Жаңалықтар

ЕРТЕҢ ӘКIМ САЙЛАУЫ

ашық дереккөзі

ЕРТЕҢ ӘКIМ САЙЛАУЫ

Ертең, яғни, қазанның 20-сында Қазақстандағы 10 қала мен 39 аудан әкiмдiгiне үмiткер 142 адам сайлау додасына түспек. Оның 48-i қайтадан сайлауға түскен бұрынғы әкiмдер, қалғаны – мемлекеттiк қызметте және үкiметтiк емес құрылымдарда iстейтiндер.

Жалпы, әкiмдердi сайлау – саяси реформалардың бастауы. Былтыр аудан әкiмдерiнiң эксперименттi сайлауы өтсе, ол биыл қала деңгейiне көтерiлiп отыр. Бiрақ, бiр нәрсе күмiлжiтiп, тiлiңдi күрмелте беретiнi анық. Өйткенi, аудан және қала әкiмдерiн сайлау бүкiлхалықтық сипатқа ие емес. Әкiмдердi сайлап дауыс беретiндер мәслихат депутаттары. Мәслихат депутаттарының 80-90%-ы «Отан» партиясының өкiлдерi екенi жасырын емес. Ал, «Отан» билiк партиясы. «Отанның» жергiлiктi жерлердегi филиалдарының басшыларының денi облыс әкiмдерi немесе әкiмнiң орынбасарлары, қалалық филиалының жетекшiлерi де қала әкiмдерi немесе әкiмнiң орынбасарлары. Ендеше мәслихат депутаттары «Отан» партиясы, соның iшiнде әкiм-қаралар ұсынған үмiткерлерге дауыс бермей көрсiн. Яғни, бұл сайлаудың да бұған дейiнгi сайлаулар секiлдi нәтижесi алдын-ала белгiлi. Демек, «Отан» партиясынан ұсынылған үмiткер мен бұрынғы әкiмдердiң жолы бұл сайлауда болмай қоймайтындығы түсiнiктi.

Қазақстандағы әкiм сайлауы туралы әркiм әртүрлi пiкiр айтады. Кейбiреулер әлi күнге дейiн «Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы» заң жобасының қабылданбауы да әкiм сайлауының маңыздылығына керi әсерiн тигiзетiн болады. Өйткенi, бұл заң аудандық немесе қалалық әкiмдердiң және мәслихат депутаттарының өкiлеттiгiн кеңейтуге тиiс болатын дейдi. 1 қыркүйекте Парламент палаталарының сессиясының ашылуында сөйлеген сөзiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы «Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы» заңды қабылдау қажеттiгiн баса айтқан едi. Сондай-ақ, әкiмдер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың белең алып тұрғаны да бұл сайлауға керi ықпалын тигiзбек.

Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Берiк Имашев: «Әкiм сайлауына Конституцияда ешқандай қарама-қайшылық жоқ, ол Елбасының облыстық деңгейдегi қала және аудан әкiмдерi сайлауын өткiзу туралы қаулысындағы құқықтық-нормативтер бойынша iске асырылуы тиiс. Жалпы, елiмiзде бастапқыда жүргiзiлген сайлау жүйесi әкiмдердiң сыбайлас жемқорлығы, халық алдындағы жауапкершiлiгiнен таюы секiлдi олқылықтарымен тиiмсiз болып отыр. Ал жаңа сайлау жүйесi осы кемшiлiктердi барынша жойып, шенеунiктердiң жауапкершiлiгiн арттырып, аймақтағы әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуiне негiз бола алады» – деген едi «Айқын» газетiне берген сұхбатында.

Демек, ертеңгi сайлау демократиялық реформаларды жүзеге асырудың алғышарты. Формальдi түрде болса да әкiмдердi сайлау науқаны басталды. Дәл осы реформаны қазақстандық оппозиция билiктiң жүзеге асыруын сұраған едi. Билiк оппозицияның бұл талабын да орындауға ден қойды. Демек, бұл қадамы арқылы Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге тағы бiр мүмкiндiк алды.

Есенгүл Кәпқызы