Жаңалықтар

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАFДАРЫС НЕМЕСЕ ИМПЕРИЯЛЫҚ АСТАМШЫЛДЫҚ

ашық дереккөзі

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАFДАРЫС НЕМЕСЕ ИМПЕРИЯЛЫҚ АСТАМШЫЛДЫҚ

Ресейдi кезген «демографиялық дағдарыс» елесi билiктiң үрейiн ұшырып-ақ тұр. Мәскеу Қиыр Шығысындағы қытайлық экспансиядан сескенсе, халық санының аздығы халықаралық саяси сахнадағы беделiне нұқсан келтiредi деп қорқады. Алайда қит етсе, «Ресейге көшiп кетем» деп қоқаңдайтын қазақстандық орыстарды Атамекендерiнде құшақ жая қарсы алып, «ауыздарынан ақ май ағызайын» деп отырған Кремль жоқ. Бiрақ ормандай орысты елдерiне қайтаруға барын салып жатыр.

АРАНДАТУ

Мемлекет территориясын кеңейтудiң немесе кезiнде империяның ыдырауы салдарынан жоғалтқан жерлерге қайта қол жеткiзудiң бiрнеше жолы бар. Ең қарапайым тәсiлi: көз сүзген жерде өмiр сүретiн аз ұлттың саяси тұрғыда белсендi тобының қолтығына су бүркiп, саяси тұрақсыздықты қалыптастыру арқылы мақсатқа жету. Қазiргi таңда Кремльдiң Қазақстан, Молдова, Украина сияқты посткеңестiк елдерге қатысты жүргiзiп отырған саясаты осыған саяды. Кезiнде КСРО құрамында болған Молдованың тұтастығы мен мемлекеттiк қауiпсiздiгiне ауыз салған Ресей елдiң үштен бiр бөлiгiн ғана орыстiлдiлер құрайтын (қалғандары — украиндар, молдовандар, өзге де балқандық ұлттар) преднестровьелiк аймақты уысында ұстағысы келедi. Ресей мен оның жақтастарының саяси тұрақсыздық орнатуға тырысқан аймағы жуырда ғана ресейлiк билiктiң арандатуымен референдум өткiзген Преднестровьемен шектелмейдi. Алдағы қарашада Оңтүсiк Осетия мен Абхазия халқы да референдум арқылы грузиндерден «отауларын» бөлек тiгуге дайындалып жатыр. Кремльдiң назарынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Елiмiздiң орыстiлдiлер көп шоғырланған аймақтарында, әсiресе, солтүстiк, батыс бөлiгiнде ұлт араздығын тудыратын қитұрқы әрекеттер жиi шаң берiп қалады. Бiрақ Мәскеудiң дәл қазiргi уақытта күн тәртiбiнде тұрған мәселесi – украиндар. 1954 жылы ұлты украин Никита Хрущевтың Қырымды «славяндық бауырластықтың 300 жылдық мерейтойына орай», Украина Кеңестiк Социалистiк Республикасына сыйға тартуы ондаған жылдар бойы ресейлiк билiктiң «iшкенiн — iрiң, жегенiн — желiм» етiп келедi. КСРО ыдырғаннан сәттен бастап, Қырымның Ресейге қайтарылуы туралы мәселе жиi көтерiле бастаған. Әсiресе, 2005 жылы билiк басына «түрлi-түстi төңкерiстiң» нәтижесiнде батыстық бағыттағы В.Ющенко келгеннен кейiн жер дауы ушыға түстi. Қысым жасауға шебер әрi «өзiм дегенде өгiз қара күшi бар» Ресей қитұрқы әрекеттерден аянып қалмады. Бiр ғана мысал, қыстың көзi қырауда (үстiмiздегi жылдың қаңтар айында) украиндарға тасымалданатын табиғи газды тоқтатып тастады. Айтпақшы, мемлекеттiң тұрақтылығы мен елдiң тәуелсiздiгiн барлық құндылықтардан жоғары қойған президент Ющенко орыстармен жағаласып жатқанда, Янукович (қазiргi премьер-министр) Қырымдағы орыс диаспорасының қолдауын саяси мақсатта пайдаланып қалуға тырысты (2004 жылы Ющенкоға қарсылас болған ол диаспора өкiлдерiне орыс тiлiн Украинаның екiншi мемлекеттiк тiлi етуге және Ресеймен арадағы байланысты күшейтуге уәде берген болатын). Бұл да «өзгенiң қолымен от көсеген» Кремльдiң саясаты.

