Жаңалықтар

«ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЕЛБАСЫНЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?

ашық дереккөзі

«ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЕЛБАСЫНЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?

Елбасы 2015 жылы халқымыздың санын 20 миллионға жеткiзуге шақырғалы берi бiрнеше жылдың жүзi болды. 2015 жыл қыр астында болғанымен, Қазақстанның қазiргi халқының саны 15 миллионнан сәл ғана асады. Оның iшiнде байырғы ұлт – қазақтар 9 миллионға жеттi.

Былтырғы қыркүйектегi Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайында сөйлеген сөзiнде Елбасы шетте жүрген ағайындардың атамекенiне оралуы — Қазақстанның экономикасын бекемдеу үшiн қажет екендiгiн баса айтқан едi. Бiрақ, «Отан» партиясы олай ойламайды екен. Олай дейтiнiмiз, «Отан» партиясының саяси кеңесiнiң мүшесi Өмiрзақ Сәрсенов мырза жалпы қазақтардың атамекенiне оралуына түбегейлi қарсы екендiгiн телеэфирлер арқылы боратып-ақ жүр. Жақында «31-канал» арнасындағы «Состояние kz» бағдарламасында өзiнiң оралмандар туралы ойымен бөлiскен «Отан» партиясының саяси лидерлерiнiң бiрi «Германия мен Израйльде арнайы көшi-қон квотасымен келгендердi ғана қабылдайды. Ал, бiзде мүлдем басқаша, квотамен келсiн, квотасыз келсiн қабылдап жатырмыз. Кiмге керек бұл қазақтар?» дейдi. Демек, Өмiрзақ Сәрсенов мырзаны қазақтардың Қазақстанға көптеп келiп жатқаны қорқытады екен. Яғни, өзiнiң қандасынан өзi жерiп отыр. Бұны басқа адам айтса тағы жөн дер едiк. Амал не, билiк партиясының саяси кеңесiнiң мүшелерiнiң бiрi айтып отыр. Егер, Өмiрзақ Сәрсенов мырза ешқандай саяси ұйымға мүше болмаса, оның бұл пiкiрiн жеке, субьективтi көзқарасы деп қабылдауға болар едi. Құрамында 700 мыңнан астам мүшесi бар билiк партиясының саяси кеңесiнiң мүшесi телеэфирлерде партияның атынан сөз алатын шығар деп түсiндiк. Егер, ол бұл партияның қатардағы мүшесi болса, оның пiкiрiн «Отан» партиясына таңбай-ақ қоюға болар едi. Демек, ол саяси кеңес мүшелерiнiң атынан сөйлеп тұрғандықтан, «Отанның» корпоративтiк пiкiрiн жайып салды деп түсiнуге бек кәмiлмiз.

Яғни, «Отан» партиясының саяси кеңесiнiң мүшелерi Елбасының саясатына қарсы пiкiр таратып жүр. Жарайды оның өз қазағына қарсылығын «мәңгүрттiгi» дейiк. Ал, өз Елбасына қарсылығын немен түсiндiрер екен?»

Есенгүл Кәпқызы