Жаңалықтар

Қиялдың қанаты қырқылған күн

ашық дереккөзі

Қиялдың қанаты қырқылған күн

Сіздер секілді шешіле жазып, көсіле сөйлеу біздің қолдан келмейді. Себебі біз мемлекеттік стандарт бойынша қалыптасқан ұрпақпыз. Біздің ойлау жүйемізді мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап бір қалыпқа негіздеп құйған. Сондықтан біздің сол қалыптан басқа фигураны қабылдай қоюымыз сәл қиындау. Сіздерге хат жазу себебіміз де сондықтан. Өздеріңізден  қалыпты ойлау жүйесіне арашашы болуларыңызды өтінбекпіз. Аға буын, сіздердің бізге деген өкпелеріңіз қара қазандай екенін жақсы білеміз. Біріңіз қазіргі балалар кітап оқуды қойды деп сөгесіздер, енді біріңіз бұлар тарихты қызыға оқып, оған сараптама жасай алмайды десеңіздер, тағы біріңіз: «Құдай-ау қазіргі жастар сөйлей де алмайды, құдды бір майын тамызып әңгіме құрған бабаның баласы емес секілді», – деп қойып қаласыздар. Келісеміз. Сіздерде бар кітапқа деген құмарлық біздің қанымызда тулай қоймайды, шаршы топта сөйлеуден қаша жөнелетініміз де жалған емес. Бірақ бізді жастайымыздан сөйлеуге үйреткен ешкім жоқ. Абайдың данышпандығын, Махамбеттің өрлігін, Жамбылдың сурып салмалық қасиетін делебеміз қозып, арқаланып тұрып біздің де айтқымыз келген. Бірақ бізді тыңдайтын құлақ бар ма? Біздің бар білгенімізді тест арқылы ғана тексеретін жүйе құлақ құрышын қандыра әңгіме тыңдап, шер тарқатып тұрып ойыңды ортаға салудан мақұрым еткелі қашан? Біз де бұл жүйеге әбден үйреніп алдық. Құмартып кітап оқып, оның ішіндегі бейтаныс сөзді сөздіктен қарап, сөз байлығын қалыптастырғаннан көрі, тестке телміріп, тұмысығымен тары терген шөже секілді қаламның тұмсығымен білгенімізді нұқып қалып күн кешіп жатырмыз. Біздің басымыз цифрларға толы. Қазақ хандығының қай жылы құрылып, қай жылы өркендеп, қай сәтте құлдырағанын біз түнде түртіп оятсаңыз судыратып тұрып айтып береміз. Бірақ хандардың болмысы, олардың саясаткерлік келбеті, қолбасшылық қасиеті, кімдермен қатар өмір сүріп, қай сәтте ұтқырлық таныта білді деген сауал қойылса, біз жұмған аузымызды ашпаймыз. Ашқымыз келеді ғой. Бірақ біздің қиялымызда тарихи картина жоқ. Сондықтан бір кездері ғұмыр кешкен бабалармыздың адами келбетін цифрға толы баспен елестете алмаймыз. Тест дегеннен шығады. Аға буын, білесіз бе, шәкірт болып жарытпаған, ұстаз болып оңдырмайды деген бар ғой. Әлемде бақылаудың тест деп аталатын кереметі бар екен деп оны біздің білімді бағалауға енгізіп келіп жібердіңіздер. Бізге арнап тест жасадыңыздар. Ал өздеріңіз ешқашан тест тапсырып көрген емессіздер. Сондықтан оның психикаға тигізер әсерін онша ұғына бермейсіздер. Өздеріңіз бұл жан төзгісіз күйді түсінбей жатып, бізге тест сұрақтарын даярлауға құштарсыздар. Білеміз ғой, сіздерді де түсінеміз. Тест тапсыру барысында білімді компьютер бағалайды. Осылайша біріңіз әділдік орнатқыңыз келді. Бірақ сіздердің  орнатқыларыңыз келген әділдіктің бел омыртқасын керзі етікпен жапырып тұрып басуға құштар енді бір топ әлі де ұпайын түгендеп алуда. Есесіне, сіздердің осы әрекеттеріңізді көріп өскен біз де көрінгеннен таяқ жеп, сүйектері қақырап қалған әділдікке жанымыз ашып қарамаймыз да. Біз көркем әдебиетті оқығанда фабуладан ары қарай беттей алмаймыз. Троптың түрлері мен символдық элементтердің мәнін ашу бізге өте қиындау. Себебі біздің логикамыз бен қиялдау еркіндігіміздің иммундық жүйесі жойылған. Ал біздің осылай қиялымыздың қанатының қырқылғаны сіздерге ұнамағанымен, бөгделерге қол шапалақтайтын жағдай шығар. Көз алдымызда әділдік күнде таяқ жеп жатқан соң, әрине біз әдебиетке құштар бола алмаймыз. Тым болмаса, сол байғұс әділетті бұрынғы кеңес кезінің аға буыны секілді көзге көрсетпей соққыға алсаңыздар, біз кішкене адалдық пен адамдыққа сенер едік қой. Бірақ адамзаттың бүгінгідей даму биігіне көтерілуіне қиялдай алу мүмкіндігінің бар екендігі себепші болғанын біз жақсы түсінеміз. Сондықтан біздің де қиялға ерік бергіміз келеді. Бірақ қалай қиялдау керектігін білмей жүрміз. Әжеміз бізге ертегі айтып берудің орнына, өзі Калянидің (Үнді сериалындағы) ертегісін аузының суы құрып тыңдап отырады. Атамыз әжемізден асып түсетін секілді. Кінәлау оңай ғой. Бірақ Мағжан секілді «Мен жастарға сенемін» деп айта алмайтындарыңыз біздің де жанға батады. Қазақша қиялдауды меңгермегеннен соң, біз басқаның қиялына тамсанамыз, соларға ұқсағымыз келеді. Осылайша өзімізді жоғалтып барамыз. Аға буын, түсінесіз бе, біз су аяғы құрдымға сіңіп бара жатқан секілдіміз. «Балам, бұның не», – деп, біз жаққа көз құйрығын тастап қоймасаңыздар «Соңғы Самурай» демекші, соңғы қазақи ұрпақ та жаһанданудың саз балшығы болып иленіп, қалыпқа түсіп, сол формасын сақтау мақсатында ыстық пешке қарай күйдірілуге (қыш қалыптарды көз алдыңызға елестетіп көріңіз) бара жатыр. Енді сәлден соң домбыра үнін естісек құлағымызда жағымсыз жаңғырық пайда болып, қобыз сарынын тыңдағанда қолқамыз ашитын болар.