«ӨЗIҢ ТУДЫҢ, ӨЗIҢ АСЫРА…»

2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап орыстар Атамекенiне мемлекеттiк бағдарлама есебiнен оралуға құқылы. Оларға жарты жыл бойы 100 АҚШ доллары көлемiнде жәрдемақы төленедi. Аз, әрине. Бiрақ аталған қаржы Ресейдiң халық аз қоныстанған Қиыр Шығыс бөлiгiнде орташа деңгейде өмiр сүруге жетедi. Оның үстiне, Қытай экспансиясынан қорыққан ВВП-ның Қиыр Шығыстағы өкiлi Кәмiл Исхаков Қазақстаннан келген әр отбасын 1 жыл тегiн баспанамен қамтамасыз етуге уәде бердi. «Бұл бағдарлама – билiктiң жалпақшешейлiгi емес. Керiсiнше, «суға кеткен тал қармайдының» керi» (РФ Ғылым академиясының қызметкерi, демограф Жанна Зайончковская). Шынында да, орыстарды Отанына қайтаруға ден қойған Кремль әрекетiнiң астарында үлкен саясат жатыр. Өйткенi, Мәскеу Кавказ, Сiбiр мен Қиыр Шығыстың шалғай аудандарын өз күшiмен игеруге дәрменсiз. Сондықтан сырттағы қандастарына күнi түстi. 1989 жылғы санақ бойынша, кеңестiк Ресейдегi орыстар саны 147 миллион болатын. Ал 2005 жылы бұл көрсеткiш 143,5 млн.-ға төмендептi. БҰҰ сарапшылары 2050 жылы Ресей халқының саны 100 млн.-ға күрт азаятынын айтады. ХIХ ғасырда РФ-ның орталық губернияларында тұратындар жер тапшылығының зарын тартатын. 2002 жылы Ресейдiң 13 мыңға жуық елдiмекендерi қаңырап бос қалыпты. Бұл Сiбiр, Қиыр Шығыспен бiрге Ресейдiң орталық бөлiгiне де тән құбылыс. Мамандар пiкiрiнше, мұндағы демографиялық құлдырау КСРО құлаған кезеңмен сәйкес келедi. Себеп: елдi титықтатқан сан соғыс, аштық, жұқпалы аурулар, саяси қуғын-сүргiндер. Аталған мәселелер шешiлгеннен кейiн демографиялық ахуал жақсара бастады. Бiрақ маскүнемдiкке салыну, өзiне өзi қол салу, әйелдердiң бала тууға құлықсыздығы сияқты басқа да себептерден адам санының өсуi тоқтап қалды. РФ-ның Жириновский бастаған әсiре ұлтшылдары билiкке: «Бiрде-бiр бала тумаған орыс әйелге төлқұжат бермеу керек. Шет елдерге шыға алмас үшiн» деп кеңес беруде. Жуырда Дума қабылдаған жаңа заң жобасы «туылған балаға берiлетiн жәрдемақыны енгiзудiң жолдарын» қарастырады. Дүниеге келген әрбiр екiншi балаға отбасылар 10 мың АҚШ доллары көлемiнде ақша алмақ. Арнайы есепшотта сақталатын қаржы баланың тек бiлiм алуына және медициналық қызметтi пайдалануына жұмсалады. Әрине, сырт қарағанда, кез келгендi қызықтыратын бұл шараға күмән келтiретiндер де жетерлiк. Мысалы, сарапшылардың кейбiрi мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаражаттың өз мақсатына сай жұмсалатынына кепiлдiк жоқтығын көлденең тартады. Бiрақ бұра тартқан «қыңыр» пiкiрлерге мойын бұрайын деген билiк жоқ. Орыстар адам санын қайтсек көбейтемiз деп осылайша бастарын тауға да, тасқа ұрып жатса, қазақстандық билiк керiсiнше, селт етер емес. «Өз күндерiңдi өздерiң көрiңдер», «баланы туған – сендер, асырайтын да — өздерiң» деген жаңсақ ұғымының жалына мықтап жабысып алған. Ол аз десеңiз, бiраз уақыт бұрын Г.Қарағұсова Африка елдерiндегi әйелдер үкiметтiң қолдауынсыз-ақ баланы «шұбыртып» табатынын, сондықтан қазақ әйелдерi олардан «үлгi алуы» керектiгiн айтты. Бiз қазiр билiктегiлер не айтса да, таңғалмайтын жағдайға жеттiк. Мұндай сорақы сөздiң бiлдей бiр министрдiң аузынан шығуы бiздiң Үкiметтiң демографиялық мәселеге қатысты ұстанатын саясатын бiлдiрсе керек. Өкiнiштi-ақ…

