«ҚАЗТРАНСОЙЛДЫҢ» МАҚСАТТАРЫ...
«ҚАЗТРАНСОЙЛДЫҢ» МАҚСАТТАРЫ...
Қазақстандағы мұнай тасымалы дегенде, ең алдымен сыртында «ҚазТрансОйл» деген жазуы бар құбырлар мен резервуарлар көз алдыңызға елестейтiнi хақ. Өйткенi, елдегi мұнай-газ өнiмдерiнiң тасымалымен негiзiнен «ҚазТрансОйл» компаниясы айналысады. Айналысқанда да, өз жұмысын абыроймен атқарып келедi. Қазақстанда өндiрiлетiн мұнайдың 60 пайызын өз магистральдi құбырлары арқылы тасымалдайтын, қара алтынды экспортқа шығаратын немесе мұнай өңдеу зауыттарына тiкелей жеткiзiп беретiн компания 2006 жылға алдына бiраз мiндеттер қойған едi. 36 650 мың тонна мұнай мен 17 335 мың. текше метр суды 23 648 млн.тонна шақырымға дейiн жеткiзiп берудi ол мiндеттердiң негiзгiлерi деп атасақ болады.
ЖОСПАРЛАР, ЖОСПАРЛАР, ЖОСПАРЛАР…
Компанияның болашақтағы дамуын артыру үшiн Директорлар Кеңесi 2005 жылдың 1 желтоқсанында «Акционерлiк қоғамның құндылығын арттыру жөнiнде» келiсiм түздi. Осы шара аясында «ҚазТрансОйл» 2025 жылға дейiнгi ұзақ мерзiмге бағытталған қаржылық-экономикалық моделiн қалыптастыруды көздеп отыр. Қаржылық-экономикалық моделдiң негiзгi тұстары компанияның бюджетi түзiлер кезде және бизнес жоспары жасалынар уақытта алғышарт ретiнде қарастырылмақ. Осының арқасында, Акционерлiк қоғам басқарудың стратегиялық және операциялық деңгейiн бiрiктiредi.
Қоғамның стратегиялық дамуы аясында жүзеге асырылар тағы бiр жайт: шығын көлемiн қайта қарастыру. Осы мәселеге орай, 2005 жылдың желтоқсан айында «ҚазТрансОйл» бюджеттiк басқару жүйесi бойынша, активтер мен түсiмдер жайлы, шығындар базасындағы есеп бойынша методологиялық база қалыптастыратын болып шешкен. Мұны SAP R|3 ақпараттық қолдау жүйесi арқылы жүзеге асырмақ. Ал осы бағдарлама арқылы Акционерлiк қоғам қызмет көрсету саласы мен ресурстар, активтер мен бизнес процестерге жұмсалған қаржыны анықтап, сараптап отыру мүмкiндiгiне ие болмақ. Бiр сөзбен айтқанда, шығындарды реттеп, бизнес процестердi қайтадан қарастыруға көмектеспек.
Айтпақшы, Қазақстан Президентiнiң мегахолдингтердiң «кәсiбiнен тыс» функцияларын орта және шағын бизнеске алып беру жөнiнде бастамасын жүзеге асыруда да «ҚазТрансОйл» Бағдарлама түзген. 2005 жылдың желтоқсан айында «ҚазТрансОйл» Акционерлiк Қоғамы активтерiн қайта қарастырып, Президент бастамасын сай жарақтау жөнiнде арнайы Бағдарлама жасап, бекiттi. Естерiңiзге сала кетсек, Президент: «Мегахолдингтер Елдiң Жалпы Iшкi өнiмiнiң 80 пайызын қадағалайды. Көптеген компаниялар ол функцияларын тек құрамдас компанияларға бере салған. Сөйтiп, бәрi де сол қалпында қалды. Толықтай ревизия жасау керек» деген едi. «ҚазТрансОйл» бұл бағытта тұшымды iс атқарып отыр. «ҚазТрансОйл»-дың енгiзген бағдарламасы Акционерлiк қоғам үшiн активтердiң тиiмдi әрi ашық қоғамын қалыптастыруға септiгiн тигiзедi. Акционерлiк қоғамның құрылымын оптимизациялаудың негiзгi принципi құрамдас компаниялардың «кәсiбiнен тыс» функцияларын Қазақстан Республикасының арнайы Заңдарына сәйкес жүзеге асыру. Бұл құрамдас компаниялардың дамуына, әрi олардың өз кәсiби саласымен айналысуына мүмкiндiк бередi.
