ХАЛЫҚТЫҚ ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ҒҰЛАМАСЫ
ХАЛЫҚТЫҚ ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ҒҰЛАМАСЫ
немесе көне қолжазбаларды көзiн тауып жинаушы Мардан Байдiлдаев жайлы ой-пiкiр
Сыр бойының өзегiнен өрген ұрпақтарының бiрi, тумысынан сол өңiрдiң фольклорлық байлығын асыл қазынадай өбектеп, бар өмiрiн соған сарп еткен жан – Мардан Байдiлдаев сынды елгезек жанның өзiнiң қыруар еңбегiнiң арқасында ардақталып аталып жатқандығы куә.
Осындай киелi де қасиеттi өңiр жұртшылығынан өзi барынша қарапайым болғанмен, ел еңсесiн биiктететiн небiр қағидалы ұлығаттан туындатып жататын аңыз-әпсаналардың ұланғайыр қорларының ешқайсысы да сарқылмақ емес. Солардың халық қажетiне өтеу жолындағы асыл көзiн ашқандардың бiрi – тағы осы Мардан Байдiлдаев десек оған ешкiмнiң таласы да бола қоймас.
Сейфолла ОспанЕндi бiз осы Мардан Байдiлдаевтың арғы тегiне көз жiберiп және кiм екендiгiне тоқталып өтер болсақ, Сыр бойындағы Жетiрудiң iшiндегi жетi өлiкке жан берген керейт аталығынан тарайтын Келдiбай бидiң ұрпағы болып келетiндiгiн айтпасақ болмас. Әдетте кешегi халқымыздың тiзгiнiн ұстап отырған би-болыстарымыздың өздерiнше елдiң ықыласын әлсiн-әлсiн үйiрiп отыратын бiр қасиетi, ол береке тасытатын қасиеттi қазаны болғандығы және оған халқымыздың «берiп жүрiп ел таны, желiп жүрiп жер таны» төңiрегiндегi бас қосу үрдiстерi көп жайларға қанықтырғандай. Оның тағы бiр қасиетi би-болыстардың үйi ауыл ақсақалдары мен сырттан келген қадiрмендi қонақтардың кеңес құрар ордасына айналып отыратындығы белгiлi. Сондай ортада өскен сол үйдiң зерделi де құйма құлақ баласы.
Мардан сынды жанның да өскен ошағы осындай күй кешкен берекелi орданың бiрi болғандығы. Дәп осындай халық университетiнiң даналығынан қанып өскен Мәкеңдерге кешегi Кеңес үкiметiнiң оқуы, ол тек тұжырымдама қызметi мен саяси бағыт-бағдарға ғана жол сiлтеушiлiк жасағандығы белгiлi. Әрбiр өспiрiмнiң егде тартқан шағында кешегi құлағы қаныққан жайлардың ордасын ойран қылып, айналасындағы сыйластық болмыстың жарқын бейнесi өше бастағанда, әкесi көземелдеп үйлендiрген сүйген жары – Гүлстанмен Алматыға келген жайы бар. Бiрақ қайда барса да, тұмса әңгiмелерден тұншығып кеткен Мәкең, ауылдағы асыл сөздi ағайынның ортасын сағынбасқа ылажы жоқ. Ондағы жыраулар жырының кеңiстiгi термешiлер кеңiстiгi, көмейден қайыратын үн кеңiстiгiне қоса небiр дуалы ауыз шешендер кеңiстiгi, қосылғанда, бұл кiсiнiң мұндағы алып жүрген бiлiмiнiң түп тамырындай елестейдi. Содан да ол ендiгi жерде, ауылдан немесе алыстан келген өнерлi қонақтарды үйiне әкелгiштеп, олардың үнiндегi, сөзiндегi, жырларындағы жылт еткен дәмдi сөздердi кермелеп қағаз бетiне түсiрiп, кейiн келе-келе үн таспаларға көшiрiп дамыл таппауға мәжбүр болады. Осының арқасында фольклор жинаушы ретiнде М.Әуезов атындағы Тiл-әдебиет институтының академиясында кiшi ғылыми қызметкер боп iстейдi. Мұндағы сонау Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Мұхамеджан Қаратаев, Смет Кеңесбаев, Әбдiлдә Тәжiбаев сияқты биiк парасат иелерiнiң маңайында жүрiп, олармен тұздас-дәмдас болып өзiнiң әдеттегi фольклор жинаушылық дәстүрiнен бiр сәт те болса қол үзiп кете алмайды. Және қолына не түссе, соның сол замат екiншi данасын, немесе түп нұсқасын академияның қолжазбалар қорына өткiзiп отырады. Оған қоса жер-жерден осындай көне қолжазбалардың нұсқасын айтып отыратын көне көз тiлшiлермен байланыс жасап, көптеген құнды дүниелердi, аяғы жете алмайтын ақсақалдардан өзi арнайы барып қолынан алып, академиядағы қолжазба қорын байытып отырғандығы өз алдына жатқан бiр әңгiме.
