Жаңалықтар

ДЖОРДЖ БУШ АУЫЗАШАР БЕРДI

ашық дереккөзі

ДЖОРДЖ БУШ АУЫЗАШАР БЕРДI

Таяуда АҚШ президентi Джордж Буш ислам қауымдастығы өкiлдерi үшiн арнайы дастархан жайып, ауызашар жасапты. Игi бастаманы Джордж Буш алғаш рет өткiзiп жатқан жоқ. Мұсылман мемлекеттерiнiң елшiлерi мен ел мұсылмандарына жылда ауызашар беру – АҚШ президенттерiнiң дәстүрлi әдетiне айналған сияқты.

Бiр айта кетерлiгi, Ислам.ru басылымының хабарлауынша Ақ Үй осымен 6 жыл бойы ауызашар берiп келедi екен. Бұл дәстүрдi Билл Клинтон енгiзiптi. Биылғы ауызашарда Буш жиналған мұсылмандарды Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразаларының қабыл болуын тiлеген. Сол сияқты ол «Ислам дiнiн әлемдегi мұсылмандықты ұстанатын 1 миллиардтан астам адамның жүрегiне медеу, көңiлiне үмiт ұялатып келе жатқан дiн» деп бағалаған. Оның үстiне ол терроризмнен көбiне мұсылмандардың жапа шегiп жүргенiн айта келе, экстремистермен жүргiзiлiп жатқан күресте де мұсылмандардың қосар үлесi барын тiлге тиек етiптi.

Ауызашарға АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс пен Бостонның Ислам институтының өкiлi имам Талал Эидпен қатар, өзге де мұсылман өкiлдерi қатысқан. Өз кезегiнде имам жиналған жұрт алдында Құран оқыған.

Бiр айта кетерлiгi, егерде Ақ үй өткiзген былтырғы ауызашарға мұсылман елдерiнiң елшiлерi мен дiн қайраткерлерi шақырылса, биылғы жиында ислам дiнiн ұстанатын мемлекеттiк қызметкерлер басымдау болыпты.

АҚШ араб елдерiне қаншалықты қырын қараса да, жылда ислам дiнiне құрмет ретiнде ауызашар бередi. Бiр өкiнiштiсi, Қазақстан мұсылман елi болса да, әлi күнге дейiн жоғарғы билiк өкiлдерi ауызашар берудi дәстүрге айналдыра алмай келедi. Өткенде Иманғали Тасмағамбетов Алматыда Стамбұл аудандық әкiмдiктерiмен бiрлесiп, 1000 адамға ауызашар бердi. Қазiрше жергiлiктi әкiмдiктер ғана ауызашар беруге жарап жатыр. Осындайда христиан дiнiн ұстанатын елдер басшыларынан бiздiң билiк неге үлгi алмайды екен?!

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА