Жаңалықтар

«Түркуаз» компаниясының басшысы Зеки Пилге: ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ИНВЕСТИЦИЯСЫ – ЖАСТАР БIЛIМIНЕ ҚҰЙЫЛҒАН ҚАРАЖАТ

ашық дереккөзі

«Түркуаз» компаниясының басшысы Зеки Пилге: ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ИНВЕСТИЦИЯСЫ – ЖАСТАР БIЛIМIНЕ ҚҰЙЫЛҒАН ҚАРАЖАТ

«Түркуаз» компаниясының Қазақстанда қызмет етiп келе жатқанына аттай 14 жыл толыпты. Елiмiздiң тәуелсiздiгiмен бiрге аяғын тәй-тәй басқан компания бүгiнгi таңда iрi бизнес құрылымдарының бiрi болып отыр. Әу бастан компания сауда-саттықпен айналысқан. Қазiр құрылыс және өндiрiс салаларын да бағындырып келедi. Компанияның тыныс-тiршiлiгi мен жоспарлары жайында «Түркуаз» компаниясының басшысы Зеки Пилге ой бөлiскен едi.

Бiз әлеумет алдындағы жауапкершiлiктi жақсы сезiнемiз

– Құрметтi Зеки бей, ең алдымен, сiздi қасиеттi Рамазан айымен құттықтаймыз. Оразаңыз қабыл болсын! Осы орайда ерiксiз сауал туындайды: Өзiңiз дiншiлсiз бе? Дiнге қалай қарайсыз? Компания атынан мешiтке зекет берiлiп тұра ма?

– Рахмет! Бiзде зекет компания атынан берiлмейдi. Ислам дiнi бойынша, зекеттi әр адам өзiнiң қалтасынан шығарып беруi шарт. Әйтеуiр жыл сайын әрбiр бизнесмен, компания қызметкерi мешiтке өз атынан зекет берiп тұрады. Ислам әлемiнде мұны «зекет» деп атаса, бiз мұны әлеумет алдындағы жауапкершiлiгiмiз деп бiлемiз. Бiз жыл сайын компания атынан мiндеттi түрде қаржы бөлiп, халыққа көмек берiп келемiз.

Бiздiң «Түркуаз қоры» деген қайырымдылық қорымыз бар. Сол қорымыз арқылы бiз бiрнеше ұйымға көмек берiп жатырмыз. Әсiресе қазақ-түрiк лицейлерiне көмек көрсетемiз. Мұнда бiздiң қамқорымызға алынған бiр университетiмiз де бар. Әлеуметтiк деңгейi төмен отбасыларынан шыққан соң, компания қамқорына алынған бiрнеше қазақ баласы да бар. Бiз де оларға ай сайын жәрдемақы берiп тұрамыз. Биыл екi бiрдей мектепке ақша бөлiп, онда қайта жөндеу жұмыстарын жүргiздiк. Бiрi – Медеу ауданында орналасқан, тағы бiрi – Бостандық ауданындағы № 146 қазақ орта мектебi. Тек қана № 146 мектептiң қайта жөндеу жұмыстарына бөлген қаржымыз 300 мың долларды құрады. Бұл зекет ретiнде болсын, не қайырымдылық шарасы ретiнде қабылдансын, әйтеуiр бiз оны «әлеумет алдындағы жауапкершiлiгiмiз» деп бiлемiз. Әрбiр компания бұндай iске жауапты болуы керек. Бiз бұл игi шараларды «Түркуаз қоры» арқылы жүзеге асырып жүрмiз. Бұл бiз үшiн жарнама емес. Дегенмен де, мұндай игi шараларды жасырмаймыз.

– Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары елiмiз үшiн өте қиын-қыстау кезең болғанын өзiңiз де бiлерсiз. Қателеспесек, сiз Қазақстанға 1992 жылы келiп, осында жеке компанияңыздың негiзiн қалапсыз. Экономикасы тоқырап тұрған елiмiзде компания ашу қиынға соқпады ма? Жалпы, Қазақстандағы бизнесiңiздi қалай бастадыңыз?

