ШАРАПАТТЫ ЖАНДАР
ШАРАПАТТЫ ЖАНДАР
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ
Адам бiреуге жақсылықты алдымнан шықсын деп қана жасамайды, содан адамдығы бiйiктеп, өз жаны жамандықтан тазаратын болған соң да жасайды. Ал жасаған жақсылығым қайтпады деп қынжылу — жақсылықты есеппен жасаумен барабар. Жасаған жақсылығыңнан опық жеуiң де мүмкiн, өйткенi жақсылықты жақсылар ғана қайтарады. Алайда мен жақсы емеспiн дейтiн адам бар ма? Жақсының ғұмыры тек қана жақсылықтан, жаманның тiршiлiгi тек жамандықтан тұрмайтынына кiмнiң де болса көзi кешеулеп барып жетедi және екеуi де қынжылтады: қолынан жақсылық жасау келетiндер азайып бара жатқан секiлдi, жағаңа жармасатын жамандар күннен-күнге көбейiп келе жатқандай. Оған шараң жоқ, өйткенi екеуi де мәңгi: тек азайады не көбейедi, бiрақ бiржола құрымайды. Саған жақсылық жасаған адам басқаға не сенiң өзiңе жамандық та жасауы мүмкiн, оның сан түрлi себебi, мыңдаған мый жетпейтiн құпыйасы болады, сондықтан кiмнiң жаман, кiмнiң жақсы екенiн бiр құдай мен уақыт таразыламаса, сен таразылай алмайсың. Ағайынның жақсысы болады: туысқандарына шарапаты тиедi, ауылдың жақсысы болады: туған жерiне қызыметi өтедi, елдiң жақсысы болады: халқына еңбегi сiңедi. Осының бәрiнен оқшау бiр жақсы болады, ол — адамның жақсысы. Ондай жақсы бiреулерден көрген жамандықтары мен қыйанаттарын өз көңiлiнде қамап ұстап, жамандыққа жанын сүзгi қылып, аз да болса кеми берсiн деп, өзгеге өзi көрген кiлең жақсылықтарын ғана үлгi етедi. Өйту әркiмнiң қолынан келе бермейдi, бiрақ солай болуға ұмтылу — ол да жақсылық. Мен шамам келгенше жақсылардан үлгi алып өстiм, менен кейiнгiлер де содан үлгi алсын деп, осыны жаздым. ОТҚА ШАҚЫРУМен 23-iмде 5-курстың басында Алматыда үйлендiм.Оқуымды бiтiрiп, келесi жылы туған ауылым Ақжазыққа келгенiмде, әйелiм Айзаш жүктi болатын. Кешiкпей әке боламын-ау деген сезiмнен басым айналардай бақытты едiм. Ауылға келгенiмiзге екi-үш күн өтер-өтпесте Айзашты алғаш отқа шақырушы Шал Тiлеукеев деген ағамыз болды.
Жалпы, Ақжазықта негiзiнен ағайын-туыстар бiр ғана рудың адамдары тұрамыз. Тек ата жағынан бiреу берiрек, бiреу әрiрек жақын болып келемiз. Берiрек ағайындардың бiреуi бастамай, дәл Шал ағаның отқа шақыруды бiрiншi бастағаны мен түгiл әкемнiң әпкесi Тоқтар тәтеме де түсiнiксiздеу болды. Ары ойлап, берi ойлап, анық себебiн таба алмадық та, мiнезi қызық ағамыздың бұл да бiр қызық қылығы шығар дедiк те қойдық. Қызық қылығы дейтiнiмiздiң де қызық себебi бар. Ол қызықты таратып жүрген ағамыз Нұр-Дәулет Райкеев – сол Шал ағаның ағайын iнiсi. Ал Нұр-Дәулет ағаның анасы Насиқа – менiң кiндiк шешем. Бiздiң Ақжазық ауылымыз Жамбыл атындағы қалқоз атанатын. Сол қалқоздың жалғыз отар ешкiсiн мен ес бiлгелi Шал аға бағатын. Бiр жылы күзде, ел жайлаудан қайтқанда, ешкiнi таудан ойға айдап түсiруге Нұр-Дәулет ағаны көмекке шақырады. Сондағы