Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК ЖЕТIСТIКТЕР ҰЛТТЫҚ ИДЕАЛҒА АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК ЖЕТIСТIКТЕР ҰЛТТЫҚ ИДЕАЛҒА АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ

Қараша айының 2-сi күнi «Ақ Орда» сарайында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Вуэльта Испания» көпкүндiк жарысында жүлдегер атанған қазақстандық велошабандоздарды қабылдап, оларға осы бiр жетiстiктерi үшiн құрмет көрсеттi. «Бүкiл қазақстандықтардың атынан және жеке өз атымнан үлкен ризашылықпен, қуанышпен және мақтанышпен испандық велотур жеңiмпаздарын құттықтаймын. Жас мемлекет үшiн, бiздiң елiмiздiң жас жiгерi үшiн бұндай жеңiстер қажет-ақ», – деп атап көрсеттi ол осы орайда сөйлеген сөзiнiң барысында. Содан соң Елбасы «Астана» командасы жеңiсiнiң әлемдiк спортты дүр сiлкiндiргенi туралы сөз қозғады. Осының арқасында Астана қаласының әлемге аты шыққанын айтты.

Бұл шындығында да солай болған едi. «Астана» деген атқа тек биыл ғана ие болған түрлi елдер велошабандоздарынан құралған осы команда өзi қатысқан бiрiншi iрi жарыста-ақ жеңiмпаз атанды. Ал жеке есеп бойынша оның лидерi Александр Винокуров бiрiншi орынға, тағы бiр үздiк спортшымыз Андрей Кашешкин үшiншi орынға ие болды. Еуропа мен Американың талай үздiк командалары мен «сен тұр, мен атайын» дейтiндей жүйрiктерi қазақстандық осы жiгiттер мен олардың командалас жолдастарына ысырылып жол беруге мәжбүр болды.

Президенттiң қолынан екiншi дәрежелi «Барыс» орденiн алған А.Винокуровтың «Вуэльта Испания» көпкүндiк жарысындағы жеңiсi расында да Астананы ғана емес, бүкiл Қазақстанды абыройлы еттi. Бiрақ бұл осы шабандоздың өз елiнiң атын шығару жолындағы тұңғыш ерлiгi емес. Оның жетiстiктерi талайдан белiгiлi.

Осыдан үш жыл бұрын Америка Құрама Штаттарында болғанмын. Ол кезде Францияда велоспорттан көп күндiк «Тур де Франс» сайысы жүрiп жатқан болатын. Бұл өзi атышулы жарыс қой. Атағы әлем чемпионатынан асып түспесе, кем емес. «Тур де Франс» чемпионы болған велоспортшының есiмi әлемге әйгiлi болады. Ал егер ол осы жарыста бiрнеше жыл қатарынан жеңiмпаз атағын иемденсе, аты аңызға айналады.

Бiрақ еуропалық спорт түрлерiнiң ең атышулы деген майталмандарының өзi көбiне АҚШ-та соншалықты атаққа ие бола алмайды. Өйткенi Америка осы тұрғыдан алғанда бiраз өзiндiк айырмашылықтары бар ел болып табылады. Кез келген адамның жұрттың арасында тез аты шығуы үшiн ең алдымен қажеттi нәрсе – оның жетiстiктерi туралы хабардың халық арасында көптеп таратылуы. Ал АҚШ-та ақпарат тарату iсiнiң мынадай бiр манызды ерекшелiгi бар. Онда кез келген БАҚ құрылымы – теледидар болсын, газет болсын – ең алдымен, өз елiндегi не тiптi өзi шығып жатқан жердегi (қаладағы, одан қалса штаттағы, сосын аймақтағы) болып жатқан окиғалар мен жаңалықтарды айналдырады. Осындай жағдайдың арқасында кез-келген жердегi халық үшiн бiрiншi кезекте жақын айналасында болып жатқан жәйттер ғана қызық болып табылады. Сондықтан АҚШ-тың қуатты-қуатты деген телекомпанияларының өзi халыкаралық жаңалықтарға көңiл бөлiп жарымайды. Осы себептi онда барғанда, өзiңдi бейне бiр әлеммен қатынасы үзiлген аралда қалғандай сезiнесiң.

Сөйтiп жүрген кезде газеттер мен теледидардан Қазақстанның атауын тек сол «Тур де Франс» жарысына қатысып жатқан Винокуров атты велошабандозымыздың арқасында ғана оқып-естуге мүмкiндiк болды. Онда да қосымша екi себептiң көмегi болды.

Бiрiншiден, сол жолғы «Тур де Франс» жарысында әйгiлi американдық велосипедшi Армстронг көш бастаушылардың қатарында болып жеңiске жеттi (ол осы жетiстiгiн алдыңғы 2004 жылы және өткен 2005 жылы қайталады). Осы спортшы өзiнiң ұзақ жылдар бойғы тамаша жетiстiктерiнiң және тағдырдың басына салған тауқыметiн көтере бiлгендiгiмен американдықтарды сүйсiндiрген. Сондықтан АҚШ баспасөзi мен телеканалдары тiптi өз спортшыларының iшiнде де оған баса назар аударады. 2003 жылғы «Тур де Франс» жарысы барысында да солай болды.

