БЮДЖЕТ – 2007: ҮКIМЕТ ТЕ, ПАРЛАМЕНТ ТЕ ӨЗДЕРIН ҰМЫТПАЙДЫ

БЮДЖЕТ – 2007: ҮКIМЕТ ТЕ, ПАРЛАМЕНТ ТЕ ӨЗДЕРIН ҰМЫТПАЙДЫ

БЮДЖЕТ – 2007: ҮКIМЕТ ТЕ, ПАРЛАМЕНТ ТЕ ӨЗДЕРIН ҰМЫТПАЙДЫ
ашық дереккөзі

Республикалық бюджеттi талқылаған уақытты Парламент депутаттарының ең бiр қауырт жұмыс iстейтiн кезеңi деп айтуға болар. Бұл кезде әр депутат бюджеттен бөлiнетiн қаржымен өз ойындағысын жүзеге асырып қалуға тырысады.

Сонымен, биылғы бюджеттiң жобасындағы кiрiстер 2006 жылдың бюджетiмен салыстырғанда, 418,9 млрд.теңге немесе 27,7 пайыз өсiмiмен 1929,2 млрд. теңге сомасында жоспарлануда. Республикалық бюджеттiң шығыны осы жылдыкiмен салыстырғанда, 415,7 млрд.теңге немесе 27, 4 пайыздық өсiммен 1934,5 млрд.теңгенi құрайды. Бюджеттi есептер кезде мынадай негiзгi факторлар: IЖӨ өсiмi, инфляцияның деңгейi, мұнайдың әлемдiк нарықтағы құны, теңгенiң долларға шаққандағы бағамы секiлдi жайттар ескерiледi. Келер жылдың бюджетiнде теңгенiң долларға шаққандағы құны 117 теңге болып есептелiнген. Ал қазiргi күнi доллар бағасының 128.3 теңге екенi белгiлi. Инфляция 5-7 пайызды құрайды деп болжануда. Бүгiнде инфляцияның деңгейi 8,5 пайыздан асады.

Бұл бюджет жобасы биыл бiрiншi рет мұнай-газ саласынан түсетiн түсiмге иек артпайды. Тек Ұлттық қордан трансферт ретiнде келетiн қаржымен шектеледi. Мұнайдың әлемдiк нарықтағы құны 60 долларға сәйкес деп есептелiнуде. Бұл бiздiңше, тәуiрлеу болжам. Естерiңiзде болса, қайбiр жылы әлемдiк нарықтағы қара алтын құны 45 долларды құрағанда, бiздiң бюджет жобасында оның құны 19 доллар деп қабылданған едi. Ал қазiргi болжам, ақиқаттан аса алыс емес.

Депутаттардың республикалық бюджетке енгiзген жобалары негiзiнен мектеп, аурухана салу, құбырларды жөндеу деген мәселелерге тiрелгендiктен, бөлiнетiн мол қаржыға Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Ауылшаруашылығы министрлiктерi жарып қалатын секiлдi.

Ал Үкiмет өзi ұсынған жобада министрлiктерге әр түрлi жағдайлар бойынша бөлiнетiн қаржыны барынша көбейтiп жобалаған. Мәселен, Үкiмет тек премьер-министрдiң канцеляриясының қажеттiлiгiн қамтамасыз ету үшiн 4,6 млрд. теңге сұрап отыр. Парламент депутаттаттары Үкiмет шығынының шектен шығып кеткенi үшiн оны қысқарту туралы мәселе көтерiп едi, премьер-министр Ахметов ол қаржының әрқайсысының өз орны бар екенiн айтты. Электрондық Үкiмет құру iсi де мол қаржыға тiрелiп тұр. Тiптi, кiсiнiң езуiн тартқызатын жайт: бюджет жобасында нашақорлықтың алдын алу үшiн Экономикалық және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiне қыруар қаржы бөлiну қарастырылыпты. Ол қаржының тұтастай осы мәселенi шешу үшiн бағытталатынына күмәндiмiз.

Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiкке де бюджеттен бiраз ақша бөлiнбек. Жалпы, Үкiмет бюджет жобасына өз қажеттiлiктерiн барынша енгiзген. Ал депутаттар негiзiнен өздерi сайланған ауыл-аймақтардың әлеуметтiк ахуалын жақсарту үшiн ақша сұрап отыр.

ЕҢ БЕЛСЕНДI ДЕПУТАТТАР

Бюджет жобасын қарап отырсаңыз, Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттардың белсендiлiгiне разы боласыз. В.Сухорукова, Н.Сабильянов, Т.Нұрахметов, Е.Рахметов, В.Егоров, А.Милютин секiлдi алты-жетi депутат өздерi сайланған аймақтың мәселелерiн барынша кеңiнен көтерiп, кетеуi кеткен нысандарды жандандыруға ақшаны жиi сұрапты. Олардың топтасып көтерген мәселесiнiң өзi 11-12-ге таяу. Жеке-жеке көтерiлiп, бюджет жобасынан орын алған ұсыныстарының өзi әр депутатқа 3-4-теуден келедi. Барлық мәселе сол халықтың қажеттiлiктерiн қамтиды. Ауылдық жерлерде мектеп салу, университеттi жабдықтау, ауруханаларды ретке келтiру, құбырларды ауыстыру, темiржол тасымалы үшiн керектi ақша бөлгiзу, Ертiс өзенiнiң үстiне салынған көпiрдi жабдықтау, өзендегi бөгеттi қалпына келтiру, автомобиль жолын күрделi жөндеуден өткiзу, ауылдарды сумен қамтамасыз ету, Шығыс Қазақстанның экологиялық қауiптi өндiрiстерiндегi қалдықтар халыққа керi әсер етпейтiндей жағдай жасау болып, тағысын тағылар болып кете бередi. Негiзi депутаттарды заң жобасымен қағаз басты болып жұмыс iстейтiн және жылт еткен камераның алдында өздерiн жарнамалайтындар деп бөлiп қарастыруға болар. Ал Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттар қажет кезде камераның алдында ойларын бүкпей айтатындығымен де, заң жобасын жасауымен де, өз аймақтарына қаржы тартудан де ешкiмдi алға жiбермейдi. Бiр сөзбен, әмбебап депутаттар. Осындай белсендi депутаттар сайлаған Шығыс Қазақстан облысының халқына риза болады екенсiң.

Белсендiлiгi жөнiнен екiншi орында Қызылорда облысынан сайланған М.Шаханов, Т.Әубәкiров, Ұ.Қараманов секiлдi депутаттар тұр. Бұлардың бiрлесе отырып көтерген мәселесiнiң саны 9, әрқайсысы 1-2-ден өздiгiнше ұсыныс енгiзген. Мұхтар Шахановты тiл, ұлт мәселесiн көтеретiн Парламенттегi жалғыз депутат десек қателеспеймiз. Парламенттiң ешбiр бiрлескен отырысы Шахановтың депутаттық сауалынсыз өтпейдi. Тiптi республикалық бюджеттiң жобасын қарап отырып, Шахановтың көтерген бiр-екi мәселесiне қарасаңыз, оның тiл үшiн бөлiнетiн қаржы сұрағанын көресiз. Келер жыл бюджетiнде тiлдердi дамыту үшiн республикалық бюджеттен 2 млрд.теңге бөлгiзу қарастырылып отыр.

Қарағанды облысының Р.Шаекин, М.Тiнiкеев, Е. Нығматуллин, Ш.Оразалинов, Р.Аяшов, В.Нехорошев секiлдi депутаттары да өз аймағына ақша бөлдiру жолында қызылордалықтардан кем түспейдi. Бiрлесе жасаған ұсыныстарының саны – 8.

Батыс Қазақстан облысынан сайланған А.Таспихов пен Е.Тарасенколардың ұсыныстарына да ризалық сезiмiң туады. Өз аймақтарынан сайланған А.Жамаловты кейде араларына қосып алып, кейде екеуден екеу бiраз мәселенi көтерген.

Ақмола, Солтүстiк Қазақстан облысының депутаттары В.Котович, З.Қадырова, М.Трошихиндер де ынтымақтаса отырып, республикалық бюджетке бiраз жайтты енгiзiптi.