көргенiн Нұр-Дәулет аға былай әңгiмелейдi: Ешкi деген пәленi ешкiнiң өзi сыйақты адам бақпаса, жынданып кететiн шығар. Қайыра–қайыра атың да болдырады, айқайлай-айқайлай өзiң де тыйтықтайсың. Құдайдың тұп-тура жолымен айдап келе жатсаң, қапталыңда қалып бара жатқан тасқа қарғып шығып кетедi. Оны қайырып келгенiңше, басқасы аршаның астына кiрiп, қорымға өрмелеп жан-жаққа бытырап жоғалады. Жолға айдасаң, тау-тасқа қашады, тау-тастан айдасаң, бұта-бұтаға тығылады және жай қашпайды, қай-қайдағы қыйынға қашады. Отыра қалып, ойбай сап жылағың келедi. Әсiресе бiр көк шыбыш ерекше көзге түсе бердi. Әй, бiр шыжбалақтаған бәле екен. Қуғаныңа да қарамайды, айқайлағаныңды да тыңдамайды, әбден әкемiздi танытты. Ол көк шыбышты айдауға көндiргенiңнен гөрi өзiңнiң ешкi боп кеткенiң әлдеқайда оңай, жолдан арша кезiксе, астына кiрiп кетедi, тас тұрса, үстiне шығып кетедi не тасасына тығылып қалады, әйтеуiр, оны қуалай-қуалай аға да шаршады, мен де шаршадым, атымыздың да әбден қан сорпасы шықты. Сайдың екi ашасына келгенде, мен қарсы беттегi ешкiнiң шетiн қайыруға кеткем, кенет арғы беттен көк ешкiнiң құлындағы дауысы құлағыма жеттi: бақырта-бақырта дауысын да танып қалыппын. Анандай жан тәсiлiм дауыс тек қасқыр тартқанда ғана шығуы мүмкiн. “Әй, арам қатқыр, ажалына көрiнiп шұнаңдаған екен!” – дедiм. Дереу қарсы бетке қарай шаптым. Ешкi байғұс бүкiл сайды басына көтерiп бақырып жатыр. Жауыз қасқыр тiрiдей құйрығынан жеп жатқан тәрiздi. Қайда кеткенiн, аға да көрiнбейдi. Жан ұшыра дауыс шыққан жаққа ентелеп келем. Әй, өлгенде әрең жеттiм-ау! Қарасам, қалың аршаның қақ ортасында Шал ағам көк шыбышты ұмаждап астына басып алыпты. Шыбыш байғұс жаны шыға шыңғырады. Ағамның қылығы оғаштау көрiнiп, жүрегiм су ете қалды. Еңкейiп қарасам, көк шыбыштың құлағын ағам қарш-қарш шайнап жатыр – Бақыр! Тағы бақыр! – дейдi ағам айызы қанып. Бақырғаның не, шыбыш адамша ойбайлап жылап жатыр. Атымнан түсiп, ағамды шыбыштан әрең ажыратып алдым. Бұл әңгiме Ақжазықтың үлкен-кiшiсiне түгел тарап кеткен. Айзашты отқа шақырып отырған – аты да, қылығы да қызық сол Шал аға. Бiздiң үй мен ол үйдiң арасы 100–150 метiрдей-ақ жер, түске таман Тоқтар тәтем, мен, Айзаш – үшеумiз, қалайша бүйттi екен деген қызығушылығымызды қоса алып, Шал ағаныкiне келдiк. Ол кезде Шал аға 65-те,ал тәтем 53-те. Алдымен әдеттегiдей шай iштiк. Әрненi әңгiме етiп отырдық. Бiр кезде алдымызға ет келдi. Еттi ағаның өзi турады. Ол кiсi балалы-шағалы болатын. Үлкен ұлы Нұрасыл аға, кенже қызы және бiр-екi немересi дастарқан басына жақындады да, бiз көптен күткен әңгiменi ет турай отырып ағаның өзi бастады. — Бекен! — дедi бетiме ықыласпен қарап. — Отызыншы жылдың аштығынан кейiн қылышынан қан тамып тұрған заманда сенiң атаң Ешмұқамбет аға қырманға қарауыл болды. Қырман ол кезде Қайшының белiндегi қос күмбездiң түбiнде. Кiтәпбек — қалқоз бастық. Бiр