Екiншiден, сол жарыс барысында қазақстандық Винокуров немiс Ульрихпен бiрге осы әйгiлi американдықпен тайталасуға жарады. Сондықтан бiздiң жерлесiмiздiң атын американдық БАҚ күн сайын атап айтып жүрдi. Американдықтар үшiн бұл олардың атақты Армстронгiнiң негiзгi бәсекелестерiнiң бiрi бола алған алыстағы Қазақстан деген мемлекеттiң өкiлi болды. Сөйтiп, Винокуровтың арқасында шетелде не болып жатқанына көңiл қоймайтын талай американдық бұл дүниеде осындай елдiң бар екенiн, онан шыққан бiр велоспортшының өз саласындағы ең мықтылардың бiрi болып табылатынын естiп бiлдi.

ТМД елдерiнен келген журналистер делегациясы Колумбия қаласындағы Оңтүстiк Каролина штатының орталық музейiне келгенде, бiздердi қарсы алған оның қызметкерi әңгiмесiн Винокуровтың тап сол күнi тамаша жетiстiкке жеткенiн хабарлаудан бастады. Өйткенi ол бiз шет жерде жүргесiн өз елiмiзге қатысты осы бiр жаңалықты естiмей қалған екен деп ойлапты. Бiздiң «иә, естiдiк» дегендей жай ғана бас изей салғанымызға ана кiсiнiң көңiлi толмай қалды. Ол қалған әңгiменi ысырып қойып, Винокуровтың жетiстiгi туралы бiраз сөз айтты. Сондағы айтқысы келгенi «Қазақстан сияқты саяси картада жаңадан пайда болған жас мемлекеттiң атын әлемге тап осындай спортшылар мен олардың бағындырған биiктiктерi шығарады» дегендей ой екен. Не керек, бiз сол күнi Винокуровқа да, ТМД-ның басқа елдерiнен келген өзге әрiптестерiмiздiң алдында бiздiң абыройымызды асырып, төбемiздi көкке дейiн көтерiп тастаған музей қызметкерiне де қатты риза болдық.

Иә, бүгiнгi әлемдегi халықтар арасындағы қарым-қатынастар ауқымында түрлi ұлттың өкiлдерi қол жеткiзiп жатқан спорттық жетiстiктердiң маңызы өте зор. Мәселен, бiздiң бәрiмiз кубалықтардың бокста, эфиоптардың алыс қашықтыққа жүгiруде, ресейлiк осетиндердiң күресте алдына жан салмайтынын жақсы бiлемiз. Бiздiң елдiң азаматтары, оның iшiнде өзiмiздiң қазақтың жiгiттерi мен қыздары да сондай биiктiктерден көрiне алса деп армандаймыз. Ондай күннiң де ерте ме, кеш пе туарына кәмiл сенiмдiмiз. Ол үшiн ең алдымен сондай жетiстiктердiң ұлттық идеалға айналуы қажет. Осы мақсат турасында iстелiп жатқан iс көп.

Бiрақ әзiрге «әттең» деуге себепшi болатын жәйттер жеткiлiктi. Расын айтқанда, бiз қазiр көп нәрседен кешеуiлдеп қалдық. Оның үстiне тәуелсiздiкке қол жеткеннен бергi он бес жылға жуық уақытты да жан-жақтың бәрiне есiгi ашылған Қазақстандағы халқымыздың санасында кез келген бәсекелестiкке (ал бұл дүниедегi басты қағида – «бiреу өлмей, екiншi бiреуге күн жоқ») төтеп беруге тас түйiндей болып дайындалу императивiн қалыптастыруға пайдаланбадық.

Өйткенi бiздiң осы күнге дейiн ұлтқа, жас ұрпаққа үлгi ретiнде дәрiптейтiн басты қоғамдық геройларымыз – аудандық, облыстық, әрi кеткенде республикалық деңгейде ғана аты шыққан тұлғалар. Ал содан келiп ұлтымыз түгiлi, нәсiлiмiздiң, тiптi адамзаттың 90 процентi әлi жақын барып та көрмеген нәтижеге қол жеткiзген азаматтарымызды дұрыс танымаймыз. Алғашқы ғарышкерiмiз Тоқтар Әубәкiров, шүкiр, әйтеуiр елеусiз қалған жоқ. Ал басқа бiрегей тұлғалар мен олар жеткен тамаша жетiстiктер ше? Олар уақытында айтылды да, артынан негiзiнен ұмытылды.

