ЛАКШМИ МИТТАЛДЫҢ АЛДЫНДА ҮКIМЕТ ДӘРМЕНСIЗ
ЛАКШМИ МИТТАЛДЫҢ АЛДЫНДА ҮКIМЕТ ДӘРМЕНСIЗ
Бүкiл әлемге бейбiтшiлiгiмен аты шыққан Қазақстанда соңғы он неше жылдың көлемiнде бейбiт шерудiң өзi болып көрмептi.
Ал, он күндей уақыт ереуiлдеткен кеншiлер кiм-кiмдi де састырғанға ұқсайды. Мәселенiң байыбына барсақ, 20 қыркүйекте Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтадағы жарылыстан 41 адам қаза тапқан едi. Әрiптестерiн жер қойнына бергеннен кейiн, шахтерлар жұмыс iстеуден бас тартты. Дәлiрек айтқанда, 25 қыркүйекте жарылыс болған күнгi ауысымның 36 кеншiсi жер бетiне көтерiлуден, таңғы ауысымның кеншiлерi жер астына түсуден бас тартқан. Кеншiлердiң басты талабы – жалақыны көбейту, құрал-жабдықтарды жаңалап, еңбек қауiпсiздiгiн бекемдеу және зейнет жасын қысқарту. Дәл мұндай бұқаралық толқу Қарағандыда осыдан 16 жыл бұрын орын алған екен. Әлi тәуелсiздiгiн алып үлгермеген Қазақстанның кеншiлерiн сол кездегi Компартияның Орталық Комитетiнiң хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев келiсiмге шақырыпты.
БҰНЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯҒА ЖАТҚЫЗУҒА БОЛА МА?
Қызығы, кеншiлер бұл ереуiлге ешкiмнiң ұйымдастыруынсыз-ақ стихиялы түрде шыққан. Бiр-бiрiнен естiген Шахтинск маңындағы 8 шахтаның кеншiлерi бiрiн-бiрi қолдау мақсатында Шахтинск қаласының әкiмшiлiгi алдына жиналған. Алғашқы күнi 2 мыңға жуық шахтер ереуiлдесе, күн өткен сайын оның қарасы артып келедi. Өз құқықтарын талап етiп, бас көтерген олардың санын әркiм әртүрлi айтып жүр. Кейбiр ақпарат көздерi ереуiлдеткендердiң санын – 35 мыңға жеткiзсе, екiншiлерi – 15 мың дейдi. Қалай дегенмен де, бұл қалың бұқараның бас көтеруi болып отыр.
Бұқараның жаппай аяқ асты бүлiнуiнен атқарушы билiк те сескенсе керек, тез арада келiсiм комиссиясын құрып, оған облыс әкiмi Нұрлан Нығматуллиндi жетекшi етiп сайлады. Әр шахтадан 5 адамды өкiл еткен келiсiм комиссиясына, сондай-ақ, депутаттардан, «Қорғау» кәсiподақ мүшелерiнен, «Миттал-Стил-Темiртау» компаниясынан өкiлдер енген. Әр күн сайын келiсiм комиссиясының бiр мүшесi ереуiлдеушiлер алдына шығып, келiссөздердiң қалай жүрiп жатқаны туралы есеп берiп отырады.
Ереуiлдеткен шахтерлар алдына шығып сөз сөйлеген облыс әкiмi Нұрлан Нығматуллин билiктiң жұмысшыларды қолдап отырғанын, «Миттал-Стил-Темiртау» АҚ иесi Лакшми Митталмен арадағы келiссөздiң ауыр жағдайда өтiп жатқанын жеткiзген едi.
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, келiсiм комиссиясы Лакшми Митталға кеншiлердiң талабын орындау қажеттiгi жөнiнде талап хат жолдаған көрiнедi. Ал, сейсенбi күнi, яғни 3 қазанда Лакшми Миттал келiсiм комиссиясына келiп қандай шешiм қабылдағаны жөнiнде мәлiмдеуi қажет-тұғын. Алайда, Лакшми Миттал келiсiм комиссиясын да, халықты да, Үкiметтi де мiсе тұтпайтындығын танытып, межеленген мерзiмде уәделi жерге келмей қалды. Алып-ұшты хабарларға сенсек, компания басшысы жалақыны өсiруге келiскен сыңайлы, бiрақ, кiмге қанша дәрежеде өсiру қажет. Осы олардың басын қатты ауыртып отырғанға ұқсайды.
