«ОРЫС МӘСЕЛЕСI» ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
«ОРЫС МӘСЕЛЕСI» ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
Келесi аптада, яғни қазанның 24-25-i күндерi Ресейдiң Санкт-Петербург қаласында «Ресейдiң шет елдегi отандастарының халықаралық Конгресi» өтпек. Конгрестiң мақсаты айқын – шетелдегi орыс диаспорасына жан-жақты қолдау көрсету және орыс тiлiнiң қолданылу аясы тарылмауы үшiн жұмыс iстеу. Бұл Ресейдiң КСРО құлағаннан кейiнгi алға қойған басты мақсаты болатын. Әрине, Борис Ельциннiң басқаруы кезiнде Ресей ТМД-дағы ықпалынан гөрi өзiнiң iшкi әлеуметтiк-экономикалық проблемасын шешуге көбiрек бас ауыртты. Ал, Ресей билiгiнiң тiзгiнiн Путин ұстағаннан берi жiбiн босаңсытып алған посткеңестiк елдердегi саяси және тiлдiк ықпалды күшейту мәселесi қайта күн тәртiбiне қойылды.
Сөйтiп, орыс тiлiнiң аясы тарыла бастаған немесе Ресейден iргесiн аулақ салған мемлекеттер Ресейдiң қырына iлiктi. Путин президент болғаннан кейiн әлемдегi орыстардың тұңғыш Конгресiн өткiзiп, орыс диаспорасы өкiлдерiмен арнайы кездескен де болатын. Санкт-Петерборда өткелi отырған бұл Конгресс орыстардың басын осымен екiншi рет қоспақшы. Посткеңестiк кеңiстiктегi орыстарды қару ретiнде пайдаланып келген Путин егер ТМД елдерi орыс тiлiн мемлекеттiк аренадан тайдырып, ұлттық тiлiне басымдық берсе, сол мемлекетке мiндеттi түрде тiзесiн батырады. Ресейдiң ықпалына бағынбай, ырқына көнбей ырғыған Латвия да, Эстония да, Литва да экономикалық санкцияларға ұшырап, газ бен энергоотындарды тасымалдаудан қысым көрдi. Оның есесiне, олар Еуроодақтың қолдауына ие болып, ұлттық тiлдерiн тұғырына қондырды. Ресейдiң тiлдiк саясатына түбегейлi қарсы тұра бiлген екiншi топ – Украина мен Грузия, Әзiрбайжан мен Армения және Молдова да қазiр Ресейдiң басты жауларына айналды. Ресейдiң посткеңестiк елдердегi орыс тiлiнiң бүгiнгi халiн тым мүшкiл ғып суреттей бергенiн суқаны сүймеген Украина президентi Ющенко «iшкi iсiме қол сұқпа, бiр мемлекеттiң iшiндегi тiлдiк мәселеге араласуға құқың жоқ» деп тиып тастады. Ал, Қырғызстанның жаңа Конституциясы бұрынғы Конституциядағы орыс тiлiне арнайы берiлген «ресми» статусын сыпырып алмақ. Грузия мен Әзiрбайжан бiр тiлдiлiк жүйеге көшкелi қай заман? Молдова румын тiлiнiң дамуына күш салуда. Ал, Тәжiкстан мен Өзбекстан КСРО заманының өзiнде ұлт тiлдерiнiң қуатын сол күйiнде сақтаған. Түркiмения да сондай.
Осы күнде «100 ұлттың лабораториясымыз» деп мақтанатын тек Қазақстан ғана орыс тiлiн мемлекеттiк деңгейде қолданып отыр. Және оның бұдан былай да сақталатындығына кепiлдiк беруде. Олай деуiмiзге қыркүйектiң 15-сiнде Алматыда өткен «Орталық Азия елдерiнiң интеграциясындағы Ресей отандастарының рөлi» атты конференцияда Қазақстан Республикасы Президентi әкiмшiлiгiнiң бөлiм меңгерушiсi, Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жұматай Әлиевтiң сөйлеген сөзi куә. Бұл конференция келесi аптада Санкт-Петерборда өткiзiлмекшi «Орыстардың әлемдiк конгресiне» дайындық ретiнде ұйымдастырылған болатын.
