ТАЙҚАЗАН – 1931 ЖЫЛ
ТАЙҚАЗАН – 1931 ЖЫЛ
Әзiрет-Сұлтан Тайқазанын мен алғаш рет 1977 жылдың көктемiнде көрдiм. Елде атын атауға тыйым салынған қазақ арыстарының өлеңдерiн «Поэты Казахстана» жинағында қазiргi Санкт-Петербург, сол кездегi Ленинградтан шығарудың машақатымен жүрген көкем, балалардың бiрiн өзiмен алып жүретiн әдетiмен, бұл жолы менi өзiмен бiрге Нева жағасындағы Ресейдiң ежелгi астанасына ерте кеткен едi. Баспадағы әуренiң арасында көкем бiр күнiн маған арнап Эрмитаждағы Тайқазан тұрған бөлмеге алып барды. Сегiз жастағы мен Тайқазанның мәнiсiн сол кезде толық түсiнбесем де, ерекше бiр сәуленi сезгенiм есiмде. Көкем Тайқазанның iшiн көрсiн деп менi көтергенде басымды Қазанға соғып алғаным да есте қалыпты. Мен жылай жаздағанда: «Өзiңнiң Қазаның, соғылғаны – сенi жақсы көргенi, үлкен азамат болған кезде қайтарып аласың!» – деп едi.
Кейiн ес бiлiп, көкемнiң бала кезiмiзден құлағымызға құйып келе жатқан ғақып сөздерiн нақты байыптай бастаған кезде, қазақтың Тайқазаны ерекше қасиетке ие екенiне, қазақ деген елдiң ырысын осы қасиеттi Қазан өзiнде ұстап тұрғанына көзiм жеттi.
Қазақтың көне астанасы Түркiстанда Әзiрет-Сұлтан кесенесiнде ғасырлар бойы тұрған қасиеттi Қазан қазақтың ырыс, құтының ұйытқысы екен. Алаш азаматтарының көзi жойылып, қалың қазақ қырғынға ұшырап, ел иесiз қалғанда, 1935 жылы Ресейге ерексiз жол тартқан. 1989 жылы, дүние қайта өзгерер алдында, тәуелсiздiктiң алғашқы қарлығашы боп Тайқазан елiне қайтып келiптi. Тайқазан туған жұртына оралған күнi, осы ұлағатты iстiң негiзгi бiр қозғаушысы болған Түркiстан әкiмi Нұриден Балқияевтiң арнайы шақыруымен барған көкем де жалпы жұртпен бiрге қуаныш, мерейге бөленiптi. Көп ұзамай мен де Тайқазанды өз орнынан көрдiм. Бұдан соң да Әзiрет-Сұлтанға, Тайқазанға бiрнеше рет арнайы барып тәуап еттiк.
Ал тақауда күтпеген жерден Тайқазанның бұрын еш жерде басылмаған 1931 жылғы фотосуретiне тап болдым.
Былтыр күзде ғылыми зерттеу сапарымен Американың Калифорния штатындағы әйгiлi бiлiм ордасы – Стэнфорд Университетiнде, сондағы Хувер Институтында бiрнеше ай болып, архив-мұрағаттарды ақтару мүмкiндiгiне ие болған едiм. Орта Азияға арналған мұрағаттардың арасында Гортон есiмдi американдық су-ирригация саласының инженерi осы архивке табыс еткен қағаздарын кездестiрдiм. 1931-1933 жылдар аралығында Совет үкiметiмен арадағы келiсiм бойынша екi жыл Тәшкент маңында ирригациялық қондырғылар салумен айналысыпты. Бұрнағының саяхатшылары сияқты көрмеген ел, естiмеген жұрт жөнiнде өз жазбаларын тiркеп отырыпты. Алайда, маған ең құндысы – инженер Гортонның 1931 жылғы жазғы демалысы кезiнде Орта Азияны аралау сапарында түсiрген фото-суреттерi болып шықты. Сол көп таңбаның iшiнде Түркiстан қаласына барған кезде фотоға түсiрген жалғыз суретi – қазақтың Тайқазанының бұрын еш жерде көрiнбеген суретi көзiме оттай басылды. Әзiрет-Сұлтан кесенесiнiң үлкен күмбезi астында, әр құлағына бiр-бiреуден, жиыны шашақбасты он найза (қыл жалаулы ежелгi байрақ) түгiлген қазақтың қасиеттi Қазаны. Қазақтың шаңырағы шайқалмай тұрған кезде таңбаланып қалған Тайқазанның суретi екен. Алаш азаматтарының көбi әзiрше аман-есен, ең бастысы – ел-жұрт өз орнында, Ғаламат Ашаршылық әлi басталмаған кез. Тайқазан құтты мекенде берiк тұрған кез.
Тайқазан өз орнынан алынған жарым ғасыр iшiнде қазақтың құты қашып, берекесi шайқалып, шаңырағы ортасына түсе жаздапты. Қазақтың құты мен ырысын ұстап тұрған Тайқазан ендi ешқашан өзiнiң мүбарак орнынан қозғалмасын! Мұхиттың әр жағындағы Америкадан табылған бұл суреттегiдей, Тайқазанды бұрынғы қалпына келтiрiп, әрқайсысының ұзындығы төрт-бес құлаш, қыл жалаулы байрақтармен қайтадан қоршап қойған жөн болар едi.
Едiге МАҒАУИН,Прага қаласы.