Жаңалықтар

ТЕҢГЕ... ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХ

ашық дереккөзі

ТЕҢГЕ... ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХ

Теңге айналасындағы талас-тартыс елiмiздегi саясаткерлердiң ұлттық рухының деңгейiн анықтап бергендей. Теңге – Ұлттық банк қызметкерлерi үшiн (Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовтi қоса есептегенде) төлем құралы ғана. Ал, қаны қазақ ұлт серкелерi үшiн, ол – төлем құралы ғана емес, елiмiздiң елдiгiн айғақтайтын ұлттық символымыз.

Ендеше осы ұлттық символымыздың бiрi ұлттық валютамызда ұлттық бет-бейнемiздi анықтайтын басты символымыз мемлекеттiк тiлiмiзде қате кетiп жатса (қос тiлде жазылғаны өз алдына), оған қалай iшiң ашымасын. Мәжiлiс депутаттары мен зиялы қауым өкiлдерiнiң атқа мiнiп, Елбасыға ашық хат пен үндеу жазуына себеп болған теңгенiң дау-дамайы барысында бiз мәжiлiсмендерiмiздiң бiразының ұлттық рухын анықтап алдық. Ең алдымен, Мәжiлiс депутаты, ұлттығымызға кiр келтiрген, мемлекеттiк тiлдегi 5 сөздiң бiрiн қате жiберген Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовтiң отставкаға кетуiн талап еткен Мұхтар Шахановқа кезiнде Алматы облыстық партия комитетiнiң хатшысы болған Зәуре Қадырова дүрсе қоя бердi. Зәуре Қадырованың пiкiрiнше, Мұхтар Шаханов сияқты патриоттар оның зықысын алып болған көрiнедi.

– Саясатты осылар жасауға тырысады, шын мәнiсiнде, шенеунiктi отставкаға жiберуге депутаттардың ешқандай құқы жоқ. Бұлардыкi популизм, — деп түйреп, онсыз да тiл үшiн майданда үнемi жiгерi құм болып жүрген ақынды алқымынан алды.

Сөйтiп, Зәуре Қадырова ұлттық мәселе туралы сөз болғанда аллергиясы ұстайтындығын танытса, дәл сол Кеңес Одағы тәрбиелеген Кенжеғали Сағадиев сияқты ақсақалдарымыз да теңгедегi қатенiң түкке тұрғысыз екенiн айтып, атқарушы билiктiң сойылын соқты. Оны Сатыбалды Ибрагимов жақтады.

Өткен аптада Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары Елбасыға Үндеу жариялап, ұлттығымызға сын масқара теңгенiң қабылданбауын өтiнген болатын. Дәл осы үндеудi Мәжiлiстiң үр жаңа депутаты Әлихан Бәйменов оқи бастап едi, Орал Мұхамеджановтың орнына төрағалық етiп отырған вице-спикер Сергей Дьяченко оның сөзiн бөлiп, толық оқытпауға күш салды. Дегенмен, Әлихан Бәйменов бұның «депутаттық сауал емес, Үндеу» екендiгiн айтып жүрiп, әйтеуiр оқып шықты. Дәл осы жиында Амангелдi Айталы, Мұхтар Шаханов, Бекболат Тiлеухан сияқты ұлт жанашырларының жоқтығы қалған азшылықтың қысымға ұшырауына себеп болды. Дегенмен, Кенжеғали Сағадиев ағасының ұлттық дiлден гөрi шенеунiктiк амбицияны жақтағанына қарны ашқан ғарышкер Тоқтар Әубәкiров: «Бiз бұл туралы алдын-ала келiстiк. Бiрақ, Үндеудi қабылдауға көбiңiз құлықсыз отырсыздар. Мен осылай боларын алдын-ала бiлiп едiм. Мұндағы адамдардың кiмнiң сойылын соғатынын да бiлем. Осындайда ұлы Марк Твеннiң «Мен адамдарды неғұрлым жақсы бiлген сайын, иттердi соғұрлым жақсы көре түсем» деген қанатты сөзi есiме түседi. Егер, бiз мемлекетiмiздiң азаматы болсақ, дәл бұған жол бермеуiмiз керек едi» деп қытығына тидi. Бұған кәдiмгiдей ренжiген Кенжеғали Сағадиев сақалын бұлдап, «ақсақалмын, айналайын абайла» деген ескерту жасап едi, оны әрiптесi Сатыбалды Ибрагимов те қолдады. Бiрақ, Амангелдi Таспихов пен Болат Әбiшевтер «мәселенiң сақалда емес, басқада екендiгiн» айтты. Сөйтiп, дауысқа салу нәтижесiнде 44 депутаттың қолы қойылған Үндеу Елбасыға жолданды.

