НАШАҚОРЛЫҚ ЖАППАЙ IНДЕТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ
НАШАҚОРЛЫҚ ЖАППАЙ IНДЕТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ
Қараша айының басында отандық БАҚ ауқымында елiмiздегi нашақорлыққа қатысты жағдайға айрықша назар аударылды. Павлодар қаласында осыған қатысты түрде студент жастар ұйымдастырып өткiзген арнайы шара туралы хабарды орталық телеарналардың бәрi дерлiк көрсеттi. Маман-наркологтар да нашақорлықтың үстемелеп тарауына байланысты қатты алаңдаушылық танытып отыр. Олардың бұнысы түсiнiктi. Ресми мәлiметтер бойынша, Қазақстандағы нашақорлыққа шалдыққан адамдардың саны қазiр 50 мыңнан асады екен. Бiрақ шындығында олар бұдан әлдеқайда көп болса керек.
Жағдайдың ушыққаны соншалық, оған қазiр тiптi Қазақстан ұлттық қауiпсiздiк комитетi өкiлдерi де мейлiнше көп назар аударып отыр. Тамыз айының 22 күнi «Қазiргi Қазақстан қоғамы және есiрткiлер» деген тақырып бойынша Астанада өткен «дөңгелек үстел» барысында осы құрылымның халықаралық наркобизнеспен күресу жөнiндегi басқармасы бастығының орынбасары Исатай Сабетов елiмiздегi барлық дерлiк облыс орталықтарында есiрткi (наркотик) тарату рыноктарының қалыптасқаны туралы айтты. Жағдайдың осылайша ушығуы жалғыз ғана Қазақстанның iшкi жағдайына ғана байланысты емес. Мәселе, айналып келгенде, Орталық Азия аймағында өзiндiк ерекшелiктерi бар геосаяси шарттардың қалыптасуында болып тұрған сияқты. Бұл туралы әлгi «дөңгелек үстел» барысында ҰҚК өкiлi былай деп тоқетерiн айтты: «Любые предпринимаемые меры по борьбе с наркобизнесом не будут эффективными до конца, пока не решится проблема Афганистана» («Kazakhstan Today», 22.11.2006 г.).
Сонымен бар мәселе Ауғанстанға тiрелетiн көрiнедi. Ол елдегi қазiргi жағдайдың 2001 жылғы күзден берi халықаралық коалициялық күштер орнатқан тәртiпке тiкелей байланысты екенi белгiлi. Иә, осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын Нью-Йорк пен Вашингтонда болған оқиғалардан кейiн әлемде көп нәрсе өзгерiп кеттi.
Және әлде де өзгермек. Осы өзгерiстердiң денiнiң ислам әлемiне тiкелей қатысы болып жатқаны ешкiмге де құпия емес. Халықаралық коалиция Кабулде билiк кұрған әсiре исламшыл Талибан өкiметiн билiктен кетiргенмен, Ауғанстан тарапынан көршi елдерге, осы аймаққа және жалпы әлемге төнетiн қауiптi жою не азайту барысында әзiрше айтарлықтай табыстарға жетпеген болса керек. Талибтер қанша қатiгез болды дегенмен, соңғы ширек ғасырдың iшiнде елдi бiрорталыққа бағындырып ұстай алуға жарайтындай жалғыз ғана күш болғанға ұксайды. өйткенi ISAF (Ауғанстанның қауiпсiздiгi мақсатындағы халықаралық әскер) негiзiнде бiрiктiрiлген АҚШ, Франция сияқты алпауыт мемлекеттер әскери күштерi қолдағанымен, Х.Карзайдың өкiметi түгелдей бақылай алмай отырған көрiнедi. Бiздiң осы мәселеге тоқталуымыздың себебi мынада. Ауғанстанда тұрақты билiкпiн болмауы ол елде жалпы тұрақсыздықтың орнауына себепшi болып отыр.
Ал бұл өз кезегiнде көршi орналасқан Орталық Азия аймағына да өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Неге дейсiз ғой? Ауғанстанда үздiксiз соғыстың жүрiп жатқанына ширек ғасырдан асып кеттi. Яғни халық бейбiт өмiрден тiптi қол үзiп қалған. Бiрақ қай заманда да, күн көру үшiн адамдардың басым көпшiлiгiнiң iстейтiн кәсiбi болуы қажет. Бұл елде өндiрiстiк өнеркәсiп деген жоқтың қасы. Ал оның негiзiн қалап көтеру үшiн ол жаққа шетелдiк инвесторлардың да дәл осы шақта бара қоюы екiталай. Сонда елдiң негiзгi күн көрер кәсiбi болып қала беретiнi – сол баяғы ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының рентабельдiлiгi жалпы алғанда төмен болады. Ал егер аграрлық сектор Ауғанстандағыдай патриархалдық негiзде құрылған болса, оның өнiмiнiң тауар ретiндегi валюталық ақшаға айналдырырлуы қиын болады.
