Жаңалықтар

СЫБЫЗFЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ

ашық дереккөзі

СЫБЫЗFЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ

Осы жылғы шiлде айының 15-27 аралығында облыс әкiмшiлiгiнiң демеушiлiгiмен Иран Ислам Республикасына арнайы iссапармен барып қайттық. Сапардың мақсаты — 1932-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргiн кезеңдерiнде жат елге кеткен қандастарымыздың басынан кешкен қиындықтарын, салт-дәстүрлерiн, олардың ортасынан шыққан белгiлi адамдар туралы деректер жинау едi.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Тегiнiң қамыс екенiн айтып.

Түбiрi қалған қамысты көлде,

Түйiнi қалған мекенiн айтып.

Ер менен әйел жылайды,

Елiме қайтып оралмаймын-ау деп.

Сыбызғы сыңсып жылайды,

Қайтадан қамыс бола алмаймын-ау деп.

Ирандық Мауляви шайырдың өлеңiнен.

Жалпы Иран елiнде 65 миллионнан астам халық бар. Көп ұлтты. Негiзгi ұлттарын құрайтын парсылар 51 процент, әзiрбайжан 27 процент, курдтар 5 процентiн құрайды. Бұдан басқа көп халықтар қатарына араб, түркiмен, армян, белуджилер, еврейлер жатады. Ал қазақтар өте аз. Негiзiнен осы Горган, одан 40 шақырымдай жердегi Бендер Түркiмен және күмбет қауыс қалаларында тұрады. Осы үш қалада 750-дей жанұя тұратын көрiнедi. Шамамен әр үйде орта есеппен бес адамнан бар дегенде төрт мыңға жетiп жығылады.

Бiздiң Иран сапары туралы ойымызда жүрген мәселе облыс әкiмi қабылдауында шешiлдi. Сапар мақсаты нақтыланып, баратын адамдар толықтай қаржыландырылды. Көп ұзамай-ақ осы жолдардың авторы, белгiлi журналист Есберген Iңiрбай, әрi жолбасшылық, әрi аудармашылық қызметiн атқаратын ағылшын тiлiнiң маманы, парсы елiнен жоғары бiлiм алған Нияз Тобыш және Ақтау университетiнiң оқытушысы Айнаш Бекенжанова қарындасымыз болып түстiктегi сыры да мол, жыры да көп, бiздердiң көбiмiзге беймәлiмдеу Иран елiне бет алдық.

Төрт адамнан тұратын бiздiң топ осы жақтағы қандастарымыз туралы шама келсе жан-жақты мәлiметтер жинауға келген алғашқы арнайы адамдар едi. Өз жұмысымыздың алғашқы күнiн Горганнан 40 шақырым жердегi Бендер Түрiкменнен бастадық. Бiздi қарсы алған Ескелдi Әбжет қажы өз үйiнде дастарханын жайып күттi. Бiр жағынан шаруасы бiте берсiн дегенi болар, сол қалада тұратын ақсақалдарды қоса шақырды. Бұл ақсақалдар 1932-38 жылдар аралығында осында үдере көшкен маңғыстаулықтардың балалары екен. Ол кезде бiреулерi бес-алтыға жаңа келсе, бiреулерi ат жалын тартып мiнетiндей тоғыз-он жастағылар болатын. Кәзiр бәрi де сексеннiң үстiне келiптi. Адамның жас кезiнде көрген қиындығы, қайғы мен қасiретi ұмытыла ма. Бiздiң кейбiр сұрақтарымыз бiтеу жараның аузын шұқығандай әрiде қалған жылдарды қозғауға тура келдi. Әжiм басқан беттерiнен сорғалаған жасын сүрте отырып әңгiме бастаған, бұл күнде жасы 88-ге келген Табынай Жарылғас ақсақал болды. Сабыр сақтап тiзе соғыстыра отырған көпшiлiктiң назары да сонда. Оның да себебi бар екен, артынан бiлдiк. Өмiрде көрген, түйгенiн ұмытпай жадында көбiрек сақтаған да сол екен.

— Әй, қарақтарым-ай, — дедi ақсақал. Бұрынғы шалдар «Қыдырып iшкен тамақтың кенеуi жоқ, қыдырып айтқан әңгiменiң елеуi жоқ», — деушi едi. Алыстан сендер келдi деп мына Әбжет шақырғасын келiп отырмыз. Көп нәрсе көңiлден де, көзден де кеттi ғой. Ұмытылмай шор болып қалғандары да бар. Бiлгенiмдi айтайын. Iлiм, бiлiмi көп жерден келдiңдер ғой, бәрiне бiрдей жауап қайтаруға күшiмiз келер дейсiң бе. Сауатсыз адамбыз. Ол жақта да, бұл қызылбастар елiнде де молданың алдын көргенiмiз жоқ. Маңғыстауда жүргенде маңдайға бiткен байлықтан не iшем, не кием демей жүргенде аяқ астынан ел бүлiндi де қалды. Жаңа өкiмет орнады. Шынын айтсақ Үстiрт үстiнде өз тiрлiгiмiзге өзiмiз риза болып жүрген бiздер оған пәлендей мән бермедiк. Соның iшiнде бiздерге, балаларға не әсер етсiн. Күн орнынан атады, орнына барып батады. Ағы қайсы, қызылы қайсы айырып жатпадық. Бiрақ көп ұзамады бұл тiрлiк. Желiсiне 40-50 қозы-лақ байлаған, 2-3 түйенiң бауырын тартқан адамдар бай қатарына iлiнiп қудалана бастады. Содан не керек, бас сауғалап бiрi терiстiкке, бiрi түстiкке ауды ғой. Есiмде қалғаны алғашқы қозғалған жерiмiз Үстiрттегi Мәлiбек дейтiн құдықтың басы едi. Онда мен 11-12-лердегi баламын. Жаңа өкiметтiң қысымына шыдай алмадық. Малымызды алып ортаға саламыз дедi. Ондайды кiм көрген. Содан отырған аулымыз болып түгел көштiк. Елу шақты түйемен, отыз шамалы жылқымен Түрiкменстанның Қойсу, Қарабақсы деген жерiне келдiк. Көп отырмадық. Үлкендерiмiз ел жаққа құлақ түрумен болды. Өрiсiнен жаңылған малды ұстау қиын болды ма, әлде қайтадан тыныштық орнады деп естiдi ме, әйтеуiр қыр үстiне қайта көтерiлдiк. Бiрақ күйiмiз болмады. Бұрынғы бұрынғы ма, көздiң қарашығындай сақтап жүрген азғана малдан айрылып, жол сiлтеп жүрген азаматтарымызды көзiмiзше Кетiкке айдап кеттi. Ендi қарайлайтындай ештеңе қалмады. Бел шешiп демалмастан көшiп тағы да Түрiкменстанның Сүлмен, Ұзын Сүйлi деген жерiне келдiк ендi. Сол жерде отырғанымызда артымыздан көп адам комиссия келiп елге қайту жөнiнде кеңес бердi. Олардың айтқанын тыңдағандардан қарсы болғандар көп болды-ау деймiн. Жер-жерде үкiметке наразылық бiлдiрiп бас көтерiп жатқандар. Бiздiң ауылдың адамдары да соларға барып қосылды. Бiр жерде тұрақтай алмадық бiлем Қырық сегiз теппе, Аунамас, Түгiр дейтiн жерлерде көшiп қонып жүрдiк. Осы күндерi ойлаймын, сол үкiметке қарсылық бiлдiрiп, қолына қару алғандардың ауыз бiршiлiгi бола қойған жоқ-ау деп. Бөлек-бөлек болып, өз алдына хан сайлап алды. Есiмде қалғаны руы Сердалы Бекестiң Омар деген баласы, Мамыртайдан Балайыс деген, Жақау Өмiрбай дегендердi хан дейтiн едi.