Мәселен, 1980-iншi жылдардың басында спорттың ол кезде таза еуропалық командалық деп есептелген түрiнде қазақтың жiгiттерi тамаша жетiстiктерге қол жеткiздi. Бұл ватерпол немесе су полосы болатын. 1979 жылы Ерлан Аяпбергенов қазақтан тұңғыш болып, спорттың осы түрiнен Еуропаның жастар арасындағы чемпионатының жеңiмпазы атанды. Ал арада бар-жоғы үш жыл өткен соң, Нұрлан Меңдiғалиев ересектер арасында әлем чемпионы атағын жеңiп алғандар iшiнде болды. Сонымен қатар осы екi жiгiт Ұлы Отан соғысында тамаша ерлiк жасаған Сабалақ Оразалинов ақсақалдың ұлы Асқар Оразалиновпен бiрге Алматының «Динамо» командасының құрамында КСРО чемпионы атанды, Еуропа чемпиондары Кубогының финалына шықты. Онда бiздiң чемпиондар Батыс Берлиннiң «Шальке-04» деген командасына ғана есесiн жiбердi.

Бұл да қазақтың абыройын көтеретiн тамаша жетiстiк едi. Бiрақ тиiсiнше ескерiлмедi, дәрiптелмедi. Басқаны былай қойғанда, «Алматы» энциклопедиясының өзiнде Н.Меңдiғалиевтiң 1982 жылы КСРО-ға еңбегi сiңген спорт шеберi атағын алғаны айтылғанмен, оның не үшiн берiлгенi айтылмаған. Ал бұл атақ оған Эквадорда өткен әлем чемпионатында КСРО құрамасының қатарында жеңiске жеткенi үшiн берiлген едi.

1987 жылы Өскеменнiң «Торпедосының» жас хоккейшiсi Ерлан Сағымбаев КСРО хоккей чемпионатының 1986-1987 ж.ж. қысындағы маусымында (қазақтар үшiн өте ауыр кезең) жоғарғы лига клубтары жастар командаларының бiрiншiлiгi нәтижесiнде «ең үздiк шабуылшы» деген атаққа ие болды. Яғни әлемдегi ең үздiк санаулы жас шабуылшы-хоккейшiнiң бiрi ретiнде танылды. Бұл да қазақты былай қойғанда, жалпы еуропалық емес ұлттардың iшiнде бұрын болып көрмеген жетiстiк едi. 1998 жылы Наганода өткен Олимпиадада Е.Сағымбаев Қазақстан-Ресей кездесуiнде әйгiлi П.Буре сияқтылар командасының қақпасына алғашқы шайбаны соқты. Осы жiгiттiң аты мен жетiстiктерi де, өкiнiшке орай, тиiстi деңгейде дәрiптелмедi.

КСРО тарар алдындағы тұста Ноқамбаев деген шығысқазақстандық қазақ жiгiтi шаңғымен жүгiруден 3,5 млрд. адамнан тұратын Азия халықтарының iшiнен шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. 125 миллион жапондар, 75 миллион корейлер мен 1 миллиардтан астам қытайлар спорттың қысқы түрлерiнен өтетiн халықаралық жарыстарда биiктен көрiнуге көп күш-жiгер мен қаражат жұмсап жүргенiмен, шаңғымен қашықтыққа жүгiруде ол кезге дейiн осалдау болатын. Өздерiндей қазақ жiгiтiнiң жеңiсi оларды қатты таңдандырды. Бiрақ бұл жетiстiк қазақ жастарын дүр сiлкiндiрiп, олардың спорттың осы түрiмен жаппай шұғылдана бастауына түрткi болған жоқ. Өйткенi жалпы қазақ қоғамы ауқымында осы жетiстiке онша мән берiлген жоқ. Әйгiлi Е.Вяльбе, А.Прокуроров сияқтылармен КСРО құрамасында қатар жүрген Ноқамбаев көп ұзамай спортты тастап кеттi.

1990-ыншы жылдардың басында екiбастұздық Марат Жыланбаев деген жiгiт Сахараны жаяу жүгiрiп, солтүстiктен оңтүстiкке қарай кесiп өтiп, адамзаттың ең үздiк жетiстiктерiнiң қатарына қазақтың атынан өз үлесiн қосты. Оның бұл ерлiгi туралы «Вокруг света» журналы жазды. Сөйтiп, 150 жылдай тарихы бар осы әйгiлi басылым тұңғыш рет қазақтан шыққан адамның теңдесi жоқ ерлiгi туралы жазды. Обалы не керек, кейiнде Мараттың үлгiсiне елiктеушiлер шыға бастады. Бiрақ қоғам мен мемлекет тарапынан тиiстi қолдау таппаған бұл қозғалыс қанатын кең жая алмады. Рас, 2004 жылдың басында ерлi-зайыпты жас қазақтардың Қазақстанды жаяу аралап шығып, рекордтар тiркейтiн Гинесс кiтабына енгенi туралы жаңалық тарады.

Алайда осының бәрi уақытында жұрттың назарына iлiккенмен, кейiн ұмтылыңқырады.

Қазiр қазақ халқы – Қазақстан мемлекетiнiң негiзi. Ол осы мемлекеттi сақтап, iлгерi дамытамын десе, өмiрдiң түрлi салаларында ешкiмнен қалыспауға күш салуға тиiстi. Сондықтан оған үлгi ретiнде ендi ұлттық болмыс шеңберiмен шектелетiн емес, әлемдiк деңгейге дейiн жететiн геройлар керек. Осы орайда спорттың маңызы өте зор болмақ.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