Осындай жайларға бой ұрып кеткен Мардан сияқты жандардың көне қолжазба жинау тәсiлiнiң әрқилы боп келетiндiгi тағы бар. Бiрiншiден, өзi межелеген өңiрдiң белгiлi адамдарын iшке тартып, олардың естiп-бiлген, жинаған қазыналарын қадағалап отыру, тек қадағалап қана отыру емес, сонымен бiрге академияның үмiт артар бiр тұғыры ретiнде есепке алып, олармен жиi сырласып қатынасын үзбей шаруа тындыруға да әбден бейiмделген. Екiншiден, ел аралап жүргенде үлкендер бас қосқан ортадан, әңгiме арасында сөз ретiмен айтылып кететiн құнды дүниелердiң көзiн қуалай отырып, соның түп нұсқасына қол жеткiзбей тынбаулығы тағы бар. Үшiншiден, әрбiр елдiмекеннiң өз табиғатына орай айтылатын ән-күйлерi мен қоса ырғақты аңыз-әңгiмелердiң ындынынан iргелi де iлгергi әбсаналардың көзiне ой жүгiрту тәсiлiмен құлаққа қонымды болып қолға iлiккенiн ұстап қалу. Төртiншiден, олардың ел арасына таратылу тәмсiлiндегi әрқилы мектептердiң ара жiгiн аңғарып, соның сан салалы жолдарынан нәр iздеу барысындағы табыстарын танауынан тiзгендей етiп мұндағы үлкен ғұламалардың құлағына сiңiру де оңай шаруа болмаса керек. Бесiншiден, ауыл арасындағы құпия қалыпта орындалып, елдiң езiлген көкiрегiне жарық сәуле шашып, олардың адамизаттық рухын көтеретiн айтыстық өнердiң көбесiн өздерiнiң көшелi үнiмен емес, кеңес үкiметiнiң жол көрсетер өресi ұзаққа бармайтын күнделiктi тiрлiктiң ауқымындағы айналым¬дарына дейiн ескере отырып, олармен тiл табысу шеберлiгi де жатқан өнер.
Ондай жандар ешқашанда құйрық басып отыра алмайтыны екi бастан. Және ондай жандар әр-бiр сапарынан олжалы оралған сайын сол дүниесiн мұндағы жатып жазар жандардың жеңiл табысты жемтiгiне үлес қосқандай етiп жiберетiндiгi тағы бар. Әрине бұл жерде бiз, жоғарғы айтқандай халық арасындағы қан базар уақиғасының арқауындағы тарихтың жыланкөзденiп жататын жiңiшке жолын бұл сияқты жолсапаршылардың оның маңызына үңги отырып көзiн кеңiнен ашатындығына өзiмiзше мәз болғанмен, оны қағаз бетiне түсiруде көптеген кедергiге ұрынатындығын тағы еске алып отырмаса болмайды. Содан да болар әр сапарынан түскен олжасын жұртқа сыйға тартқандай болғанмен, өз ойындағы ойып айтар межесiн орындай алмайтыны көпке анық. Осындай қасырет-қуанышы қатар жүретiн жайлардан Мардан Байдiлдаевтардың қаламының ұшына қуат байламай, үрей төгетiндiгi басым деуге де болады.
