Жаңалықтар

БУШҚА МҰНАЙ ДЕМОКРАТИЯДАН ДА ЖАҚЫН

ашық дереккөзі

БУШҚА МҰНАЙ ДЕМОКРАТИЯДАН ДА ЖАҚЫН

Буштар отбасында қонақта болып, америкалық шенеунiктермен, конгрессмендер және кәсiпкерлермен кездескен Назарбаевтың АҚШ-қа сапары сәттi өттi. Бұл туралы әлемдiк, отандық БАҚ өкiлдерi жарыса жазды. Әркiм өз мүддесiне орай, әрине. Сапар барысында Қазақстанды насихаттау және жарнамалау мақсатында ҚР Үкiметi америкалық әрiптестерiмiзге қыруар қаржы бөлiптi. Сөз жоқ, америкалықтардың ұпайы түгел. Америкалық бiр конгерссмен Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну керек деген бастама көтердi. Демек, қай есiктi ашса да, жылы қабақ пен ыстық құшақтарға кенде болмаған Президентiмiздiң де ұтқаны көп.

«ТОҚПАҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА»…

Буштың жақтастары Орталық Азиядағы саяси ықпал мен энергоқорлар жолындағы бәсекеде Ресей мен Қытайға есе жiберiп алмас үшiн Назарбаевты құшақ жая қарсы алу керек деген сенiмде болған. Ал Ақ Үйдiң қарсыластары керiсiнше, «Посткеңестiк диктаторлар Құрама Штаттармен емес, Ресей және Қытаймен бiр болуға ұмтылады. Сондықтан Буш әкiмшiлiгiнiң қазiргi жүргiзiп отырған геосаяси стратегиясы жеңiлiспен аяқаталары анық» деп қарсылық танытты. Негiзi америкалық билiк Қазақстандағы адам құқығының сақталмауы, сайлаулардың әдiл өтпеуi, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыстары мен сөз бостандығының шектелуiне алаңдаса, қазақтар жағы АҚШ тарапынан көрсетiлетiн «Қазақгейтке» қатысты қысымға алаңдайды. Оның үстiне, соңғы жылдары аспан асты елi мен посткеңестiк кеңiстiктi кезiп жүрген «түрлi түстi төңкерiстер елесi» де кеңестiк жүйеге негiзделген саяси билiктiң барлығының «iшкендерiн — iрiң, жегендерiн желiм еттi». Алайда мұнай мен газға бай елдерге келгенде әншейiнде демократияшыл Буш әкiмшiлiгiнiң үнi көмескiленiп сала бередi. Оған ҚР Президентiнiң АҚШ-қа сапары барысында бүкiл әлем куә болды. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Назарбаев өз Отанында өте танымал және сыйлы болғанына қарамастан, елiндегi БАҚ-қа қарсы ұйымдастырылған репрессия мен саяси қарсыластарының тұтқынға алынуына жауапты. Десе де, Қазақстанды шетке ысырып тастауға немесе ескерусiз қалдыруға тағы болмайды. Өйткенi, егер Буш тек демократиясы гүлденген елдердiң басшыларымен ғана кездесумен шектелетiн болса, Ақ Үй дамушы мемлекеттердiң басым бөлiгiнен сырт айналуы тиiс. Яғни, «майлы шелпектерден» өз еркiмен бас тартуға мәжбүр болады. Оның үстiне, АҚШ-тың көмегiмен Батысқа қарай тартылған құбыр арқылы өз мұнайының бiр бөлiгiн тасымалдауға келiсiмiн берген Қазақстанды бауырға тартпасқа лажы жоқ. Айтпақшы, кезiнде Буш ҚР Президентi Назарбаевқа Қазақстандағы саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарына бостандық беру және қазақ қоғамында әдiл де ашық сайлаулар өткiзу туралы ҚР Президентi Назарбаевқа талап қойған едi. Дәл осы талап әзiрбайжандық президент Ильхам Әлиевке, египеттiк басшы Хосни Мүбаракқа қойылған едi. Президенттердiң барлығы Буштың талабы ескерусiз қалғанда Вашингтон Иракқа шүйлiккендей, оларға қаһарын төккен жоқ. Экономикалық көмек, әскери ынтымақтастық немесе басқа да екiжақты қатынастарға селкеу түсiретiндей әрекеттер де қабылданбады. Американың дәрменсiздiк танытуының себебi неде? Жауап: орталықазиялық аймаққа ықпал ету мен мұнай, газға иелiк ету өркөкiрек Американың мiнезiн жiбектей етедi. Әрине, табиғи ресурстарға бай мемлекеттер өз мүмкiндiктерiн тиiмдi пайдаланса, әлемдiк саясаттағы ықпалын арттыра алады. Оның үстiне, соңғы жылдары Таяу Шығыстағы жемқор диктаторларға қолдау көрсетуi қателiк екенiн мойындаудан шаршамай жүрген Буш өз әрекетiнiң астарында америкалық қоғамға тиiмдi экономика мен қауiпсiздiк саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мүдделер жатқанын айтады. Демек, Қазақстан, Әзiрбайжан, Пәкстан, Египет пен Ливия сияқты өзге де мұсылман мемлекеттерiне қатысты ұстанатын саясаты да сол «экономика, қауiпсiздiк және қолдан жасалған «тұрақтылыққа» негiзделген».

