Жаңалықтар

КӨГIЛДIР ДЕ МӨЛДIР ҰМЫТЫЛМАЙТЫН, ҰМЫТА ДА АЛМАЙТЫН МҰРАТБЕКОВ ӘЛЕМI

ашық дереккөзі

КӨГIЛДIР ДЕ МӨЛДIР ҰМЫТЫЛМАЙТЫН, ҰМЫТА ДА АЛМАЙТЫН МҰРАТБЕКОВ ӘЛЕМI

Көрнектi жазушы Сайын Мұратбеков жетпiс жасқа толды. Жазушының мерейтойы қарсаңында «Қазақ әдебиетi» көлемдi мақала жариялапты. Мақаланың авторы белгiлi жазушы Смағұл Елубай. Мақалада «Сайын Мұратбеков прозасы сол «алтын ғасыр» әдебиетiнiң саф таза, маржан мұрасы. Дегдар қаламгер жазғыштыққа салынбапты. Бар жазғаны екi том. Көп те емес, аз да емес. Бiрақ та осы екi томдағы қай шығармасына кез болсаңыз да жазушы асықпаған-аптықпаған. Өткiншi заманның ұран-сүрендерiне ауаланбаған, iлеспеген. Ақ парақ бетiнде «төбе көрсеткен» кейiпкерлерiне, яғни адамға деген адалдығын сақтаған» деп жазған екен. Адамға деген адалдығынан айнымаған Сайын аға шығармаларының әрқайсысын жатқа бiлем десем артық айтпаған болар едiм. Әрбiр сюжет, әрбiр сөйлем жадымда. Әлгi бар-жоғы екi томдық шығармалар жинағын қолыма алсам болды, әрбiр оқиға өз-өзiнен көз алдымнан тiзбектелiп өте бередi.

Сайын ағамен бар-жоғы екi-ақ рет жүздесiппiн. Бiрiнде – редакцияда, екiншiсiнде – Жазушылар Одағының залында. Екеуiнде де жүзбе-жүз кездесiп, әңгiмелестiк. Ағамның ауырып жүрген кезi екен. «Қаланың ауа-райы жақпаған соң, тау жаққа шығып кеттiк» деген. Бұрын зор тұлғалы денелi кiсi болған дейдi Сайын ағаны бiлетiндер. Мен көргенде аға тым жүдеу көрiндi. Екеуiнде де. Бiр жылда емес, араға уақыт салып, жылдар өте кездескен соң, аздап өңiнде өзгерiс байқалады. Бұрынғысынан да азып кетiптi. Құр қаңқасы қалғандай. Алғашында кiшкене болса да, әл-қуаты бар сияқты көрiнiп едi, кейiнгiсiнде тұтқиылдан келген дерт ағамның жанын әбден қинаған-ау деймiн, тым баяу қимылдайды. Одаққа менiмен кездесу үшiн ғана келген сияқты. Көп сөйлесе, жиi ентiгiп қалады. «Әлгi қант диабетi деген пәле бар ғой. Сол менi әбден иектеп алды» деп күледi ағам жанына батқан дертiн байқатқысы келмегендей. Сол жолы Сайын ағамен жарты сағаттай әңгiмелескен едiм. Ұзағырақ сөйлессем, жаны қиналып қалады дедiм бе, газетке даярлап жатқан төрт-бес сауалыма жауабымды алдым да қайттым. Ойымда кейiнiрек тағы бiр рет жүздесемiн ғой деген ой болған… Одан берi де екi жыл өтiптi. Екi жылдың iшiнде қаншама рет ол кiсiге баруға оқталдым. Талай рет телефон да шалғам. Мейiрбанды кiсiмен сөйлесу де бiр ғанибет қой. Оның үстiне, шығармаларының, шығармалары болғанда, әңгiмелерiнiң бәрiн жатқа бiлетiн адаммен сырласу тiптен де ғанибет емес пе? Әрбiр телефон шалғанымда аға «ауа-райына байланысты келерсiң» деп менi жұбататын. Қолым¬дағы жалғыз кiтап «Жабайы алманы» көрген сайын ағаға телефон шалам. Ол сәт күн бұлттанып, жаңбыр жауып тұрған мезгiлмен немесе қар жауып, айнала аққа оранған сәтпен тура келетiн. Ондай сәттерде ағамның дертi күшейетiн болуы керек. Ентiгiп әзер-әзер сөйлейтiн. «Қызым-ау, кiшкене күн жылынған соң, денсаулығым да түзелер. Сондай кездерде келсең қайтедi? Менiң түрiмдi көрiп тұрсың ғой, түнiмен кiрпiк қақпай шықтым. Ауа-райы құбылса, менiң де тынысымды тарылтып жiбередi. Әлi де барлығы дұрысталып, екеумiз еркiн әңгiмелесетiн күндер болар. Сосын асықпай әңгiме айтып берермiн» дейтiн ағам телефонның ар жағында. Түр келбетiн көрiп, жүзбе-жүз кездеспесем де, телефонның ар жағындағы дауысты жиi еститiнмiн.

