Жаңалықтар

АРАНДАТУШЫ ОЙЛАРҒА ШЕКТЕУ БОЛА МА?!

ашық дереккөзі

АРАНДАТУШЫ ОЙЛАРҒА ШЕКТЕУ БОЛА МА?!

Астанада өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясынан кейiн қоғамда мемлекеттiк тiлге қатысты мәселенiң нақты шешiмдерi айқындала бастады. Демек, талайдан берi күрмеуi шешiлуi неғайбыл болып келген мемлекеттiк тiлдiң жыры бiр нәтижеге қол жеткiзерлiктей сенiм ұялатады. Тiптi, үнемi байбалам жасап, орыс тiлi – мемлекеттiк тiл болсын, билiк басында басқа ұлт өклдерi де отыруы керек деп жар құлағы жастыққа тимей, арандатып келген ұйымдардың аузына құм құйылғандай болды. Халықтың да көптен күткенi осы едi. Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзгелi берi жағымыз талмай, қашан да мiнберлерден көтерiлiп келе жатқан да осы тiл мәселесi. Мiне, тiл жанашырлары, қазақтiлдi БАҚ өкiлдерi дабыл қағып, мемлекеттiк тiлдiң жырын шертiп келе жатқанына аттай 16 жыл толады. Бiрақ сең ендi ғана қозғалғандай…

Елбасынан мемлекеттiк тiлге қатысты нақты жоба мен жоспарды халық ұзақ күттi. Бұл күннiң бүгiн туғанына да дән риза. Өйткенi, өз елiңде тұрып, басқа ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн менсiнбеуi, тiлдi үйренуге құлық танытпауы, басқа да арандатушы ойлары ар-намысымызға тиiп жүргенi шындық.

Жақында Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының судай жаңа орынбасары Сергей Дъяченко бастаған бiр топ асссамлея мүшелерi ұйымдастырған дөңгелек үстел болды. Әрине басқосудың мазмұны да сессияда айтылған тiлге қатысты қадау-қадау мәселелердiң негiзiнде өрбiдi. Яғни «Қазақстан халықтары ассамблеясы және оның жалпы ұлттық тұрақтылықты қалыптастырудағы рөлi» атты тақырып аясында өткен дөңгелек үстел Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясы қорытындысы бойынша атқарылған шара iспеттi. Дөңгелек үстелдiң мақсаты – Қазақстандағы ұлтаралық қатынас аясындағы тұрақтылық пен келiсiмдi нығайту мен мемлекеттiк ұлттық саясатты насихаттау. Өз кезегiнде сөз алған республикалық және аймақтық ұлттық мәдени орталықтардың төрағалары, республикалық қоғамдық ұйымдар өкiлдерi, Қазақстан халықтары ассамблеясының Жастар Одағы мен жоғары оқу орындарының студенттiк ассамблеялары Елбасының ХII сессияда сөйлеген нақты ұсыныстарын тiлге тиек етiп, содан кейiн ғана өздерiнiң пiкiрлерiн ортаға салды. Әр ұлт өкiлiнiң осы тақырып барысында дайындаған қысқаша баяндамасы баяғы елiмiзде өмiр сүрiп келетiн ұлттар арасындағы қатынасты, ынтымақтастықты арттыруға келiп саяды. Бұрын-соңды тек осы мәселелермен шектелетiн ассамблеяның кезектi жиналысы мемлекеттiк ұлттық саясатты насихаттауға бағытталыпты. Бiрақ та «аузы күйген үрiп iшедi» демекшi, айтар ауызға айтады да, қайтадан өз мақсат-мүддесiн көздей кететiнi тағы бар.

Шынында да, кейiнгi кезде Қазақстан ассамблеясының қоғамда белсендiлiгi едәуiр артқан ба дерсiң. Өткенде этножурналистикаға қатысты елiмiздегi журналистерге үндеу жолданды. Онда не айтылды десеңiз, Қазақстандағы басқа ұлт өкiлдерi жайлы ақпарат немесе мағлұмат бергенде олардың ар-намысына нұқсан келтiрмеу керек дейдi. Мұнымен қоса, Философия институтының қызметкерi Валентина Курганская бұл күндердiң күнiнде ұлтараздық пен дүрдараздықтың ушығуына әкеледi, себебi, бодандықтың құрсауында болған кездердi жиi айтамыз. Бұл дұрыс емес. Демек, Қазақстандағы ұлттар бiр-бiрiнiң алдында жауапты болуға тиiс деген тоқтамға келедi. Сонда бұл кiсiнiң ненi меңзеп отырғаны белгiсiз. Құдайға шүкiр, елiмiзде өмiр сүрiп жатқан кез келген басқа ұлт өкiлi ешқашан зорлық пен зомбылық көрген емес. Есесiне, ел қатарлы нанын тауып, кез келген ортада өз туған тiлiнде шiмiрiкпестен бұлбұлша сайрайды, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн менсiнбейдi. Мәселен, Украинадағы секiлдi орыс тiлiнде сөйлеуге тыйым салынып жатқан жоқ. 15 жыл бойы соларға дауыс көтерiп, қазақ тiлiн үйрен, бiл деп айтып па бiреу?! Әйтеуiр, қазақтiлдi БАҚ көрер көз бен еститiн құлақ болса, айтып та жазып та жүр. Бiрақ жаңағы секiлдiлер бұған осы уақытқа дейiн пысқырып та қарамады. Қазақ елiнiң тарихы тереңде жатыр. Ал бiз өткенiмiздi болашақ ұрпаққа айтып, небiр батырларымыз бен елдi аузына қаратқан жыршы-жырауларымыздың ерлiктерi мен өнегелi сөздерiн жеткiзбесек, онда бiздiң елдiгiмiз қайда? Мiне, Валентина ханымның өткен тарихты еске алмау керек дегенi – тарихыңды ұмыт дегендi бiлдiргендей. Сонда Қазақстандағы аз ұлт өкiлдерiне ауасын жұтып, асын iшiп отырған елiнiң тарихы керек болмағаны ғой.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