Бiрақ басы бiрiкпей әр төбенiң астында жүргендер құрығы күштi үкiметке қай бiр тойтарыс бере алады. Тоз-тоз болып кеттiк қой. Жаңағы айтқан 1932 жылы азып-тозып осы қызылбас жерiне келдiк. Содан өлмешiнiң күнi басталды. Мына отырғандардың, тiптi осындағы бәрiмiздiң де басымыздан кешкенiмiз, тағдырымыз ұқсас. Мұнда келгеннен кейiн бiздiң ақсақал, қарасақалымыздың да, бала-шағаның да алдында бiр ғана мақсат тұрды. Ол қалың парсы елiнде құмға сiңген судай жоқ болып кетпеу. Елдiгiмiздi, дiнiмiздi сақтап қалу. Тiлiмiздi ұмытпау, қызымызды жат жұрттың қойнына салмау. Бiрақ қарағым, ол оңайға түспедi. Бiз мұнда азып-тозған, қайыршы күйiмiзде жеттiк қой. Баяғы алдыңа салып айдаған мыңғырған мал, сандық түбiндегi асыл бұйымдардың бәрi де кейiнде адыра қалған жоқ па. Iшерге тамағы жоқ, киерге киiмi жоқ адамның кiмге қадiрi болады. Қазақ, соның iшiнде бiздiң маңғыстаулықтардың қолынан мал баққаннан басқа не келушi едi. Ал бұл қызылбастардың елiнде бiздiң жақтағыдай көсiлiп жатқан дала, бос жатқан жер жоқ. Жер тырнап, соның өнiмiн талғажау қылған ел. Сонда да қолымнан келмейдi екен деп қарап отырып өлесiң бе. Тап болған жұмысты жасадық. Бiреудiң отының басын сыпырдық, арбасын айдадық. Шынын айтсақ бұл парсы елi бiзге «қайдан келдiң, кет» деген де жоқ,«байғұс-ай, азып-тозып келген екенсiң» деп маңдайымыздан сипаған да жоқ. Келгеннен кейiн көп ұзамай әскерге адам бересiңдер дедi. Бұл ендi қиын болды. Жаңа-жаңа бас көтерiп, ес жия бастағанымызда әр үйдiң тiрегi болып жүрген жiгiттерiмiздi алса не болмақ. Қолдан келер, қарсылық бiлдiрер күш қайда. Бiрақ Құдайымыз бар екен. Сол уақытта ортамызға келген атақты Оразмағанбет ахун Иранның патшасына хат жазыпты. «Тiлiңдi меңгерiп, дәбiңдi үйренген жоқпыз. Жан-жағымызға дұрыстап көзiмiздi салайық. Мұрсат берiң» дептi. Ол хатты ортамыздан Бәли Самархан ахун мен Кедей Нұрымшат апарып берiптi. Патша қабылдап өтiнiштерiн орындауға келiсiм берген. Сонымен қатар жасы келген адамдарға осы елдiң азаматтығын бiлдiретiн қағаз, сендерше айтқанда паспорт бергiзген. «Бейнул мәлели» деп аталатын бұл құжатпен кез-келген жаққа, тiптi бөтен елге де шыға беруге болатын едi. Бiрақ көп ұзамай екi жылдан кейiн ол құжатты қайтып алды. Бұл осы өкiметтiң бiзге жасаған қысымы едi. Азғана қазақтың дәрежесiн өзгелермен тең қойғысы келмедi. Қорғанышы жоқ жетiм баладай күйiмiздi сонда бiлдiк. «Бiреудiң елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол» деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Жаңағы құжаттың орнына «Жауаз ағамат» деген, көп ешқайда шығуға мүмкiндiк бермейтiн, ауыл арасы ғана жүрiп тұратын қағаз бердi. Ай сайын уақытында белгi соқтырып тұрасың. Кешiксең, бармасаң қас бәлеге қалғаның. Жауапқа тартып, дүреге жығатын едi. Не керек, Иранның азаматтығын 1962 жылы ғана алдық. Отыз жылдан астам уақыт бас еркiндiгiмiз болмады. Қазақтардың ортасынан алғаш паспорт алған Ибылда Қамысбай едi.

