анадайдан қол созып, “келе ғой” деп құшақ жайып тұрған жайсаң жандар, алаулы орта. Әлгi ағалардың аталы сөзiне сана көзiмен қадаласың. Әрқайсысы бiр асу бермес шынар сияқты. Сонда да ұмтыла түскiң келедi. Анау арғы-бергi таңғажайып тарихи ғибраттарды алақанында әндеткiзiп отырған Әуелбек Қоңыратбаев, М.Әуезовтың “Абай” романынан қалаған үзiндiңдi қалаған кезiңде жатқа айта жөнелетiн анау Әдiл Ермеков, өзiңнен сәл ғана қалқыңқы болса да айқұлақтанып тұрған Нұрлыбек Жүнiсов пен Қалаубек Тұрсынқұлов… Қойшы, не керек — жапырағы мол бәйтеректiң етегiнде тұрғандайсың. Ол — асқақ, сен — қиқымдайсың. Оның паналығынан пайымы басым сияқты. Соны түсiнiп, соны зердеңе сiңiре алсаң еттi.

Әрине, бiлiм ошағындағы өмiр өзге. Өндiрiстен келген адамға өмiр тiптi қызық көрiнедi. Ол неден? Санаңа сайран салып жатқан бiлiмнiң бұйра толқындарынан ғана ма, әлде бойыңды баурап бара жатқан байсалды болмыс пен өзектi өнегеден де ме екен? Ол да бар-ау, сiрә?! Мына сарай — ғылым ордасы ғана емес, өнеге ортасы да сияқты. Тәлiм аларлық әлгiдей ағалардың бары арман арналарын ажарландыра түседi.

Осындай өнегелi азаматтардың бiрi Әбекең едi.

— Абылайды көрдiң бе?

— Өзiнде болар.

— Жоқ екен, шығып кетiптi. Үлгiре алмағанымды қарашы?!

— Қайда барасың?

— Абылайға барамын.

— Жәй ма?

— Шаруам бар — басым қатып жүр.

— Асығыссың ғой?

— Абылай iздеп жатқан көрiнедi, келiп кетсiн дептi…

Осы iспеттес әңгiме ол тұста күнделiктi дағдыға айналған. Жаныңды қарықтырып, ширықтыра түсетiн жағдай да осы.

Ал Абылай кiм едi?

Осынау 20 жасар жiгiт сол кезде бiздiң институттағы комсомол комитетiнiң хатшысы болатын. Әрқашан iздегенде жаныңнан табылатын, жаны жiгерге толы осы бiр қағылез жiгiт бiзге бiр төбе де, бүкiл ұстаздарымыз бiр төбе көрiнетiн. Кеуде күмбезiндегi көрiктi қазынасын сарқып берер ғалым ағайындар бiзге қандай қадiрлi болса, әрқашан ағынан жарылып, әр сөзiмен тың ой тастап, жаңа бiр iске жетелей жөнелетiн ақжарқын Абылай да бiзге соншалықты ыстық болатын. Ұстаздар ата-анамыздай ақылшы, балауса жүректi бiлiм бұлағымен суаратын қамқоршы қазына болса, Абылай бiзге өмiр сырын саралайтын, санамызға жаңа дағды, жаңа салт, бойымызға бiтiм, ойымызға мiнез қалыптастыратын жетекшi бапкер, кiсiлiкке жол көрсететiн қыранкөз қолбасшы болатын.

Бiз оны атқан таңдай күнде көрiп тұратынбыз, көрмей қалсақ iздеп жүретiнбiз. Өйткенi оның жүрiс-тұрысы, сөйлеген сөзi бiзге өркениет өрiсi, ауадай қажет құлшыныс құралы болатын. Бiз оның әр сөзiн қалт жiбермей тыңдауға құштар болатынбыз. Ол бiздiң түйсiгiмiздi толғандыратын түйткiлдердi жақсы бiлетiн, оның әр сөзi бiздiң жүрек түкпiрiмiзде ту ғып ұстаған ойларымызбен астасып жататын. Өмiрдiң өзi кестелеп ұсынған әр жобаның әдiбi осы Абылайдың сөзiнде ме деп те ойлайтынбыз. Сондықтан да бiз оны әрқашан iздеп жүрдiк. Сөзiн естiп, бағдар тапсақ, тапсырмасын орындап ойынан орын алсақ деп бәйек қағатын ек. Сонда бiз өз тағдырымыздың кiрпiшiн қалап жатқандай көрiнетiнбiз. Отан алдында жауапты жұмыс атқарып жүргендей болатынбыз. Бiз оны өзiмiздiң қозғаушы күшiмiз деп танитынбыз. Бiз оған сенетiнбiз.