Жұматай Әлиев осы конференцияда Қазақстанда ешқандай орыс мәселесiнiң жоқтығын және орыс факторының бiздiң ел үшiн аса маңыздылығын атай келе, орыс тiлiнiң қолданылу аясы ешуақытта тарылмайтындығын және бұл деңгейден төмен түспейтiнiдiгiн баса ескертедi. Сондай-ақ, Әлиев мырза орыстардың билiк эшелонынан көптеп орын алуын Қазақстан билiгiнiң қамтамасыз ететiндiгiн жеткiздi. Демек, соңғы кезде жаңа министрлердiң барлығы орыстардан тағайындалып жатқанының мәнi осында жатса керек.
Сондай-ақ, Ресей саясаткерлерiнiң «Украинада орыс тiлiнiң аясы тарылып барады» деуi Ющенконың шамына тисе, ресейлiк шенеунiктер Қазақстанның iшкi iсiне көпе-көрiнеу араласып, тiлдiк саясатта бағыт-бағдар беруде. Аталған конференцияға қатысқан ресейлiк Сыртқы iстер министрлiгi өкiлдерi «қазақстандық отандастар мұнда салық төлеушi ретiнде орыс тiлiнiң мемлекеттiк статусын талап етуге және мемлекеттi басқаруға қатысуға ерiктi» деген. Бұны 20 қыркүйектегi «Ладинформ» таратқан мәлiметтер бойынша Алексей Корниловтың «Материк-ру» сайтында жариялаған «Россия «взрослеет» атты мақаласынан оқыдық. Әрине, Қазақстандағы салық төлеушi әрбiр азамат өзiнiң саяси құқығын – сайлауға қатысуын, сайлануға мүмкiндiк алуын, әкiм-қаралар мен билiктен әлеуметтiк жағдайын талап етуге құқылы. Ал, мемлекеттiң тiлiн әрбiр салық төлеушi айқындауы қажет болса, онда елдегi 100-ден астам ұлттың тiлiне мемлекеттiк статус берген дұрыс болар едi. Сонымен қатар, елiмiздегi орыс ұлтты өкiлдерi билiк эшелондарынан орын алуға ешкiмнiң қарсылығы жоқ. Бiрақ, кез-келген мемлекеттiк қызметкер мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгеруi қажет. Халықаралық норма солай. Алайда, бiздегi шовинистiк пиғыл, «мемлекеттiк тiлдi бiлмей-ақ қояйын, бiрақ, билiктен ажырамайын» дегенге саяды. Бұны Ресей саясаткерлерi түсiнбей отырған жоқ, алайда, түсiнгiсi келмейдi. Әдейi тiлдiк мәселенi көлденең тартып, Қазақстанды ықтырып алу саясаты бар.