Иә, екi жыл бойы. Сайын ағама қойсам деген сұрақтарды дайындағаныма да екi жыл бопты. Қағаз қаламымды алып, дайындамасам да, ағамен жүздесерде сұрасам деген нәрселерiмнiң бәрi көкейiмде жаттаулы, сайрап жатыр. Кейбiрiн сұрадым да. Ең әуелi редакцияға келген сәтi де әлi есiмде. Жеңiс күнiне орай арнаулы нөмiр дайындамақ болып, бастықтан тапсырма алғам. Соғысқа бармаса да, соғысты көзбен көрмесе де, еңбек даласындағы қиын күндер туралы, соғыстың салдарынан жетiмек күй кешкен тағдырлар жайлы шығарма жазған адаммен жүздесiп, бiр материал дайындау. Дереу есiме, «тобығынан шығарып алған аяғын сүйретiп жүретiн Аян мен Ырысбек пен Әжiбайдың темiр тепкiсiне шыдаған Қанат» сияқты балалар туралы ғажайып шығарма жазған Сайын ағам есiме бiрден түсе кеттi. Дереу Жазушылар одағына телефон шалып, ағамның адресiн алдым. Үйге телефон шалып едiм, ол кiсiнiң таудағы үйде екенiн естiдiм. Телефонды көтерген адамнан «тiлшi екенiмдi айтып» таудағы үйдiң адресiн сұрап едiм, адрестi бермесе де, үйдiң телефон нөмiрiн қолыма ұстата салғаны. Жалма-жан әлгi телефонға қоңырау шалдым. Тұтқаны ағаның өзi көтердi. «Солай да-солай, аға, маған тапсырма берiлiп едi, сол турасында сiзбен сөйлесiп, әңгiмелессем деп едiм. Адресiңiздi айтсаңыз, мен сiзге қазiр барып қайтар едiм» деп аузым-аузыма жұқпай, жеделдетiп жатырмын. Ағам үнсiз менiң тоқтаусыз айтқан сөздерiмдi аяғына дейiн тыңдап тұрды. Айтып болды-ау деген болуы керек, бiр кезде: «айналайын!» дедi жүрекке жайлы, жағымды қоңыр даусымен. «Мен тұрып жатқан үй, қаладан қашықтау таудың етегiнде орналасқан едi. Сырқаттанып жүрген соң, қаланың у-шуынан алысқа, әрi денсаулығыма ем болар ма деген үмiтпен, жоғарылатып кетiп ем. Сен бұл жақты таба алмассың. Өзiңнiң адресiңдi айтсаң, түс ауа өзiм редакцияларыңа барып қайтармын» дедi. Ағам маған берген уәдесiнде тұрып, түс ауа редакцияға өзi келдi. Жұмысқа жаңадан келген кезiм. Жүйелетiп сұрақ қою деген мүлдем жоқ. Бағанағы әдетiме салып, ә дегеннен-ақ, «Сайын аға, мен сiздiң шығармаларыңыздың бәрiн бiлем. Әсiресе, Аянның айтатын ертегiлерi де есiмде» деп, судырата жөнелдiм. Бас-аяғы жоқ, Аяннан бастаған соң, аға да түсiндi ғой деймiн, үнсiз ғана жымиып күлдi. «Е-е, әлгi Аян ендi ауылдағы өзiм қатарлы жолдастардың өмiрiнен алынған дүние. Соғысты көзбен көрмесе де, қан майданда етiгiмен су кешпесе де, соғыстан кемде-кем емес, қиындықты көрген, ауылдастарымның жиынтық образынан жинақталған дүние едi» дедi аға сабырлы дауыспен. Расында да, «Балалар тоқтаңдаршы, мен сендерге кешегiден де қызық ертегi айтып берем» деп тобығынан сынған аяғын сүйретiп, балалардың соңынан жүретiн бейшара баланың iс-әрекетi менiң жадымнан кетпейтiн. Әрбiр жылы жусан иiсi шыққан кезде, Аянның әлгi бiр аянышты бейнесi көз алдыма көлбеңдеп шыға келетiн. Аға маған сол жолы шығармалары жайлы, иә тек шығармалары жайлы, кө-ө-п сыр шерткен. Өзiнiң де Қанат сияқты хат тасығанын, Ырысбек сияқты ағаларының кейбiр қияли қылықтарын шығармасына арқау еткенiн риясыз әңгiмелеген едi. Өткен күндерi еске түстi ме, ағамның әңгiме ауанына қарап, мен де сөзiн бөлгiм келген жоқ. Ара-арасында өткен күндердегi балалық қылықтарына өзi де риза боп, күлiп алады. Әсiресе, ең алғаш ересек балалардан хат жазуды үйренгенiн, хат жазамыз деп бүкiл балалар бiр-бiрiнiң көкелерiнiң атын жазып жiберген сәттерiн айтқанда, мен де ерiксiз күлгем. Тәжiрибенiң жоқтығы ғой, қазiр ойласам, бар әңгiменiң төркiнiн, соғыс жайлы шығармадан асыра алмаппын-ау. Онсызда әрбiр деталi өзiне жақсы таныс, дүниелердi шатпақтап сұрай берiппiн, сұрай берiппiн.

