Жаңалықтар

ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ

Тiл үшiн күрестiң басталғанына жиырма жылға жуық уақыт өтсе де мемлекеттiк мәселе өз шешiмiн табар емес. Мәселенiң шешiлмеу себебiн бiз немқұрайдылықтан, әрекетсiздiктен, құлықсыздықтан және т.б. терiс пиғылдан iздемеймiз, оның бәрi аса күрделi мәселенiң тек беташары ғана. Оның күрделiлiгi өзiне ғылымның қатыстылығымен анықталады. Яғни, мемлекеттiк тiл мәселесi ең алдымен ғылыми мәселе, ғылым айналысатын мәселе. Бұл мәселе ғылыми тұрғыдан, «қазақ тiлбiлiмi» ғылымы тұрғысынан шешiлiп барып қана өзiнiң түбегейлi шешiмiн тапса керек. Бiрақ, бүгiнгi таңба «қазақ тiлбiлiмi» ғылымы мәселенi шешуге құлықсыздық танытып келедi. Турасын айтсақ, мәселенi шешумен тiптi айналыспайды да. Сонда бұл «қазақ тiлбiлiмi» деген қандай ғылым? Мемлекет тарапынан қойылған нақты тiл мәселесiн шешудiң орнына қайдағы бiр дерексiз ұғымдарды зерттеу нысандарына айналдырып, ғылым жасаған болады. Ондай ғылымнан не үмiт, не қайыр? Ғылым, оның iшiнде «қазақ тiлбiлiм» ғылымы ең алдымен қоғамымызға, мемлекетiмiзге қызмет етуге тиiс, мемлекеттiк тiл мәселесiн шешуге мiндеттi. Сол мiндеттiң дұрыс атқарылмауынан тiлiмiз әлi күнге зардап шегуде.

Ал, ендi сол ғылымның, қазақ тiлбiлiмi ғылымының iшiне, оның жасалу жолдарына үңiлiп көрейiк.

