Жаңалықтар

ҰЛТ БОП ҰЮДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТ БОП ҰЮДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Ел Президентiнiң Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнен кейiн, сең қозғалғандай, әр жерде мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру үшiн жасалатын шаралар туралы әңгiмелер көбейе бастады.

Қазақстандағы 15 миллион халықтың (болашақта, бәлкiм, 20,30,60 миллионға жетер) барлығының жүрегi бiрдей «қазақ» деп соғатын болса ғана, бiз ұлт боп ұюдың шыңына жете аламыз. Бұл тек бiздiң айтып отырған әңгiмемiз ғана емес, бүкiл кәрi Еуропаның тәжiрибесiнен алынған ақиқат. Демек, ұлт ұғымын азаматтығы арқылы анықтайтын бұл елдердiң ұлттық құрамы да дәл бiздегiдей. Бiрақ, олар оның бәрiн жiлiктеп, санын сан, қолын қол ғып бөлшектемейдi. Тұтастай бiр мемлекеттiң ұлты ретiнде қарайды. Бұл тұрғыдан алғанда, бiздiң «120 ұлттың өкiлi тұрады, ұлттар лабораториясымыз» деп жар салуымыз тарих алдындағы ең үлкен қатемiз. Сондықтан да, орыс ойға, қырым қырға тартып, бiртұтас ұлттық санамыздың қалыптаспай отырғандығы. Бiзде әлi де Кеңес заманынан қалған бөлшектеу саясаты басым. Өзге ұлт өкiлдерi Қазақстанда алшаң басып жүрсе де, мемлекет ретiнде оны мойындауға дәрменсiз. Бұл 15 жыл iшiнде ұлттық идеологияның тым әлсiз жүргiзiлгендiгi салдарынан. Қазiр қоғам ресми түрде орыстiлдi және қазақтiлдiлер болып екiге жарылған. Жасыратыны жоқ, орыстiлдiлердiң дәуренi жүрiп, қазақтiлдiлер әлi де төрге оза алмай келедi. Елдегi татулық өзге емес, қазақтың есебiнен жүзеге асуда. Ең бастысы – қоғамдық сана өскен сайын, қазақтiлдi халықтың өз тiлiне, дiнiне, тарихи санасына деген құлшынысы да, сұранысы да өсiп келедi. Халықтың тамырын дөп басқан Елбасы ұлттық мәселенiң толғағы жетiп, илеуi қанғандығын түсiндi.

Ең бастысы, биiк мiнберден нұсқау айтылды. Жөн сiлтендi, ендi соны жүзеге асыру ғана қалды. Бұл тұрғыдан не iстелiнуi керек? Көптеген саяси қайраткерлердiң пiкiрiне сүйенсек, мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк мiнберге көтерiлуi үшiн, Конституциядағы мәртебесiн қайта қарау керек сияқты. Өйткенi, тiлдiң дамуына Конституциямыздағы 7-бап тiкелей кедергi келтiрiп отыр. Өзгенi былай қойғанда, Мұхтар Шаханов бастаған мәжiлiсмендердiң 30-ы қол қойған мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн анықтау туралы Конституциялық Кеңестiң төрағасы Игорь Роговқа берiлген сауал жауапсыз қалды. Себеп бiреу, Конституциядағы орыс тiлiнiң «ресми мекемелер мен билiк органдарында орыс тiлi қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылады» деген мәртебесiнiң қол байлау болып отырғаны. Егер, Игорь Рогов осы бапты көлденең тартып, теңгенiң қос тiлдегi мәтiнiмен қабылдануына мүмкiндiк берсе, бүкiл қоғамның қарсылығына ұшырамақ, егер, керiсiнше жасаса, Ұлттық банкiнiң шенеунiктерiнiң кәрiне тап келедi. «Олай тартсаң өгiз өледi, былай тартсаң арба сынадының» керi. Ал, депутат Мұхтар Шаханов оның бұлталақтамай, дұрыс жауап беруiн талап етуде. Сөйтiп, Конституциямыздағы қайшылық өзге түгiлi Конституциялық кеңестiң өзiн сүрiндiрдi. Талай заңды Конституцияны бетке ұстай отырып, талдап, сараптан өткiзiп келген аталмыш Кеңес ендi пұшайман. Бұл тiлге тұсау салып отырған талай кедергiнiң бастауы. Бұл кедергiден құтылмай, тiлдi төрге оздыру мүмкiн емес.

