Жаңалықтар

БҰЛ ҚАНДАЙ «ЖҰМБАҚ ОЙЫН»?

ашық дереккөзі

БҰЛ ҚАНДАЙ «ЖҰМБАҚ ОЙЫН»?

Елiмiздiң энергокешенi саласында “жұмбақ ойын” жүрiп жатыр дейдi Парламент депутаты. Таратыңқырап жазсақ, жақында, Парламент Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында депутат Орынбасар Қалқабаев премьер­министр Даниал Ахметовтiң атына осы тектес депутаттық сауал жолдады. Бiр жағынан нысанды мемлекет иелiгiне алып жатса, екiншi жағынан нысанды жекенiң иелiгiне ұсынады. Сонда Үкiмет кiмнiң мүддесiн көздеп отыр? дейдi ол. Мәселенi толығырақ бiлу үшiн депутаттың өзiн сөзге тартқан едiк.

2006 жылдың бюджетiн жасақтау кезiнде Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi Жамбыл ГРЭС­нiң күзгi­қысқы кезеңдегi жұмысын қаржыландыру үшiн ведомствоаралық бюджеттiк комиссияға бюджеттен 2 971 176 теңге бөлуге деген өтiнiш пен есеп­қисапты ұсынғаны белгiлi. Өтiнiм болмайтын себептерге байланысты қабылданбай қалды. Алайда, бюджет жобасын талқылау кезiнде Парламент депутаттары Жамбыл ГРЭС­iне 2 274 216 теңге бөлу туралы шешiмге қол жеткiзедi. Әйтсе де, бөлiнген қаржы жарытымсыз болып шықты.

2005 жылдың қараша­қаңтарына мазут тоннасының бағасы–175.57 долларды құрады, ал ол 113.52 доллар шамасында есептелген едi. Ауа температурасының төмендеуi де отын шығынының ұлғаюына әкелдi. Мазут қоры жылдам азая бастады. Алайда осы уақыт iшiнде Үкiмет түк болмағандай қалып танытты. Елдiң оңтүстiк өңiрi тұтынушыларын электр қуатымен үздiксiз қамтамасыз ету үшiн Жамбыл ГРЭС­i отынды өз қаржысына сатып алуына тура келiп, 2006 жылдың сәуiрiне отын бойынша нақты шығын бюджеттен бөлiнген қаржыдан 2 миллиард 450 мың теңгеге асып түстi.

Жалпы соңғы кездегi елдiң энергетикалық секторындағы жағдайды сын көтермейдi деп айтуға болады. Бұл саланы дамыту туралы қаншама сөз болғанымен, Үкiмет тарапынан айтылған мәлiмдемелерге қарсы шешiмдер қабылданып жатады.

Үстiмiздегi жылдың 12 сәуiрiнде Үкiмет басшысы тарапынан Қаржы министрлiгi мен Энергетика мен минералды ресурстар министрлiгiне бiр ай мерзiм iшiнде Қапшағай ГЭС­iн “АлматыПауэрКонсолидейтед” АҚ құрамынан шығарып, оны мемлекет меншiгiне беруге тапсырма берiлдi.

Мамандардың бағалауынша, Қапшағай ГЭС­iн Алматы қаласының бiртұтас энергокешенi құрамынан шығару АПК­нiң қаржылық жағдайын төмендетуге әкеледi, энергокешен жұмысының сенiмдiлiгiн төмендетедi, өңiрдi электр қуатымен қамту жүйесiнiң тұтастығын бұзады. Жасалған есептер электр қуатын сатып алу бойынша АПК­нiң шығындары кемiнде 2 миллиард теңгеге ұлғайып, тиiсiнше әрбiр квт/с электр қуаты үшiн тариф 0.4 теңгеге өсуiне әкелетiндiгiн көрсетiп отыр.