Қазiргi жағдайда кеншiлердiң алатын жалақысы 35-40 мың теңгенiң көлемiнде, келiсiм комиссиясының да, кеншiлердiң де талабы бойынша, жалақының ең жоғарғы шегiн 120 мыңға дейiн көтеру қажет. Кейбiр деректер бойынша, шахтерлардың арасында 20 мыңмен де жұмыс iстеп жүргендерi бар көрiнедi. Олар жалақысын 50-60 мыңға көтерсе деген тiлекте. Сондай-ақ, кеншiлер баяғыдағыдай 50 жасында зейнетке шығаруды талап етiп отыр. Қазiргi Қазақстандағы зейнет жасы – 63. Шахтерлар сияқты ауыр еңбек иелерiнiң мерзiмiнен бұрын зейнетке шығуы қарастырылмаған. Сондай-ақ, өзi азын-аулақ еңбекақыны кеншiлер жоспарланған көмiрдi өндiрген жағдайда ғана алып келген. Сол себептi де олар жоспарлы түрде емес, 8 сағаттық еңбек кестесiне көшiрудi талаптарының бiрi ретiнде қойып отыр.
Лакшми Митталды дегенiне көндiре алмай отырған Үкiметтiң әлсiздiгiн немен түсiндiру керек? Менiңше, шетел инвесторларына қолданып отырған тым жұмсақ саясатпен түсiндiрген жөн шығар. Өйткенi, Инвесторлар туралы заңда шетелдiк алпауытқа жергiлiктi жұмысшылардың құқығын аяқасты етпеу, еңбекақысын жемеу және шетелдiк жұмысшылармен тең дәрежеде төлеу, олардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту, еңбек қауiпсiздiгiн бекемдеу туралы шарттар жоқтың қасы. Заңның әлсiздiгiн пайдаланған шетелдiк инвесторлар қойны-қонышы толған байлығымызды еселеп тонап жатса да, жон арқасын көрсетiп, iрiлiк танытады. Өзге түгiлi олардың алдында Үкiмет әлсiз.
Қалай дегенмен де, бұл ереуiлдi кейбiр ақпарат құралдары экономикалық революцияның басы деп атап жiбердi. Әлемдегi революциялардың тарихына көз жiберсеңiз, қай-қайда да әлеуметтiк фактор басты рөл атқарып келген. Қарағанды кеншiлерi көзiн тырнап ашып, таңның атысы, күннiң батысы демей, жанын шүберекке түйiп, еңбектiң ауыр азабын татып жүрiп, 200 долларға әзер қол жеткiзсе, ауырдың асты, жеңiлдiң үстiмен 365 мың долларды айына асайтындардың мәлiм болуы да, олардың жарасына тұз себе түскен сыңайлы. Елiмiздегi осы бiр әлеуметтiк теңсiздiктiң соңы лаңға айналмасына кiм кепiл. Сондықтан да, кеншiлердiң алдына түсiп, олардың ереуiлдетуiне жол берiп, кiнәнi шетелдiк инвесторға аудара салуға дайын тұрған Қарағандының атқарушы билiгiн түсiнуге болатын сынды. Олар мәселенiң ушықпауына мүдделi.
ЛАКШМИ МИТТАЛ КIМ?