«АЛАҒАН ҚОЛЫМ — БЕРЕГЕН…»

Қазақстанды Джефферсонның таңғажайыптар елiмен теңестiрген америкалық БАҚ-тың өткен аптада жарыса жазған бiр мәселесi: «Назарбаевтың сапары барысында қазақстандық үкiмет америкалық басылымдардың беттерi мен телеарналардағы жарнамалық уақытты сатып алды». Сондықтан болар, америкалық әрiптестерiмiз Қазақстан туралы хабарлар дайындап, жарнамалық мақалаларды жариялауда аянып қалмады: елдегi кедейшiлiк деңгейiнiң екi есеге дейiн төмендегенi, жұмыссыздар санының азайғаны, билiктiң қоғамда белең алған жемқорлықпен аяусыз күресiп жатқаны, салық кодексiнiң қайта қабылданғаны, «Сайлау туралы» заңға енгiзiлген өзгертулер, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға арналған мүмкiндiктер, «Болашақ» бағдарламасы, тiптi, лондондық сайқымазақ Саша Барон Коэннiң бүкiл қазақ халқын әлем алдында масқаралауға тырысқан әрекетiн («Борат» фильмi) жоққа шығарған мақалалар. Әрине, материалдардың барлығында дерлiк қазақ мұнайы, газы, өзге де жер асты, жер үстi табиғи ресурстарына баса назар аударылды. «Иә, Қазақстанда мұнай бар. Көп мұнай. Ресей мен Қытай көтергенiнше сатып әкетiп жатыр. АҚШ пен Батыс та солай жасағысы келедi. Америкалық «Halliburton» компаниясының Қазақстанға салған қаржысы көп. Бiрақ қытайлар, итальяндықтар, ағылшындар мен голландықтардың да құйған қаржылары америкалықтардан қалыспайды. Мүмкiн Құрама Штаттары бұл мәселеде белсендiрек болуы керек шығар?» («The Washington Post» газетi). «АҚШ үшiн Қазақстанның стратегиялық маңызы зор. Табиғи ресурстарға аса бай бұл мемлекет 2015 жылға қарай мұнай өндiру жағынан Иранды қуып жетпек. Қазақстанмен көршiлес жатқан Ресей, Қытай, Ауғанстан және Иран сияқты елдер Американың бәсекелесi ғана емес, дұшпаны да. Тұрғындарының басым бөлiгi мұсылман болып табылатын бұл елдiң (Қазақстан – Н.Ж.) орны бөлек болуы сондықтан» («Los Angeles Times» газетi). Бiр қызығы, президентке де, Капитолийге де бас имейтiн, сөз бостандығы мен адам құқығын барлық құндылықтардан жоғары қоятын америкалық журналистер Қазақстанды бiр жағынан мақтаса, бiр жағынан алақандарына ақша салған қазақстандық билiктiң жүйкесiн қытықтайды: «Мемдепартамент Қазақстанды «нәтижелi реформалар дәлiзi» деп атаса да, оның қарсыластары «Қазақстан – кезектi жемқор да мұнайға бай мемлекет… Ал вице-президент Чейнидiң қазақ елiнiң Астанасында болуы бiздi ең нашар ойларға жетелейдi: бар мәселе Қазақстанға емес, тек мұнайға тiрелiп тұр. Мүмкiн «Halliburton» компаниясының кiрiсiне қатысты шығар» дейдi» («The Washington Post»). «Вице-президент Дик Чейни осынау мұнайға бай орталықазиялық елге көктемде келгенде Қазақстандағы «саяси дамуға деген ризашылығын бiлдiрген болатын. Бiрақ оның сапарынан небары 1 күн бұрын ғана осы авторитарлық мемлекет Қазақстандағы демократияны дамыту жөнiндегi 2 америкалық ұйымның жұмысына тыйым салған едi. Америкалық өкiлдер Қазақстан үкiметiн өз шешiмiн бас тартуға үгiттеуге тырысса да, наразылықтарын ашық бiлдiрген емес. Екi ұйымның жабылып қалуы Буш әкiмшiлiгiнiң қоғамдағы жемқорлықпен, сайлаулардағы заңсыздықтармен, адам құқығының аяққа тапталуымен (оған жұмбақ жағдайда көз жұмған 2 оппозиционердiң өлiмiн қосыңыз) аты шыққан елге деген стратегиялық жоспарының тұрақсыздығын көрсетедi» («The New York Times»). Осы орайда, «The New York Times» газетi қазақстандық сарапшы Евгений Жовтистiң сөзiн мысалға келтiрiптi: «Адам құқығының 4 жауы бар: мұнай, газ, лаңкестiкпен күрес және геосаяси ахуал. Бұлардың барлығы да бiзде бар».

