Жаңалықтар

«БАЗИС-А»-НЫҢ ҚАЛАҒА ЖАСАҒАН СЫЙЫ

ашық дереккөзі

«БАЗИС-А»-НЫҢ ҚАЛАҒА ЖАСАҒАН СЫЙЫ

Желтоқсан көшесi әл-Фараби даңғылына жалғасты

Осыдан екi-үш жыл бұрын Алматы көшелерiнде аяқ алып жүру мүмкiн емес едi. Қаланың ана басынан мына шетiне дейiн кептелiп қалатын көлiк тығыны жолаушының да, көлiк жүргiзушiнiң де ығырын шығаратын-ды. Құдайға шүкiр, қаламызға әкiм боп Иманғали Нұрғалиұлы келгелi берi көптен жөндеу жұмыстары жүргiзiлмеген көше жолдары бiр қалыпқа түсе бастады. Тiптi, Сайын мен Райымбек көшесi қиылысындағы жол айрығы iске қосылған соң, көлiк жүргiзушiлерi бұрынғыдай әбiгерге түспейтiн болды.

Мiне, осы көлiк қатынасын реттеу шарасының жалғасы ретiнде әсем Алмытының тағы бiр көшесi батысқа қарай ұзартылды. Дәлiрегiнде, Алматы қаласы әкiмдiгi «Базис–А» корпорациясымен қоян-қолтық жұмыс iстеуiнiң нәтижесiнде Желтоқсан көшесi ұзындығы 500 метрге, енi 15 метрге созылып, әл-Фараби даңғылына қосылды. Осы пайдалануға берiлген «Батыс Желтоқсан» жол құрылысының ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкiмi И.Тасмағамбетов: «Көлiк қозғалысы – қала үшiн маңызды мәселенiң бiрi. Әкiмшiлiк осы көлiк қатынасын реттеу барысында бiрталай жоспарды жүзеге асыру үстiнде. Атап айтсақ, 7 жол айрығының 3-уiн келер жылы пайдалануға берудi межелеп отырмыз, оның шiнде Рысқұлов көшесi бойындағы жол айрық жақын арада ел игiлiгiне жұмсалса, ал 4 жаңа жол айрық құрылысы жұмысын бастамақ» деген жағымды жаңалықтан хабардар еттi. Әкiм Желтоқсан көшесiн әл-Фараби даңғылына дейiн ұзарту бұрыннан жоспарда болды, бiрақ биыл ғана сәтi түсiп отырғандығын айта келе, жол жарты шақырым болса да көлiк тығынын азайтуға септiгiн тигiзетiндiгiн айтады.

Жалпы шығыны 3 млрд. теңгенi құраған бұл жол-құрылыс жұмыстарын «Базис–А» корпорациясы өз иек астына алып, қадағалап, оның тез арада бiтуiне мұрындық болды. Яғни, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегiнде басталған жұмысты толықтай өз есебiнен iске асырған корпорация елiмiздегi жетекшi құрылыс компаниясының бiрегейi болып табылады. Осы салада елеулi еңбек етiп келе жатқанына 15 жыл толған құрылыс компаниясы бұдан басқа да құрылыс жұмыстарының жандануына түрткi болуда. Мәселен, жоғарғы санаттағы элиталық тұрғын үй: «Бизнес-класс», «Де люкс», «Эксклюзив» және «А» класты кеңселiк үйлер салумен шұғылданып келедi. «Базис – А» корпорациясы» ЖШС-нiң Директорлар кеңесiнiң төрағасы Александр Белович, бұл бiздiң қалаға жасаған сыйлығымыз, әлi де талай шараға қолұшымызды беретiнiмiз анық дегендi бiлдiрдi.

Қала әкiмi И.Тасмағамбетов Алматы қаласының «2005-2007 жылдары қала автомагистральдерiнде көлiктiң жүрiп-тұруын жеңiлдету бағдарламасына» сәйкес алдағы уақытта жарып ұзартылатын көшелердi журналистермен таныстырды. Айтар болсақ, Төле би көшесi Яссауи көшесiнен Қалқаманға, Абай даңғылы Момышұлы көшесiмен Қалқаманға дейiн, Мұқанов көшесi Мақатаев көшесiнен Райымбек даңғылына, Жолдасбеков көшесi Достық даңғылымен Луганскийге, ал Әуезов көшесi Гоголь көшесiмен Райымбек даңғылына дейiн ұзартылып, жалғасын таппақ екен. Қазiр 438,7 млн. теңге сомасына жалпы ұзындығы 18,38 шақырым жол салу бойынша жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа жергiлiктi және республикалық бюджеттен 18 180, 95 млн. теңге көзделген. Ал келер жылы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары департаментi «Шаңырақ–2», «Қалқаман», «Атырау», «Таугүл-3» ықшам аудандарында жол салу жұмысын бастауға кiрiседi.