ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI САЯСАТТАН ТЫСҚАРЫ ЕМЕС
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI САЯСАТТАН ТЫСҚАРЫ ЕМЕС
Гендерлiк саясатты сөз етiп, мәселе көтеру соңғы кездерi сәнге айналды. Бұл үрдiс, әсiресе, үкiметтiк емес ұйымдарға қатысты. Шын мәнiнде, қазақ әйелiнiң саясаттан тыс, кенде қалып жатқан кезi жоқ. Сенбесеңiз, кез келген ауылға барыңыз да, мал-жанын бағып қана тiршiлiк етiп отырған қарапайым әйелдi сөзге тартыңыз. Үкiметтiң қазiргi саясаты туралы қандай пiкiр айтатынын өз құлағыңызбен естiңiз. Мұндай шынайы пiкiрдi еш газеттен оқып, ешбiр телеарнадан ести алмауыңыз да мүмкiн. Ал сөздiң шындығына келер болсақ, қазақ әйелi қазан-ошағын ұмытпай-ақ саясатқа араласып жүр. Оған ең әуелi жұртттың көз алдында жүретiн журналист қыздарымыз дәлел.
Осы орайда, “Хабар” телеарнасының белдi жүргiзушiлерiнiң бiрi Қымбат Хангелдинаны мысалға алсақ та жетiп жатыр. “Дилемма” хабары көрерменнiң жылы ықыласына ие болды. Қазiр Қымбат “Вся страна” хабарын жүргiзедi. Тележүргiзушi-журналист ролiнде Қымбатқа қай тақырып та тосын емес, десе де оған ең әуелi адам тағдыры, халықтың әлеуметтiк жағдайы жақын екендiгi байқалады. Журналистiк Қымбатқа отбасында дарыған өнер десе де болғандай, өйткенi оның әкесi Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Садықбек Хангелдин студент кезiнен Қызылорда радиосында диктор болып қызмет етiп, кейiн Алматы облыстық радиосын басқарған.
Қымбат журналистiк қызмет жолын “Қазақстан” телеарнасында диктор болып бастап, “Ақшам”, “Шапағат” ақпараттық бағдарламаларында бiраз жыл жүргiзушi әрi журналист болып қызмет атқарды. Кейiн “Хабар” агенттiгiне жаңалықтар жүргiзушiсi болып ауысты.
Тележурналистiң өмiрi күн-түн таңдамай көбiне студияда немесе монтаж бөлмесiнде өтiп жатады. Кейде таңғы сағат бесте тұрып жұмысқа барып, кейде түн ортасы ауа үйге қайтып жүрсе де, Қымбат үшiн отбасылық берекенiң бұзылмауы да қымбат. Үш ұл, бiр қыздың анасы балаларының сабағына көңiл бөлiп, тәрбиесiн қадағалауды естен шығарған емес.
Қымбат – қазiргi заманғы әйелдiң жиынтық бейнесi десе де болғандай. Әйелдiң күнделiктi қым-қуыт тiрлiгiне қоса журналистiк жұмысын қатар алып жүрiп те, қоғамдық жұмыстан тыс қалған емес. Мұның бiр дәлелi – Қымбат 2004 жылғы Мәжiлiс сайлауында “Асар” партиясының атынан туған қаласы Қызылордадан Мәжiлiс депутаттарының сайлауында сынға түстi. Қазақтың арыстай азаматы Тоқтар Әубәкiров жеңiске жеткен сайлау округiнде Қымбат он үш үмiткердiң iшiнде үшiншi болып мәреге келдi. Айқын жеңiске қол жеткiзбесе де, алғашқы аламан бәйгесiнде халықтың ықыласына бөленуiне Қымбаттың адамдармен тiл табыса бiлетiн ашық-жарқын мiнезi мен әлеуметтiк бағдарламасы себеп болды деп топшылауға негiз бар.
Бiр қызығы, Қымбат сайлауға түспей тұрғанда-ақ телеарна мекен-жайына оның атына республиканың түкпiр-түкпiрiнен ашынған, көмек сұраған, ақыл-кеңес айтуын өтiнген хаттар көп түсiп жатады екен. Шамасы, күнде кешкiсiн “Жаңалықтардан” бет-жүзiн көрiп отырған алыстағы ағайын Қымбаттың өңiнен әлдебiр жанашырлықтың белгiсiн оқитын болуы керек. Қымбаттың әлеуметтiк бағдарлама жасап, сайлауға түсуге бел байлауына осы хаттар да ықпал еткен болар, бәлкiм.
Қымбат өткен сайлауды тек алдағы сындарға дайындық деп есептейдi. Алла жазса, келесi сайлауда тағы да бақ сынап көретiн ойы бар. Әйелдiк, аналық, қоғамдық мiндеттерiн қатар атқарып жүрген азамат үшiн бұл – алынуы тиiс алдағы асулардың бiрi ғана шығар.
Дана МАДЕЕВА