Жаңалықтар

ӨЗIН СЫЙЛАМАҒАНДЫ КIМ СЫЙЛАЙДЫ? НЕМЕСЕ БIЗ НЕГЕ ӨЗIМIЗГЕ-ӨЗIМIЗ ЖАТ БОЛДЫҚ?

ашық дереккөзі

ӨЗIН СЫЙЛАМАҒАНДЫ КIМ СЫЙЛАЙДЫ? НЕМЕСЕ БIЗ НЕГЕ ӨЗIМIЗГЕ-ӨЗIМIЗ ЖАТ БОЛДЫҚ?

Қазақ өз елiнде жүрiп, жат адамның күнiн кешуге мәжбүр бола бастаған сияқты. «Түркiстан» газетiнiң өткен 22-нөмiрiнiң 1-бетiнде жарияланған мақалалардың тақырыбын оқығанда-ақ, амалсыздан осындай ойға келесiң. Сенбесеңiз өзiңiз назар аударып көрiңiз: «Теңге неге суретсiз шығады? Ешкiмнiң суретi жоқ теңгенiң жаңа дизайнды банкноттары 2006 жылдың аяғына таман айналымға түседi», «Мемлекеттiк тiл: кезектi жиын… баяғы сарын». Сонда басында қазақтың тарихи тұлғалары бейнеленген, ал ендi соның бiрiн де сақтамауға айналған ақша кiмдiкi? Мәдениет және ақпарат министрi «2010 жылға дейiн орыс тiлiнiң пайдалану аясын сақтай отырып, қазақ тiлiн орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзуiмiз керек» дейтiн болса, ол тiл сонда кiмдiкi? Қазақстан мемлекетiнiкi емес пе? 1992-1993 жылы Қазақстан Республикасы жаңа қалыптаса бастаған кезде, оның өз ақшасы енгiзiлген уақытта және қазақ тiлi тәуелсiз мемлекеттiң мемлекеттiк тiлi ретiнде алғашқы рет Конституцияға енгiзiлген тұста жағдай тiптi басқаша болған едi. Ол жылдары бiз болашаққа басқаша қарағанбыз. Ол жылдары бiз осылай болады деп ойламағанбыз. Теңгенiң бетiнен қазақтың тарихи тұлғаларының барлығының дерлiк бейнесi алынып тасталған. Ендi ең болмаса әл-Фараби бейнесi сақталса деп едiк, ол да болмайтын болды. Бiздегi атқамiнерлер қит етсе үлгi ретiнде алға тартатын Американың өзi ақшасының бетiнде өз тарихи тұлғаларының суретiн бейнелеуден танбай келедi. Ал сонда Қазақстанның бұнысы не? Бұл мемлекеттiң ақшасын қазақтан, оның тарихы мен бүгiнгi болмысынан бөлектеу, соған жат ету емес пе?! Тiлдiң жағдайы одан да бетер. «2010 жылға дейiн орыс тiлiнiң пайдалану аясын сақтай отырып, қазақ тiлiн орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзуiмiз керек» дегенде, бұның орындалуы мүмкiн емес мақсат екенi тағы да белгiлi болып қалған жоқ па?! Өйткенi орыс тiлiнiң пайдалану аясын сақтай отырып, қазақ тiлiн қалайша оның деңгейiне жеткiзуге болады?! Әлемдегi ешқандай мемлекетте және ешқашан да жағдайы тура тепе-тең екi бiрдей тiл болып көрген емес. Және ондайдың болуы да мүмкiн емес. 2010 жылға дейiн қазақ тiлiн бүгiнгi орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзу деген сөз – сол орыс тiлiн ертеңгi күнi бүгiнгi қазақ тiлiнiң жағдайына дейiн төмендету деген сөз. Бiрақ бұған министр мырзаның жол бергiсi жоқ. Демек, бұл – 15 жыл бойы сақталып келген тiл жағдайының алдағы 4-5 жыл iшiнде де мұрты қисаймайды деген сөз. Сонда қазақ тiлiнiң әрi қарай да өз мемлекетiнде өгей болып қала беруi керек пе?! Жарайды, тiл мен ақшаның жайын былай қоя тұрайық. Қазақтың өзiн алайық. Оның жағдайы қалай? Жауап бiреу-ақ. Бүгiнгi Қазақстанда ең нашар күй кешiп жатқан – қазақы көпшiлiк. Ел жақта күнiн көре алмай, Алматы мен Астанаға босып келiп, қиямет-қиын күн көрiп, әркiмге алданып жем болып жатқан – сол қазақы көпшiлiк. Осындағы басқа ұлт өкiлдерi бiр-бiрiн қолдап, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруға талпынып жатқанда, бiр-бiрiн не «жаңашыл» («ұлтына жаны ашымайтындар»), не «ескiшiл» («национал-патриоттар») деп танып, өз iшiнде қызыл кеңiрдек болып айтысып жатқан – қазақы көпшiлiк… Тарих спираль түрiнде дамиды, яғни бiр рет болған құбылыс жаңа кезеңде жаңаша кескiнде болса да қайталанады деген теория бар. Кейде мен осы рас-ау деп те ойлаймын… 20-шы жылдарда да қазақ қоғамында жаңашылдар мен ескiшiлдер арасында тартыс болды. Оның аяғы не болғаны белгiлi. Жаңа үкiмет пен тәртiпке арқа сүйеген жаңашылдар жеңiске жетiп, ескiшiлдер (традиционалистер) айдалып не сотталып кеттi. Артынша коллективизация басталып, халық қырғынға ұшырады. Одан кейiн, 30-шы жылдардың екiншi жартысында жаңашылдардың өзiнiң кезегi келдi. Олардың көбi репрессия науқанына iлiнiп, азы әрең дегенде жан сақтап қалды. Қазiр тағы да бетбұрыс кезеңi келдi. Айырмашылығы: ендiгi табынатынымыз әлеуметтiк теңдiк емес, қайта теңсiздiк. Яғни капитализм. Жаңа саясаттың ығына жығылып, кеше ғана шексiз мадақталған, ал бүгiнде басынан бақ тайған социализмнiң үстiне бар бәленi де, жоқ бәленi де үйiп төгiп жатырмыз. Халықтың, тiптi ең болмаса өзiнiң ертеңi не болатынын өткенмен салыстыра отырып ойлап-пiшiп, сәл де болса тоқтау айтатындар жоқтың қасы. Орнатамыз деп бiз елiрiп жүрген жаңа тәртiп пен жүйенiң идеясы мен моделiнiң өз санамыз бен болмысымыздан шықпағанында, олардың тағы да сырттан әкелiнiп, таңылғанында ешкiмнiң шаруасы жоқ делiк. Көңiлiмiздi алаңдататын бiр-ақ нәрсе, ол — «қайтiп қатардан қалып қоймасам екен?» деген ой. Арамыздан «шолақ белсендiлерiмiз» де шығып жатыр. Олар жымысқы арқа қағуға көлгiрсiп, көш алдына жүгiрiп шығып, нарық экономикасының қағидаларын неофиттiк шабыт пен асыра сiлтеушiлiкке сүйене отырып енгiзуге дайын екенiн көрсетiп жүр. «Әу, мына айтқандарың орындалып бiтсе, халқымыз тағы да далада қалатын сияқты ғой», — деген сияқты күмән айтушыларды әлгiлер өзi жемейтiн шөптi күзеткен итке теңеп, мойындарына «национал-бюрократтар», «национал-популистер» атты алқа тағудан тайынар емес. Ең қорқыныштысы — олардың аузынан «тап күресi жүрiп жатыр» деген анықтаманың шығуы. Ал бiздiң халқымыз басқаны бiлмесе де, «тап күресiн» қазақ арасына кiргiзгенде, оның қандай көрiнiс табатынын жақсы бiледi. Сонда бiр жүрiп өтiп, шашылған сүйегiмiздi де жинай алмай қалған iзiмiзге айналып келiп тағы да түскенiмiз бе?! Бiр Құдайдың өзi сақтасын… Осыған орай менiң есiме С.