«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯДА ЗАУЫТ САЛАДЫ
«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯДА ЗАУЫТ САЛАДЫ
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымдас компаниялары елдiң iшiнде ғана емес, сыртында да өзiндiк активтерiн шоғырландырып, алысқа көз тiгетiндiгiн дәлелдеген. Ендi, компания сырттағы мұнай өңдеу жобаларына араласпақшы. Дәлiрегiнде, «ҚазМұнайГаз. Сауда үйi» компаниясы Түркия мен Қытайдағы жаңа мұнай өңдеу зауыттарының құрылысына араласуды көздеп отыр. Бұл жайлы осы компанияның бас директоры Диас Сүлейменов хабардар еттi. Ең алдымен, компания Қытайдың Душаньцзы провинциясында орналасқан зауыттың құрылысына тартылмақ. Диас Сүлейменовтың айтуынша, Қытай Үкiметi Душаньцзыдағы ескi зауытты жауып, орнына жаңасын салмақшы. Ал ол жаңа зауытта Қазақстанның мұнайы өңделетiн болады. Жылына 10 млн. тонна мұнай өңдеуге қуаты жететiн зауыттың құрылысы келесi жылдың мамыр айына дейiн аяқталмақ.
Ал Түркиядағы мұнай өңдеу зауытының құрылысы жайлы жақында Елбасының Түркия премьерi Реджеп Эрдоганмен кездесуi кезiнде талқыланған. Ол зауыттың құрылысы Қазақстан инвестициясының негiзiнде жүзеге асырылмақ. Диас Сүлейменов «ҚазМұнайГаз» шет елдердегi мұнай өңдеу жобаларының кез-келгенiне араласуға ықыласты екенiн айтты. «Батыс және Шығыс Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттары әр мұнайдың баррелiн өңдегенi үшiн 5 доллардан табады. Яғни, мұнайдың әр тоннасынан 40-50, тiптi кейде 60 доллар көлемiнде пайдаға кенеледi. Зауыт салу арқылы ол пайданы өзiмiздiң табуымызға мүмкiндiк бар» дейдi ол. «ҚазМұнайГаз. Сауда Үйi» компаниясы 2006 жылы 10 982 тонна мұнай және мұнай өнiмдерiн сыртқа шығаруды жоспарлап отыр.
Г.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