Жаңалықтар

БҰЛ – ОТАҒАН САЙЫН ҚАУЛАЙ ТҮСЕР ҚАРАСОРА МА? БIЗДЕГI СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ОСЫЛАЙ СИПАТТАУҒА БОЛАДЫ

ашық дереккөзі

БҰЛ – ОТАҒАН САЙЫН ҚАУЛАЙ ТҮСЕР ҚАРАСОРА МА? БIЗДЕГI СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ОСЫЛАЙ СИПАТТАУҒА БОЛАДЫ

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды бiз ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып қабылдадық. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс пен Әкiмшiлiк қылмыстық бұзушылықтар туралы кодекске арнайы өзгертулер енгiзiлдi. Бiрақ заңның қағаз жүзiнде қабылдануы бар да, оның өмiрге енiп, жұмыс iстеуi бар. Бiзде заңның орындалуы он бес жылдан берi оңала алмай келе жатқан iс.

Бұл аз болса, бiзде мемлекет қызметкерлерiнiң Ар-намыс Кодексi бар. Оның үстiне, 2006-2010 жылдар аралығын қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мемлекеттiк бағдарлама қабылданған.

Жемқорлықтың тамырын жою мақсатымен Елбасы барлық мемлекеттiк қызметкерлердiң, оның iшiнде құқық қорғау, сот қызметкерлерiнiң айлық жалақысын тұрақты түрде өсiрiп отыру жөнiнде мәселенi ұдайы көтерiп келедi. Бiрақ ағаштың өзегiне түскен құрт секiлдi, қоғамның өн бойына тамыр жайған жемқорлыққа бұл да тосқауыл болар емес.

Мемлекеттiк қызметкерлердi жұмысқа қабылдау әлдеқашан компьютерлiк тестiлеу арқылы сынақ түрiне көшкен, бiрақ бұл жерде де әзiр «бармақ басты, көз қыстының» дәуренi жүрiп тұр. Газет беттерiнде жиi жарияланатын «Әкiмшiлiк бос орындарға конкурс жарияланады» деген хабарландырулардың артында көбiне сол орынға әкiмшiлiк өзi дайындап қойған адамдар бар көрiнедi.

Айдың басында өткен Қауiпсiздiк Кеңесiнiң кезектi отырысында сыбайлас жемқорлық мәселесi кеңiнен талқыланып, Нұсұлтан Назарбаевтың өзi сөз сөйледi.

Елбасы жемқорлықты жою қажеттiлiгiн айта отырып, бiрқатар нақты мысалдарға жүгiнiп өттi. Республикадағы сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттiк органдар құрылымына дендей енгендiгiнiң мысалы ретiнде қаржы полициясының қызметкерi Қыстаубаевтың, IIМ орталық аппаратының қызметкерi Шамелевтiң, ОҚО Iшкi iстер басқарамасының департаментi басқарма бастығының орынбасары Ботанбаевтың, Алматы облысы кедендiк бақылау департаментi бастығының орынбасары Рамазановтың, «Қорғас» кеденiнiң басшысы Жұмабеков пен оның орынбасары Баймұхановтардың есiмдерi аталды.

Ақтау қаласында мемлекеттiк органдардың бiр топ басшылары Балалар үйiнiң ғимаратын жекешелендiрiп, тұрғын үйге айналдырған.

Бұл мысалдардың теңiз бетiндегi мұзтаудың ұшар басы секiлдi айқын дәлелденiп, баршаға мәлiм болғандары ғана екенi түсiнiктi. Ал су астында бiлiнбей жатқан құқық бұзушылықтар қаншама!

Осы жиында Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы А.Шабдарбаев, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiктiң төрағасы С.Қалмырзаев, Бас прокурор Р.Түсiпбеков баяндама жасады.

Амангелдi Шабдарбаевтың айтуынша, соңғы екi жыл iшiнде 84 лауазымды азамат сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша тұтқындалған. Ал осы құқық бұзушылықтардан қазынаға келген зиян бiр жарым жыл iшiнде 15 миллирд теңгеге жеткен.

Бас прокурор Рашид Түсiпбеков жемқорлықтың тамыр жаюына жергiлiктi әкiмдердiң өздерi жағдай жасап отыр деп мәлiмдедi. Олар жемқорлыққа қарсы заңға қайшы нормативтi актiлдердiң қабылдануына мүдделiлiк танытқан. Былтыр осындай жетi мыңнан астам заңсыз актiлердiң күшi жойылған.