Мұқановтың автобиографиялық кiтабында суреттелген бiр эпизод түсiп отыр. Ол Сәбеңнiң 20-шы жылдардың ортасында пойыз үстiнде С.Сейфуллинмен кездесiп, әңгiмелескенi туралы. Сәкен өзiнiң жас әрiптесiне тап қарсыластарының өкiмет органдарына жұмысқа кiрiп алып, нағыз большевиктердi ысыра бастағандығы жайлы налып айтады. Жауап ретiнде С.Мұқанов оған өзiнiң қалайша рабфак студенттерiн ұйымдастырып, ескiшiл А.Байтұрсыновтың шығармашылық мерейтойының шырқын бұзғандығы туралы әңгiмелеп бередi… Сол кездегi жағдай көп жағынан алғанда бүгiнгi жағдайға ұқсас. Онда да шиеленiскен күрес болды, онда да жаңа тәртiпке жағынуға жарыс және бiреудiң екiншi бiреудi кеудеден итерiп, жаңа тәртiптiң жауы етiп көрсетуге талпынуы болды. Жоғарыда аттары аталған қазақтың арыстай үш азаматы осы тартыстан тыс қала алмаған. Бiрақ одан олардың өздерi де, халқы да ешқандай ұтыс тапқан жоқ. Бұл қазiр жұрттың барлығына белгiлi ақиқат. Қазақтың үш жүзi де Ресейге өз еркiмен қосылды деп есептеледi. Олай емес деген күнде де, халқымыздың сырттан келгендердi негiзiнен бейбiт қарсы алып, табанды қарсылықсыз олардың айтқанын iстеп, сұрағанын берiп ырқына көнгенiн мойындауымыз керек. Ал өзбек, тәжiк және түрiкпендi Ресей соғыс ашу арқылы жаулап алды. Одан кейiн де олар патша өкiметiне де, Кеңес өкiметiне де қазақтан он есе көп қарсылық көрсеттi. Қарулы қақтығыс-шайқастар барысында көп қан төгiлдi. Түрiкпендер Геок-тепе түбiнде генерал Скобелевтiң жазалаушы әскерiмен қасық қаны қалғанша арпалысты. Кейiн Жүнаит ханға және басқа көсемдерге ерiп, Кеңес өкiметiне қарсы ұзақ соғысты. Ақыр соңында барып көнгенi көндi, көнбегенi қырылып бiттi не шетелге кеттi. Өзбек пен тәжiк Қоқан, Хиуа хандықтарын және Бұқара әмiрлiгiн қорғаймын деп бiр қырылды, 1890-шы жылдардың аяғында Қоқан хандығын қайта орнатамын деп, Әндiжан көтерiлiсiн жасап екi қырылды. Кеңес заманында Қызыл әскерге қарсы Қоқан автономиясының басшыларына, Бұқара әмiрiне және түркиялық Әнуар патшаға ерiп, қайта-қайта соғысты. Одан кейiн басмашылар қозғалысы жанданып, 30-шы жылдардың арасына дейiн жаңа тәртiптiң керегесiн шайқаумен болды. Дегенмен, патша заманында да, Кеңес кезеңiнде де осы үш халықтың жағдайы ұлттық құқық пен мүдде тұрғысынан алып қарағанда да, жеке адам құқығы мен мүддесi тұрғысынан алып қарағанда да қазақтың жағдайынан анағұрлым қолайлырақ болды. Бұл — ақылға қона бермейтiн парадокс болып көрiнгенiмен, шындық, өмiр ақиқаты. Және оның себебi елiмiздiң географиялық, геосаяси жағдайында ғана емес, сонымен қатар бiздiң санамызда-ау деймiн. Көрсеқызарлығымыз, шенқұмарлығымыз, иланғыштығымыз, бiреудiң