Апырай, ауыз-екi айтылған дүниелердiң, қағып жазар қағылездердiң қиналмай табатын табыстарына айналып жүре беретiнiн қайтерсiң. Бұл жерде бар болғаны, академияның кiшi ғылыми қызметкерiнiң жiңiшке жолы әрқашанда, бар жан-тәнiмен жинаған мол дүниесiнiң рахатын көруге қауқарсыз болып қала беретiндiгiнде сөз жоқ. Керiсiнше мұның рахатын бiр орнында айналып жүрiп алатын (Кеңес үкiметiнiң қағидасымен) тәсiлiн тар қыспақта ойната бiлген жандар ғана көрген. Оған iштей күйiнгенмен қарсы тұрар қауқар жоқ, өйткенi еңбеккеш Мардандардың қыруар еңбектерi ғылыми жағынан ондайларға соншалықты оп-оңай жол ашқанмен, өз жан дүниесiндегi халықтық рухына молынан нәр берiп отырғандығы елге аян.
Кешегi Кеңес үкiметiнiң тұсындағы Мардандардың халық қазынасын жинауы мен бүгiнгi сондай халық қазынасын жинаушылардың арасы жер мен көктей. Және Мәкеңдердiң iсi молшылық ортасы болғанмен, екiншi жағынан қауыпты болғанмен, жалпы тұнбадай қалыптасқан халықтық қасиеттi сақтап қалудың ұлы жолы болатын. Ал сол ұлы жол табыстары бүгiндерi өзiнiң өресiне жан бiтiрiп, көне дүниеден небiр құнды сыр ашуға дайын. Бiрақ соны сөйлетер ұрпағы болса, мәңгiлiк өмiрдiң түп қазығына айналатындығы ақиқат.
Ол кiсiнiң мұндай қазынаны жинау жолындағы қиыншылықтарында шек жоқ едi. Өйткенi, ол бiр естiген дүниесiнiң қолға түсуi жолында, арып-ашып жол сапарға шығатын болса, екiншi жағынан өзi шақыртып немесе өздерi келiп, Алматыдай сәндi қаланың ортасынан баспана таба алмай жүрген небiр өнерлi жандарды өзiнiң шықпа жаным, шықпа деп отырған, бала-шағасының күнкөрiсiне ортақтастырып, оларға құрмет жасауының өзi неге тұрады. Мен өзiм осы Мардан ағамызды қашаннан танитын болсам, сол кезден бұл кiсiнiң шиеттей бала-шағасымен бiрге алыс-жақын қонағы да арылмағанын жақсы бiлем. Және үйдегi қонақтарына дәм жеткiзе алмай қысылса да қабағына кей сәттерде кiрбiн ұялап жүрсе де Гүлстан апамыздың ешқашан тарынғанын көрген емеспiн, өйткенi бұл Гүлстан апамызда үйiнен күндiз-түнi қонақ арылмайтын Бекежан болыстың ұрпағы болатын. Оның үстiне үйлерiне келетiн жандар өнер өресiнде өзiнiң қабылетiн танытып жүрген бес жасар баладан, тоқсан жасаған қарияларға дейiн Мардан үйiнен дәм татпағаны әй қайдам жоқ шығар. Және олардың география кеңiстiгiне қарасаңыз да сонау Ресейдiң Астарханынан Қазақстанның Батыс, Шығыс, Арқа, Жетiсу, әр-бiрден соң Орта Азия өңiрi қоса қамтылатын ұлан-байтақ, шалқар кеңiстiктiң қай бұрышынан келетiн қадырмендi жан болса да, бiздiң Мәкеңе олардың жаттығы жоқ.