Егер, аталған жиынға қатысқан Ресейдiң Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Григорий Карасин Қазақстанда тұратын 4 миллион отандасын салық төлеушi ретiнде тiлдiк статусты талап етуге шақырса, Ресейдiң 15 республикасындағы миллиондаған тұрғынның құқын неге аяққа таптайды? Ресейде мемлекеттiк тiл бiреу болатындығы жөнiнде заң қабылданғалы бiрнеше жылдың жүзi. Бұл заң оның субъектiлерiндегi республикалардың тiлiн ашықтан-ашық тұншықтыруға арналған. Бiрақ, өзi билеп, өзi төстеп үйренген Ресей үшiн 15 елдiң тiлiн тұншықтыру түк те емес, керiсiнше, диаспорасы тұратын унитарлық мемлекеттерге қос тiлдiлiктi ұсынады. Егер, ұлттық азшылдықтың құқын қорғау қажет болса, Ресей өзгенi үйрететiндей деңгейде емес. Айталық, Ресейде миллионнан астам (кейбiр дерек көздерi 800 мың дейдi) қандасымыз тұрады. Бiрақ, әлi күнге дейiн ондағы қазақтар қазақ тiлiнде бiлiм алу былай тұрсын, қазақ тiлiн пән ретiнде енгiзе алмай келедi. Кейбiр мектептерде қазақ тiлi факультативтiк сабақ ретiнде үйретiлгенiмен, оған мемлекеттiк көмектiң жоқтығы салдарынан iлiнiп-салынып әзер күн көруде. Жарайды, қазақтың өз елi бар, қазақ тiлi өз елiнде қорғалсын делiк, ал республикалық маңызға ие 15 ел тiлiн қайда қорғап, ұлттығын қайда сақтайды? Қазiр Ресей төлқұжатында азаматтарының ұлты көрсетiлмейдi. «Ресейлiк» деген сөздi ғана қолданады. Яғни, Ресей АҚШ сияқты құрама ел мен Англия, Германия, Франция сияқты унитарлы мемлекеттердiң тәжiрибесiне сүйенiп, ұлтын азаматтығы бойынша анықтауға көштi. Бiрақ, өзi жүрген жолды посткеңестiк кеңiстiктегi басқа елдердiң таңдауына құлықсыз. Сол себептi де орыс тiлiнiң қолданылу аясының тарылмауы үшiн неге де баруға дайын. Тiптi, халықаралық аренада беделi түскенiне қарамастан, бұл елдердiң энергетикалық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдаланып қоқан-лоқы көрсетумен келедi. Украина мен Грузия президенттерi «экономикалық шығынның орны қашан да өтеледi, ал тiлдiң жоғалуы – ұлттың жойылуы, бұл шығынның орнын өтеу мүмкiн емес» дегендi айтып, Ресейдiң кез-келген қысымына төтеп берудi жөн санады. Ал, бiз Ресейдiң шенеунiктерiне iшкi iсiмiзге араласып, ұлттық даму жолымызға бағыт-бағдар сiлтеуiне жол берiп қарап отырмыз. Украина СIМ-i сияқты бiздiң Сыртқы iстер министрлiгi Ресейге шұғыл қарсылық нотасын жариялауға дәрменсiз. Өйткенi, бiз қай салада да – ақпараттық, энергетикалық, саяси, тiлдiк салада Ресейге толығымен тәуелдiмiз. Тәуелсiздiк дегенiмiз – сөз жүзiнде ғана, ал iс жүзiнде Ресейге қарап жаутаңдаумен келемiз. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген. Сондықтан да, бiздi Ресейдiң кiшкентай шенеунiктерiнен бастап, елiмiздегi славян ұйымдарының басшылары да жүндей түтiп жатады. Етiмiз өлiп кеткен, былқ етпеймiз. Осы аталған мақалада «второй исход русских явится окончательным разрушением существующего мифа о казахстанской «лаборатории дружбы народов» делiнген. Сондай-ақ, «орыстардың елден кетуi экономикалық соққы болар едi, бұл Назарбаевтың алдыңғы қатарлы елу елдiң санатына ену жоспарына кедергi келтiретiн болады» деген ескерту де бар. Өзге посткеңестiк елдер орыссыз да күн көретiндiгiн танытып жатқанда, қазақтың бұл процестен қорқуын қалай түсiнемiз? Баяғы санамызға өшпестей боп таңылған құлдық психология да, басқа не? Сол себептi де орыстардың ыңғайына жығылып, төл теңгемiздi қос тiлде шығардық, төл тiлiмiздi екiншi деңгейге ысырдық. Ендi мойнымызға қайта қамыт кию ғана қалған сынды…
Есенгүл Кәпқызы