ӨНДIРIСТIК ОБЪЕКТIЛЕРДI ҚАЙТА ЖАНДАНДЫРУ
«ҚазТрансОйл» өзiнiң өндiрiстiк объектiлерiн қайта жарақтап, оны замануи технологиялармен қамтуға да аса жiтi көңiл бөлiп отыр. Мәселен «Атасу» мұнай айдау станциясына аса назар аударылуда. Өйткенi, Батыс Сiбiр мен Құмкөл мұнайы тоғысатын «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының дұрыс жұмыс iстеуiне осы «Атасу» станциясының әсерi мол. Мұнай құбыры жыл бойында дұрыс қызмет атқарвп, қыстыңгүнi трубалардың тоңып қалмауы үшiн станцияда 2-комплекс пайдалануға берiлмек. Атасу станциясындағы өрттi сөндiру жүйесiн де жаңалау үшiн маңызды iс атқарылуда. Негiзi, мұнай тасымалы өте күрделi iс. Қазiргi мұнай тасымалы саласындағы бәсекенi ескерсек, көрсетiлетiн қызмет түрi аса сапалы болуы керек. Ал сапаның белгiсi ретiнде жүктi қабылдап алғаннан оны дiттеген жерiне апарғанға дейiн «аманаттың» аса сенiмдi қолда болғанын көрсету. Бiр сөзбен «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға соқтырмай» жеткiзу. Осы мақсатты орындау үшiн «ҚазТрансОйл» Акционерлiк Қоғамында мұнай құбырларының жағдайын дұрыстап зерттеу, жөндеу тәсiлдерi кеңiнен қолданылады. Құбырдың iшкi жағдайын анық бiлу үшiн оған арнайы қондырғылар қондырылады. Жөндеу жұмыстары да сапалы жүргiзiледi. 2006 жылы «ҚазТрансОйл» 119 шақырымға созылған «НПС3-Қосшағыл» бағытында жүретiн магистральдық мұнай құбырына диагностикалық жұмыстар жүргiздi.
Осы жылы «ҚазТрансОйл»-дың Шығыс және Батыс қазақстандық бөлiмдерi 29 резервуарға арнайы диагностика жүргiзбек. Құбырлардың ақау тұсын алдын-ала бiлiп, сапалы жөндеу жұмыстарын қай кезеңге реттеуде осындай диагностиканың әсерi күштi.
Магистральдық құбырлардың кешендi түрде даму жүйесi бағдарламасы аясында «ҚазТрансОйл» компанияның негiзгi өндiрiстiң бөлiмдерiн қайтадан жарақтап, заманауи кейпке енгiзбек. Осы мақсатта «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырында қайта құру жұмыстары жүргiзiлуде. Осы жылы компания «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырының 148 шақырымында жөндеу жүргiзiлiп, 1152-1191 шақырым аралығындағы мұнай құбырлары ауыстырылмақ. «Құлсары-Теңiз» су құбырының 20-40 шақырымындағы мұнай құбырлары жаңартылмақ.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖҮЙЕСIН ЕНГIЗУ
Жалпы, «ҚазТрансойл» өзiнiң өндiрiстiк объектiлерiнде жаңа техника енгiзуге ықыласты. Бұл өндiрiстiк қуат пен тиiмдiлiктi арттыратын шара. 2006 жылға диспетчерлiк бақылау мен басқару (SCADA жүйесi) жүйесiн енгiзудi бiтiру жоспарлануда. Бұл құрылғының қазiргi жағдайы мен технологиялық ахуалын бақылауға, ақпаратпен қамтуға мүмкiндiк бередi.
2006 жылы мынадай жайттар жасалынбақ:
— SCADA жүйесiн бiртiндеп, 19 мұнай айдау станциясына енгiзу;
— тесiктерi бар жерлердi табатын жүйенi енгiзу;
— Акционерлiк қоғамның 10-диспетчерлiк бөлiгiнде SCADA жүйесiн енгiзудегi кейбiр жұмыстарды жүргiзу;
— Линиялық телемеханиканың жүйесiн SCADA жүйесiмен бiрiктiру, қысым айқындау жұмысын жүргiзу, резервуарлар деңгейiн тексеру, мұнайдың коммерциялық есебi жүйесiн есепке алу, станциялық объектiлердiң қауiпсiздiк жүйесiн қамту;
— SCADA жүйесiн SAP R|3, ГИС, АСКУТСР жүйесiмен бiрiктiру;
—Диспетчерлiк бақылау мен Қоғамды басқарудың (ГДУ- ЦДП- РДП- МДП) жүйелерiне иерархиялық жүйенi енгiзу. Бұл 2006 жылдың соңына дейiн аяқталады.
«ҚазТрансОйл» Батыс аймағына «Маңғыстау- Астарахань» су құбыры арқылы су тасымалдап отыр. Негiзi, компания осы су құбырының иесi болып табылады.Тек сумен ғана қамтып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтiк жағдайды шешуге де құлық танытып отыр.
Осы жылдың басында компания басшылығы облыс басшылығымен келiсiп, Маңғыстау халқын қолдау iс шарасы аясында тасымалданатын су құнын арзандатты. Ендi, Жылой ауданы тұрғындары судың текшеметрiн жиырма теңгеден алады. Бұған дейiн оның құны 47 теңгеден көп едi. Ал «Құлсарысуканал» су беретiн кәсiпорыны оның құнын тiптi 53 теңгеден берiп келген. Аудан әкiмiмен, «ҚазТрансойл» , «ҚазМұнайгаз» компаниясы арасындағы келiсiмдерден кейiн, «Құлсарысуканал» су беретiн кәсiпорыны ендi судың әр текшеметрi үшiн 37,8 теңгеден алады.
«ҚазТрансОйл» компаниясы жүз пайыздық акциямен республиканың меншiгiнде бола отырып, елдiң индустриалды-инновациялық саясатын жүргiзiп келедi.
Гүлнәр Мұқанова