Екiншi жолыққанымда ағам маған әдебиетке қалай келгенiн, қандай ақын-жазушы ағалары жәрдемдескенi туралы сыр шерткен. Әсiресе, өзiне көп көмегi тиген Әбу Сәрсенбаев ағасы жайлы көп әңгiме қозғады. «Менi әдеби ортаға ең алғаш танытқан «Менiң қарындасым» едi ғой. Жалпы, әдебиетке ерте араластым. Жетiншi класта ауылдан ұзап, қалаға келiп оқуымды жалғастырдым. Бұрын үйден ұзап шықпаған басымыз, ауылды, үй-iшiн сағынамыз. Сол кездерi «Сәлем хат» деп шағын-шағын өлеңдер жаза бастадым. «Көгершiн» туралы өлең көп болатын. Сол өлеңдерге елiктеп, бiз де өлең жаздық. Тоғызыншыда оқып жүргенiмiзде, мектепте әдебиет газетiн шығардық. Ол газеттi «Достар» деп атадық. Сол газетке өлеңдi басқа жiгiттер жазсын деп, мен прозаға ауыстым. «Ауыл кешi» деп аталатын ең алғашқы әңгiме жаздым. Ауылдағы әртүрлi оқиғалар бар, естiгенiм бар, көргенiм бар, соның бәрiн көз алдыма келтiрiп жазған тұңғыш әңгiмем едi. «Жабайы алманы» кейiн жазуымның себебi де, сол «Ауыл кешiнен» басталды-ау деп ойлаймын. Кейiнiрек, облыстық газетке шығармаларым, мақала-очерктерiм жиi жариялана бастады. Осылайша облыстық газетте үзбей жазып тұрдым. Ауылдағылардың бәрi менiң мақалаларымды оқып, менi хан көтерiп жүрдi. Арада тура екi жыл өткеннен кейiн, 1957 жылы «Жұлдыздың» бiрiншi санына «Менiң қарындасым» деген әңгiмем шықты» деген сол жолы ағам өзiнiң тырнақалды дүниесi туралы.

