РЕСЕЙДIҢ ТМД-ДАҒЫ ЫҚПАЛЫ ӘЛСIРЕП БАРАДЫ
РЕСЕЙДIҢ ТМД-ДАҒЫ ЫҚПАЛЫ ӘЛСIРЕП БАРАДЫ
Тек Қазақстан ғана оның жалына жармасып отыр
Кезiнде жарты әлемдi уысында ұстаған бүгiн Ресей қайраңға шыққан кеменiң күйiн кешуде. Путин БҰҰ-ның мiнберiнен сөйлеген сөзiнде ең үлкен уайымы – КСРО-ның келмеске кеткенi екенiн айтқан екен. Яғни, КСРО-мен бiрге Ресейдiң күркiреген атағы да жым-жылас. 15 жыл бойы ТМД-да үстемдiк құру үшiн басын тауға да, тасқа да ұрған Ресей ақыр аяғында одан айрылып тынатын түрi бар.
РЕСЕЙДI ЕҢ ЖАҚЫН ОДАҚТАСЫ – БЕЛОРУССИЯ ДА ТАСТАП ШЫҚТЫ
Кеше ғана Ресеймен бiр одаққа енуге келiскен, тiптi келiсiмге қол қойып қойған ең жақын туысы – Белоруссияның өзi бүгiн Ресеймен достықтан бас тартып отыр. Себеп бiреу – Ресейдiң шектен тыс өзiмшiлдiгi мен одақтас республикаларға өзiнiң диктатурасын жүргiзу мақсаты. Сондай-ақ, Ресейдiң берген уәдеде тұра алмауы.
Ресей Беларусь президентi Лукашенкоға «Белтрансгаздың» 50% акциясын «Газпромға» сатуды мiндеттеген. Ал, Лукашенко дәл осы мiндеттi орындамаймын деп Ресейдiң кәрiне жолыққан. Осыдан 2 жыл бұрын «Газпром» «Белтрансгаздың» 50% акциясын 700 миллион долларға алуға ұсыныс бiлдiрсе, ендi оның құнын 300 миллион долларға бағалап отыр екен. Лукашенконың келiспей отырғаны да осы.
Ресей ең жақын одақтасына «Белтрансгазды» бермегенi үшiн санкция жариялап, осы жылдың сәуiр айында Беларусь Үкiметiне 2007 жылдан бастап, әдеттегiдей газдың мың текше метрiне 46, 68 доллар емес, 200 доллар төлейтiндiгi жөнiнде келiсiм-шарт жiберген. Дәл осы келiсiм-шарт Беларусь президентiнiң ерiн бауырына алып тулауына себеп болған көрiнедi. Қыркүйек айының соңына қарай, Белоруссиядағы Ресей журналистерiне баспасөз-мәслихатын өткiзген Беларусь президентi Лукашенко алдағы үш жылда, демек Путин Ресейдi билеп тұрған кезде ешқандай одақ туралы әңгiме болмайтындығын жеткiзген. Лукашенко Ресей арқылы тасымалданатын газдың қымбаттауы Беларусь үшiн азын-аулақ қиындықтың басы емес, Ресеймен арадағы достықтың соңы болады дейдi. Сөзбе-сөз айтсақ «Увеличение цен на газ до таких размеров – это однозначный разрыв отношений» дейдi ол.
Демек, президенттiк таққа қайта отырғанға дейiн Путин десе ләппайлап келген Лукашенко ел тiзгiнiн қолына қайта алғаннан соң, ұлттық мүдденi көлденең тартып, Ресейдiң айтқанының бәрiне мақұл демей отыр.