– Әй, қарағым-ай, туған жердiң топырағына жетер ешнәрсе жоқ. Осында келгесiн әке-шеше өмiрден өттi. Оқуы жоқ, тоқуы жоқ әркiмнiң босағасында жүрген бала қамқоршысынан айрылғанда қандай күйде болатынын өзiң бiлесiң. Оның несiн жыр қылып айтайын. Кiшкентай жүрегiм елжiреп сонау терiстiк жақта бұлдырап көрiнген туған жерге қараймын. Қозы-лақ қуып, тай жуасытып жүргенде танауыңды жарар жусанның, шағырдың исiн сағынамын. Бiздiң ауыл отыратын Мәлiбек құдығы көз алдымнан кетпейдi. Кәзiр қандай екенiн бiлмеймiн, ойпаңдау жердегi қатарласа қазылған бес-алты құдық болатын. Сол құдықтан әудем жердегi төбе басында отыратынбыз. Әрiректе ескiлiктi қорым болушы едi. Солар ойыма түседi. Күн қыза құдық басына келген қойлардан шуаш исi, суға қанып күйiс қайырып жатқан түйелерден жусан исi бұрқырап тұрмайтын ба едi. Сағыныштан сенделiп кететiнмiн.

Ойбой, қарағым-ай, бұл туған жерге деген сағыныштың орны бөлек болады. Осында келгеннен кейiн бiр-екi жыл бойы жас келiншектер бала көтерудi де қойды. Қай үйден де жас нәрестенiң даусы шықпады. Өмiрiмiз тоқтап қалғандай болып едi сонда. Жас нәрестенiң даусының өзiнде ерекше қасиет болады екен. Ол тiрлiкте жүргенiңдi, өмiр сүрiп жатқаныңды, ертеңге деген үмiтiңнiң бар екенiн бiлдiредi екен ғой. Артынан барып бiлдiк қой, олардың бала көтермеуi туған жердi сағынғанның ауруы екен. Бар ой-ниетiн, жүйкесiн сағыныш билеп алған адамның бойында алдағы өмiрге деген ұмтылыс та жойылады екен. Осы бiздер отырған Бендер Түрiкменнен онша қашық емес, он шақты шақырым жобасында Бесжусан деген жер бар. Сонда бiздiң талай қандастарымыз жатыр. Соңғыларының басына белгi қойылған шығар. Ал сонау отызыншы жылдардың ортасында, аяғында келгендердi сол жерге апарып жүзiн жасырғанға риза болатынбыз. Сонда жатқан адамдардың көбi бұл жердiң ауасына, жағдайына үйрене алмай, елге деген сағыныш, уайым ауруынан кеткендер. өрiмдей жастар да көп болатын.

– Айналайын-ай, бiр әңгiме екiншiсiн қозғайды. Өзiмiздi, ұлтымызды сақтап қалу үшiн не iстемедiк. Қыздарымызды қызғыштай қорыдық. О бастанда ата-бабаларымыз үшiн қыз бала ары да болды, намысы да болды. Сол үшiн ру мен рудың арасында талай жанжал, қанды қақтығыстар болғанын өздерiң бiлесiңдер ғой. Ал бiз азғана қазақ осындағы саны көп, дегенi болып тұрған басқа ұлттармен талай арпалыстық. Бiр қызымызды да шетке шығармадық. Бастапқы әзiрде ортамыздан өлiм-жiтiмнiң көп болғанын айттым ғой. Күйеуi қайтыс болған, жастары егдерiп қалған әйелдерге жас жiгiттердiң үйленген кезеңдерi де болды. Бiле бiлсең бұл да қасiрет. Тұқым жалғастыру үшiн қай жыныстың да керек екенi белгiлi.