Бұрынғы (1970-iншi жылдардың орта шенiне дейiнгi) бейбiт ауған елi бұған, мүмкiн, онша қиналай қоймаған болар ма едi. Ал қазiргi, яғни ширек ғасыр бойы үздiксiз дерлiк соғысып келген Ауғанстанның жөнi тiптен бөлек. Ондағы көптеген күштер сол өзара соғыс қақтығыстарында бiрiнен бiрiнiң қару-жарақ жағынан озып кетiп, қалғандарына үстемдiк етуiне жол бермеу үшiн соны шетелден алуға мәжбүр болған. Егер 1992 жылға дейiн, яғни Кабулда Мәскеу қолдаған Наджибулла режимi құлағанша Ауғанстандағы қарсылас тараптарды қару-жарақ және оқ-дәрiмен әлемдiк деңгейде өзара тайталасқан КСРО мен Батыс жүйесiне кiретiн мемлекеттер қамтамасыз еткен болса, одан кейiн бұның бәрi тоқтады. Ендiгi жерде қару-жарақ және оқ-дәрi сатып алу үшiн ондағы дала командирлерi мен олардың отрядтарына валюта табудың көзi қажет болды.
Өнеркәсiптiк дамуы жағынан артта қалған елде жақсы валюталық табыс табудың бiр-ақ көзi болады. Ол — апиындық не, кеңiрек алғанда, нашалық дақылдар өсiру. Сондықтан 90-ыншы жылдар кезiнде Ауғанстан шаруалары осымен айналысуға мейлiнше бейiмделдi. Соның арқасында бұл мемлекет апиын өндiрiп, сыртқа шығару жағынан әлемде бiрiншi орынға шықты. Сөйтiп, ондағы көптеген күштер валюта табудың жолын тапты. Ал талай мыңдаған қарапайым шаруалар күнкөрiс кәсiбiнiң өздерi үшiн жақсы амалын тапты.
Апиыны барлар қару-жарақсыз болмайды. Қару-жарақ көп, уытты билiк жоқ жерде ұрыс-соғыссыз өмiр болмайды. Және де осының бәрi үнемi бiр елдiң ауқымында қала бермейдi. Апиын тарату да, қару-жарақтың бақылаусыз қолдан-қолға өтуi де заңсыз деп есептелгенмен, бизнес болып табылады. Ал кез-келген бизнес өзiнiң ауқымын кеңейтуге тырысады. 1999 жылы Қырғызстанның, 2000 жылы тағы да сол Қырғызстанның және сосын Өзбекстанның Ауғанстан жақтан келген жаугерлердiң шабуылына ұшырауы да қалай дегенмен, осыған байланысты. Өйткенi кез-келген әскери операцияны жүзеге асыру үшiн ең алдымен оны қаржыландырудың көзiн табу керек. Апиынды есептемегенде, басқа көптеп валюта табатын мүмкiндiгi жоқ кедей ауған елiнде бөтен шекара асып жорық жасаушы жаугерлердiң iсiн қаржыландыру – көтерiлуi қиын ауыртпалық.
Бiрақ сол апиынды өсiру мен таратуды Талибан режимi жаңа ғасырдың басында қиындатты. 2000 жылдың шiлде айында оның ең жоғарғы басшысы болған молда Мохаммад Омар апиын дақылын өсiру мен оның өнiмiн таратуды құдайға қарсы iс деп қарайтын жарлық шығарды. Қазiр осы шараның салдарының қандай болғаны туралы түрлi пiкiрлер айтылады. Бiрақ бiр нәрсе — ақиқат. Келесi 2001 жылы Ауғанстан жақтан шығып, Орталық Азия мелекеттерi арқылы Ресейге және одан арi Еуропаға тасымалданатын апиын өнiмдерiнiң көлемi бiраз қысқарды. Соған қарағанда, молда Омардың жарлығы Ауғанстанда есiрткiнiң тасымалдауын тиюға таяу қалды деушiлердiң пiкiрi шындыққа жақын сияқты. Қалай болғанда да, 2001 жылы және 2002 жылдың басында Ауғанстан апиын өндiру жағынан әлемдегi бiрiншi ел атағынан айрылып қалды.
Ал 2002 жылдың екiншi жартысында ауған елi осы атақты қайтадан иеленуге қол жеткiздi. Содан бергi төрт жылдан астам уақыт бойы осы жағдай сақталып келедi.
Бақылаушылардың пiкiрiнше, бұған басты себепшi фактор – Х.Карзай өкiметi мен халықаралық қауымдастықтың әлсiздiгi. Обалы не керек, жаңа ауған өкiметi де апиынға тосқауыл қоюға талаптанып көрдi. Х.Карзай басқаратын укiмет оған ресми түрде тиым салды. Бiрақ одан ешбiр нәтиже болмады. Одан соң ауған басшылығы басқа амалға барып көрдi. Ол жергiлiктi шаруаларды апиын дақылын өсiруден бас тартуға азғырып көрдi. Бiрақ бұдан да ештеңе шыкпады.
