Жаңалықтар

КСРО КЕЗIНЕН ҚАЛҒАН ЖАЗУЛАР

ашық дереккөзі

КСРО КЕЗIНЕН ҚАЛҒАН ЖАЗУЛАР

Қазақ елi тәуелсiздiк алғалы 15 жылға, ал қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына 17 жылға аяқ басты. Әйтсе де бұрынғы Мәскеу билiгiндегi кезiмiздегiдей өмiр сүрiп жатырмыз. Айтарлықтай өзгерiс жоқ. Сонда бiздер Тәуелсiздiктi не үшiн алғанымызды түсiнбеймiн. Тiлiмiз – баяғы орыс тiлi. Мысалы, кейiпкерiмiз орыс болсын дейiк. Ол теледидардан қазақ тiлiнде берiлiп жатқан хабарларда ешқашан мемлекеттiк тiлде сөйлемейдi. Өз тiлiнде сайрайды. Бұл оған намыстанбайды, қайта осылай болуға тиiстiдей көредi. Олардың сөздерiн теледидар комментаторлары аударып берiп жатады. Орыс тiлiндегi хабарларда тiлi келсiн, келмесiн қазақтар орысша сөйлеуге тырысады. Себебi қазақтар орыс халқын, олардың тiлiн сыйлайды. Сонда деймiн-ау, орыстар қазақтың мемлекетiн, тiлiн неге сыйламайды? Таңым бар.

Менiңше, бәрiне қазақтар өздерi кiнәлi. Елбасымыз да қазақ, Премьер-министрiмiз де қазақ, Парламенттегiлердiң денi қазақтар. Осындайда өзiмiзбен қатар тәуелсiздiк алған Республикалардан неге үлгi алмаймыз? Неге? Намысымыз жоқ, енжармыз. Керек десеңiз, бұрынғы КСРО кезiнен қалған жазуларға да тиiспеймiз. Себебi сол жазуларды алып тастауға қимаймыз. Дәлел керек болса, Қазақстан Ғылым академиясының маңдайшасындағы жазуды оқыңыз. Онда екi тiлде былай деп тұр: Қазақ ССР Ғылым академиясы. Академия наук Казахской ССР. Тағы бiр жазу Орбита ықшам ауданының Науаи мен Сұлтанмахмұт Торайғыров көшелерiнiң қиылысындағы С.Торайғыров көшесiнiң 1 үйiнiң сыртына орнатылған мәрмәр тақтаға жазылған жазу. Онда былай делiнген: Бұл көше Коммунистiк партия мен Совет Мемл. көрнектi қайраткерi Қызыл Армияның талантты қолбасшысы Михаил Васильевич Фрунзенiң құрметiне аталды. Улица названа в честь выдающегося деятеля Коммунистической партии и Советского государства, талантливого полководца Красной Армии Михаила Васильевича Фрунзе. Осы Фрунзе көшесiне Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атының берiлгенiне де бiрнеше жыл болды. Бұлар ендi менiң көзiме шалынғандары. Ал шалынбағандары қаншама. Жаңа атау берiлген көшелердiң бәрiнде де әлгiндегiдей жазулар менмұндалап тұрған да болар. Кiм бiлсiн. Менiң тағы бiр таңданатыным, ескi көшелерге жаңа ат бергенде әлгiндегiдей жазылып қалған тақталарды ауыстырып, жаңасын неге орнатпаған? Сонда бұл кiмдердiң мiндетiне жатады? Өз мiндеттерiне жүрдiм-бардым қарайтындар өз жауапкершiлiгiн сезiнбейдi екен, ендеше оларға әкiмшiлiк жағынан неге қатал шара қолданылмайды?

Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