Адам баласы үш күннен кейiн көрге де үйренедi дейдi ғой. Бастапқы әзiрдегi күнiмiздiң тiрi жүрмiз демесек, сол көрден артықшылығы шамалы едi. Бiрте-бiрте бұған да үйрендiк. Әр жерде бытырап жүргендерiмiздi қасымызға алдық. Сөйтiп өлмес қамын ойлап iлгерi тырбана бердiк. Ортамызда талай-талай мықтыларда болды. Азын-аулақ болып жататын қуанышымызға бәрi де келетiн. Тек сол үйдiң мерейiн ғана емес, мына жабырқап жүрген елдiң еңсесiн көтерейiн деп жыршыларымыз сонау артта қалған туған жер, елi үшiн арпалысып өткен батырлар жөнiнде таңды таңға ұрып жыр айтатын. Шеркеш Есқали, Көрпе Қожабайдың баласы Құлтөре, Көрпе Төребек, Қырықмылтық, Жарылғаптар қазақтар арасындағы айтулы жыршы-термешiлер болатын. Осылардың iшiнде Бәубек Назардың орны бөлек едi. «Қыз Жiбек», «Орақ-Мамайдан» бастайтын едi де, артынан Қалнияз, Нұрым, Ақтан, Қашағанның өлең жырларын төгетiн. Тегiн адам емес едi жарықтық. Теңселiп отырып айтқанда кiм-кiмдi де ұйытып, соңынан ертетiн. «Маған жас кезiмде Қашаған бата берген» деушi едi. Жасы келсе де Құдай берген өнерiн тастамады. Бiр тойда өлең жырға әуестiгi жоқ молда:

— Әй, Назар, жасың болса келдi. Ендi осыныңды тастап жүзiңдi Құдайға дұрыстап бұрсаңшы, — дептi. Сонда Назар- Молдеке, менiң жасымның көбi кетiп, азы қалды ғой. Соны ендi бөлшектемей-ақ қоялық, — дептi.

Қазақ пен түрiкмен қай кезде де аралас-құралас отырған ел ғой. Күнi бүгiнге дейiн солай. Садақа тойымызда бiр-бiрiмiздi шақырып, төрге оздырып жатамыз. Бiрақ солай бола тұрса да той-томалақта ортаға палуандарымыз шыққанда әркiмнiң қанына тартып, намысқа тырысатынымыз да шындық. Бiздiң ортамызда Құнаорыс Байжазықтың баласы Төле, Маман, Ескелдi Нұрғали, Бегей Қашақ, Бөкен Сейiт, Ескелдi Рзабек дейтiн палуандар болды. Әсiресе Құнанорыс Төле атақты палуан едi. Ол елде, Маңғыстауда жүргенде де атағы шыққан. Марқұм көзiмiз көре қалды, iрi кiсi едi. Әңгiменiң де майын тамызып айтатын. Жас кезiнде додаға алғаш түскен кездерiн айтқаны әлi есiмде. «Бiрде Арқада бiр Табынның қызын ұзатқан тойына бардық. Ол кезде жасым әлi он сегiзге тола қоймаған кезiм. Табындар ортаға палуанын шығарды. Еңгезердей бiр дәу. Қаралай шошынасың. Адай жағынан ешкiм шыға қоймағасын менi зорлап шығарды. Жастықтың желiгi ме, әлде шынымен намысқа бастым ба, бiлмеймiн көп ешкiмдi жалынтпай ортаға шықтым. Еңгезердей қарсыласым талтаңдай басып келiп, белбеуiмнен ұстап қарады да: «Балам әлi шикi екенсiң ғой, — дедi». Қашан күресемiз дегендей бетiне қарап тұра бердiм. Менiң бұл тұрысым жынына тисе керек, белiмнен тас қылып ұстап алды да шыр айналдырып әкелiп жерге тарс еткiздi. Жiлiгiм сынған шығар деп ойладым. Қоршап тұрған ақсақалдар «Ия, Бекет, ия Бекет» деп шу ете түстi. Ендi кiдiрсем өзiме қиын тиетiнiн бiлiп қайтадан жағаласа кеттiк. Құдай сәтiн салайын десе оңай ғой, жамбасыма дәл келдi. Тау құлағандай болып гүрс ете түстi. Орнынан қайта тұра алмады. Дуылдасып тұрған ауылдастарыма барып қосылдым. Сөйтiп атағым шыққан едi», — деушi едi.

Артынан ол да Иранға келдi. Осындағы мықтысынған талай түрiкменнiң палуанын жығып атағы шықты. Ал, Ескелдi Рзабек марқұм жастай кеттi. Тiл тиiп өлдi деп отырушы едi үлкендер.