Қазақ тiлбiлiмi орыс тiлбiлiмi негiзiнде жасалып келедi. Ол ғылым жасаудың мына логикасынан көрiнiс бередi. Жалпы, бiзде, қазақ тiлбiлiмiнде ғылым былай жасалады: тақырыпты белгiлеу, материал жинау, тақырып аясында сипаттамаларды белгiлеп оны қағазға түсiру, қорытынды жұмысшы тұжырымдар жасау. Осы қатардағы материалдардың көпшiлiгi, тiптi бәрi десе де болады, орыс тiлбiлiмiнен болып келедi. Орыс тiлбiлiмiнiң жетiстiктерi басшылыққа алынып, олар көп жағдайда қазақ тiлбiлiмiне күштеп таңылып жатады немесе қазақ тiлбiлiмi соған келтiрiледi. Бұл аталған ғылымдағы, оның дамуындағы қалыпты жағдай, ол мiндеттi түрде солай болуға тиiс сияқты және үлкен ғалымдарымыз зерттеу логикасы басқаша болуға тиiс деп ойламайды да. Ал шынтуайтында, шынайы ұлттық ғылым (қазақ тiлбiлiмi) жат тiлдiк материалдармен амалдаудан басталмауы керек. Ол «өздiк» дүниелерден, ал ол болмаған жағдайда автордың өзiнiң жеке пайымдауларынан бастау алып, соңғы нәтижелер орыс тiлбiлiмi (шетел тiлбiлiмi) материалдарымен салыстырыла келiп, қорытынды, шынайы ақиқат ғылыми нәтиже алынады, алынуы керек. Осы жерде бiздiң «өздiк» деп отырғанымыз А.Байтұрсынұлы мен оның тұстастарының еңбектерi және шынайы ұлттық негiздi еңбектер. Тағы бiр дәлелдi арттыруға қажеттi мәселе, ол – орыс тiлбiлiмi материалдарының озық үлгiде болып келуi, оның өзi қарастырылып отырған тiлдiк ортасындағы ғылыми шынайылығы зерттеушiге керi әсерiн тигiзбей қоймақ емес. Яғни, жаңа да соны өзгетiлдiк ғылыми факт зертеу нәтижесiне айналуға сұранып-ақ тұр. Сондықтан да, зерттеушi оны iске асыру үшiн барлық енгiзу мүмкiндiктерiн қарастыруға мәжбүр және ол енгiзiлiп те кетедi. Екiншiден, өзге жаттiлдiк ғылыми материал өзiнiң артықшылығымен ұлт тiлi мүмкiндiгiн шектеп, оның өзiндiк ерекше ғылыми фактiлерiнiң бой көрсетуiне нұқсан келтiредi. Яғни, зерттеушi психологиясына керi әсер етiп, ұлт тiлi ерекшелiктерi толық ашылмай қалады. Бұл дегенiңiз ұлттық ғылымға, қазақ тiлбiлiмiне жасалған қиянат болмақ. Ал ендi осы аса жауапты iстiң, яғни ұлттық тiлбiлiм iлiмiн жасаудың басында, әрине, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Тiлбiлiм институты тұруы керек, бар жауапкершiлiк те соның мойнында және басқаша болуы мүмкiн де емес. Бiрақ, Тiлбiлiм институты ескi сарынмен орыс тiлбiлiмiне мойынсұнуынан, оған тәуелдiлiгiнен арыла алар емес, мүмкiн шынтуайтына келгенде, арылғысы келмейтiн де шығар. Олай дейтiнiмiз, мақала басында айтылған тiл күресiнiң басталғанына жиырма жыл шамасы өткенiне қарамастан, еңбек ұжымындағы ғылыми зертеулердiң атқарылуында да, оны ұйымдастыруда да, жалпы Қазақ тiлбiлiмi iлiмiнде ешқандай серпiндi өзгерiс, «Мемлекеттiк тiл» мәселесiн шешуге бағытталған күрделi iзденiс iзi байқалмайды. Осыдан жиырма жыл бұрын қалай жұмыс iстесе, институтта қазiр де жұмыс солай атқарылуда. Яғни, институт құрылымындағы бөлiмдердiң мақсатты жұмыстары, зерттеу жұмыстарының тақырыптары, бәрi де ескiше. Өмiр талабына сай, мемлекеттiгiмiздi нығайтуға септiгiн тигiзер соны да жасампаз зерттеу тақырыптары жоқтың қасы. Бүгiнгi таңда ұлт тiлiн қалыптастырып одан әрi дамытуда, «Мемлекеттiк тiл» мәселесiн түбегейлi шешуде аса қажеттi аударма мәселесiмен ешкiм айналыспайды, айналысса оның теориясын жасау үшiн емес, ақша тауып жан бағу үшiн ғана айналысады. Осы, аударма iсiмен жоғары ғылыми деңгейде арнайы айналыспаушылық салдары Институтта жоғары деңгейде қойылған немесе өте жақсы ұйымдастырылған, жедел iске асырылып жатқан әртүрлi сөздiктер жасау iсiне керi әсерiн тигiзуде. Себебi, қанша сапалы дайындалған түсiндiрме сөздiк, орысша-қазақша сөздiк және т.б. сөздiктер аударма iсiн толық қанағаттандыра алмайды. Iздеген сөздiк мағына әрқашан сәйкес келе бермейдi; сөздiк мағына толық емес, техникалық орысша әдебиеттi аудару барысында сөздiктерден қажеттi аударма мағынаны таба алмай қиналып жатамыз. Қазiргi жарық көрген және түзiлiп жатқан сөздiктер көптен бергi қолда бар сөздiктердi арнайы ғылыми зерттеу нәтижесiнде дүниеге келген сөз-мағыналардың жемiсi емес, үстiрт зерттеу мен асығыс жұмыс қарқынының жемiсi. Осыдан, арнайы сөздiк түзу iсiмен айналысатын лексикография iлiмiн орнықтыру мақсатында, аттас бөлiм ашу қажеттiлiгi туындайды. Бұл бөлiм жарық көрген сөздiктердi зерттеумен тұрақты айналысып, олардың сөздiк-мағыналық толықтырымдарын жариялап тұрса. Бiршама уақыт өткiзiп, сөздiк толықтырмалары едәуiр көлемге ие болғанда сөздiктердi қайта басып, жаңартып тұрса. Бiрақ, сөздiк түзу (лексикография) iсi сапалы болуы үшiн бөлiм әрсалалық аударма iсiмен де қатар айналысуы шарт. Сонда ғана сөздiктердiң қажеттi сапасына қол жеткiзуге болады. Бұл бөлiм қосымша қызметкерлер (ғалымдар) есебiнен емес, бұрыннан келе жатқан тiл тарихы бөлiмiнiң есебiнен, соның орнына ашылғаны оңтайлы. Тiл тарихы қажеттi деңгейде зерттелген және бүгiнгi таңда ғылымда аса зәрулiк танытпайды. Бiлместiктен, бұрын жабылып қалған компьютерлiк лингвистика бөлiмiн қайта ашу қажеттiлiгi ешбiр күдiк тудырмайды. Ол бөлiм қазiргi статистикалық лингвистикамен қатар, машиналық аударма теориясы және практикасымен қатар айналысса, маңызды мемлекеттiк мәселенi шешуге септiгiн тигiзген болар едi. Бұл бөлiм де қолда бар ғылыми кадрлар есебiнен құрылады. Тiл мәдениетi деген де бөлiм бар. Бұл, тiл мәдениетi, мәселесi бүгiн аса қажеттi де зәру мәселе емес. Онымен тiлiмiздi қалыпқа келтiрiп барып, асықпай айналысуымызға болады. Сонымен қатар, лексикология бөлiмi де бiршама оңтайластыру iсiн жүзеге асыруды қажетсiнедi. Мүмкiн бұл бөлiмдi де жаба тұрған дұрыс болар. Себебi, барынша жалпылама, дерексiздiкке негiзделген зерттеулер қоғамның бүгiнгi сұранысын қанағаттандыра алмайды.

