Жаңалықтар

АҚЫНМЕН КЕЗДЕСКЕН КЕШ

ашық дереккөзі

АҚЫНМЕН КЕЗДЕСКЕН КЕШ

Абай атындағы Республикалық қазақ тiлi мен әдебиетiн тереңдетiп оқытатын мектеп-интернатта көрнектi ақын, Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шахановпен кездесу кешi өттi.

Кештi өткiзуге мектеп-интернат түлектерi ұзақ дайындалған сыңайлы. Мектеп директорының айтуынша, қыркүйектен берi балалар ақынды тағатсыз күтiп жүрiптi. Әрбiр уақыты санаулы ақынның оқушылармен кездесуiнiң Түркияға жүрер сапарының алдында сәтi түскен екен. Осыдан тұп-тура бiр жыл бұрын ғана жүрегiне операция жасатқан Мұхтар аға бұл жолы да жүрегiн көрсетiп қайтпақ. Ұзақ сапар алдында, жасөспiрiмдер ақын ағаларына шырайлы кеш сыйлады. Қазақ тiлi мен әдебиетiн тереңдетiлiп оқытылатын мектеп болғаннан кейiн бе, әлде өңшең таланттардың шоғыры жиналған ба, әйтеуiр әр баланың өлеңге деген талабына сүйсiнiп қайттық. Жетi-сегiзi ақынға арнаған арнауларын оқыса, ендi бiр тобы ақын өлеңдерiн жатқа оқыды. Тiптi, Шаханов поэмасына құрған драмалық көрiнiстерi де сәттi шығыпты. Залға жиналған әрбiр бала ақын өлеңдерiн жатқа бiледi десек, артық айтпағандық болар. Өз ретiнде ақын да мектеп-интернат түлектерiне деген жүрекжарды тiлегiн ақтарды. Республиканың түкпiр-түкпiрiнен жиналған қаракөздерге ұлттық рух туралы, тiл туралы ақтарыла сыр шерттi. Тiлiнен айрылған ұлттың жер бетiнен ұлт ретiнде жойылатындығын да жасырмады. Әрбiр қазақ баласының ең әуелi тiлiн ұмытпауы қажеттiгiн ақын өлеңмен жеткiздi. Түркияға барар сапарының алдында осындай әсерлi кеш сыйлағандары үшiн мектеп-интернат басшылығына да, кешке қатысқан оқушы қауымға да өз ризашылығын бiлдiрдi. Ән мен жырдың кешiне айналған әсерлi кездесу жасөспiрiмдердiң жүрегiнде мәңгi сақталары хақ.

Гүлзина Бектасова