Осы жайтты тiптi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының маманданған салалық ұйымы болып табылатын ОНЮСИД (есiрткi мен қылмысқа қарсы қүрес офисiнiң) басшысы Антонио Мария Костаның өзi де мойындайды. Ауғанстанның қайтадан героин өндiруден әлемде бiрiншi орынға шығуы онымен көршiлес орналасқан Орталық Азия мемлекеттерi түгiлi, алыстағы Батыс Еуропаға да ауыртпалық түсiрiп отыр. Соңғы кездерi сонда тұтынылған есiртiкiнiң осы түрiнiң бiраз бөлiгi ауған героины болған. ОНЮСИД бұны сұмдық нәтиже деп отыр. Ал бiздерге, яғни Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттерiне, бұның қандай соққы болып тиiп жатқаны туралы әңгiменiң жөнi тiптi басқа.
Африкада мынадай нақыл сөз бар: «Еуропа түшкiрген болса, демек, бiздiң өкпемiз қабынған». Сол сияқты Ауғанстанның героин өндiруден осындай көрсеткiшке жетуi Еуропа үшiн үлкен залал деп бағаланып отырса, бiздiң жағдайымыздың сонда қаншалықты мүшкiл болғаны?! Сол Ресей мен Еуропаға ағып барып жатқан ауған героинi тура Қазақстанның үстiмен өтiп жатқан жоқ па?! Бiздiң ел үшiн жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен оның маманданған бөлiмшесiнiң өкiлi И.Сабетов мойындады.
Қазақстандағы нарколог-мамандар соңғы он-он бес жылдың iшiнде елiмiзде нашақорлыққа салынғандардың санының бiрден бiрнеше есеге өсiп шыға келгенiн айтады. Осы сияқты жаман әдеттерге үйренудiң соңғы кезде халқымыздың iшiнде әсiресе көбейгенiн бiз бұрынғы тәртiптiң жойылғаны салдарымен түсiндiруге дағдыланғанбыз. Айтылып отырған әлеуметтiк кеселге осы себептiң де қатысы бар шығар. Дегенмен, Қазақстанда нашақорлықтың бүгiнгi таңда жаппай iндетке айналып бара жатқанының негiзгi себебi ол емес.
Негiзгi себеп — 1992-1999 ж.ж. аралығында Ауғанстан мен Орталық Азия арасындағы бұрынғы берiк шекараның жойылуы мен сол елдiң тез арада әлемдегi ең iрi героин экспорттаушы елге айналуы.
Мынадай мысалға назар аударалық. Маман дәрiгерлер кейiнгi кезде нашақорлыққа жаңадан салынған жас буын өкiлдерi санының қүрт өскенiн атайды. Бiрақ бiзде осы фактiнiң түбiнде шындығында не жатқанын түсiнуге талпыныс жасап жатқан ешкiм жоқ. Ал оның арғы жағында мынадай шындық жатыр.
1999 жылы Ауғанстан 4600 тонна героин өндiру арқылы бұрын-соңды болып көрмеген рекорд қойып, әлемдегi бiрiншi орынды берiк иелендi. Ал 2000 жылы Ресейдiң Свердловск облысы денсаулық сақтау басқармасы өздерiндегi нашақорлар санының қүрт өсiп, 124 мыңға жеткенiн қынжыла хабарлады. Бiрақ бiз үшiн осы оқиғаға қатысты басты назар аударар нәрсе бұл емес, мынау. Әлгi дарiгерлер сонда былай деген: «Бұл түсiнiксiздеу. Осындай қүрт өсiм бiзде емес, Қазақтанмен көршiлес Челябi облысында болған болса, оны түсiнуге негiз көбiрек болған болар едi». Басқаша айтқанда, Ресейдегiлер нашақорлық iндетi ең алдымен Қазақстан жақтан келедi деп қарайды. Демек, неғұрлым Қазақстанға жақын орналассаң, соғұрлым есiрткi қатерi жоғары. Ал бiзге ол есiрткi Ауғанстаннан келедi.
Демек, бiз Ауғанстандағы апиынға қатысты қалыптасып отырған жағдайды сергектiкпен бақылап отыруға тиiспiз. Бұл өздiгiнен-ақ түсiнiктi болуға тиiс нәрсе. Бiрақ осындай әңгiменi сiз соңғы кезге дейiн кiмнiң аузынан естiп көрдiңiз?! Тек қазiр ғана ол айтыла бастады. Бұған жағдайдың меңдеуi себепшi болған болса керек. Демек, алдағы жылдары Қазақстанда нашақорлыққа салыну көрсеткiшi қүрт өсiп шыға келуi мүмкiн деудiң жөнi бар.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