тостаған бидай үшiн бiр кiсiнiң басын ұшырып жатқан шақ. Сол отыз екiншi жылы шыққан әйгiлi “жетiншi ағұс” заңы бойынша бiр уыс бидай үшiн адамды ату жазасына кесiп жiберетiн. Үйде түйiр дән қалмады, тұңғышым Әли әлi бiр жасқа толмаған, көпе-көрнеу аштан өлуге айналды. Қырылып қалатын болған соң, сүлдерiмдi сүйретiп түс әлетiнде қырманға келдiм, тым құрыса шикi бидайдан бiр-екi асап қайтармын деген дәмем бар. Ешкең қырманда жалғыз қалыпты, маған үңiле әлденеден күдiктенгендей бiр түрлi қарады. Жұмбақтап, қыйпақтап сөйлегендi о кiсi жақтырмайтын, амандасқан соң, қасына қыйсайа жатып бiрден жағдайымды айттым, “Әлиден айырылып қалатын түрiм бар”, — дедiм баламды көлденең тартып. Ешкең бетiме бажырайа бiр қарады. Сондай әдетi бар едi. Үнсiз ойланып ол отыр, үнсiз күтiп мен отырмын.Айағымда жұлығы шыққан көне етiгiм бар едi, құры отырмай, соны сасқанымнан сыйпай берiппiн. — Тұр! — дедi бiр кезде ұрысқан кiсiше қатқыл үн қатып. — Ешкiм жоқта анау шеттен екi қонышыңды толтырып бидай әкет! Сөзге келместен тұра сап ұша жөнелдiм. Айағымды сүйрете басып үйге келдiм. Ат сойып алған адам қалай қуанса, мына шешелерiң екеумiз солай қуандық. Сол екi қоныш бидай болмаса, үй iшiмiзбен қырылып қалар ма едiк, жоқ па, оны бiр Құдай бiледi, бiз екеумiз әзiрше топырақтан тысқарымыз, бiрақ Әлиiмiз бәрiбiр бiр жасқа толмаған күйi сол қыста ауырып өлдi. Сөйткен Ешкеңнiң де өмiрден өткенiне быйыл, мiңе, тоғыз жыл толды. Осы әңгiменi, ағаға, сенiң әкеңе, саған зыйаны тiйiп кете ме деп, отыз жылдан астам iшiме сақтап, жан адамға айтпай келдiм. Әңгiменiң шыны керек, өзiме де оңай тимейтiнiн бiлiп қорықтым. Бiраз үнiмiз шықпай, бәрiмiз тым-тырыс отырып қалдық. Әлдененi сезгендей басымды көтерiп ағаға қарасам, екi ыйығы селкiлдеп жылап отыр екен. — Айналайын алтын ағам, “Әй,Шал, мен саған сөйтпеп пе едiм”, — деп, сол жақсылығын бiр бешкеш қылмай-ақ кеттi-ау! — Шал аға бала құсап көзiн жеңiмен сүрттi. — Бауырмалдығы ату жазасына да қаратпаған қайран ағамды қалай ұмытайын! Ұмытсам, Құдай атпай ма менi!? Сөйтiп отқа шақырып отырып, Шал аға бiздi отқа салып алғандай болып едi. Ондай жағдайды кәйтiп ұмытарсың?! БАТЫР АҒАБатыр адамның бойында бiр катыгездiк қалайда бар деп ойлайтынмын, ол ойымнан әлi де ада бола қойғам жоқ, бiрақ батырдың да бауырмал болатынын көрдiм. Басылымға жаңадан бастық болған адам кәйтсе де халыққа жаққысы келедi, ол үшiн оның көңiлiнен шығуы керек, ал көңiлiнен шығу үшiн оның көңiлiндегiнi табуы керек. Сол мақсатпен “Парасат” жұрналының ортасындағы айқара бетке атақты қазақтардың суретiн пәртiрет етiп баса бастадық. Мектепке, Мәдениет үйлерiне, әр түрлi мекемелерге бұл бастамамыз қатты ұнады: сол суреттi жақтауға салып қабырғаға iлiп қойып жатты. Бiр күнi Қасым Қайсенов ағамыздың суретiн бердiк те, астына: “Қазақтың ең атақты партизаны” деп жаздық. Кешiкпей Қасым аға телепон соқты.