Бiрақ қалай болғанда да, әркiмнiң өзiнiң құштарлана кiрiсетiн негiзгi жұмысы болмақ. Бұл кiсiнiң сондай ықыластана кiрiсiп қолға алған iрi жұмысының бiрi-атағы бүкiл Сыр өңiрiнен Орта Азия ыңғайына асып төгiлген Тұрмағамбет еңбектерi болады. Ол кiсiнiң Кеңес үкiметiне ылайық жырлары мен даңқы бүкiл әлемге танылған Ә.Фердаусидiң «Шаһнама¬сының» (Шахтар тарихы) қазақша аудармасы едi. Оның өзiн қазақ зиялыларына парсы ғұламасы Садриддин Айнидың айтымымен осы Тұрмағамбет да моллаға ұсынылғаны мәлiм. Сондай ұлы шығарманы араб-парсы тiлдерiн бiрдей игерген Тұрмағамбеттiң бас-аяғы он айдың iшiнде 40 мыңдай жыр жолына түсiрiп, аударып шыққаны елге аян.
Бұл жөнiнде яғни шығарманың сонау 1961 жылғы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Рүстем-дастан» (18 мың жолдық) жырының алғы сөзiнде ұлы Мұқаң (Мұқтар Әуезов) былай дегенi бар: «Осы баспадан оқушыға ұсынылып отырған «Рүстем-дастан» жыры Фердаусидiң «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес. Ол арғы-бергi (соның қатарында Фердаусидiң де еңбегiнен ауысқан) ауызша да, жазбаша да хикаялардың бәрiнен құралып, қазақ халқы арасында ертегiше тарап кеткен батыр жорықтарының жиынтық жыры. Өлеңмен жыр етушi Тұрмағамбет ақын бұл жөнiнде ХIХ ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрiн қолданған. – дей келiп, — … Сонымен Рүстемнiң жайы туысқан тәжiк (парсы) әдебиетiнiң ұлы классигi Фердаусидiң «Шаһнамасында» болғанмен мынау еңбектi Фердаусидiң «Шаһнамасынан тiкелей жасалған аударма демеймiз, сол Фердауси үлгiсiмен халық ақыны Тұрмағамбеттiң өзi өлең етiп жазған Рүстем жөнiндегi дастанның қазақша варианты деймiз». Жазылған уақыты – Қыркүйек айы – 1960ж. делiнген. Ұлы Мұқаңның осындай сөзi жазыла тұра (шындығын айтсақ бұл алғы сөздiң өзiн жоғарғы жақ тоқсан тоғыз құбылтқан) баспаға дайындаушы Марданның небiр қиыншылықтан көз жазбағаны айқын. Өйткенi бұл қолжазбаны жоғарғы басшылық жағы мен Академияның лауазымды ғұламаларының арасына тастаған көкбарыдай болып, олардың қас-қабағына қарай әрекет жасау, Марданның тағы бiр ерлiгi болатын. Бұған дейiн өзiмiз айтып отырған көне Сыр өңiрiнiң жыраулар мұрасын жинап көне қолжазбалардың көзiн тауып, халық ауыз әдебиетiнiң небiр үлгiлерiнiң сырын ашқан , солардың бiрi және бiрегейi болып табылатын. Тұрмағамбет жырлары мен оның «Шаһнама» жырларын да үнемi iздеу салып жүрiп, қолға түсiргендiгi елге аян. Бұларға қоса халық ақындарының еңбектерiн жарыққа шығаруға ат салысқандығы өз алдына, Қазақстандағы айтыс өнерiнiң өшпеуiне өңмендеп жүрiп үлес қосып, соны ұйымдастырушылардың бiрi болып ортасында жүрiп, керек десе «Айтыс» атты жинақтың шығуына да өз үлесiн қосқан жан. Сонымен бiрге бiрқатар алыс-жақын обылыс, аудандарда болып, фольклер және жалпы көне әдебиет көзiн ашатын ғылыми экспедицияларға үздiксiз қатысып, бiз көз жазып қалмас үшiн арқалы ақындар айтысының қара жұмысына да жегiлген, ұйымдастыру комитетiнiң белдi мүшелiгiне де араласып, үлкен iс атқарған адамның бiрегейi десек те болады. Бiр ғана Қызылорда облысындағы көне әңгiмелер мен қолжазбалардың көзiн межелеп отыратын Әлқуат Қайнарбаев, Сейткерей Усабаев, Абыт ақсақал және тағы басқа да үлкендердiң өресiндегi халық көркiн ашатын жандармен тонның iшкi бауындай бiте қайнасып сырласа отырып, көне Сырдың сыры кеткенiмен сымбаты кетпеген небiр ғажап құнды дүниелердiң iшкi кiлтiн ашуға бар күшiн салған.