Ендi жойылған екi бөлiм есебiнен тағы бiр жаңа бөлiм ашу қажет. Ол — әлеуметтiк лингвистика. Лингвистика (тiлбiлiм) әлеуметтiк феномен екендiгi даусыз. Оның осы әлеуметтiк саладағы жұмсалымдық (функционалдық) iс-әрекеттерiн зерттеп-зерделеу қоғам дамуына зор ықпал ететiн болады. Және де бұған қоса этнолингвистика бөлiмiн де уақытша жаба тұрып, орнына этимология бөлiмiн ашса дұрыс болар едi. Себебi, бiздiң пайымдауымызша, бүгiнгi күнi ұлт менталитетiн анықтаудан гөрi сөз мағынасын дәлдеу маңыздырақ болса керек.

Грамматика бөлiмiне де өзгерiстер қажет деп бiлемiз. Бiздiңше, оған әзiргi зерттеу тақырыбы саналатын жұмсалым (функционалдық) грамматикамен қатар тұрпатты (формальная) грамматика тақырыбын енгiзсек, зертеу жұмыстары заман талабына сай өрiстер едi.

Фонетика бөлiмiне де өзгерiстер енгiзу керек деп бiлемiз. Шамасы, сингармонизм заңдылығы төңiрегiнде iзденiстер қажет болуы мүмкiн. Бiрақ, оны бөлiмнiң зерттеу тақырыптарының мазмұнына қарап анықтаған дұрыс болар.

Ономастикалық зерттеулердi терминология бөлiмiне қосқан дұрыс сияқты, бiрақ мүмкiн оны әзiрше тоқтата тұру да қажет шығар. Бұл да қосымша зерделеудi қажет етедi. Сонымен, барлық құрылымдық элементтер қамтылды. Бұл, жобада қарастырылған мәселелер шұғыл атқарылуға тиiс (ауқымды) iстердiң бiр парасы, ең негiзгiсi ғана. Осы iстердi терең де ауқымды жүргiзу арқылы ұлт тiлiнiң өз деңгейiнде өрiстеуiне жол ашылатын болады.

Сонымен, «Мемлекеттiк тiл» мәселесiн түбегейлi шешу жолында Тiлбiлiм институтының ғылыми жұмыстарын қайта ұйымдастыру мен оның мазмұнын өмiр талабына сай өзгерту iсi кезек күттiрмейтiн қауырт iстер қатарына енгiзiлуi шарт. Дегенмен, «Мемлекеттiк тiл» мәселесi мен Институт ғылыми жұмыстарының сапасы арасындағы тiкелей байланыс жай көзге байқала қоймайды, тiптi осы аса күрделi мемлекеттiк мәселе арнайы ғылымның қатысуынсыз-ақ, әлеуметтiк шаралар қолдану нәтижесiнде шешiлетiндей болып көрiнуi мүмкiн. Бiрақ олай емес екендiгiне оңай көз жеткiзуге болады: Ғылыми жұмыстар тура жолға қойылып, тiлдiк элементтер өз қалпына келтiрiлгеннен соң, тiлдiң салалық ғылымдарды игеру iсi басталады. Бұл iс аса жедел қарқынмен жоғары сапалы өрiстейтiн болады. Ұлт тiлiнде оқулықтар жазу iсi жеңiлдеп, ұлттық ғылыми әдебиет қорының жиынтығы қалыптасады. Яғни, қазақ тiлiнiң жасампаздығы, оның қабiлетiнiң аса зор екендiгi iспен дәлелденедi. Мұндай айқын құбылыс бүкiл қоғамды өзiне қаратып, тiл игеру iсi аса тартымды, ел қажетiн сапалы өтеуге бағытталған сындарлы iске айналады да ол жедел түрде жүзеге асырылатын болады. Осыдан соң ешбiр кикiлжiңсiз-ақ көптеген тiлге қатысты әлеуметтiк шаралар қарқынды түрде өмiрге енiп, қоғам дамуына игi әсерiн тигiзбек. Мiнеки, осыдан-ақ,Ұлттық тiлбiлiм ғылымын ойдағыдай дамыту арқылы шешуi осы уақытқа дейiн таптырмай келе жатқан мемлекеттiк мәселе түбегейлi шешiлетiн сияқты.

Шерәлi Бiләл,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы