Жаңалықтар

БАҚ-ТЫҢ БАҒЫ МА, ӘЛДЕ?...

ашық дереккөзі

БАҚ-ТЫҢ БАҒЫ МА, ӘЛДЕ?...

Министрлiк ұсынып отырған заң жобасы қазақстандық БАҚ-тың бағы ма, әлде соры ма? Қазақстандық БАҚ өкiлдерiнiң наразылығы мен алаңдаушылығын тудырған бұл құжатты қабылдап алған халық қалаулылары ненi көздеп отыр?..

Кеше ҚР Парламентi «БАҚ мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады. Аталған заң жобасына байланысты құрылған жұмыс тобының жетекшiсi Ғадiлбек Шалахметов жалпы отырыс барысында құжатқа қатысты қорытынды үстiмiздегi жылдың 20 қазанына дейiн дайындалатынын айтты. Депутаттың бұл сөзiн мәжiлiсмендердiң басым бөлiгi құптады. Қазiргi уақытта қоғамда, әсiресе, отандық журналистер арасында дау тудырып үлгерген заң жобасын талқылау барысында Дариға Назарбаева, Сергей Киселев, Дарья Клебановалар әрiптестерiне құжатты қараудан бас тартуға және оны керi қайтаруға ұсыныс бiлдiрдi.

Халық қалаулыларын құжаттағы өзгерiстермен және толықтырулармен келiспей отырған қоғамдық ұйымдардың пiкiрiмен санасуға шақырған Дариға Назарбаева: «Егер бiз заң жобасын жұмысқа қабылдау туралы шешiм қабылдасақ, онда елдегi сөз бостандығына үкiм шағарамыз» дедi.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi тарапынан дайындалған «БАҚ мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы қолданыстағы заңнамаға енгiзiлетiн түзетулердiң көмегiмен, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын тiркеу және қайта тiркеу үшiн алым-салық жинауды заңдастыратын норма енгiзудi көздейдi. Егер министрлiктiң бұл құжатын депутаттар қолдаса, БАҚ-ты тiркеуге кедергi болатын себептер арта түспек. Мысалы, алым-салық төленбеген жағдайда; қожайыны өзгерген кезде БАҚ-ты қайта тiркеу туралы өтiнiшпен бiрге меншiктiк құқығын иеленгенiн растайтын келiсiм-шартты (нотариуспен бекiтiлген) әкелмеген жағдайда; атауы мен тақырыптық бағыттары ұқсас ақпараттық басылымды тiркеу туралы өтiнiш берiлген жағдайда телеарна, радиоарна не газет, журналыңызды ресми түрде бекiтуден бас тартылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