Осы жерде мен тағы бiр жайға елдiң назарын аудартқым келедi. Ол Мәкеңнiң әлемдiк әдебиеттен алатын нәрiмiзге бара-бар iшкi таза халықтық яғни өз халқымыздың жаратылыс әлемiнен мол хабар беретiн, көне аңыз-әбсаналардың киелi қасиетiн оқырман ортасына әкелуден ешқашан жалықпаған жан. Мұнысы былайынша айтқанда өзiмiздiң халықтық қасиетiмiздiң де рухани биiктiгi осал еместiгiн дәлелдеп шыққандығы.
Бұл кiсiнiң тағы бiр қасиетi, жерлес болған соң, елдiң талай қуаныш тойларында бас қосып қалатынымыз бар. Сондай да алдымен бiздiң Мәкең көзге түсiп, өзiнiң айтар лебiзiнде бiраз жайларды шолатыны бар. Онысынан отырған елдiң бiрсыпырасы жалығып кететiн де жәйлар болмай қалмайды. Сонда ол кiсi не айта бередi дейсiз ғой. Сол жерде әңгiме арқауына айналып жатқан адамның сонау ел есiнен шығып кеткен арғы тегiн қайта оралтып жатқандығына көзiң жетедi. Бiз оны несiне айтады десек, ол атамзаманнан қалыптасып келе жатқан халық қағидасының киелi дәстүрi екен.
Сол киелi дәстүр айтылмаған кәзiргi заманда бiз қандай жайға ұрындық. Өздерiңiз көзбен көрiп отырсыздар. Ауылдағы некен-саяқ үлкендердiң аузынан болмаса, жалпы жұртшылықтағы әсiресе қаладағы егделерден ондай әңгiменiң ұштығын да естiмейтiн болдық. Бұл да бiздiң өз халқымыздың салт-дәстүрiнен тым алшақ кеткендiгiмiздi сездiрсе керек. Бiрақ, Мардан сияқты ағаларымыздың мiндетi өзiнiң көз тiрiсiнде, халқының қадыр-қасиетiн айтып-өту болатын. Сол қалпында көз жұмды. Бұл да бiздiң көне көздерiмiздiң ұлығатты өнегесi болса керек. Осының бәрi қарапайым да қағылез Мәкеңнiң ұшып жүрiп орындаған iстерi және бұл мiнезiн кешегi Кеңес үкiметiнiң бiр жайлы болып, өзiмiздiң Егемендiгiмiздi алғалы бергi, Алматы қалалық мәслихат депутаттығында халық қалаулысы қызметiн атқарып жүргенiнде де бiр сәтке де дамылдаған емес.
Қазiр арамызда бұл кiсi жоқ болғанмен, оның аты соңғы кезде сирексiп қалған қариялардың есiнде мәңгi қалған. Айтыс, құнды қолжазбалар, халық ақындарының және басқа да сан-салалы көне жазбалар баспадан жарық көрiп жатса, Мәкеңнiң рухы солармен бiрге аталатын жерде аталып, жазылатын жерде жазылып тасқа басылып қалғанында сөз жоқ.
Ал қазiргi көнесөз жинаушылар, бiр кездегi Мәкеңе ұқсап, ақ тер, көк терi шықпай-ақ, дайын асқа тiк қасық болып, мүмкiндiгi болса көземелдегенiн алдамшылықтың арқасында өз пайдасына бейiмдеп, жан азығын табуға бар күш-қуатын салатын сияқты. Екiншiден Мәкеңдер бiр кездегi көне қолжазбаларға елдiң назары аса бұрылмай, мән қойылмай жатқан кезiнде қолға алынғандығынан өз құндылығын мәңгi жоймайтындығы ақиқат, өйткенi ол көне салт-сананың қаймағы бұзылмай тұрғандағы тұнбалы бастауындай едi.