— Әй, Бек-Солтан айналайын, — дедi тiлiн бұрай сөйлейтiн әдетiмен аңқылдап, — мына суретiмдi бергендерiңе ыр-рақымет! Бiрақ “ең атақты партизан” депсiң, ана Әди аға да партизан ғой. Ұйат болмай ма бұларың? Әуелде не дерiмдi бiлмей бөгелiп қалдым. Артынан ағаның iнiлiк iзетiн түсiне қойдым да: — О кiсiнi партизан емессiң деп жатқамыз жоқ қой, аға. Халықтың сiздi қалай қадiрлейтiнiн ғана бiлдiрдiк, — дедiм. — Сенiң мына “ең атақты партизан” деген сөзiң маған Батыр атағын бергеннен де артық көрiнiп тұр, — дедi бiр түрлi бәсең, жуас дауыспен. Батыр ағаның атақтан бұрын ар-ұйатты ойлаған сол қылығы менi сол кезде де қатты ойлантты, әлi де жиi ойлантады. Сәбит Мұқановтың жүз жылдық мерейтойына бiр топ жазушы Солтүстiк Қазақыстан обылысына пойызбен бардық, iшiмiзде Қасым аға да бар. Ахат Жақсыбаев екi кiсiлiк күпеде ағаның қасында болып iнiлiк қызымет көрсеттi, анда-санда мен де қастарына барып-келiп жүрдiм. — Менiң бұл тойға бармауыма болмады, — дедi Қасым аға бiр әңгiмесiнде. — Ана шешелерiң жығылып қалып мертiгiп жатыр. Дәл кәзiр оның қасынан кете қойатындай еш iретiм жоқ едi, амал жоқ, Мәриәм жеңгей өзi хабарласқан соң, келмеуiм ұйат болатын болды. Баласы қайтыс болғанда, мен бара алмай қалып, уақытында көңiл айтпап едiм. Ендi мына жолы тағы бiр себеп айтып жатуға дәтiм бармады. Оның үстiне Сәбең менi қатты сыйлаушы едi, қасына ертiп жүрiп елiн аралатқаны да бар. Сыйлағанда, ол кiсi менi жазушылығым үшiн емес, өзi құсап жақсылап арақ iшiп, жақсылап ет жейтiн мешкейлiгiм үшiн жақсы көретiн. Мен о кiсiге сол жағынан жақсы серiк болдым. Мұны Қасым аға мұңайып, бiзге сыр қылып айтты. Сол сәт ол батыр да емес, басқа да емес, қазақтың әдет-ғұрпына құл ғана едi, кiшiк едi. Алайда өзi жайында өйтiп айту тек батыр әрi шыншыл адамның ғана қолынан келетiнiне менiң еш күмәнiм жоқ. Тағы бiрде терең күрсiнiп: — Ауылда, елде қатар ешкiм қалмады, әке-шешемiздi еске алып қана барып қайтамыз. Барсақ, соларды көргендей боламыз, — дедi. Батыр адамда мұндай мiнез болады дегенге, Қасым ағаны өзiм көрiп, сөзiн өзiм естiмесем, сенер ме едiм, сенбес пе едiм, кiм бiледi?! Бiрақ Қасым ағадай әрi көкжал, әрi мейiрбан қас батыр маған қазақта ғана болатын сыйақты. — Мен қыйналып өлетiн шығармын, — дедi бiрде дауысын шығара ойланған адамша. — Талай немiстiң қанын төктiм ғой. Бұл, бiр қарағанда, батыр адам айтатын сөз емес сыйақты, алайда нағыз адам айтатын сөз ғой. КЕНЖӘЛI АҒАНЫҢ МЕН КҮТПЕГЕН ҚЫЛЫҒЫҚазақыстан комсомолының Орталық Кәмитетiнде iстеп жүрген кезiм. Бiр iретiн тауып басқа қызыметке ауысып кетпесем, шенеунiк болып қала беретiнiме көзiм жеткендей болды да, дереу жұмыс қарастыра бастадым. Таныс емес болсам да, тәуекел деп, Оқу-ағарту мiнiстiрi Кенжәлi Аймановқа бардым. Кiдiртпей қабылдады. Бар шынымды бүкпей айттым:
— Бiр әрекет қылмасам, қызымет қуып жүре беретiн түрiм бар, аға. Ал жаным жазушы болғанды қалайды, бiр кiтәбiм шықты, жұрттың пiкiрi жаман емес. Комсомолда жүре берсем, бiр күнi бiр обылысқа кiшiгiрiм бастық қылып жiбередi, содан ары, амал жоқ, кете берем, кете берем , — дедiм де, бұрын ауылда мұғәлiм болғанымды,сонда жүрiп жаза бастағанымды,әдебиет пен тiлге байланысты бiр жұмыс табылса, Алматыда қалғым келетiнiн — бәрiн айттым. О кiсi бәлендей ұзақ ойлана да қойған жоқ. Өзi де осындай бiр тiлектi күтiп отырған адамша қуанып кеткендей көрiндi. — Бiзде оқулықтардағы әдеби шығармаларды және “Қазақыстан мұғәлiмi” гәзетi мен “Қазақыстан мектебi” жұрналын бақылап отыратын бiр орын бар, соған алайын. Келiссең, алдағы дүйсенбiден бастап жұмысқа шық, — дегенi. Қуанғанымнан орнымнан ұшып түрегелiп рақымет айттым. Басшыларыма жұмыстан кететiнiмдi өзiмнiң айта алмайтынымды,сондықтан ол жайлы өздерiңiз хабарласаңыздар жақсы болар едi деген өтiнiшiмдi де бiлдiрдiм. Мiнiстiр аға оған да ойланбай келiстi. Дүйсенбiнi үлкен астыртын револиутсианы күткендей шыдамсыздана күттiм. Сөйтiп жүргенiмде, аптаның айағында гәзеттен Кенжәлi ағаны Қазақ ССР Жоғары және арнайы оқу мiнiстiрi етiп тағайындаған жарлықты оқыдым да, бiреу төбемнен бiр қойғандай отырдым да қалдым. “Е-е!” — дедiм тек басқа не деудi бiлмей дағдарып. Дүйсенбi күнi бейтаныс бiр әйел телепон соқты. Оқу-ағарту мiнiстiрiнiң орынбасары екен. — Неге жұмыс орныңызда жоқсыз? — дедi әйел әзiлi деуге де, зiлi деуге де жататын дауыспен. — Отырмын ғой, — деген болуым керек, сiрә. — Жоқ, жаңа жұмыс орныңызды айтам, — дедi. – Кенжәлi Айманович сiзге бұйрық берiп кеткен, келiңiз! Мiне, қызық! — Ойбай, бастықтарыма өзiм айта алмаймын, бiзде тәртiп солай. Сiз телепонмен жағдайды өзiңiз түсiндiрiңiзшi! — деп, жата кеп жалындым. Орынбасар әйел келiсе кеттi. Арада он мүйнет өттi ме, өтпедi ме, апалақтап кәбинетiме бөлiм бастығы кiрiп келдi. Өңi өрт өшiргендей. Содан ал кеп айақ астынан ала шапқын басталды да кеттi, артынша Бiрiншi хатшы шақырды. Айтып-айтпай не керек, қысқасы, менi ол мiнiстiрлiкке жiбермей қойды. Осы күнi ойласам, Кенжәлi ағаның алдына тағы бiр рет барғаным жөн екен, амал не, оған ол кезде өрем жетпептi. Соған ғана өкiнеиiн, алайда ағаға деген алғыс сезiмiм әлi күнге бәсеңдеген емес, бәсеңдемейдi де, өйткенi ондай аға қазақта көп емес, бар болса,көбiмiзге кездескен емес. ЖАЛҒЫЗ КӨЗДI IЛИӘС АТАӘкемнiң шешесi мен апа деп кеткен Батпан әжем он жетi құрсақ көтерген адам екен. Сол он жетiнiң мен екеуiн ғана көрдiм: бiрi — бiр үйде бiрге өскен Тоқтар тәтем, екiншiсi — 1961 жылы Шығыс Түркiстаннан оралған Кiтәпжан тәтем. Екеуi де әкемнiң әпкесi. Ал әкем 1941-жылы 9-мамыр күнi мен екi айдан жаңа асқанда әскерге шақырылып, содан ары майданға аттанып, ақыры хабар-ошарсыз кеттi.