— Ал, қарағым, — дедi Жарылғас ақсақал. Iште жүрген шердiң бiр шетi ғой бұл. Айта берсе тауыстырмас. Бүкiл елдi қаңтарып қойып жалғыз өзiм сөйлей бермейiн. Осындағылардың қай-қайсысыда көкейiндегiсiн жеткiзе алады. Бiр кезек осыларды тыңдаң. Мына отырған жаңағы айтқан Оразмағанбеттiң баласы Шарғи ағаң. Ана төмендегi өзiң құралпы жiгiт Тойжан Бабық деген азамат. Осы жақта өмiрге келген. Көп жыл бала оқытты. Көзi ашық, өткен-кеткеннен сыр шерте алады. Айтпақшы оның шешесi бүкiл Адайға белгiлi Ақбөбекпен сырлас, сыйлас болған адам. Е-е, Ақбөбек – Қайып десе кiм бiлмейдi. Әлi күнге дейiн жыр қылып айтпай ма. Ал әйгiлi құдықшы Бейнеубайды бала кезiмiзде бәрiмiзде көре қалдық. Маңғыстаудың ой-қырындағы талай құдықты қазып ел алғысына бөленген жан едi. Жаңа өкiмет соңына түскесiн ол да бас сауғалап осында келдi. Бес уақыт намазын оқып, Құдайына сыйынғаны қара басына пәле болып жабысты. Ой, дүние-ай, қара жерге құлықша кiрiп, күрегiнiң ұшы тиген жерден күрпiлдетiп су шығаратын Бейнеубай қызылбастың елiне келiп әркiмнiң ыдыс-аяғын жамап күн өткiздi дегенге бiреу сенер, бiреу сенбес. Бiрақ шыны сол, көзiмiз көрдi. Артынан Күмiстөбе дейтiн жерде мешiтте азаншы болды. Мақамы жақсы едi жарықтықтың. Жаныңды тербетер мұңды әуенi әлi жадымда тұрғандай. Жер жаһанның соғысы басталатын жылы өлдi ғой. Ол да жаңағы айтқан Бесжусанда жатыр.

Елдiң тапсырмасы бар. Барамыз, басына белгi қоямыз деп отырсыңдар ғой. Алла разы болсын. Соған қуанып отырмыз. Қазақстан өз алдына ел болмаса бұл да болмас едi. Шүкiр, жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеп жатыр ғой. Бейнеубай марқұм бiздiң әкелерiмiзбен қатар жатушы едi. Е-е, әлгi кiм едi, Жұмабайда сол маңда жатыр ғой. Осында келген жылдары түрiкмендердiң қойын бағатын руы Ақбота шалды айтамын. Жаратылысы солай ма, әлде жат жерге үйрене алмады ма, әйтеуiр екi сөзiнiң бiрi Маңғыстау болып көзiне үнемi жас алып отыратын. Бiр күнi үйiне бардым. Өркешi баладай қара iнгенi болатын. Түйе жершiл жануар ғой. Қашып кетедi деп тұсаулап бағатын. Барсам баяғы күйлi түйенiң салдырап сүйегi қалыпты. Арыған. Тiп-тiк болып тұратын баладай екi өркешi бiр жағына құлаған. Екi көзiнен жас парлап ыңырсып жатыр. Жұмабай сәлемiмдi алды.

— Мынаны қарашы, балам. Қара iнгеннiң обалына қалдым. Сүтiн сауамын деп тұсаулап қоюшы едiм. Мал болмайды ендi. Осындағы түрiкмендердiң түйесiнiң табынына қосып едiм, үйренбедi. Үстiрттiң отына жусап, емiн еркiн кең далада жайылып, шымыраудың мұздай суына үйренген түйе мұнда қайдан жерсiнсiн. Есiл дертi өз жерi болды да тұрды жарықтықтың. Кешеден берi орнынан тұрған жоқ. Әттеген-ай, баяғыда бұйдасын түрiп қоя беруiм керек едi. Түрiкменнiң айқайын естiп, қызылбастың орынсыз көтерген қамшысына арқасын төсейтiн өзiм сияқты көрдiм-ау мұны. Тұмсығын терiстiкке төсеп зарлаумен болды. Бiз байғұс түйе құрлы да бола алмадық-ау, — деп екi иығы селкiлдеп жылағаны есiмде.

Алдындағы қойын да үнемi терiстiкке шығаратын. Кейде қасына ерiп кетемiн. Күздiң кезi, салқындау уақыт. Көйлегiн шешiп тастың үстiне шығып отыратын.