МҮДДЕЛЕР ТАРТЫСЫ

Сапар барысында америкалық конгрессмен Эни Фалеомаваега ҚР Президентi Назарабевтың кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну керек деген пiкiр бiлдiрдi. Бұл ұсынысты iлiп әкеткен америкалық миллиардер, медиа-магнат, «Ядролық қауiптi қысқарту жөнiндегi бастама» қорының басшысы Тед Тернер: «Сiз бүкiл әлемге керемет өнеге көрсеттiңiз. Сондықтан бiз сiздiң серiктесiңiз болғанымызды мақтан тұтамыз» дедi. Атом саласын дамытуға жанталаса кiрiскен Пәкстан, Үндiстан мен Иранды тезге салуға дәрменсiз АҚШ Қазақстанның Кеңестiк заманнан мұраға қалған аса мол ядролық арсеналдан өз еркiмен бас тартқанына (Американың ұсынысымен) да разы. Әрине, қазақ басшының сапарын америкалықтардың барлығы қуана құптады десек, артық айтқандық болар едi. Қазақстан Президентiнiң демократияны ту еткен иммигранттар елiне келуiне наразылық танытқандар да жетерлiк. Пентагон Иракқа қарсы соғыс ашқанда көмек ретiнде өз бiтiмгерлерiн жiберген, америкалық әскерлер Ауғанстанға басып кiргенде әуе кеңiстiгiн АҚШ ұшақтары үшiн ашып қойған Қазақстанға америкалықтар риза. Есесiне, Ресей ер-тұрманын бауырына ала тулап жатыр. Күнi кеше ғана Думаның қарауына жiберiлген құпия құжатта АҚШ ұйымдастырғалы отырған Ресейдегi төңкерiстiң алдын алу шаралары қарастырылыпты. КСРО құрамында болған одақтас республикаларға «ағалық» етудi кеңестiк заманнан қалған мұра ретiнде қарастыратын Кремль Вашингтонның қазақтарға жылышырай танытқанына алаңдайды. «Табиғи ресурстарға аса бай Қазақ елi уысымнан шығып кетпесiн» деп. Iргемiзде күннiң райын бағып аспан астындағы алып аждаһа жатыр. Қазақтардың қолындағы «майлы жiлiктен» ұлттық саясатын ғасырлап жүргiзетiн қытайлардың да дәмесi бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