айтқанына өз мүддемiзбен есептеспей, елiрiп ере кетуге ыңғайлылығымыз бiздi талай рет бәлеге соқтырды. Өзiн сыйламағанды бiреу сыйлап жарытпайды. Бiр мемлекеттiң басқа бiр елге қатысты саясаты сол мемлекеттегi осы ел туралы қалыптасып қалған түсiнiктер (стереотипы) шеңберiнде көрiнiс табады. Қазiр Қазақстанның бiресе ана жерiне, бiресе мына жерiне таласушылардың көптеп табылуы — соның айғағы. Сондықтан өз мүмкiндiктерiмiзге де, сырт жақтың ықпалының қаншалықты екенiне де сын көзбен қарауға дағдыланумыз керек. Патшалық Ресейде де, Кеңестер одағында да славян емес деген халықтардың өзiнiң жағдайы әртүрлi болды. Мәселен, марқұм Л.Гумилев айтқандай, Ресей қол астына алар кезде Түркия мен Иранға қайта-қайта жем болып, 800 мыңға әрең жетiп тұрған грузиндер одан кейiнгi 200 жылға жуық уақыт iшiнде 5 есе көбейiп, 4 миллионға жеттi. Ал сол Грузия солтүстiгiндегi дiндестерiнен қорғаныс тапқан жылы тек Кiшi жүздiң өзiнде 4 миллион халқы болған қазақтар өздерiнiң Ресейге қосылғанына 200 жыл толған уақытта (1930-шы жылдардың басы) барлығын қосқанда 3 миллионға жетпей қалды. Патша заманында да, Кеңес кезеңiнде де қазақтар украин, белорус, Кавказ және Прибалтика халықтары сияқты жоғарғы дәрежелi мемлекеттiк iстерге араластырылған жоқ. Ең болмаса өзiмiзге қатысты шешiмдердi өзiмiз қабылдайтындай мүмкiндiк те болған жоқ. Қайта құру мен социализмнен нарықтық экономикаға өту туралы шешiмдер қабылдауда да қазақтың көңiлiне қараған ешкiм жоқ. Демек, бұлар бiздiң халықтың да, тiптi бiздiң басшыларымыздың да шешiмi емес. Одан туатын қорытынды: оларды бiз ұлттық саясаттың туындысы деп есептей алмаймыз. Әңгiме олардың жақсы не жаман екендiгiнде емес, сырттан таңылғандығында. Бұрын бiздi «темiр қолмен» социализмге қарай айдаған», ендi керi қарай — капитализмге айдау басталды. 70 жылдың iшiнде бұрын отаршылдық саясаттан есi шыққан елдi көшпендiлiктен отырықшылыққа сүйреу, коллективизацияға айдап тығу, аштан қыру, социализм жүйесiне кiргiзу және де басқа эксперименттер сынағынан өткiзу болды. Осының барлығынан мардымды ештеңе ұқпай шығып, «әйтеуiр, тыныштық болса екен» деген халық, ендi жаңа қоғамдық тәжiрибенiң айналымына түсiп болды. Арты не болады? Осы сұрақты өзiме-өзiм қойғанда, менiң есiме аштық жылдары түсiрiлген қазақ әйелi мен оның баласының фотосуретi түседi. Олар аштықтан қалжырап, қала көшесiнде дәрменсiз сiлейiп тұр. Бала шешесiне сүйенiп, одан қорғаныш, көмек iздегендей. Ал әйелдiң көзiнiң жанары солған, жүзiнде шарасыздық, тағдырдың дегенiне бойұсынғандық белгiсi. Мен үшiн осы сурет қазақ халқының тағдырының символындай. Ылайым, менiң түсiнiгiм қате болып шықсын.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