Лакшми Миттал – қазақ қоғамы үшiн жұмбақ тұлға. Бiзге белгiлiсi – оның Қазақстандағы 8 миллиардердiң бiрi екенi, Қарағанды көмiрiн бауырына басқандығы. Тегi үндiлiк, қазiр – Ағылшын азаматы. Қазақстанға келгелi тура он жылдан асты. Яғни, экономика тұралап, нарықтың екi өкпеден қысып тұрған қысымшылық кезiнде келген. Бәлкiм сондықтан болар Қарағанды көмiрi оған су тегiн тидi десе де болғандай. Алайда, Лакшми Миттал келгелi Қарағанды шахталары жарылыстан көз ашпай отыр. Осыдан екi жыл бұрын 21 кеншi мерт болғанда, бұны ең ауыр қасiретке бағалаған едiк. Елбасы дәл сол кезде Митталды кеншiлердiң айлығын 20%-ға көтеруге көндiрген.
Қазiр 12 мыңға жуық кеншi жер астында жұмыс iстейдi. Былтырғы жылдың өзiнде олардың 300-ге жуығы әртүрлi жарақат алса, биыл аталған жарылысқа дейiн де 5 кеншi қаза болған. «Ассошэйтед агенттiгiне» сұхбат берген кеншiлердiң бiрi мұндағы құрал-жабдықтардың 20 жыл бойы жаңартылмағандығын айтқан.
Лакшми Митталдың бүгiнде жеке капиталы 30 миллиард долларды құрайды екен. Бұның қаншасы Қарағанды көмiрiнiң арқасында еселенгенiн ешкiм тап басып айтып бере алмайды. Алайда, Миттал жергiлiктi жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, олардың заңды талабын орындауға құлықсыз. Митталдың аты әлемге банкротқа ұшыраған кәсiпорын, өндiрiс орындарын сатып алып, оның жұмысын жандандырып жiберетiндiгiмен шыққан екен. Бiрақ, ол жүрген жерде үнемi әлеуметтiк мәселелер ушығып кететiн болған. Мәселен Польша өнеркәсiбiнде де дәл бiздегiдей мәселелер орын алып отыр. Сондай-ақ, Миттал ықпалды саясаткерлердi де тақырға отырғызып кетедi екен. Мәселен, Англиядағы лейбористер партиясын, оның жетекшiсi Тони Блэрдi 125 мың фунт шығынға ұшыратқан деген қауесет те бар.
Лакшми Митталды қайғылы оқиғадан кейiн теледидардан бiр-екi көрсеттi де. Алайда, бiзге оның түр-тұлғасы апатқа ешқандай қынжылыс бiлдiрiп тұрмағандай әсер қалдырды.
Р.S. Жарылыс салдарын анықтау үшiн құрылған үкiметтiк комиссия да өз жұмысын қорытындылады. Комиссия төрағасы, Төтенше жағдайлар министрi Шалбай Құлмахановтың айтуынша, жарылысқа кеншiлердiң өздерi кiнәлi. Сөйтiп, 23 адамның тiзiмiн берген. Олардың үшеуi, өкiнiшке қарай, көз жұмғандардың арасында. Кiнәлi деген төрт адам қамауға алынды. Олар шахтаның бас механигi мен бас инженерi және Миттал-Стил Темiртау компаниясының бас директоры. Яғни еңбек қауiпсiздiгi бұзылған деген айып тағылып отыр. Егер, бұл адамдардың кiнәсi анықталса, олар 5-6 жылға бас бостандығынан айрылмақ.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Сәрсенбi күнi «Миттал-Стил-Темiртау» АҚ бас директоры Лакшми Миттал ереуiлшiлердiң талабын орындауға келiсiп, шахтерлардың жалақысын биыл 20%-ға, келесi жылы тағы да 10%-ға көтеруге келiскен. Ал, түстен кейiн ол ереуiлдеушiлердiң алдына шығып, арнайы мәлiмдеме жасады. Миттал ереуiлшiлер алдына келгенше шахтерлар ереуiлдеуiн тоқтатпаған.
Сондай-ақ, Мәжiлiс депутаттары Шәймерден Оразалинов, Владимир Нехорошев Лакшми Митталды өндiрiстiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етпегендiгi үшiн сотқа тарту жөнiнде депутаттық сауал жолдады. Олардың мәлiметi бойынша, Лакшми Миттал иелiк еткелi Қарағанды шахталарында 6000-ға жуық апат орын алған екен.
Есенгүл Кәпқызы