Ол да бiздi өз бауырындай көрiп, кәмiл сендi. Әрқайсымызды атымызбен атап, жанымызға келiп, арқамыздан қағатын. Сондықтан да бiз оны “Бiздiң Абылай” деушi едiк. Ол кезде Ғани Мұратбаевтың өткен ғасырдың басындағы Шығыс жастарының жалынды жаршысы болғандығы жөнiнде бiздiң мардымды мағұлматымыз жоқ едi. Кейiн бiлдiк қой. Оны да өз тұстастары “Бiздiң Ғани” деген екен. Ал бiз өз Ғаниымыздың барына мәз болатынбыз. Ол Абылай Айдосов едi.

Осы бiр өзiмiзден бiрер жас қана үлкен, орта бойлыдан аласалау көзiнен нұр тамып, жанарында жалын ойнап тұратын, алтын жебедей шалт қимылды аққұба жiгiт бiзге ұлағаттылықтың үлгiсi болып көрiнетiн. Көп ұзамай ол бой көрсетпей кеттi. Күтпеген жерден ортамыз ойсырап қалды. Абылайдың институттағы оқу мерзiмi аяқталса керек, алған мамандығына сай қызмет бабымен кетiптi. Бiз онымен бiр жыл ғана араласып, аз да болса iзгiлiк пен имандылықтың мектебiнен өткен екенбiз. Соны таразы тұтып, өз қадамдарымызға ақ жол арқау қалыптастырғандай болдық. Бiрақ қанбай қалдық. Әлдебiр биiгiмiзге ұмтыла жөнелiп, жете бере iркiлгендеймiз. Көз алдымызда аңқылдап жүрген аяулы адамымыз аңдаусыз аңызға айналып жүре бергендей. Әңгiмемiз — тек сол ғана. Бұғанамыз бұра тартқандай бихалмыз, елегiзи беремiз. Нақ сол тұста әлдебiреу бiзден “өмiрдiң мәнi неде?” деп сұраса бiз сөз жоқ “Абылайда” деп жауап берген болар едiк. Өйткенi бiз, шынында, өзiмiздi ұршықтай үйiрген ұйтқыдан көз жазып қалдық.

Бiрақ Абылай бiзден көп ұзап кете қоймапты. Өзiмiздiң облыста ұстаздық етуге мектепке жолдама алса керек. Алтын кездiк қап түбiнде жата ма? Кешiкпей Әбекең қайтадан аренаға шықты. Бiрақ оның Тобыл топырағында дүниеге келiп, Сыр өңiрiнiң ақиық азаматы боларын, осы төңiректе ысылған қоғам қайраткерiне айналып, ел құрметiне бөленетiнiн бiз әлi толыққанды сезiне қойған жоқ едiк. Бәрiмiз де жас едiк қой. Талпыныс бар едi. Бiрақ алдын кесiп айта алатын пенде бар ма? Бiз де үмiт отын жалау етiп кете бардық.

Бүгiн жетпiске келiп, ел ағасы, дос көңiлдiң ажары болып отырған Абылай Хангерейұлымен бес жылдан кейiн тағдыр бiздi тағы табыстыратынын да ол тұста бiз, әрине, бiлген жоқпыз. Тәңiрдiң тапқырлығына тәнтi болмай көр.

1962 жылы Қызылорда облыстық радиокомитетiнде iстеп жүрген кезiмде партия менi комсомол қызметiне шақырды. Содан әуелi обкомолдың насихат бөлiмiн басқардым, артынан қалалық комитеттiң бiрiншi хатшысы, кейiн обкомолдың хатшысы болып iстегенiм бар. Мiне, осы тұста ғой Әбекеңмен тағы да бетпе-бет қауышып қалғанымыз.

Ол Тереңөзекте аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып iстеп жүрген. Сосын Оңтүстiк Қазақстан өлкесi құрылғанда Өлкелiк комитеттiң хатшылығына жоғарылатылды. Кейiн өлке тараған кезде өзiмiздiң облыстық комитетке келдi. Содан көп жыл оның бiлiктi басшысы болды.