Екiншiден, «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңды қайта қарау керек. Онда мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгеруiн талап ететiн арнайы бап енгiзген жөн. Егер, бұл бап аталған заңнан орын алса, мемлекеттiк қызметтен үмiткерлердiң барлығы бiрдей бала күнiнен қазақ тiлiн үйренуге ден қояр едi. Бұған дейiн Парламент қабырғасында талай дау болған «Дипломаттық қызмет туралы» Заң, «Сайлау туралы» Заң, «Бiлiм туралы» Заңның барлығының тағдыры шешiлер едi. Дипломаттың да, Парламент депутаттығынан үмiткердiң де, жоғары оқу орнына түсуге талапкердiң де мемлекеттiк тiлге деген құлшынысы және осы тiлде емтихан тапсыру мәселесi барлығы да «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңымен шешiлер едi.

Мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертер ендiгi қадам, мемлекеттiк бiлiм гранттарының мемлекеттiк тiлдегi квотасын молайту арқылы жасалмақ. Унитарлы, бiртiлдi мемлекетте өмiр сүру үшiн бiлiм берудiң бiр тiлге көшкенi ләзiм. Демек, бұған дейiн бiлiм гранттары 60/40 пайыздық үлес салмақпен бөлiнiп келсе, алдағы жылдары қазақ тiлiне бөлiнетiн бiлiм грантының саны молая түсуi қажет. Айталық, 2006-2007 оқу жылының түлектерi үшiн бiлiм гранты 65/35 пайыздық үлес салмақпен бөлiнсе, 2007-2008 оқу жылында 70/30 пайыздық үлес салмаққа жетуi керек. Сонда ғана ата-ана балаларын қазақтiлдi мектептерге беруге ынталанады. Қалалы жерлерде қазақ тiлiндегi мектеп саны өзiнен-өзi көбейетiн болады.

Бiз қазiр әлi де ақпараттық тәуелсiздiкке қол жеткiзген жоқпыз. Бiзде ресейлiк телеарналар мен басылымдардың экспансиясы басым. Қалай айтсақ та, оған тиым сала алмай отырмыз. Ақпараттың 80%-ын Ресейден және оның мүддесiне орайластырылған үлгiсiн алып отырмыз. Оның үстiне елдегi телеарналардың 80%-ы орыс тiлiнде ақпарат таратады. Тiркелген мерзiмдi басылымдардың 70-80%-ы орыс тiлiнде. Демек, қазақтiлдi жұртқа қазақ тiлiнде ақпарат толық жетпейдi. Ал, мемлекеттiк шенеунiктердiң де орыстiлдi ақпаратқа көбiрек бүйрегi бұратын сынды. Сол себептен де қазақтiлдi ақпараттың көсегесi көгере қойған жоқ. Ақпараты өзге тiлге тәуелдi елдiң толыққанды тәуелсiздiкке қол жеткiзуi екiталай. Ендеше, мемлекеттiк тiлдi тұғырына қондыру үшiн жеңiлiс тауып отырған ақпарат майданын мықтап қолға алу қажет. Украина, Өзбекстан, Балтық жағалауы елдерiнде ресейлiк ақпарат тасқынына тосқауыл қойылды. Орыс тiлiнде таратылатын ақпараттың 80%-ын енгiзуге тыйым салынды. Керiсiнше, өз тiлiндегi ақпаратты күшейту үшiн жұмыс жасалынып жатыр. Ал, бiз сол ауа жайылған қалпымыздан танар емеспiз. Бүгiнгi ақпараттық экспансия ұрпақ санасын улар ең басты қауiп екенiне көз жұма қараймыз. Сондықтан, ақпаратты мемлекеттiк тiлде таратуды қолға алу қажет. Кейбiр деректерге қарағанда, мемлекеттiк тiлдегi мерзiмдi басылымдар мен телерадио хабарларына мемлекеттiк тапсырыс жоқтың қасы көрiнедi. Бiрнеше билiктiң сойылын соғатын газет-журналдар үшiн ғана мемлекеттiк тапсырыс жасалынады. Ал, телерадио эфирлерiндегi қазақ тiлiндегi бағдарламалардың үлес салмағы 30-40%-дың көлемiнен асқан жоқ. Оның өзiн аударма арқылы толтырып отыр. Ендi осы телеарналдардың сапасын арттырып, мемлекеттiк тiлдегi бағдарламаларды көбейтетiн кез жеттi. Бұнда заңдағыдай 50х50 принципiне бағынудың қажетi жоқ. Мүмкiн болса, эфирдiң 80-90%-ын қазақ тiлiндегi хабарлармен толтыру қажет.

Мiне, дәл осы сияқты талаптар жүзеге аспайынша, мемлекеттiк тiлдi төрге оздыру әлi де қиял болып қала бермек. 2010 жылы бүкiл ел мемлекеттiк тiлге көшудi жоспарлап отыр. Бұған небәрi 3-4-ақ жыл қалды. Ендеше, iс жүзiнде мемлекеттiк тiлдi жүзеге асырамыз десек, аталған шараларды бүгiннен бастап орындай берген абзал.

Есенгүл Кәпқызы