Шығарма жазған рахат шығар. Әсіресе еркін тақырыпта көсілте жазғанда қалам ұстаған қолың ұзақ сапарға шыққан саяхатшы секілді күй кешетін болар. Ондай ләззаттың дәмін біз татып көрмеген екенбіз. Баяғыда мектеп бітірушілер шығарма жазыпты ғой. Қадыр Мырза-Әлидің ҚазҰУ-не (КазГУ) қалай түскенін жазған естелігін оқып едім. Тіл білмесе де, оның орыс және шетел әдебиетіне қатысты білімін ұстаздары таңырқай отырып бағалайды. Ал бізде сіздер тамсанатындай ештеңе жоқ. Бізге қарап адам қиялының қанатын осындай шеберлікпен қалайша қырқып алып тастаған  деп таңдануға болатын шығар. Ең алғаш біздің елге тест жүйесімен білім бағалауға келісім берілген күнді, қазақ қиялының мерттіккен күні деуге болатын шығар. Әсіресе шығармашылық адамдарын тұмшалап, еркін ойлаудан айыруға негізделген шақ нақ сол кезең. Мықты суретші, шебер әдеби сыншы, қиялы ұшқыр мүсінші, талантты актер, буынсыз бишілер, керемет күйшілер көшеде тест жаттап кетіп барады.

Айнұр Төлеу, журналист