Осы қауышу рухани қабысуға айналды. Отбасымен араласатын достық орнады. Арада тағы бiр бес жыл өткен соң мен Алматыға Комсомолдың Орталық Комитетiне кеттiм. Бiрақ Әбекеңмен арамыздағы ықыласқа қылау түскен жоқ. Мен осыны күнi бүгiнге дейiн тоят тұтамын. Кейiн екеумiз де партия жұмысына ауыстық. Мен — Алматыда, ол — Қызылордада. Алайда арамыздағы барған сайын беки түскен рухани тұтастыққа сына жүрмей келе жатқанын аса бiр айдарлы мақтаныш сезiммен қуанып айта алам.

Облыс басшылығы Әбекеңе әрқашан сенiм артып отырды. Ол бұл сенiмге өзiнiң iскерлiгiмен, биiк болмысымен ие болған едi. Партия жолдамасымен Әбекең Мәскеудегi қоғамдық ғылымдар академиясын бiтiрдi. Обкомның насихат бөлiмiн, Қызылорда қалалық партия комитетiн басқарды. Әрқашан кадрлар қауымының алғы сапында, елдiң әлеуметтiк ахуалының бел ортасында болып, көптiң көзайымына айналды. Кейiн жасы ұлғайған шағында бiрыңғай ғылыми жұмысқа көшiп, жоғарғы мектепте дәрiс оқып келедi. Профессор. Ұрпақ тәрбиесiмен айналысудан артық абырой бар ма?

Әбекең бұл жерде де өзiнiң табиғи орнын таба бiлдi. Ұстаздық қызметiне қоса ғылым дариясын кешуге бел шешiп кiрiстi. Облыс тарихын түбегейлi зерттеуде ол жасаған тегеурiндi тұжырымдар Әбекеңнiң қабырғалы ғалым екенiн де дәлелдесе керек. Осы бағытта соңғы жылдары баспасөзде жарық көрiп жатқан парасатты мақалаларында Әбекең бiтiмi бөлек бәтуәлi сөздер айтумен келедi.

Қайда жүрсе де Әбекең кiсiлiгiнен танған жоқ.

Кiсiлiк дегендi кiм қалай түсiнедi? Ол өзi ғана бiлетiн, өзi игерген деңгейiне байланысты ұғым. Менiң түсiнiгiмше кiсiлiк деген: бiреудiң ала жiбiн аттамау, кiсiге қиянат жасамау ғана емес, ең әулi өзiңдi өзiң танып меңгере бiлу, өзiңдi өзiң тәрбиелей бiлу, айналаңа iлтипатты болу, үзеңгiлесiңнiң пiкiрiмен есептесе жүру, өзгенiң де пiкiрiн бағалай алу, iске адал болып, сөзiңде тұру, досыңның мұңын өз қасiретiңдей көру, өзгенiң мүддесiн өз қызығыңдай қадiрлей алу, үлкендi қоғамдағы орнына қарамай-ақ үлкен деп сыйлап, кiшiнi кемесiне мiнбей-ақ бауырыңа баса бiлу, тақтағы орныңды қатардағы жұрттың қажетiне жарату, басшылықты көпшiлiктiң қызметшiсi деп түсiну, өзiңдi қарапайым адаммен қатар қоя бiлу; биiктiк тақта емес, дәрежеде емес, рухани байлықта екенiн ұмытпау; байлыққа да, жоқшылыққа да төзе бiлу, қиындыққа мойымау.

Ол үшiн, әрине, адамның жаны да, ары да таза болуы керек. Рухани байлық өзгенiң ықыласына бөлейдi, саған деген сенiмiн арттырады. Мiне, биiктiкке апаратын бiрден бiр ақиқат жол осы.

Әбекең осы деңгейден ауытқымай келе жатқан адам. Бiздiң қызығатынымыз да, ол бекiген ұстанымдарға iлесе алмай қызынатынымыз да сол. Әбекеңнiң өмiрлiк тұжырымдары мен iс тәжiрибесi бiзге ережедей өлшем болып кеткенi сонша, күнi бүгiнге дейiн кейбiр қиын түйiндерге тап болғанда “осындайда Әбекең қайтер едi?” деп толғанамыз. Сонда бiздiң есiмiзге жас жақаевшылар звеноларын, құрылысшы студенттер отрядтарын, жас шопандар бригадаларын, “Сыр сұлуы” эстрадалық-фольклорлық ансамблiн құрудағы, жас жұбайлар тойларын ұйымдастырудағы, әр саладағы еңбек адамдарының жемiстi жұмыстарын дер кезiнде көре бiлiп, озат тәжiрибенi айшықтап насихаттаудағы, тағы басқа жастық жалынына оранған қыруар шараларда Әбекеңнiң томағасын сыпырған тұйғындай шүйлiгiп, жанқиярлықпен жасындай жарқыраған, тар тұйықта тапқырлықпен тиянақталған қарбалас қимылдары түседi. Ол қолына алған әр iсiне жан-тәнiмен берiлiп, қиыспай жатқан жерiнен өзi тың жол тауып жүре беретiн.