ӘСКЕРИЛЕР АРАСЫНДА — КРЕМЛЬДIҢ ТЫҢШЫЛАРЫ

Посткеңестiк елдер көсемдерiнiң көңiлдерiне алаң кiргiзген тағы бiр мәселе: ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке КСРО құлағаннан кейiн ғана қол жеткiзген елдерiндегi билiктiк жүйенi құлатуға күш салған Кремльдiң жымысқы әрекеттерi барған сайын үдей түсуде. Орыстар энергоқорға зәру елдердi газ бен мұнайдан қағумен шектелмейдi. Бейресми деректерге сүйенсек, Ресей өз агенттерiн құпия түрде посткеңестiк елдердiң қарулы күштерi қатарына енгiзiп жатыр. Ресеймен көршiлес жатқан посткеңестiк елдердiң барлау қызметтерi РФ Қорғаныс министрлiгiнiң преднестровьелiк бiрнеше офицерге жалған әскери билет берiп, әскери жаттығуларға қатыстырғаны туралы мәлiметтер таратты. Кейбiр мемлекет басшылары мен арнаулы қызмет өкiлдерi Ресейдiң өз елдерiндегi саяси билiкке қарсы төңкерiс ұйымдастыруынан, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қатер төндiруiнен қорқады. Мұндай шаралардың Қазақстанға да қатысы болуы ғажап емес. Өйткенi, аса мол табиғи ресурстарға ие қазақтың иен даласына ежелден көз сүзiп келе жатқан орыс империясы Қазақ елiн ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға мүдделi. Ол аз десеңiз, Кремль мигранттарға да жағдай жасауға бел буды. 2006 жылдың 26 маусымынан бастап Путин ұзақ мерзiмге арналған репатриация бағдарламасына қол қойды. Билiк ең алдымен Ресейге посткеңестiк елдерде тұрып жатқан орыстар келедi деп үмiттенедi. КСРО ыдырағаннан кейiн РФ шекарасынан тыс мемлекеттерде 25 миллион орыс пен Ресейдiң 2 миллионға жуық тұрғылықты халқы (чешендер, татарлар мен башқұрттар) қалған. Ресейдегi иммигранттар құқығын қорғайтын маман Лидия Графова: «Шындығын айтсақ, Ресейге оралуды қалайтындар әлдеқашан келiп алған. Сондықтан «отандас» ұғымының аражiгiн ажыратып алу керек. «Елге оралу» шарасынан посткеңестiк елдерде тұратын орыстiлдiлер де шет қалмауы тиiс. Тек қана орыс тiлiнде сөйлейтiн қырғыздар мен түркiмендер не армяндар Ресейге көшiп келу және үкiмет тарапынан берiлетiн жәрдемақыны алу құқығына ие болуы керек» дейдi. Мамандардың бұлай дабыл қағуы бекер емес. Демографиялық дағдарыс салдарынан Ресейдегi әскер қатарына жарамды ер адамдар саны алдағы 10 жылда екi есеге дейiн азаюы мүмкiн. Сондықтан РФ Қорғаныс министрi Сергей Иванов бұрынғы КСРО шеңберiнде дүниеге келген кез келген ер азамат әскери борышын өтей алатын Шетелдiк легионды құрғанын мәлiмдедi. Екi жылдық әскери қызметтен кейiн олар жалақымен бiрге ресейлiк азаматтықты, 5 жылдан кейiн РФ территориясынан баспана алуға құқылы. Сонымен қатар Кремль жұмысшылар эмиграциясына қатысты талапты да жұмсартты. Бұған дейiн жұмысшыларды қызметке қабылдау мәселесiмен жұмыс берушi бас қатыратын. Қазiр Ресейде тер төгудi қалайтын посткеңестiк елдердiң тұрғындары жұмыссыздық проблемасын пошта арқылы жiберiлетiн өтiнiшпен-ақ шеше алады. Тiптi, РФ-да заңсыз еңбек етiп жүрген шетелдiк азаматтар мемлекет тарапынан салынатын айыппұлдан құтқарылды. Алайда, демографиялық «жырдың» көлеңкелi бiр тұсы: Ресейде ксенофобтық тенденциялар белең алып келедi. Ұлтараздығы салдарынан туындайтын адам өлiмi көбеюде. Мұндай келеңсiздiктер Мәскеу мен Кавказда да, Сiбiр мен Қиыр Шығыста да көптеп кездеседi. Орталық Азияның әлеуметтiк ахуал деңгейi төмен елдерi мен Кавказдағы халықты Ресейге тартуды көздейтiн Кремль күндердiң күнiнде «орыстар мен орыс еместер проблемасымен» бас қатыратыны сөзсiз. Өйткенi, иммигранттарға жасыл жарық жанғызған билiк қазiрдiң өзiнде-ақ Ресейдегi мұсылмандар санының артып келе жатқанына алаңдап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