Сарыбай Қалмырзаев жемқорлардың көбiне бюджеттен қомақты қаржы бөлiнген салаларға өш екендiгiн тiлге тиек еттi. Осы орайда ол «Қазтеңiзкөлiкфлот», «Қазақойл» компанияларын, «Наурыз» және «Валют-транзит» банктерiн мысалға келтiрдi.

Тағы бiр заңдылық – қолға түскендердiң денi департамент орынбасарлары, басқарма бастықтарының орынбасарлары. Яғни, көбiне өзгенiң «көсеуiнде» жүргендер ме дерсiң. Қазақ мұндайда «шелек жалаған тұтылды» дейдi емес пе?

«Шортан сытылып, шабағы тұтылды» – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес қолға алынғалы берi қалыптасқан жағдай осы.

Елбасы аталған iстер бойынша барынша жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргiзудi Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы Марат Тәжинге тапсырды. Сондай-ақ Қауiпiсiздiк кеңесiнiң құрылымында коррупцияға қарсы комиссия құрылды. Жаңа комиссия Президентке ай сайын есеп берiп отырады.

Арнайы нормативтi актiлерге қоса, жемқорлықпен күрестi күшейту мақсатында бiрқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жоспарланып отыр. Мемлекеттiк қызметке қабылданатын адамдарға деген талап күшейтiлмек.

Сыбайлас жемқорлық республикада жоғарғы, орта және төменгi деңгейде дамыған деп тұжырым жасауға негiз бар. Мемлекет байлығын талан-таражға салу, заңсыз қаулыларды қабылдатуға түрткi болу, салықтан жалтару немесе жалтаруға көмектесу – мемлекеттiк билiктiң ең жоғарғы сатыларында (жоғарғы лауазымды тұлғалар, министрлер мен ұлттық компания басшылары, сот, прокурор,) белең алған, ал орта (полицейлер, кеден қызметкерлерi, салық қызметкерлерi, департамент басшысы деңгейiндегi мемлекеттiк қызметкерлер) және төменгi (жергiлiктi әкiмдер, жоғарғы және орта бiлiм беру мекемелерiнiң басшылары мен оқытушылары) буындарда негiзiнен пара алу мен пара беру түрлерi кеңiнен таралған.

Сыбайлас жемқорлықтың тамыры қоғамның төменгi қабатынан ұшар биiгiне дейiн сабақтасып, тiзбектелiп жатқаны әркiмге-ақ аян. Кәдiмгi сан-мың бұтақтар таратқан бәйтерек секiлдi тармақтары көп. Бiр тармақтың ең төменгi буынында баласын оқуға түсiру үшiн қорадағы жылқысын сатқан ата-ана тұрса, жоғарғы буынында сол оқу орнының ректоры тұр. Әрине, қарапайым ата-ана ректормен еш уақытта жүзбе-жүз кездеспейдi, екеуiнiң арасында қаншама «арағайын»-делдалдар бар десеңiзшi.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесiмен тiкелей айналысып жүрген азаматтар бұл iстiң жылдан-жылға жанданып келе жатқандығын айтады, ал статистикалық мәлiметтердiң өсу себебiн жауырды жаба тоқу әдетiнен бiртiндеп арылып келе жатқандығымыздан деседi. Лайым солай болғай.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы арнайы заң актiлерiнiң қабылдануы, арнайы органдар мен кеңестер құрылып, ақпарат құралдарында тұрақты түрде мәселе көтерiлуi, тiптi Қауiпсiздiк Кеңесiндегi осы жиынның өзi – аталмыш дертпен күресудiң сыртқы пiшiнiн жақсы қалыптастырды, ал оның мазмұны қаншалықты мағыналы екендiгiне әлi көзiмiз жеткен жоқ. Себебi бұл бағытта нақты мысалдар ауызға iлiнбейдi, көзге түспейдi, ал бiрлi-жарым ұсақ-түйек қылмыстық iстер көңiлдi көншiтпейдi. Себебi Президенттiң өзi айтпақшы, «мемлекеттiк органдардың өздерi сыбайлас жемқорлық батпағына белшесiнен батқан».

Гүлбиғаш Омарова