УКРАИНА ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСIЗДIКТI КӨЗДЕЙДI
Украина мен Ресей арасындағы «энергетикалық соғыс» Ресей пайдасына шешiлгенiмен, Украина саяси тәуелсiздiгiн биiк бағалап, тiзе бүккен едi. Украиналық саясаткерлердiң ендiгi арманы – энергетикалық тәуелсiздiк. Яғни энергоотындарды Ресейден емес, басқа мемлекеттерден тасымалдау. Украинаның жаңа энергостратегиясы 2010 жылға дейiн газ импортын 16,4%-ға дейiн қысқартуға бағытталған. Ал, 2030 жылға дейiн газды пайдалануды 50 миллиард текшеметрге дейiн азайту жоспарланған. Бұл газдың орнын Украина өзiнде өндiру арқылы толтыруды көздейдi. Ең кемiнде 50 миллиард текше метрдiң 30 миллиард текше метрi Украинада, қалғанын Ресейдiң қатысы жоқ басқа нысандардан алмақ. Демек, Украина Ресейдiң үнемi жасайтын қоқан-лоқысы мен қысымынан құтылмақ ниетте.
ГУАМ ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ШИЕЛЕНIСТI ӨЗI РЕТТЕУДI ЖӨН САНАЙДЫ
ГУАМ – Грузия, Украина, Әзiрбайжан және Молдова елдерiнiң басын қосқан бұл одақ алғаш дүниеге келгенде, оның өмiршеңдiгiне көбi күмән келтiрген едi. Алайда, бiр-бiрiне өктемдiгi жоқ, достық ниеттен өмiрге келген бұл одақтың ғұмыры ТМД-дан гөрi ұзақ болатын түрi бар. Тiзе қосып, бiрлесе қимылдаған төрттiк алғашқы жеңiске қол жеткiздi десе де болғандай.
БҰҰ-ның 61 сессиясында бұл төрттiк ТМД аумағындағы шиеленiстi аймақтардың мәселесiн әлемдiк деңгейге көтерiп, оған БҰҰ-ның назар аударуына қол жеткiздi. Аталған төрт мемлекеттiң төртеуiнiң де территориялық тұтастығы үшiн бас ауыртатын жанды жерi бар. Олар – Молдовадағы Приднестровье, Грузиядағы Абхазия мен Оңтүстiк Осетия, Әзiрбайжандағы Таулы Қарабах. Украинаның дәл мұндай проблемасы жоқ болса да, Қырым автономиясының ауық-ауық бой көтерiп қоятыны бар. Ал, Ресей дәл осы аймақтарда бiтiмгершiлiк шараларын жүргiзiп, әскери базасын орнатып, ешкiм мойындамаған мемлекеттердiң қолтығынан су бүркiп отыр. Жақында Приднестровье халқына жарияланған референдум қорытындысы бойынша, халықтың 97%-ы Молдова құрамынан шығып, Ресейдiң қанатының астына енетiндiгiн қолдап дауыс берген. Сөйтiп, Ресей сәттi ұйымдастырған саяси ойынының арқасында Молдовадан Приднестровьенi бөлiп алды. Ендiгi кезек Оңтүстiк Осетияға келiп тұр. Мұнда алдағы қараша айында жоғарыдағыдай референдум өтпек. Демек, Ресейдiң суық қолы мұнда да өз дегенiн жүзеге асырмасына кiм кепiл. Сосын Абхазия мен Қырым…
ГУАМ аталған аймақтардағы Ресей бiтiмгершiлерiнiң орнына ГУАМ-ның полициялық бiтiмгершiлiк күштерiн әкелуге күш салуда. Дәл осы мәселе БҰҰ мiнберiнде сөз болды.
Саакашвилидiң Кодор аңғарын Жоғары Абхазия деп өзгертiп, онда әкiмшiлiк кеңселер ашып, 27-қыркүйектi Абхазияның Грузияға қайта оралуы деп атауының өзiндiк сыры мiне осында жатыр. Яғни Саакашвили ел территориясының тұтастығы үшiн күрестi бастап та жiбердi. Сол үшiн Ресеймен соғысуға да даяр отыр. Қазiр Ресей мен Грузия арасы тұтанудың аз-ақ алдында. Ол аталған шиеленiстi аймақтардан Ресейдiң 4 офицерiн «шпиондық қызмет атқарады» деген күдiкпен ұстағаннан кейiн-ақ екi ел қарым-қатынасы шиеленiсiп кеттi. Ресей Грузиядағы елшiлерiн керi шақырып алды, Грузия мен Ресей арасындағы почта байланысы үзiлiп, ақша аударуға тиым салынды, Ресейдегi грузиндер күшпен отанына қайтарылып жатыр. Мұның барлығы екi ел қарым-қатынасының тым ушығып бара жатқандығын танытса керек.