«Райгүлдi» Оспанхан ағадан қалай алғаны туралы қызыға әңгiмелеп едi. «Алғашқы қардағы» Сұлтан ше, деймiн. Түр-тұлғаты епетейсiз, осы бiр жiгiттi қыздардың көзiне iлмеуi не екен деймiн, шыдамсыздана. Әңгiменiң басы басталғаннан-ақ, әлгi жiгiттiң түр-тұлғасын суреттеуi келiсiп тұрған соң ба, сiздiң де көңiлiңiз толмауы мүмкiн. Оның бейнесiне алғашында менiң де көңiлiм толмаған. Сөйтсем, айнала аппақ қарға оранып, қыз бен жiгiт адасып таба алмаған ферманың аяқ астында жатқын сезiнгенiңiзде, ауыл қыздары менсiнбей, мазаққа айналдыратын алпамсадай жiгiттiң моп-момақан қалпын көргенiңiзде, сiздiң Сұлтанды жақтап шыға келуiңiз ғажап емес. Сiзге Сұлтаннан асқан жiгiт жоқ сияқты көрiнедi. Мүмкiн, жазушының шеберлiгi де осында шығар. Мен де тоқтаусыз, Сұлтан кiм, Нәзираның бейнесi ше, деймiн ғой, әлгi жерде. Әрбiр әңгiмесi, әр мақаланың көтерер жүгi болатыны сезе тұра сұраймын, қайта сұраймын. Ағамның өмiрiнде қандай қиыншылықтар болды екен, неге қапаланып, неге көңiлi толмады екен деген сауалдар мүлдем сұраусыз қалыпты. Тым болмаса, немен айналысып жатқанын да сұрамаппын. Балалығы белгiлi, оны «Жабайы алмадан» да оқып алуымызға болады. Мүмкiн, компартияның үстемдiк құрған уақытында, Одақ басында қызметте отырып, цензураның тепкiсiне бұл кiсi де түскен шығар. Неге осы мәселелер менi көбiрек қызықтырмады екен деп, ендi өкiнем. Орыс тiлiнсiз өмiр сүру қиын болған тұста, мынадай көркем дүниелер жазған адамның сол қоғамға айтар iштей өкпесi де болған шығар. Тiлге қарсылығын, қоғамға қарсылығын қалай бiлдiрдi екен? Мүмкiн, ағам айтамын деген дүниелерiн ендi жазып жатқан шығар. Сауал көп. Ең бастысы, барлық сауалыма жауапты, Сайын ағаның екi томдық шығармалар жинағынан iздеймiн. Ауыл өмiрi, тек ғана ауыл өмiрiнiң тыныс-тiршiлiгi арқау болған қаламгер шығармаларында менiң де ауылымның адамдары жүргендей әсер етедi. Өзiмнiң көршiлерiмдi, өзiмнiң ағайындарымды iздеймiн.

P.S. Бүкiл газет бiткен Сайын ағаның жетпiс жасқа толғандығын айтып, қуанып, мақала жазып жатқанда, мен де үнсiз қала алмадым. Айналдырып келiп, баяғы әуенмен үйге телфон шалғам. Телефонның тұтқасын көтерген апаның Сайын ағаның бiр қол, бiр аяғы iстемей, тiлден қалғандығын айтқанда, жан-жүрегiм езiлiп жүре бердi. Қайран ағам, ендi телефонмен сөйлесуге де жарамай, төсекке таңылыпты. Әлгi хабардан кейiн, көңiл-күйiм бұзылып, жұмыс iстеуге де мұршам келмедi. Сол күндi тек, «аман болыңызшы, аға, дертiңiзден айығыңызшы» деп жалбарынумен өткiздiм.

Гүлзина Бектасова