БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚША ТЕЛЕКАНАЛ НЕМЕСЕ МУЛЬТФИЛЬМДЕР БЕЙНЕТАСПАЛАР КЕРЕК

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚША ТЕЛЕКАНАЛ НЕМЕСЕ МУЛЬТФИЛЬМДЕР БЕЙНЕТАСПАЛАР КЕРЕК

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚША ТЕЛЕКАНАЛ НЕМЕСЕ МУЛЬТФИЛЬМДЕР БЕЙНЕТАСПАЛАР КЕРЕК
ашық дереккөзі

Бiр жарым миллионға жуық халқы бар, Қазақстандағы ең үлкен қала, былайша айтқанда, оңтүстiк астана атанып кеткен Алматы қаласында теледидардың қайсыбiр арнасын қоссаңыз-дағы көрiп-тыңдайтыныңыз орыс тiлiндегi хабарлар мен телефильмдер. Сонда бiздiң кiшкентай бүлдiршiндерiмiздiң тiлi орысша шықпағанда қайтедi. Қай үйге бармайық сәбилердiң көретiнi Nickelodeon телеарнасы. Бұл каналдан таңертеңнен бастап көз ұйқыға кеткенше кiшкентай балаларға арнап мултьфильмдер көрсетiлетiндiктен олар сол арнадан басқа арнаны керек етпейдi. Демек, олардың тiлi де үйде отырып-ақ өзге тiлде шығады деген сөз.

Осындайда қазақша сөйлемейтiн телеарналарды басқарып отырған адамдардың намысының жоқтығына налисың. Налығанымызбен қолдан келер қайран тағы жоқ. Сонда қайтпек керек?

Ал кiшкентай бүлдiршiндер болса теледидар алдынан сүйресең де кетпейдi. Сонда олар кiмдердiң санын көбейтедi деп ойлайсыз. Әрине қазақша бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiн шала қазақтардың санын көбейтедi. Осы жағын бiздiң үкiметтi басқарып отырған мырзалар неге ойламайды. Қазақстан өз телеарналарын өзге тiлде сайратып қойғанынан жандары рақат табатын да болар. Бiрақ тiлi жаңа шыға бастаған сәбилердiң болашағына атүстi қарауға болмайды ғой. Қарайтын болса, тым құрса балаларға арналған бiр қазақша тiл сындыратын телеарна ашып қоймас па едiк. Ал ашылған жағдайда қазақтың өз мультфильмдерi балаларды қанағаттандыруға жетпейдi десек, онда кеңес өкiметi тұсында шығарылған орысша мультфильмдердi аударып беруге болар. Мәселен, «Ну, погоди!», «Крокодил Гена», «Чебурашка», «Шапокляк», «Маугли», т.б. Өкiнiшке қарай, олар әлi күнге дейiн қазақ тiлiне аударылмаған.

Тәуелсiз ел болғанымызбен көп жағдайда орекеңдерге әлi де кiрiптармыз. Оған айналамыздың бәрiн орыстың тiлi жайлап алғандығы куә. Сенбесеңiз, теледидарыңызды қосып көрiңiзшi. Қостыңыз ба? Қай тiлде сөйлейдi екен? – Орысша…

Бiз бәрiне көнген қазақпыз. Өгей баланың күйiн кешiп қаншаға дейiн жүре берерiмiз тағы белгiсiз. Оған дейiн ең құрмаса балаларға арналған Nickelodeon сияқты қазақша берiлетiн бiр телеарна ашқанымыз жөн болар. Өз елiмiзде, өзiмiздiң қазақ топырағында отырып бұған да күшiмiз жетпесе, онда мультфильмдерден құралған бейнетаспалар жинағын шығарып, сатуға қойсақ ше? Сонда бiздiң кiшкентай сәбилерiмiздiң тiлi қазақша шығып қана қоймай, олар нағыз қазақтардың қатарын толықтыра түсер едi. Мен өз басым Алматы қаласының бiрталай дүкендерiн шарлағаныммен қазақша жазылған бейнетаспаларды еш жерден кездестiре алмадым.

Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