Маңғыстау облысының депутаттары З.Алшымбаев пен С.Оспанов жеке-жеке ұсыныс жасағанды тәуiр көредi екен. Ұжымдаса отырып көтерген мәселесi тiптi жоқ десе де болады. Болса, бiрлi-жарым. Алайда, екеуiнiң де белсендiлiгi өте жоғары.

Оңтүстiк Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Алматы облысы мен қаласының, Жамбыл, Павлодар, Атырау облыстарынан сайланған депутаттарға қарнымыз ашты. Тек Оңтүстiк Қазақстаннан сайланған С.Есжанов пен Н.Рүстемов, Алматы облысының депутаттары У.Қалижан мен С.Әбдрахманов өздерiнше бiрнеше мәселе көтерiптi. Шығыс Қазақстан немесе Қызылорда, Қарағанды облыстарының депутаттары секiлдi ұжымдасқан белсендiлiк мүлде жоқ деуге де болады. Болмаса, 2 миллиондай халқы бар Оңтүстiк Қазақстан облысынан сайланған депуттаттар саны жағынан Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттардан аз емес. Бiрлесiп көтеретiн, шешетiн мәселе көп секiлдi едi…

Алматы қаласынан сайланған депутаттар өз мiндетiн дұрыс бiлмейтiн секiлдi. Өйткенi, олар үшiн осы облыстан сайланған У.Қалижанның бiраз маңдай терлетуiне тура келiптi. Ол қаладағы Бақай, Шаңырақ ауылдарына қажеттi ақша сұрапты. Көптiң көзi тiгiлiп отырған нысанаға байланысты бюджеттен ақша сұрауға келгенде қаладан сайланған С.Киселев, К.Ағатаева, Т.Асанов,С.Дьяченко секiлдi депутаттардың қолын ешкiм байлап қойған жоқ секiлдi едi. Айтпақшы, С.Киселев деген фамилияны республикалық бюджет жобасынан тiптi көрмедiк. Бiздiң қаладан сайланған депутатты бюджет деген нәрсе аса қызықтырмайтын секiлдi.

Партиялардан сайланған депутаттарды өте сылбыр, түкке басы ауыртпайды десек, ешкiм аузымызға қақпақ болмайтын шығар. Мәселен, Парламентке «Отан» партиясынан келген Д.Клебанова, Т.Бердiоңғаров секiлдi депутаттарды бiр-бiр мәселе ғана алаңдатыпты. Оның өзi қиқым-сиқым. Д.Клебанова еш маңызы жоқ, әлдебiр «Жас еуропалықтар Қазақстанды қолдайды» деген тур өткiзу үшiн бюджеттен 1 034 763 мың теңге көлемiнде ақша сұрайды. Ал Т.Бердiоңғаров болса, есiрткiге қарсы бағытта түсiрiлген көп сериялы «Картель» фильмiн қаржыландыру үшiн 1 312 182 мың теңгеге тапсырыс берiп отыр. Осыған қарап бiздiң партиялық тiзiммен келетiн депутаттарымыздың «деңгейiн» көруге болар.

Айпақшы, кейбiр мәселелерге бөлiнетiн қаржыға бүкiл бiр ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге болар едi деген ой да келдi басымызға. Мәселен, Мәжiлiс ғимаратын, Сенат ғимаратын әбзелдеуге, бiрлескен мәжiлiс өтетiн жердi операторсыз бейнетрансляциялауға, Мәжiлiс пен Сенаттағы қабылдау залдарын жабдықтауға, кiреберiс холлды жөндеуге, автокөлiктер сатып алуға, Парламент Мәжiлiсi депутаттарының ағылшын тiлiн үйренуiне, картиналар сатып алуға 4 558 235 мың теңге бөлiнбекшi.

Депутаттар ағылшын тiлiн үйренiп жүрген кезде (қазақ тiлi болса бiрсәрi) кей ауылдардың балалары қыста суық мектептерде бүрсеңдеп отырады.

Гүлнәр Мұқанова