Тоқтар тәтем Бiйлән деген кiсiге күйеуге шыққан. Олар бiздiң Ақжазықтан батысқа қарай 30-40 шақырым жерде, Қоңыр өлең мекенiнiң астындағы Көктерек дейтiн шағын ауылда тұратын. Тәтемнiң Iлиәс атты қайнағасы болды. Атам құралпас дөңгелек жүздi, шырайлы кiсi едi. Дауысы да жұмсақ, мiнезi де жұмсақ жақсы кiсi. Тек бiр көзi жоқ болатын. Туа соқыр ма, келе соқыр ма, сол арасын әуелде бiлмей жүрдiм. Қай жаста екенiм кәзiр есiмде жоқ, шамалауымша, бастауыш сыныптың бiрiнде оқып жүрген кезiм болса керек, бiр күнi апам мен тәтемнiң әңгiмесiне кездейсоқ куә болып қалдым. Iлиәс ата қой баққан екен, адал еңбегiнiң арқасында озат шопан атаныпты. Соғыстан бұрынғы жылдардың бiрiнде қой қырқудан да алдына жан салмапты. Сол ауылдың оқығандары қабырға гәзетiн шығарып, соған озат қырықтықшы Iлиәс атаны жақсылап мақтап жазыпты. “Ой, Ленин мен Сталиннiң суретi салынған гәзетте сенi мақтапты, той жаса!” — деп, әрiптестерi одан бетер дәрiптептi. Ол кезде қабырға гәзетiн бiр жақ шекесiне Лениннiң, екiншi жақ шекесiне Сталиннiң суретi салынған арнайы қағазға шығарады екен. Содан жұрт мақтағанға марқайған Iлиәс қабырға гәзетiнiң алдына келiп: “Сталин мынау ма?” — деп, саусағымен суреттi нұсқап қасындағылардан сұрапты. Сол сұрақ кейiн өзiн сұраққа алуға себеп болыпты. “Сталин мынау ма?” — деп, Сталиннiң көзiн шұқып алды” деген жаламен Iлекең iле-шала айдалыпты да кетiптi. Тергеушiлер мен сұраққа алушылар Сталиннiң көзiн шұқығанның қандай болатынын өзiне көрсетiп, Iлиәс атаның бiр көзiн ағызып жiберiптi. Кейiн бiздiң үйде атам екеуi әңгiмелесiп отырып, атама со кiсi: ”Ешке, мен көп нәрсенi екi көзi бар адамдардан да жақсы көрем, олар көре алмайтынды да көрем”, — дедi. О кiсiнiң қанша жыл түрмеде отырып келгенiн бұрын бiлетiн сыйақты едiм, ұмытыппын. Мен Iлиәс атаны көрсетушiлердiң тапқырлығына кәзiрге дейiн қайран қалам: қарап тұрсаң, о кiсiнiң Сталиндi танымай, қайсысы деп сұрағаны да, көзiн шұқып алмаса да, шошайтып саусағымен нұсқағаны да — бәрi рас, жаланың өзiн шындыққа жақындатып, бәленiң өзiн бәле екенiн бiлдiртпеуге тырысып, шеберлiкпен қалай қыйыстырып жамандаған! Қай заманда да шындық үшiн таласып, әдiлдiк үшiн бiр-бiрiмен айқасып жататындар болады. Бәрi жұртты ел үшiн, халықтың қамы үшiн, ұлтымыздың болашағы үшiн таласып-тартысып жүрмiз деп ақталады, сендiредi, бiрақ сол ұлтты, сол халықты құрайтын бiр-бiрiн билiктен құлатып, атақ-абыройдан айыру үшiн, бiр-бiрiн бiржола жермен жексен ету үшiн бар күшiн, бар айласын, бүкiл бiлiмi мен билiгiн айамай жұмсап, бар мүкiндiктерiн сарқа пайдаланып жатады. Алайда солардың бәрi де сонау биiктен Iлиәс ата сыйақтылардың жалғыз көзi қадала, қинала қарап тұр-ау дегендi ойламайды, өйткенi олар халық үшiн де, ұлт үшiн де емес, ұлт iшiндегi өзi үшiн күреседi. Бұл, менiңше, бiздiң ең үлкен айарлығымыз. Бiреу көрмесе, бiлмесе, кез келген сатқындыққа бара беремiз. 1937, 1950, 1987 – жылдың жұлдызы жанып, жақсыларымызды баудай түсiргенi де сол өзiмiздiң көмектескенiмiзден. Мен өмiрiмде бiрталай үлкенмен де, кiшiмен де әрқалай, әр дәрежеде таныс болдым, талайына таңдандым, тамсандым, бiрақ кәзiр солардың көбiн ұмыттым, ал Iлиәс атаны ұмытайын десем де ұмыта алмай келемiн, ылғи менi жалғыз көзiмен бағып, жон арқамнан қадала қарап тұрғандай болады да тұрады. АТАСЫЙОрта мектептi бiтiрген соң өзiм туған “Көктал” қой сапқозында жұмысшы болдым. Жаңылмасам, қыркүйек айы болатын. Ақжазық ауылы ол кезде сол Көктал шаруашылығының үшiншi фермасы деп аталатын. Тоқтасын Мұқаметжанов деген ағамыз мәшине айдайды, Нұрмолда Ережепов деген жiгiт екеумiз оның жүкшiсiмiз. Нұрмолда ағайын әпкемiзден туған дүңген едi, қазақы ортада өскен, қазақша оқыған, тәп-тәуiр мақтанатын, асықты өте-мөте жақсы ойнайтын, менен шамамен үш-төрт жас қана үлкендiгi бар-ды. Үшеумiз қора-қораға жемшөп тасыдық. Бiр күнi түктелген шөп басып Ыршуық деген жерде отырған Шәкiров Қожақан ағаның отарына апардық.
