ӨЗБЕКТЕР СЕРИАЛ ТҮСIРЕ БАСТАПТЫ БӘРI – ӨЗБЕК ТIЛIНДЕ
ӨЗБЕКТЕР СЕРИАЛ ТҮСIРЕ БАСТАПТЫ БӘРI – ӨЗБЕК ТIЛIНДЕ
Оңтүстiкте орыс тiлi өте дамымаса да өзбек тiлi әжептеуiр үстемдiкке ие. Үстемдiк болғанда, бұдан жергiлiктi халықтарды өзбек ұлты басып-жаншып, өзбек тiлiн үйретiп отыр деген ой туындауы мүмкiн. Мүлде олай емес, қазағы мен өзбегi араласып-құраласып жатқан соң, жергiлiктi жүрттың тiлi майдаланып, өзбектерге бұрылып кетiп жататыны жалған емес. Тiптi тiлi жаңа шыққан сәбидiң өзi кейде былдырлап, өзбекшелеп кетедi. Осыған қарап, «әй, бiз осы елiктегiш халықпыз-ау» деген ой келедi маған. Оның себебi, ауылымыз араласып, қойымыз қораласып жатқан сол өзбектердiң тiлi қазақшаланбайтынына таң қалам. Қазақшаны бiлгенде, сiздi сөзден сүрiндiруi мүмкiн, бiрақ қазақша сөйлеуге аса құлықты емес. Оның орнына сiзге өздерiнiң тiлiн, мәдениетiн үйреткiсi келiп тұрады.
Көршi ағайындар туралы неге әңгiме қозғап отыр деп таңдануыңыз да мүмкiн. Рас, өзбектердiң мәселесi бiздi аса қызықтырмайтын да шығар. Бiздiң әңгiмемiзге арқау болып отырған жайт – бүкiл оңтүстiктi шарлаған өзбек фильмiнiң тағдыры жайлы. Осыдан тұп-тура бiр жыл бұрын елге барсам, бiздiң оңтүстiктi өзбек ағайындарымыз түсiрген «Фатима мен Зухра» атты көркем фильмiнiң дақпырты жайлап тұр екен. «Ой, керемет, несiн айтасың? Өзбектер «Фатима мен Зухра» деген фильм түсiрiптi. Әлгi киноны көрсең ғой, ендi. Тiптi жылағың келедi, Зухраға жаның ашиды» деп анадан естисiң, мынадан да естисiң. Ауылдағылардың барлығының аузын аштырып, көзiн жұмдырғанына қарағанда, шынында да, керемет фильм болды ғой деген ой келдi маған. Содан әлгi фильмдi менiң де көргiм келдi. Көргiм келген соң, фильмдi iздей бастадым. Фильмдi iздеу аса қиындық тудыра қойған жоқ. Қиындық тудыра қоймаған себебi, аяқ бассаңыз, фильмнiң көшiрмесiн табуға болады екен. Әрине, ол киноның сапалылығы туралы әңгiме бiр басқа, ең маңыздысы, дақпырты бүкiл оңтүстiктi жайлаған әлгi фильмнiң тiлiнде. Алғашында бейнекөшiрменi үйге алып келгенде, тым болмағанда орыс тiлiнде көретiн шығармын деп ойлағам. Сөйтсем, фильмнiң не қазақша аудармасы, не орысша аудармасы жоқ. Бiрақ өнiм сатылып жатыр. Сатылғанда қалай? Әрбiр отбасынан бiреуiн табуға болады. Сонда бүкiл оңтүстiктегiлер әлгi фильмдi өзбек тiлiнде тамашалағаны ғой. Сосын амал-жоқ, маған да өзбекше көруге тура келдi. Бiразын түсiндiм, түсiнбеген жерiн қайталап көрдiм. Фильмдi тым сапалы, керемет деп айтуға болмас. Кемшiлiктерi де бар. Ең бастысы, фильмде сұлулық бар, көркемдiк бар. Өзбек қызының намысшылдығына тәнтi боласың. Өзбек қызының өз ары үшiн, өмiрiн қиғанына, өзбек қызының патриоттығына разы боласың. Фильмдегi музыканы былай қойғанның өзiнде, киiмдерiнiң өзiнен ұлттық болмысты аңғаруға болады. Өзбектердiң ұлттық нақышын, ұлттық қолтаңбасын көресiң. Демек, өзбек ағайындар фильм түсiру арқылы, өздерiнiң ұлттық қасиеттерiн осылай әлемге паш етiп отыр. Фильмдi өзге тiлге аударып та пайда табуға болады. Бiрақ, әр ұлттың қасиетi – тiлiнде, ұлттық болмысында емес пе?
Ендi мiне, көршiлерiмiз сериал түсiрудi де қолға алыпты. Талантты, дарынды әртiстер Рано Шадиева мен Учкин Тиллаев ойнайтын сериал өзбек ұлтының кино өнерiндегi тың жаңалығы болып саналмақ. «Бiр кем дүние» деп аталатын аталмыш сериал бүкiл өзбек ұлтының, өзбек отбасының тағдырын, дәстүр-салтын, ғасырлардан ғасырларға жалғасқан өзбек ұлтының мiнез-құлқын дәрiптемек. Сериалдың продюсерi Мәдина Муминованың айтуынша, аталмыш сериал әйел тағдырын суреттеуге көбiрек арналады екен. Әрi осы сериал арқылы адамдар өмiрде қателiктi көп жiбермесе екен, қиындықты жеңудi үйренсе екен деген принциптi ұстап отырған сияқты. Тағы бiр қызығы, «Бiр кем дүние» әзiрге орыс тiлiне аударыла қоймапты. Демек, ендi ол сериалды да өзбек тiлiнде тамашалауымызға тура келедi. Ал, бiздiң түсiрген сериалдарымыз әуелi орыс тiлiнде дайындалады. Содан кейiн барып, қазақтар үшiн қазақша аудармасын жасаймыз. Шындығында да, бiзде олармен (өзбектермен) салыстырғанда, бәрi керiсiнше, әуелi фильмдерiмiз орыс тiлiнде даярланады да, кейiнiрек дубляжын қазақша жасап жатқанымыз. Кейiнгi екi-үш фильм ғана таза қазақша түсiрiлген шығар. Әйтпесе бертiнге дейiн, «Қазақфильм» киностудиясы әзiрлеген киноларымыздың барлығы дерлiк, орысша түсiрiлiп келдi.
Мәселе, өзбектердiң фильмдi керемет түсiргендiгiнде емес, бастысы көршiлерiмiздiң кино кеңiстiгiне енуiнде болып отыр. Әлем бүгiнде кино бизнесiн дамытуға күш салып жатқанда, өзбектер де одан қалыспауды ұйғарыпты. Олар батыс сияқты шатып-бұтқан атыс-шабыстар, қорқынышты триллерлер емес, ұлттың бет-бейнесiн насихаттайтын, ұлттың болмыс-бiтiмiн көрсететiн, тiлi мен дiлiнен айналып кетпейтiн ұлттық бейнетуындыларды көрсетудi өздерiне мансұқ етiптi. Осы тұрғыдан келгенде бiзге көршiлерiмiзден үйренерiмiз көп-ау….
Гүлзина Бектасова