Жаңалықтар

КИМЭП – ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ БIЛIМ ОРДАСЫ

ашық дереккөзі

КИМЭП – ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ БIЛIМ ОРДАСЫ

Өткен аптаның iшiнде, яғни сенбi күнi Республика сарайында Қазақстандағы жетекшi оқу орындарының бiрi КИМЭП бiтiрушiлерiнiң салтанатты жиыны өттi. Мерекелiк шара таңғы сағат 10-да бiтiрушiлердiң, профессорлар мен оқытушылардың Абай даңғылы бойындағы салтанатты шерумен басталды.

Салтанатты рәсiмге Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, Қамқоршылар кеңесiнiң мүшелерi, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкiлдерi, қазақстандық және шетелдiк iрi компаниялардың басшылары, қаланың ғылыми-педагогикалық мамандары өкiлдерi қатысты.

Салтанатты шара кезiнде болған оқиғаның бiрi – қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке КИМЭП-тiң «Құрметтi докторы» атағы берiлуi. КИМЭП-тiң президентi доктор Ч. Бэнг Алматы қаласының әкiмiне мемлекеттiк саясат және мемлекеттiк басқару саласы бойынша КИМЭП докторының дипломы мен мантиясын табыс еттi. Марапаттау рәсiмiнде институттың академиялық мәселелер бойынша аға вице-президентi М.Х. Рахман: «Әрбiр елдiң топ бастаған қайраткерлерi болады. Олардың көзқарас ауқымы мен қайраткерлiк қызметi миллиондаған адамдардың өмiрiне әсер етiп, қоғам мен елдi өзгертедi. Мұндай тұлғалардың бойында мол қажыр-қайрат, ертеңгi күнге деген жарқын көзқарас пен қалтқысыз сенiм болады. Қазақстандағы сондай бiрегей тұлғаның бiрi – Алматы қаласының мэрi Иманғали Тасмағамбетов. «КИМЭП докторы» деген құрметтi атақ Иманғали Тасмағамбетовке Қазақстанның саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени дамуына, демократиялық және азаматтық қоғамды дамытуға, сондай-ақ қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға қосқан қомақты үлесi үшiн берiлiп отыр. Оның қызметiнiң нәтижесi Алматы қаласының ТМД елдерiндегi ең әсем және қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бiрiне айналуынан көрiнiп отыр. Сондай-ақ оның дамыған бiлiм жүйесiн қалыптастыруға қосқан үлесi де кеңiнен белгiлi»,–деп атап өттi.

«Мiне, бүгiн, — дедi М.Х. Рахман мырза. – Осындай бiрегей тұлғаның ортамызда отырғанын мақтан тұтамыз. Оның жұмысы мен жетiстiктерiне шынайы құрмет көрсете отырып, оны КИМЭП-тiң ең жоғарғы наградасы: мемлекеттiк саясат және мемлекеттiк басқару саласы бойынша құрметтi доктор дәрежесiмен марапаттау бiз үшiн өте қуанышты жағдай».

Иманғали Тасмағамбетов те өз кезегiнде КИМЭП-тiң Құрметтi докторы атағының берiлуi өзiне зор жауапкершiлiк жүктеп, Алматы қаласының әкiмi ретiнде бұдан былай да биiк өреден көрiнуiн талап ететiн айта кеттi.

Сондай-ақ, қала әкiмi: «халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, еуропалық стандартқа жақын сапалы бiлiмдi негiзiнен Алматыда, екi жоғары оқу орнында – КИМЭП пен ҚБТУ-дан алуға болады»,–дегендi де баса айтты.

Биыл бiтiрген 626 түлектiң арасында – 284 iскерлiк басқару, экономика, халықаралық қатынастар, мемлекеттiк басқару, халықаралық журналистика және БАҚ магистрi және 342 iскерлiк басқару және бухесеп, экономика және саясаттану бойынша әлеуметтiк ғылымдар, мемлекеттiк басқару және халықаралық қатынастар бакалавры бар.

КИМЭП қызмет етiп келе жатқан уақытта елеулi нәтижелерге қол жеткiзiп, Қазақстанда ғана емес, сонымен бiрге шет елдерде де жоғары беделге ие болды. Институт Орталық Азияда алғашқылардың бiрi болып, магистратурада кадрлар даярлай бастады. 1990 жылдан кредиттiк оқыту технологиясын және он-лайн тiркеу жүйесiн қолданады. Институттың басқару құрылымы мен академиялық қызметi халықаралық тәжiрибеде қолданылып жүрген тәсiлге ұқсас.

Жоғары бiлiм сапасының арқасында институт Қазақстан тарихында алғаш рет әлемдегi осы саладағы беделдi ұйымдар – Үздiк Университеттiк Бизнес Бiлiмi Халықаралық Қауымдастығының (AACSB International), Мемлекеттiк Саясат және Басқару Мектебi Ұлттық Қауымдастығының (APSA) және Америка Менеджмент Қауымдастығының (АМА) мүшелiгiне қабылданды. Бұл КИМЭП-тiң шетелдiк беделдi агенттiктерге халықаралық аттестациядан өтуге өтiнiш берудiң ресми рәсiмдерiне кiрiсуiне де мүмкiндiк жасап отыр.

Қазақстанның бiлiм жүйесiндегi реформалар барысында КИМЭП халықаралық деңгейде оқытудың жаңа технологиялары мен сапасын iске асыруда тың көзқарастар мен жаңа өлшемдердi ұстанып келе жатқан бiлiм ордасы.

Гүлзина Бектасова