Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ АСЫҚПАЙЫҚ ДЕЙДI

ашық дереккөзі

ПРЕЗИДЕНТ АСЫҚПАЙЫҚ ДЕЙДI

Демократиялық реформалар жүргiзу үшiн бағдарламалар түзудi мойнына алған Мемлекеттiк комиссияның отырысына бұл жолы Президенттiң өзi қатысты. Назарбаев комиссияның алғашқы отырысына төрағалық етсе, екiншi отырыстың модераторы Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбiдкәрiмов болған едi.

Ендi, үшiншi жиылысқа Президенттiң өзiнiң келгенiн пайдаланған комиссия мүшелерi көсiлiп-ақ бақты.

Мемлекеттiк комиссияның өткен отырысында Қазақстанның аудандары мен қалаларының 30 пайызында сайлау өткiзу жайы айтылған. 2006 жылы болатын сайлауды өткiзу жергiлiктi мәслихаттардың мойнына жүктелмек едi. Президент бұл жолы осы сайлау мәселесiне бiраз назар аударды.

Елбасының сөздерiнен билiктiң сайлауға деген көзқарасының әлi де болса «жетi рет өлшеп, бiр рет кесу керек» деген принципке сай екендiгiн аңғардық. «Асығыстық болмауы керек» дейдi Президент. Сайлау деген сөз тiлге оралғанда, трайбализм факторын алға тартатын мысал бұл жолы да тыс қалмады. «Ауылда ана атаның баласы, мына атаның баласы шоғырланған жерлер бар. Мұның бәрiн бiз жақсылап ойлануымыз керек. Эксперимент жасап көрелiк. Халық әрi қолдап әкететiн болса, көрермiз» дейдi ол. Сонымен, елдiң 49 ауданы мен 10 қаласының әкiмдiгiне осы жылдың iшiнде сайлау өткiзiлмек.

Бiрақ, бiр қызықты жерi, сайлау құпия дауыс беру әдiсi бойынша жүзеге асырылмақ. Жергiлiктi жерлердегi мәслихат депутаттары сайлаушы ретiнде рөл атқармақ. Сол мәслихат депутаттарынан құралған сайлаушылардың 50 пайызының дауысына ие болған кандидат әкiм атанбақ. Сайлау деген аты болмаса, бұл сайлаулар тiке емес, жанама түрде өтпек. Президент қазiргi күнi бiзге тiке сайлау емес, жанама сайлау қажет деген ойын жеткiзгiсi келдi. Тiке сайлаудың тиiмсiз көрiнiп қалған тұстарынан мысалдар келтiрдi.

Жергiлiктi жерлерде сайлау өткiзiлген күннiң өзiнде, мәслихат депутаттарының көмегiмен сайланған әкiмдердiң орталықтың алдынан көлденең өткiзiлмейтiнi де байқалып қалды.

Демократиялық реформаларды тереңдету, ел өмiрiне саяси өзгерiстер енгiзу жоспарын жасау Үкiмет мойнына жүктелгендiктен, премьер Ахметов жиылғандарға есеп берiп, 2006 жылғы жоспарлармен таныстырды. Ескертпелер де айтылды. Бiрақ, сүйiктi премьердiң құрған жоспары комиссия тарапынан жоғары баға алды.

Саяси реформаларды жасау үшiн Конституцияға өзгерiс енгiзу керек деп есептейтiндер Елбасының ондай ауқымды өзгерiске бата бермейтiнiн аңдады. Себебi, Президент «талқыланған жоспардың қазiргi Конституция негiзiнде де жүзеге асырылуға болатынын» шегелеп айтты. Президент ұстанымының осылайша болатыны талас тудырмайтын да едi.

Батыста азаматтық қоғамның негiзгi қозғаушы күшi деп есептелiнетiн үкiметтiк емес ұйымдарды Қазақстанның барынша өз бақылауында ұстауға талпынатыны да отырыс кезiнде аңғарылды. Әрине, елде мұндай тенденция бұрыннан да бар едi. Бiрақ, бұл жолы Елбасы ол мәселенi шегелеп айтты. «Үкiметтiк емес ұйымдардың құқықтық негiзiн дұрыстап қарастыру керек. Олардың қалай құрылатыны, қалайша жұмыс iстейтiнi назарда болуы қажет. Бұл, әсiресе, шетелдiк ұйымдарға қатысты дүние» деген Елбасы үкiметтiк емес ұйымдардың көршi елдердегi рөлiне тоқталды.

Гүлнәр Мұқанова