Әбекең қарамағындағы қызметкерлерге маған бағынышты iс атқарушы деп қарамай әрқашан иықтас, қарулас, қаламдас, әрiптес деп қарайды. Бiздi қанаттандыратыны да сол болатын.

Әбекең әр сөзiне жаттанды жорамал емес, өмiрден ойып алған жанды фактыларды арқау ететiн. Не айтса да өзi көрiп, өзi сезген оқиғаларға өз көзқарасын ашық бiлдiретiн. Ол өз пiкiрi бар, дербес ойдың адамы болатын. Бiздiң үлгi тұтуға ұмтылған озық көкжиек те оның осы қасиеттерi едi.

Пендешiлiк деген кез келген жерде бой көрсетiп тұратын құбылыс қой. Бұл да сол рухани кембағалдықтың жемiсi. Әбекең ат үстiнде жүргенде соны көре алмай қызғаныш патшалығының құлы болған кейбiр көзтаныс киттер оны аяқтан шалып құлатпақ та болған, бұйымтайдың байыбына бармаған балақтағы биттер басқа ұмтылып мұқатпақ та болған. Бiрақ әдiлет әр кез алдыңнан шығатыны құрандағыдай ақиқат. Әбекең бұған да төзе бiлдi.

Кiсiлiк деп осыны да айтса болар.

Мен орталық партия комитетiнде қызмет атқарғанда кадр даярлау мәселесiмен айналыстым. Сол тұста елiмiздiң бар өңiрiндегi кадр таңдау саясаты қалай қарастырылатынын көзiммен көрiп, жүрекке түйдiм. Шектен тыс қиын жұмыс. Бұл жерде кеткен қателiк iс тағдырын шешетiнi белгiлi. Барынша байыппен, мың ойланып, жүз толғанып, керек жерiнде ақсақалдар алқасына салып, келiсiп отырып кең пiшетiн жоба. Сондықтан да облыс басшыларымен жан-жақты талқыланбай шешiмге қол қойылмайтын. Бiз содан тағлым алып жетiлдiк. Сол адамдар бүгiн көз алдымнан өткенде жүрегiм елжiреп жаным кеңейiп қалады. Көбiсi ел тағдырын, iс тағдырын, әсiресе адам тағдырын терең ойлайтын абзал жандар едi. Олардың әр қимылы жаныңды жылытып, өмiр сүру қандай бақыт деп ойлайсың, тағдыр-таланыңа тәнтi боласың. Мiне сол — маңайына жылылық орнатып жүретiн азаматтардың iшiнде уақыт өткен сайын өзiмiздiң Әбекең (Айдосов), Өзекең (Жәнiбеков), Димекең (Қонаев) бейнелерi айрықша iрiктелiп тұлғалана бередi. Осы адамдармен қоян-қолтық қызметтес болу менiң мөлтек мақтанышым. Әбекең өмiрден өз орнын тапқан адам. Бiздiң оған сүйсiнетiнiмiз де сол.

Әбекең отбасында да айы оңынан туған азамат. Оның сүйiп қосылған асыл жары Несiп өзiнiң кеңпейiлдiгiмен, ақжарқын мiнезiмен айналасындағы адамдарға iшкi әсемдiк пен берекенiң мол нұрын төгiп тұратын рухани салауатты жан. Мүмкiн Әбекеңнiң бұл фәниге деген құштарлығы, адамдарға деген адал ықыласы, үздiксiз ой мен қимылдың қанатында жүретiнi осы Несiптiң өзiне деген ақ жүрегi мен шырайлы шапағатынан да болар. Әр жiгiттiң жұбайы Несiптей болса, ер басына бақыт баянымен қонды деген сөз.

Әбекеңе осынау мерейлi жылы осы қанатты тағдырыңызбен, осы үкiлi бейнеңiзбен жанашырларыңыздың және достарыңыздың, бүкiл тiлектес қауымның көңiл қуанышына айналып, Несiп екеуiңiз қажымай қол ұстасып, ауырмай-сырқамай, ұрпақтарыңыздың қызығына бөленiп, мына өзiңiз кiрiп келе жатқан “Қарттық” деп аталатын әсем Сарайдың сәнiн келтiре берiңiздер дегiм келедi.

Садықбек Хангелдин