Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕРДIҢ ДӘСТҮРЛI МЕРЕКЕСI

ашық дереккөзі

СТУДЕНТТЕРДIҢ ДӘСТҮРЛI МЕРЕКЕСI

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық универсиетi – елiмiздегi техника саласы бойынша мамандар дайындайтын бiрден-бiр жоғары оқу орны. Елiмiз соңғы кезде техникалық сала мамандығына көп көңiл бөле бастағалы берi құжатын осында тапсырып, бiлiм алғысы келетiн жастардың ынтасы жоғары. Мiне, биыл да ҚазҰТУ-дың iшi мен дәрiс аудиториялары қадамын имене аттаған студенттерге лық толды. Олар елiмiздегi белдi деген жоғары оқу орындарының санатындағы қара шаңырақта бiлiм алатынына бақытты. Университет ұжымы жылда оқу жылының басында 1-курсқа қабылданған студенттерге арнайы тұсаукесер мерекесiн ұйымдастыруды кәдуiлгi үрдiске айналдырғандай.

Алдымен Қ.И.Сәтбаевтың ескерткiшiне гүл қою рәсiмiмен басталған мереке, әсем сарай – Республика Сарайы төрiнде шат-шадыман ән салынып, мерекелiк кештi қызықты өткiзуге атсалысқан студент қауымының қойылымдарымен жалғасын тапты. Мұны өткiзудегi мақсат – студент қатарына қабылданған жастардың рухын көтеру, киелi де қасиеттi қара шаңырақта бiлiм алатынын асқақ рухпен сезiндiру.

Бүгiнде ҚазҰТУ – Қазақстанның инженер кадрларын даярлайтын, шоқтығы биiк бiлiм ордасы. Осы биiктен көрiне бiлудiң нәтижесiнде 2003 жылы Париж қаласында өткен 56 елдiң 100 ұйымы арасынан тек ҚазҰТУ GOLD санатында «International Star Award» атты халықаралық жүлденi жеңiп алды. Сондай-ақ ҚазҰТУ жоғары оқу орнының ортасында мемлекеттiк грантты жеңiп алуда бес жыл қатарынан алда келедi. Биыл университет 2 мың 681 грантқа ие болған. Тек осы оқу жылына 3 мың 688 студент қабылданды. Олар университет қарауындағы оннан астам институтта әр түрлi мамандық бойынша оқып жатыр.

Сонымен, бұл рәсiм Тәуелсiздiктiң 15 жылдығына орай «Желтоқсан» көрiнiсiнен басталып, елiмiздiң Әнұраны орындалды. Одан кейiнгi құттықтау сөз университет ректоры Досым Сүлеевтiң еншiсiне тиiп, студент қауымын бiр серпiлтiп тастады. Сол сияқты белгiлi ғалымдар, шаңырақтың түлектерi мен тәлiмгерлер «Алтын белгi» мен ерекше аттестатқа ие болған жастарға «Бiлiм кiлтiн» және студент екендiгiн растайтын арнайы құжаттарды салтанатты түрде табыс еттi. Кеш қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтiп, соңында студенттер «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дiң әнұранын» хормен қалықтата шырқады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