Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ЖҮЛДЕСIН ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ УЫСЫНАН ШЫҒАРМАДЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ ЖҮЛДЕСIН ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ УЫСЫНАН ШЫҒАРМАДЫ

Қазақ боксының туы асқақтамаса, өз тұғырынан ешқашан төмендеген емес. Былғары қолғаптың шеберлерi бұрында да болған, әлi де бола бередi. Бұрын дейтiнiмiз, КСРО құрамында өнер көрсетiп жүргеннiң өзiнде, қазақ боксшылары өз тұғырынан таймай, елдiң мерейiн үстем етiп келдi. Бокс өнерiндегi сол бiр үрдiс, сол бiр дәстүр елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн де, өзiнiң жалғасын тапты. Қазақ боксының құрамы жаңа есiмдермен толықты, жаңара түстi. Сайдың тасындай, қазақтың ерен жiгiттерi Азияның, Еуропаның төрiнде өнер көрсетiп, талай олимпиадаларда бағын сынап, елiне талай-талай жеңiстер сыйлады.

Астананың төрiнде бес күн бойы өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлерiмiз Елбасы жүлдесi үшiн өткен I Халықаралық турнирде өздерiнiң мықты екендiгiн тағы бiр рет дәлелдедi. Елорданың төрiнде керiлген шаршы алаңда 16 мемлекеттiң таңдаулы боксшылары қатысып, өздерiнiң өнерлерiн паш еттi.

Өз елiнiң төрiнде сынға түскен былғары қолғап шеберлерi жерлестерiн жерге қаратпады. Сегiз салмақ дәрежесiнде топ жарып, командалық есеп бойынша бiрiншi орынды иемдендi. Тiптi, ең мықты саналған кубалықтардың өзiн бiздiң боксшыларымыз алдын орап кеттi.

Бес күн бойы өткiзiлген турнирде шет ел спортшыларының арасынан үш-ақ боксшы финалға шықты. Оның екеуi әзiрбайжандық, бiрi – куба боксшысы. Сондықтан болар, финалдық кездесуде қазақстандықтар бiр-бiрiмен сынға түстi. Атап айтар болсақ, 54 келi салмақтағы кездесуде Мiржан Рақымжанов пен Қанат Әбутәлиев кездесiп, Қанат жеңiске жеттi. 57 келi салмақта тәжiрибелi боксшы Галиф Жапаров өзiнiң қарсыласы атыраулық Мұхтар Ысмағұловтан басым түстi. Тек әттеген-айы, Афины олимпиадасының қола жүлдегерi Серiк Елеуов әлем чемпионы кубалық Йорданис Угас Эрнандеске есе жiберiп алды. 24:16 есебiмен жеңiске жеткен Эрнандес жалғыз турнир чемпионы аталды. Ал, өзге салмақтарда өнер көрсеткен боксшылардың арасынан Серiк Сәпиев (64 келi), Владимир Ульянов (69 келi), Бақтияр Артаев (75 келi), Джавид Тагиев (81 келi, Әзiрбайжан), Эльчин Алидзе (91 келi, Әзiрбайжан), Рүстем Iргебаев (91-ден жоғары) турнир чемпиондары аталды.

Турнирдiң соңғы күнiне Елбасы арнайы келiп, былғары қолғап шеберлерiнiң өнерiн тамашалады. Елбасы кубокты Қазақстан құрамасының капитаны Бақтияр Артаевқа өзi табыс еттi. Ал, Бақтияр Артаев болса, өз командасымен жеңiп алған кубогын Елбасыға қайта сыйлады.

– Қазақ жастарының салауатты өмiр салтына бет бұруға ұмтылысы бiздi қуантады. Болашақта спорттың осы түрiнен әлi де жаңа есiмдер көптеп шығады деген сенiмiмiз мол. Мемлекет туының көк жүзiнде асқақтай желбiреуiне спорт саласының қосар үлесiнiң қаншалықты зор екендiгiн бағамдасақ, бiздiң жастарымыз дүниежүзiлiк деңгейдегi биiк асуларды бағындыруға күш-жiгерлерiн қай кезде де аямаулары керек,–дедi Елбасы турнирдiң жабылу салтанатында.

Елдi елең еткiзiп, теледидарға телмiрткен бес күндiк додаға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы демеушiлiк еттi. Бұл – қазақ спортының жандануына өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан аталмыш компания бұл жолы да өздерiнiң дәстүрiнен айнымағандығын көрсетедi.

Гүлзина Бектасова