Кейбiр деректер бойынша Қапшағай ГЭС­iн “ҚазҚуат” АҚ құрамына беру жоспарланып отырған көрiнедi. Алайда, 2005 жылдың наурыз айында құрылған компанияда бар болғаны жиырма шақты қызметкер жұмыс iстейдi. Компанияның құрылыста да, электр стансасына қызмет қөрсетуде де қажеттi жұмыс тәжiрибесi жоқ екенi айдан анық. Әйтсе де, Үкiмет Кербұлақ ГЭС­нiң құрылысы жобасына техника-экономикалық негiздеме жасауды аталған компанияға тапсырып, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2 миллион АҚШ долларын бөлген.

Ал АПК­да электр қуатымен қамту нысандарын пайдалануға беруде үлкен тәжiрибесi бар 7500-ге жуық маман қызмет етедi. Одан басқа АПК құрамында Кербұлақ ГЭС­i құрылысы бойынша арнайы жұмыс тобы қызмет етедi, “АлматыПауэрКонсолидейтед” АҚ­на техникалық экономикалық негiздеменi өз қаржысына әзiрлеудi тапсырып, Үкiметтiң 2 миллион долларды үнемдеуiне әбден болатын едi. Бiрақ, Үкiмет “ҚазҚуатқа” таңдау жасап отыр. Неге?

Мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаржы тек “мемлекеттiк компания” тарапынан игерiлуi тиiс деу де негiзсiз. Бiрiншiден, АПК де iс жүзiнде мемлекеттiң құзырында. Екiншiден, Үкiмет керек болған жағдайда мемлекеттiк қана емес, сондай­ақ жеке меншiк құрылымдарға да қолдау көрсете алады. Мәселен, Мойнақ ГЭС­i құрылысы үшiн осы аттас компанияға несие алу үшiн Үкiмет тарапынан кепiлдеме берiлген. Оның акциясының 49 пайызы қожайыны беймәлiм жеке меншiк “Бiрлiк” АҚ­сына тиесiлi. Ал мемлекет болса “ҚазҚуаттың” басқаруындағы 51 акцияға иелiк етедi. Одан бөлек “Мойнақ ГЭС­i” АҚ­ның басқаруына Шарын өзенiндегi гидроэлектр стансасы құрылысының бастапқы цикл нысандары, яғни мемлекеттiк мүлiк берiлген (2005 жылғы 22 ақпандағы №161 Үкiметтiң қаулысы) болып шықты.

Қысқасы, түсiнiксiз мәселе көбейiп тұр. Сол себептi аталған проблеманың төркiнiн түсiнуге төмендегi сауалдар көмектеседi деген ниеттемiз.

Бiрiншiден, Алматы қаласы энергокешенiнiң технологиялық және қаржы­экономикалық жағдайын құлдыратуға, өңiр энергожүйесiнiң қалыпты жұмыс iстеуiнiң бұзылуына әкелетiн шешiмдi қабылдау барысында Үкiмет қандай дәлелдерге сүйендi?

Екiншiден, Қапшағай ГЭС­i АПК құрамынан шығарылғанан кейiн оны нақты кiмге беру жоспарланып отыр? Ол жеке меншiк компания ма, әлде мемлекеттiк компания ма? Егер жеке меншiк қомпания болса, онда стратегиялық маңызы бар нысанды жеке меншiкке беруге байланысты дербес жауапкершiлiктi кiм мойнына алады?

Үшiншiден, Үкiмет қимылындағы дәйексiздiктi қалай түсiндiруге болады: бiр жағынан, әлi салынбаған Мойнақ ГЭС­i iс жүзiнде жартылай жекешелендiрiлсе, ал екiншi жағынан Алматы энергожүйесiнiң бiртұтастығын бұза отырып, Қапшағай ГЭС­iн мемлекет иелiгiне қайтаруға ұмтылуда. Бұл кiмге тиiмдi? Осы екi арада жеке тұлғалардың мақсат­мүддесi көрiнбей ме? Қалай болғанда да, “жұмбақ ойынның” шешуiн Үкiмет бiледi.

Г.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