Ыршуық — тау етегiндегi шатқал сай. Қожақан ағаның қорасы тұрған жердi Ыршуықтың аузы дейдi. Бiз келгенде, қойды қоралап, кешкi шайға отырып жатқан шағы екен. Екi ағам келген бойда үйге кiрiп кеттi де, мен шөптi түсiре берейiн деп, мәшиненiң үстiне шығып кеттiм. Кешiкпей ол екеуi де келiп, үшеулеп шөптi әп-сәтте түсiрiп тастадық. Содан соң екi ағам тағы менен бұрын үйге кiрiп кеттi де, мен үстiмдi қағып-сiлкiп сәл кейiндеңкiреп, Ассалаумәликiм деп амандаса кiрдiм. Қожақан аға бетiме таңданған кiсiше қарап, орнынан түрегеле келiп қолымды алды. — Әй, Ешкеңнiң баласы ғой, мал-жаның аман ба, айналайын? — деп, дәл бiр өз теңiмен амандасқандай амандасты. — Әй, Зейнеш! — дедi сонан соң қазан-ошақ жақта жүрген шешейге бұрылып. — Қазаныңдағыны түсiр! Ешкеңнiң баласына қой соймағанымыз ұйат болады. Менiң де, менiң қасымдағы екi ағамның да қой-қойына қарамастан, Қожақан аға сөйтiп қой сойып күттi. Мен, әрине, ойда жоқта қой жегенiмдi емес, 4–5 жыл бұрын қайтыс болып кеткен атамның атын Қожақан ағаның сонша қастерлегенiн ұмыта алмаймын. Тiптi мәселе ұмытуда да емес, бiздiң сол кiсiдей бола алмайтындығымызды ұмыта алмаймын. Былай қарасаң, оп-оңай нәрсе сыйақты, бiрақ бiз өйте алмаймыз. Қандай өкiнiштi! Қалай өзгерiп кеткемiз!? Ол кiсiнiң қалай “халық жауы” болып, қанша жылға, қашан айдалып кеткенiн анық бiлмеймiн, бiрақ Сталин қайтыс болған соң ғана айдаудан ауылға қайта оралғаны анық есiмде. Атам Ешмұқамбетпен жиi сөйлесетiн, бiр-бiрiн қонаққа жиi шақырысатын. Үйi бiздiң үйден екi үй ғана төменде едi. Түрмеде тек Абайды оқыған болу керек, кез келген өлеңiн кез келген жерiнен жатқа айта беретiн. Ондай сөзшең, ондай шешен адамды мен оған дейiн көрмеген едiм. Шашын тақырлап алып тастайтын, бурыл мұртты, қара сұр, өткiр көздi кiсi едi. Аталары бiздiң ауылға әйгiлi 30-жылдардың ашаршылығында найман ортасынан келген екен, содан тұрақтап қалыпты. Қазақтың заңын, қазақтың ғұрпын жақсы бiлетiн және қатты сақтайтын. Әйнек деген үлкен қызы қайтыс болғанда, оның күйеуi Ерсайынға тағы екiншi қызын өзi ұзатқан-ды. Кесiп сөйлейтiн, айтқанын екi етпейтiн, сөзге тоқтайтын, өте тәрбиелi кiсi едi. Сондайлардың кәйтiп “халық жауы” болып кеткенiне әлi күнге дейiн қайран қалам, қатардан озып туғаны да солардың соры болған-ау, сiрә?! Ақжазықтың сөз ұстарының бiрi, ақылының қазығындай айрықша мiнездi кiсi едi жарықтық!