«31 арнаның» «Кiм?» бағдарламасына арнайы бас сұққан депутат Бекболат Тiлеухан теңгедегi қостiлдiлiк пен дизайннiң былығы өз алдына, ендi көзге көрiнбес бес ауыз қазақ сөзiнiң өзiнде қатенiң кетуi бiздiң шенеунiктерiмiздiң ұлттық дiлден мүлдем хабарсыз екендiгiн танытты дейдi. Шенеунiктерiмiздiң жасарын жасап алып, «солай болды, көш жүре түзеледi, ондай-ондай болады» деген жайбарақаттығы үшiн күйiп-пысқан депутат ұлт үшiн шыбын жаны садаға болған ұлыларымыздың үрдiсiн танытты.

Жалпы, ұлттық мәселеде қақ жарылатын депутаттардың басым көпшiлiгi бұған дейiн билiктiң сойылын соғып, ұлт мүддесiн тасада қалдырып келген. Үнемi көпшiлiктiң қарсылығына ұшырайтын азшылық бұл жолы сәл де болса басым дауыс жинапты. Сөйтiп, ұлт мәселесi бей-жай қалдырмайтындығын танытты.

Теңге мәселесiне депутаттар ғана шыр-пыр болып жатқан жоқ. Сондай-ақ, зиялы қауым өкiлдерi де, әртүрлi бағыттағы баспасөз де бұл мәселеге деген өз көзқарасын танытып бағуда. Бiр қызығы қазақ баспасөзi ұлттың ұлттығын танытатын теңгедегi қостiлдiлiк пен мемлекеттiк тiлдегi қатеге баса назар аударса, орыстiлдi басылымдар Әнуар Сәйденов сынды бұны трагедияға айналдырудың қажетi жоқ деген көзқарас ұстанып отыр.

Айталық, дәл осы теңгеде қостiлдiлiк пен кеткен қатеге орай сауалнама жүргiзген «Мегаполис» газетiнiң тiлшiсiне жауап бергендердiң бәрi (бәлкiм тiлшiнiң арнайы таңдап алған жауаптары) бұған көзжұмбайлықпен қараған жөн деп салқынқандылық танытса, «mizinov.net» cайтындағы сауалнама да осындай бағытта өрбiген. Демек, қоғамдық пiкiр қалыптастыруда басты рөл атқаратын орыстiлдi БАҚ теңгенiң жырына селқос қарауға үгiттеп, қазақтардың жан айқайына үн қосуға дәрменсiздiк, бәлкiм құлықсыздық танытуда.

Мiне, тәуелсiздiгiмiздiң 15 жылдығындағы бiздiң ұлттық рухтың әлi де таразыға түсуi әрi оның қажеттi дауысты жинай алмауы «теңге жырынан да» байқалып қалды. Бұған кiнәлi кiм? Жауап жоқ, бәлкiм, оны ертеңгi ұрпақ берер.

P.S. Өткен аптада Елбасы Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовтi қабылдады. Әңгiме инфляция деңгейiн қадағалау және жаңа теңгенi айналымға енгiзу жайында болған. Ал, теңгенiң төңiрегiнде халықтың жанайқайы Елбасына жетпеген көрiнедi. Өйткенi, Елбасы Әнуар Сәйденовке бiрнеше тапсырма берумен ғана шектелген. Тiптi, бiр топ зиялы мен депутаттың Ашық хаты мен Үндеуi туралы ешқандай әңгiме болмаған сияқты.

Теңгеде әл-Фараби бейнесi қалдырылса екен…

Есiмi айдай әлемге мәлiм Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз Шығыс Аристотелi атанған, Отырар қаласынан шыққан, ұлы бабамыз Әбунасыр әл–Фарабидiң, қазақ халқының да ұлттық мақтанышы екендiгi хақ. Қазiргi өркениеттi ел тарихында грек пен қазақтың аты осы екi ғұламамен әлемге мәшһүр болып тұр. Әттеген-ай дегендей, ұлы ғұламаның бейнесiн көре алмай қапаландық. Бұл жәйт бүкiл қазақ халқын, әсiресе қазақ фарабитанушыларын қатты қынжылтады. Сөздiң түйiнi: жаңа теңгенiң бетiнен әл-Фараби бейнесiнiң болуын талап етемiз.

Қ.Жарықбаев – Т.Т.Тәжiбаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика ғылымының докторы, психология ғылымдарының докторы, фарабитанушы,

Ә.Табылдиев – педагогика ғылымдарының докторы, ақын – фарабитанушы.

А.Көбесов – педагогика ғылымдарының докторы, фарабитанушы.

С.Ғаббасов – педагогика ғылымдарының докторы, фарабитанушы.

С.Қалиев – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Ш.Әбдiраман – ҚазҰТУ-ң Ағжан әл-Машани Орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, фарабитанушы.

Есенгүл Кәпқызы