— Күн салқындау ғой, тоңбайсың ба, — деймiн.

— Қарағым-ай, мыны жел елден келiп тұр ғой. Тоңам деп айтпа. Арқаңды осы желге берiп үн-түнсiз отыршы. Сонда құлағыңа сонау туған жерде болып жатқанның бәрiн жеткiзедi бұл жел. Имандай шыным. Мен қойды үнемi осы жаққа шығаратыным сол. Өзiмнен-өзiм отырып туған жердiң тынысын алып қайтам. Сағынышым тарқағандай болады, — деп отырушы едi марқұм. Бейнекеңнiң аяқ жағына жерленiп едi. Аруақтары риза болады ғой. Әйтеуiр сол Бесжусанда осы күндi күтiп жатқандар көп.

Манадан берi көзiн бiр нүктеге қадап үн-түнсiз отырған Шарғи ағамызға бұрылдық. Бұл Маңғыстау жерiне белгiлi атақты Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының баласы. Оразмағанбет Маңғыстау кенорнын зерттеушi геолог, ағартушы, емшi, үлкен дiни қайраткер. Қызылсу жерiнде туып өскен. Оның әкесi Тұрмағанбетпен белгiлi орыс геологi Николай Иванович Андрусов таныс, жақын адамдар болған. Андрусов Маңғыстауға 1897, 1907 жылдары екi рет келiп өлкенiң кен байлығын зерттеу экспедициясына қатысқан. Кейбiр ақсақалдардың айтуы бойынша Оразмағанбеттiң 1897-1900 жылдар аралығында Үндiстанның Бомбей қаласында геология мамандығы бойынша оқуына осы Андрусовтың көп ықпалы тиген. Бомбейдегi университеттi тау-кен инженерi мамандығы бойынша бiтiргенi жайлы дерек Түрiкменстанның кезiндегi ОГПУ басқармасының архив құжаттарында баяндалған. Сол Н.И.Андрусовтың шәкiртi Михайл Викентьевич Баярунаспен Оразмағанбет достасып, екi ғалым түбек байлығын бiрге зерттедi. Кезiнде Оразмағанбетпен жүздескен, М.В.Баярунастың шәкiртi, көрнектi кеңес ғалымы Николай Павлович Луппов бұл туралы жазған едi. Оразмағанбеттiң Баярунаспен сыйлас адамдар болғанын ғалымның кен барлау экспедициясында жұмысшы болған Садық ақсақал былай деп еске алады.

«1931 жылы басмашылар Қарабұғаз ауданы аумағында елге тыныштық бермейдi. Бұл кезде М.В.Баярунас осы маңның Қызылкүп, Арқарлы, Шағала, Көксай сияқты алаңдарына геологиялық зерттеу жүргiзiп болып, ендi Қарабұғазға қарай бағыт түзейдi. Көш көлiкте әйелдер де болады. Әлгi басмашылардың бiр тобы М.В.Баярунатың осы көшiне шабуылға шығады.

Екi жақ аңдысып жатады. Бiрақ басмашылар көптiгiне сенiп жақындай түседi. Дауыс жетер жерге жақындағанда М.В.Баярунас оларға былай дейдi:

— Атыспақты атамыздың басына бермесiн. Мен Оразмағанбеттей ғалымның досымын. Ол Маңғыстаудың ғалымы, имамы. Бiздiң ешкiмге зиянымыз жоқ. Байлық та, ақша да жоқ. Қолда қағаз бен қалам. Оразмағанбет кәзiр Бекдашыда. Оның көзi жоқ деп бiздердi жәбiрлейсiңдер ме?

Басмашылар жөндi жауап қайыра қоймайды. Бiрақ сәлден кейiн бiр де оқ шығармастан жөнiне кеттi.

Осы оқиғаны Оразмағанбетке Бекдашыға келгеннен кейiн Баярунас өз аузынан әңгiмелеп берiптi».

2002 жылы ғалымның 120 жылдығында осы әңгiменi кәзiр Алматы қаласында тұратын академик Құрбан Непесұлы Аманниязов та айтып едi.