– Мұны тағдыр деп айтуға болар. Мен Қазақстанға тұңғыш рет қазақ досымның арқасында келдiм. Рас айтасыз, бiз мұнда 1992 жылы келгенбiз. Бұған себеп – 1991 жылы Қазақстанның тәуелсiздiк алуы болса керек. Сондықтан бiздi қазақ жерiне алғаш келген компаниялардың бiрi деуге болады. Негiзiнен бұл елге келу менiң арманым болды. Әу бастан Түркияда мектепте оқып жүргенiмде, оқытушыларымыз: «Орталық Азия елдерiнде бiздiң туыстарымыз бар. Олар – қазақ, өзбек, қырғыз…» – деп айтатын. Балалық қиялым болар, осынау елдерге барып, бiзге туыстас халықтарды көргiм келетiн. Содан болар, түркiлер тарихы туралы кiтаптарды көп оқыдым. Ержете келе бизнеспен айналыстым. Әйтеуiр, қазақ досымның арқасында алғаш рет табаным Алматыға тидi. Ол кезде қаланың жағдайы онша жақсы емес едi. Мұнда бизнестi кiшкентай iстен бастадық. Қазақстанның жағдайы қалайша жыл сайын жақсара түссе, дәл солай бiздiң компаниямыздың да жағдайы өстi. 14 жылдың iшiнде компаниямыз қазiргi деңгейiне жеттi. Иә, басында Қазақстан көптеген қиыншылықтан өткенi рас. Дегенмен, менiң ойым – қиындықтан өтпеген адам жақсылыққа жете алмайды дегенге саяды. Қазiргi табысымыз да – сол қиындықтарды жеңуiмiздiң арқасында. Бүгiнде «Түркуаз» Қазақстанның компаниясы ретiнде Орталық Азия елдерi мен Түркияға инвестиция құйып, дамудың жаңа сатысына көтерiлдi.

– «Turkuaz» компаниясының қанатын кеңге жайып жатқанын бiлемiз. Қазiр қандай жобалармен айналысып жатырсыз?

– Қазiргi таңда бiздiң компания үш бағытта жұмыс iстейдi. Олар: құрылыс саласы, сауда-саттық және өндiрiс компаниялары. Сауда компаниясы үлкен-үлкен iстер атқарып келедi. Оның үстiне бiз Қазақстанның болашағына сенген соң, өндiрiстiк салаға да араласып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан бойынша бiрнеше зауыт салдық. Мұнымен шектелмей, әлi де жаңадан зауыттар салып жатырмыз. Қарасаңыз, қазiр Қазақстан көптеген тауар түрлерiн шет елден импорттайды. Бiз сол импортталған тауарлардың Қазақстанда өндiрiлуiн тiлеймiз. Мұның артынан елiмiзде шығарылған тауарды Орта Азия болсын, не Ресей болсын, әйтеуiр шет мемлекеттерге экспорт жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазiргi таңда бiздiң шай мен өсiмдiк майын өндiретiн зауытымыз бен кiрпiш шығаратын зауыттарымыз бар. Бiз «Хенкель» деген әлемдiк компаниямен бiрiгiп, бүкiл орта Азия бойынша құрылыс материалдарын шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Бiрнеше зауытты салу жөнiнде арнайы келiсiмге де келдiк. Оның үстiне Қапшағайда пластмассадан жасалған құбырларды өндiретiн зауыт саламыз деп жоспарлап қойыппыз. Ол үшiн Қапшағайдан арнайы жер алдық.

Құрылыс компаниямыз тек қана Қазақстанда емес, сондай-ақ, Түркия, Орталық Азия аймағында жұмыс iстеп жатыр. Онда, бiр жағынан, құрылыс компаниясы ретiнде жұмыс iстесек, екiншi жағынан, бизнес орталықтары мен тұрғын үй кешендерiнiң жобасын жасап, оларды жүзеге асырып жатырмыз.

– Қазiр Қазақстанда құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамуда. Бұл орайда сiздiң компанияңыз әл-Фараби даңғылының бойында салынуы тиiс бизнес орталықтары мен тұрғын үй кешенiнiң тендерiн жеңiп алыпты. Бұл қандай жоба? Осыған нақтырақ тоқталсаңыз.