Ал, Ресей саяси технологтары дәл осы сәттi пайдаланып, алаңдаулы отырған елдiң қолтығына су бүрке бастады. Айталық, 28 қыркүйектегi «Коммерсантъ» газетiнде Геосаяси сараптамалар орталығының директоры Александр Дугиннiң «Время против Саакашвили» атты мақаласы жарық көрдi. Онда атақты еуразиялық идеяның авторларының бiрi, шовинистiк көзқарасымен танылған Александр Дугин Ресейдiң империялық саясатын жасырып, Саакашвилидiң атына күйе жағуға тырысып-ақ баққан. «Егер Саакшвили сияқты ақымақ басшы болмағанда, грузин халқы Ресеймен бiрге, олар Ресейдiң қоластына енуге дайын» делiнген аталған мақалада. Демек, басшысына халқын қарсы қоюды көздейдi. Мұның өзi жасырын ақпараттық соғыстың көрiнiсi.
Жалпы, Ресейдiң ТМД мемлекеттерiмен арадағы келiсiмi бойынша, «шекара бұрынғы КСРО кезiндегiдей қалуға тиiс» болатын. Бiрақ, өз мүддесiн өзгелерден жоғары қоятын Ресей шекараның өзгелердiң мүддесiмен емес, өз мүддесiмен орайлас болуын қадағалауда. Шешен Республикасының қоластынан шығып кетуiнен сақтанған Путин әлемдiк қауымдастық осы мәселеге назар аудара бастағанда, «Бұл – Ресейдiң iшкi iсi» деп кесiп тастады. Содан кейiн оған батып ешкiм ештеңе дей алмады. Ұлт-азаттық көтерiлiс жасағаны үшiн шешен жауынгерлерi «содырлар, сепаратистер, дiни экстремистер» атанды. Ал, грузиялық Абхазия мен Оңтүстiк Осетия, молдовалық Приднестровъе, украиналық Қырымның қолтығына өзi су бүркiп отыр. Бұл Ресейдiң өз iшiнде дәл осындай проблеманы тудыруы мүмкiн деген күдiк-күмән көңiлiне кiрер емес. Ресейдегi Шешен мәселесi де шешiмiн таппаған түйткiлдi дүние. Ал, ұлттық рухы бек биiк – Татар, Дағыстан сияқты елдердiң өре түрегелмесi үшiн, Ресей ТМД-дағы басқа шиеленiстi аймақтардың iсiне қол сұқпауы керек едi. Жоқ, керiсiнше, «бәрi Ресейдiкi болуы керек» деген саясат басым. Бұның соңы Ресейдiң өзiнiң iшiнен ыдырауына әкеп соқпасына кiм кепiл. Өйткенi, «күштiнiң арты үнемi диiрмен тартпаған», өктемшiлдiктiң соңы жеңiлiске бастап отырған.
«IШКI IСIМЕ ҚОЛ СҰҚПА, АҒАЙЫН!»
Өткен аптада Украина Сыртқы iстер министрлiгi Ресейдiң «тiлдiк проблеманы» пайдаланып, өзiнiң iшкi iсiне араласып отырғандығын кiнәлайтын оқыс мәлiмдеме жасады. Украина Сыртқы iстер министрлiгi Ресейден Украина заңдарын сыйлауды талап етедi. Бұл тек Украинаның ғана талабы емес, әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсе. Мәскеудiң Украинадағы орыстарға тiлдiк қысым көрсетiлiп отырғанын жиi айыптауы негiзсiз.
Мұндай мәлiмдеме жасауға Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгiнiң жақында жасаған баяндамасы себеп болған. Онда «Украинадағы тiлдiк проблеманы сынап қана қою аз. Оған маңызы аз қоғамдық проблема деп қарауға болмайды. Орыс тiлiн Украинадан ығыстыруға талпынып жүргендер Украинада қос тiлдiлiктi тарих қалыптастырып отырғанын түсiнетiн кез жеткен сияқты» делiнген.
Ресей ТМД мемлекеттерiндегi орыс тiлiнiң қолданылу аясының тарылмауына барын салып бақты. Ең алдымен күрес – Балтық жағалауы елдерiмен жүргiзiлдi. Алайда, латыштар мен эстондардың, литвалықтардың табанды қарсылығының арқасында ондағы тiлдiк жағдайға сол елдерде тұрып жатқан орыс диаспорасының өкiлдерi де, Ресей Федерациясы да көндiккен. Ендiгi нысаны – Украина, Беларусь сияқты славян мемлекеттерiндегi тiлдiк проблеманы реттеу. Бiр есте сақтарлық жағдай – ТМД мемлекеттерiнде тұрып жатқан орыстардың қай-қайсының да автономиясы немесе жеке республикасы жоқ. Олар Ресей бодандығы кезiнде қайда жақсы өмiр, сонда тұрақтап қалған диаспора өкiлдерi. Демек, бiр шоғыр диаспора үшiн әлемде ешқандай мемлекет екiншi мемлекеттiк тiл жасаған емес. Ал, Ресейдiң өзiнде автономиялық облыс, өлкелердi қоспағанда 15 республика өмiр сүредi. Ресей жақында ғана қабылдаған «Мемлекеттiк тiл туралы» заңында осы 15 республиканың тiлдерiн тұншықтыруды басты мақсат еткен. Шын мәнiнде, ТМД елдерiндегi (оның iшiнде Қазақстанда да) орыс диаспораларынан гөрi Ресейдегi осы субьектiлер өздерiнiң тiлдерiне мемлекеттiк статус берудi талап етуге құқылы. Демек, Ресей «Мемлекеттiк тiл туралы» заңында бiр ғана – орыс тiлiне мемлекеттiк статус берiп ғана қоймай, 15 республиканың тiлiне де мемлекеттiк статус беруi керек едi. Көптiлдiлiктiң зардабы қандай болатындығын түсiнер едi сонда. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұл заң Ресейдегi республикалардың тiлiн тек Ресей аумағында емес, сонымен қатар өз республикаларында дамытуға тиым салып отыр. Оған «iсқағаздарының барлығы – тек орыс тiлiнде жүргiзiлсiн» деген бап куә. Өздерi iшiндегi азшылықтың емес, көпшiлiктiң тiлегiне құлақ аспай отырғанымен қоймай, өзгелердi орыс тiлiнiң аясын тарылтқаны үшiн кiнәлауы шектен шыққан өктемдiк екенiн Путин түсiнбей отырған жоқ. Бiрақ, үйренiп қалған империялық пиғылы оны түсiнуге жар бермейдi.
P.S. Ресейдiң жалына жармасып, орыс тiлiне «ресми» статус берiп, мұндағы 26% орыс диаспорасы үшiн бәрiн жасап, қостiлдiлiктi мықтап қорғап отырған әзiрге Қазақстан ғана. Тiптi, Ресей қандастарын отанына шақырып едi, Қазақстан олардың кетпеуiне мүдделiлiк танытып, «Лад» қоғамының орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк статус бер деген талабын орындап жiберуге шақ отыр. Оның бiр дәлелi – 15 қарашада айналымға енуге жоспарланып отырған ұлттық валютамыздағы қос тiлде жазылған мәтiн (ал қазақшасының шапкiсi майысып тұр!). Орыссыз күнiмiз жоқ сияқты, солтүстiктегi көршiмiзге иiлiп төсек, жайылып жастық болудан жалықпай келемiз. Бұл ненiң боданы екенiн кiм бiлсiн!
Есенгүл Кәпқызы