Оразмағанбет ел iшiндегi саяси жайды алдын-ала сезiп Иран жерiне өтiп кетедi. Бiрақ мемлекеттiк қауiпсiздiк орындары араға жақын-туыстарын салып, алдау жолымен қолға түсiредi. Шекарадан аяқ-қолы кiсенделiп Ашхабад түрмесiне қамалады. Бұл 1937 жыл едi. 1938 жылы халық жауы деп атылу жазасы бұйырылады. Тек 1963 жылы ғана ақталды.

Оразмағанбет туралы кезiнде Әбiш Кекiлбаев, Дүкенбай Досжанов, Маршал Әбдiхалықов, Қабиболла Сыдықов және жергiлiктi қаламгерлер де жазған болатын. Маңғыстау елiнiң бiртуар азаматы туралы облыстық өлкетану мұражайы да, Жаңаөзен қаласындағы Оразмағанбет атындағы мұнай колледжнiң директоры Құрман Игiбай да көптен берi iзденуде.

Иран жерiндегi сапарымызда оның осындағы балаларымен кездесiп, қолда сақталған құжаттары болса жинақтау болатын.

Мiне, Оразмағанбеттiң бел баласы Шарғи ағамыз осы. Ғалымды көзi көргендер оны дәл осы Шарғиға ұқсатып айтады. Әңгiме тiзгiнiн ендi осы ағамыз алды.

— Тек менiң әкем туралы ғана емес, елiмiзге белгiлi басқа да адамдар туралы, дәм айдап қызылбас жерiне келiп тұрақтап қалған қазақтардың басынан кешкендерiн зерттеп жазамыз, елдегiлерге айтамыз дегендерiңе бек қуанып отырмын, шырақтарым. Өзiмiздi толқын жағаға шығарып тастаған кемедей көретiнбiз. Жаңағы Жарылғас айтқандай алғаш келген көштiң iшiнде бес-он жастағы балалар бiздер де, мiне сексеннiң үстiне шықтық. Екi ортада байланыс үзiлдi, арғысы, бергiсiне көрiнбес қалың перде жабылды бiр кезде. Пәленше, түгенше деген ағайының қалды ол жақта, кiндiк кескен туған жерiң, ата-бабаңның сүйегi қалған жер пәлен деп аталатын едi деген сөздердi ғана көкейiмiзге тоқып қалдық. Жадымызда жатталып қалған туған жер туралы көмескi көрiнiстердi ұмытпауға тырыстық. Бәрi де өзiмiзбен бiрге кететiн шығар деп ойлаушы едiк. Шүкiр. Заман түзелдi, ақ түйенiң қарны жарылды деп осындайды айтатын шығар. Он шақты жылдан берi барыс-келiс көбейдi ғой. Ол жақтағы ағайынның әкемдi ұмытпай, әркiмнiң айтқан ол туралы деректерiн жинақтап кiтап қылғанын, атағына оқу орнын бергенiн естiп жатырмыз. Алғаш соны естiгенде осында жатып ағыл-тегiл жылағанмын. Құдайдан жасырмағанда адамнан жасырып не қылайын, менiң алғашында ол жаққа деген өкпем қара қазандай едi. Әкемнiң елдiң баласын оқытып, ауру-сырқауына дәрi-дәрмек жасап бергеннен басқа, белгiлi ғалымдармен қосылып жер байлығын iздегеннен басқа жазығы жоқ едi. Соңына шырақ алып түстi, жер асып осы Иранға келдi. Бiрақ құрығы күштi екен ол үкiметтiң. Араға жандайшаптарды салып бұл жерден де ұстап әкеттi. Ашхабадтың түрмесiне апарып ажалы сол жерден болды. Соған өкпелi едiм. Ел жақтағы адамның бәрi жау болып көрiнушi едi. Қатты қателескен екенмiн. Бiздiң қолымыздан келмегендi сендер жасап жатсыңдар. Бұған шүкiр демеске, ел басынан өткендi ұмытпай қастерлеп жүрген азаматтарға басыңды иiп, ризашылығыңды бiлдiрмеске амалың бар ма?!

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану

мұражайының бөлiм меңгерушiсi