– Бұл жобада бiз тек қана Бас құрылысшы ретiнде жұмыс iстеп жатырмыз. Өзiңiз де бiлерсiз, Елбасының Алматыны әлемдiк деңгейдегi қаржы орталығына айналдыруға қатысты жоспар-арманы бар. Елбасының арманын орындауға бiз де атсалысып келемiз. Осыған орай әл-Фараби даңғылының бойында үлкен қаржы орталығы салынып жатыр. Негiзiнен Қазақстандағы iрi-iрi банктердiң Бас бөлiмдерi сол жерде орналасуы тиiс.

«Түркуаз» құятын инвестиция – Қазақстанның қаржысы

– Түркияның Даламан қаласында халықаралық стандарттарға сай iрi әуежай ашылғанын бiлемiз. Бұл жобаның түрiк және қазақ елiне әкелер пайдасы қандай болмақ? Оған жұмсалған қаржы қазақ инвестициясы болып саналады ғой…

– Иә, оған құйылған қаржы Қазақстан инвестициясы деп саналады. Бiз ол тендерге Түркияның белгiлi бiр компаниясымен бiрлесiп қатысқанбыз. Сөйтiп, Даламан әуежайына қатысты тендердi жеңiп алдық. Оған құйылған қаржы – 150 миллион доллар. Бiз Қазақстандағы Ұлттық банк пен министрлiктен арнайы лицензия алып, аталған жобаға қатысқан едiк. Құдай қаласа, алдағы он жыл iшiнде Қазақстанның Түркия әуежайына құйған инвестициясы толықтай қайтарылуы керек. Өйткенi Даламанда салынған әуежай көлемi бойынша Стамбұлдағы iрi әуежайдан кейiн екiншi орынды алады. Түркия үшiн де оның мән-маңызы зор. Оның ашылу салтанатына түрiк елiнiң премьер-министрi Реджеп Сайид Ердоғанның өзi арнайы ат басын тiредi. Бiз ол жерде тек қана құрылыс компаниясы ретiнде жұмыс iстемедiк, сол сияқты ондағы менеджмент саласын да жөнге келтiрдiк. Бұл – үлкен жоба.

– Өзiңiз бiр сөзiңiзде «Turkuaz» компаниясы Қазақстанда негiзiн қалаған соң, ол қазақтың компаниясы» дедiңiз. Сiздiң қазақшаңыз да судай. Ал, компанияның iс-қағаздары, жұмысы қай тiлде сөйлейдi?

– Жұмыс арасында қазақ, түрiк және орыс тiлдерiнде сөйлеймiз. Негiзiнен халықаралық қатынастарымыз өте көп, себебi әлемдiк компаниялармен келiсiмге келiп жатырмыз. Сондықтан ағылшын тiлiн де пайдаланамыз. Негiзiнен компанияның өз iшiнде қазақ тiлi мен орыс тiлдерi ресми түрде бiрдей пайдаланылады. Құжаттарымыз бен iс-қағаздарымыз да екi тiлде жүргiзiледi.

– Қазiр елiмiзде мемлекеттiк органдар бiртiндеп iс-қағаздарын қазақ тiлiне аударып жатқанын бiлерсiз…

– Бiз жеке компания болсақ та, Қазақстанда негiзiмiздi қалағанбыз. Сондықтан елiмiздiң заңдарына бағынамыз. Негiзiнен «Түркуаз» компаниясында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң 99 пайызы жергiлiктi халықтан тұрады. Мәселен, сауда-саттықпен айналысатын компаниямызда 3000 адам жұмыс iстесе, оның 30-ы ғана шетелдiк азаматтар.

– Елбасы Назарбаев Қазақстанды 2010 жылға дейiн дамыған 50 елдiң қатарына қосуды межелеп қойыпты. Сiз бiр сөзiңiзде елiмiздiң аталған тiзiмге одан әлдеқайда ерте iлiгетiнiн айтқан болатынсыз. Бұған сенiмiңiз кәмiл ме?