Үшiншiден, үйiндегi үнемiн өзiнiң бала-шағасының аузынан жырып, халықтық өнердiң жолына шашып, сол өнердiң өресiне алғаусыз берiлгендiктiң биiк парасаты едi.
Оның яғни Марданның тұлғасынан мен сонау Тұрмағамбет бастаған Сыр өңiрiнiң небiр ақын-жыраулары мен ахун-шешендерiнiң, оған қоса небiр қасиеттi адамдарының бейнесiн көрем.
Оның аты аталған жерден, көне Сыр бойының әуездi де әрқилы ырғақты жырауларының бастауын көремiз.
Оның аты аталған жерден Сырбойы болсын, әлде Қазақстанның төрт бұрышы болсын, сол өңiрлердiң ақсақал-көксақалдарының небiр құпия сырларын шертiп, еркiн шешiлiп отырған бейнесiн көремiз.
Оның аты аталған жерден бүткiл Оңтүстiк өлкемiздiң күңiрене шыққан күрсiнiсi мен күмбiрлей шыққан қуанышына ортақтасып жатқандай сезiнемiн.
Оның аты аталған жерден, көне Сыр өңiрiнiң жер асты мен жер үстiнiң барша құпиясы тiл қатып жатқандай елестеп бағады.
Жалпы Мардан жүрген жердiң бәрiнен тек қана таза қазақи шаруаның қыруар жайларына қанығып, олардан бұрқырай шыққан нағыз ұлттық көкiрегiмiздiң жусанды әлемiн ғана сезiнуге әбден болады.
Сондықтан да болар, өзiнiң туған топырағынан бұл кiсiнiң 80 жылдық торқалы тойының, бүгiнгi таңда өзi көзi жоқ болса да, өлмес рухының ел есiнде қайта жаңғырып жатқандығы.
Сөз соңында айтарымыз, сонау 1957 жылы Қызылорданың кәзiргi Қалтай Мұхамеджанов (бұрынғы 1-Май орта мектебi) атындағы орта мектептi бiтiргеннен кейiн осы Алматыға оқу iздеп келiп, бiр жағынан тамырлас-тұмырлас болып келетiн ағайындардың үйлерiне барып, сәлем берiп жүрген кездерiмiз болған. Солардың бiрi осы Мардан жездемiздiң үйi болатын. Бiр аядай бөлмесiн осы Мәкең өзiне жұмыс бөлмесi етiп алып, бiр шағын столда бiр жағында үйiлген көне қолжазбалар, бiр жағында үйiлген көне кiтаптардың ортасында қашан барсаң қаршығадай болып қос көзi жылтырап, тапжылмай отырғанын көретiнмiн. Соған iштей бұл қалай деп ойланып жүргенiмде, бiр күнi Гүлстан апамыз:
— Ол жаққа назар сала берме, жездең ғылыми еңбекпен айналысып, басы қатып отырғанда, сырт назарды қаламайды дегенi бар.
Содан менiң iшке түйгенiм, ғұламаның бәрi осындай болса, Абай бабамыз айтқандай ғылым атаулы инемен құдық қазғандай дейтiнi рас екен-ау деп жүретiнмiн. Және iшiмнен өзiм де ғылыммен айналысудың азабы молдығына көзiм жеткендей болатын.
Әрбiр ұлы iстердiң қарапайым жандармен қарапайым ғана басталып, халықтың санасында мәңгi жасайтындығын ұмытпауымыз керек. Оның құнын бер жағындағы уақытша даңғазалық ешқашанда өшiре алмайтындығына көзiмiздi жеткiзген жанда осы кiсi. Оның үстiне ата-бабаларындағы жетi өлiкке жан берген қасиеттiң бiр ұштығындай кешегi күнi көмiлiп қала жаздаған көп қолжазбаның жанын шақырып тiрiлткен ұрпағы – Марданға нендей құрмет жасалса да ылайық. Бұл той сондықтан да халық парасаттылығының тойы.