– Иә, сенiмiм кәмiл. Өйткенi 15 жылдың iшiнде Елбасының арқасында Қазақстанда көп нәрсе өзгердi. Негiзiнен әлемде мұнай мен газдың арқасында байып отырған бiрнеше мемлекет бар. Бiрақ ол мемлекеттердiң өндiрiс, сауда-саттық салалары ақсаңдап тұрады. Бiз Елбасының жоспарын қолдаймыз. Бiз 2010 жылдан бұрын-ақ дамыған 50 елдiң қатарына енемiз деп ойлаймын. Соңғы бес жылдың iшiнде ел экономикасының дамыған қарқынына қарасаңыз, аталған межеге 2010 жылдан бұрын жететiн сияқтымыз.

– Қазақстанның болашағын қалай елестетесiз?

– Елбасының тағы бiр жоспарлы стратегиясы бар. Ол – «Қазақстан-2030» бағдарламасы. Мен ол жоспарды алғаш рет оқыған кезiмде, бiздiң өмiрiмiз сол уақытқа дейiн жете ме, жетпей ме деп ойладым. Әрине, қанша жыл өмiр сүретiмiздi бiр ғана Құдай бiледi. Менiңше, Қазақстан аталған бағдарламада қойылған жоспарларға 2030-шы жылдан бұрын жетедi.

Қазiргi таңда көптеген әлем елдерi Қазақстанның экономикалық жетiстiктерiне қарап, таң қалады. 2005 жылы экономикамыздың iшкi жалпы өнiмi 50 миллиард долларға жеттi. Биылғы жоспар бойынша, ол 70 миллиард долларға жетсе, келесi жылы 100 миллиард долларға көтерiлуi мүмкiн. Менiңше, бiз сол жоспарларды тиянақты орындасақ, елiмiз қарқындап дами түседi. Қазақстан тек қана жер байлығымен танымал емес. Қазақстанның ең үлкен байлығы – Нұрсұлтан Назарбаев сияқты ел басшымыздың болуында. Әлемде саясаты бұрыс мемлекеттер жетiп артылады. Қазақстанның саясаты дұрыс. Екiншi жағынан, Қазақстан халқының жүрегi үлкен. Мен жұмыс бабы бойынша көптеген елдерге барып тұрамын. Қазiргi таңда 35 мемлекетпен байланысымыз бар. Дегенмен, әлемде қазақ халқындай жақсы, қонақжай ұлт жоқ. Қазақстан халқы өте жоғары бiлiмдi һәм жоғары интеллектуалды. Әлемдегi ең жоғары жетiстiктердi қазақ халқы өзiне үлгi етiп алады. Осыны ойлаған Елбасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша көптеген жастарды шет елге оқуға жiберiп жатыр. Мен мұны өте дұрыс деп ойлаймын.

Сiз жоғарыда зекетке қатысты сұрақ қойдыңыз. Мен сол сауалға қайта оралғым келедi. Сiз оны «зекет» дедiңiз – мен оны «әлеуметтiк жауапкершiлiк» деп атадым. Негiзiнен бiздiң компаниямыз мектептерге, жас балаларға көп көмек көрсетедi. Себебi Қазақстаннның болашағы – жастарда. Менiңше, Қазақстандағы ең үлкен «зауыттар» – мектептер. Сiз ол «мектептерден» тауар шығармайсыз, бiрақ одан шыққан балалардың бiлiмi, мәдениетi жоғары болса, ол Қазақстанның болашағына құйылған ең үлкен инвестиция деп ойлаймыз. Бiз Қазақстанның келешегiне сенiп, елге екi түрлi инвестиция құйып келемiз. Бiрiншiден, өндiрiс орындарын ашып, зауыттар салып жатырмыз. Екiншiден, мектептер мен университеттерге көмектесiп, Қазақстанның ертеңiне инвестиция құйып келемiз.

Қазаққа күйеубала болғым келедi

– Жеке хоббиiңiз бар ма? Қолыңыз бос уақытта немен айналысасыз?

– Негiзiнен менiң басты хоббиiм – жұмыс. Мен жұмыс iстеудi жақсы көремiн. Шынтуайтына келсек, менiң өз мамандығым – дәрiгер. Өзiм болса, бизнеспен айналысып жүрмiн. Бұл да хобби шығар… Ал, шындығына келсек, өз басым суда жүзудi ұнатам. Бiрақ оған уақыт табу өте қиын.

– Сiздiң Қазақстан азаматтығын алуға атсалысып жүргенiңiздi бiлемiз. Бұл өз шешiмiңiз бе?

– Әлi де төлқұжат алуға қол жетпедi. Негiзiнен Қазақстан азаматтығын алу үшiн 5 жыл бойы осы елде тұру керек. Менiң мұнда келгенiме 14 жыл болды. Бiздiң мұнда тұруға рұқсатымыз ғана бар. Бiрақ мұндай рұқсат – Қазақстан азаматтығы болып саналмайды ғой. Мен мұнда ең алғаш рет келгенiмде, менiң арнайы куәлiгiм болған едi. Бiрақ оны жоғалтып алдық. Мен ендiгi мүмкiндiктi жоғалтқым келмейдi. Десек те, бар мәселе – төлқұжатта емес, адамның жүрегiнде. Мен әр уақытта «Қазақстан – менiң екiншi отаным» деймiн. Түркияда туылсам да, осы жерде жұмыс iстеп жүрген соң, шын жүректен өзiмдi қазақпын деп айтамын. Жұмысым да – осы жерде, елiм де – осы жерде… Құдай бұйыртса, Қазақ¬станның толықтай азаматы болсам – арманымның орындалғаны.

Мен кейде достарыма әзiлдеймiн: «Мен бойдақпын. Сондықтан қазiрше 50 пайызға қазақпын. Үйленген соң, 100 пайыз қазақ боламын» – деп…

– Яғни, осында үйленесiз бе?

– Құдай бұйыртса, сондай жоспарларым бар.

– Таяуда Түркияда болғанымызда бiз ерекше құбылыстың куәгерi болған едiк. Түрiктер – өте ұлтшыл, ұлтжанды халық екен. Тiптi, Әнұранға деген құрметi де ерекше. Ал, сiз өзiңiздi ұлтшылмын деп санайсыз ба?

– Мен былай ойлаймын, әр адам аз да болса, ұлтшыл болуы керек. Бұл жаман емес. Ұлтшылдық дегенде, бұл – фашизм емес. Адам мемлекетiн сүйiп, халқының қамын ойласа, елiнiң әл-ауқатын көтергiсi келсе, бұл ұлтшылдық емес, бұл болуы тиiс жәйт. Егер сiз ұлтшылдық деп осыны санасаңыз, мен – ұлтшылмын. Мен Қазақстанды өте жақсы көремiн. Елiмiздiң әлемдiк елдер санатында болуын қалаймын. Құдай қаласа, елiмiз келешекте дамыған 50 елдiң қатарына қосылуы керек. Бұл әрбiр Қазақстан азаматының арманы болуы шарт. Менiңше, елiн, халқын ойлайтын адам – ұлтшыл.

– Қандай армандарыңыз бар? Бизнесмен ретiнде емес, қарапайым пенде ретiнде ненi армандайсыз?

– Бұл өте қиын сұрақ. Менiң арманым көп. Өзiм бизнесменмiн. Ең алдымен, түркi-тiлдес халықтардың жағдайы жақсарып, экономикасы қарқындап дамыса, бүкiл Орталық Азиялық елдердiң жағдайы дұрысталса, мен соған қуанар едiм.

Өз басым Қазақстанға келген кезде бизнестi үш адамнан бастадым. Жанымда жүргiзушiм мен хатшым болды. Әу бастан кiшкентай сауда-саттықпен айналыстық. Қазiр компаниямызда мыңдаған адамдар жұмыс iстейдi. Мен компаниядағы барлық адамдарды бiр шаңырақ деп санаймын. Мен осы шаңырақтың кеңейе беруiн тiлеймiн. Солай болса қуанамын.

– Алға қойған мақсаттарыңыз?

– Егер жеке басымдағы жоспарымды сұрасаңыз, Құдай бұйырса, үйленемiн. Бiрақ әлi де өз таңдауымды жасаған жоқпын. Әйтеуiр, қазақ елiне күйеубала болам ба деп отырмын. Бизнесмен ретiнде жұмысымыздың алға жылжып, компаниямыздың өркендеуiн тiлеймiн. Өйткенi мұндағы әрбiр қызметкер компанияда маңдай терiмен жұмыс iстеп, осы жерден нан жейдi. Нәсiбiн алады. Қызметкерлерiмiздiң көп нәсiпке бөленуiн тiлер едiм.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА