ЖАЙЫҚТА ҚАЛДЫ БIР АРМАН

ЖАЙЫҚТА ҚАЛДЫ БIР АРМАН

ЖАЙЫҚТА ҚАЛДЫ БIР АРМАН
ашық дереккөзі

Саяси қуғын-сүргiнге мерзiмi өту ұғымы қолданылмайды. Бұл Отан тарихындағы мәңгiлiк тақырыптардың бiрi болып қала бередi. Осынау қызыл террорда халқымыздың басынан кешкендерiн еске алу қаншалық ауыр болғанмен, өткенiн ұмыт қалдырған, тарих сабағын ескермеген, мәңгүрт сана қалыптасқан елде сол зұлымдықтардың қайта айналып соғуы мүмкiн еместiгiн естен шығармаған абзал. Сол бiр зұлмат жылдар уақыт ағысымен жылжып, тарих бетiне көшкенмен, ол қылмыстар ұмытылмайды. Өйткенi, ол уақыт – бiздiң, кешегi жазықсыздан жазықсыз атылған миллиондардың бүгiнге жалғасқан ұрпағының санасында. Мұрағаттарда сақталған деректерде, тарих беттерiнде. Бұл сананы ешқандай мемлекеттiк машина өшiре алмайды.

Кешегi тоталитарлық жүйе әке-шешеден есiн бiлмей ерте айырып, тағдыр тәлкегiне лақтырған ұрпақтың өкiлi Роза Бақтыгерейқызы Бисеновамен әңгiме үстiнде келген ойлар осындай едi. Жиырмасыншы ғасырда өз халқына қарсы алапат қанды террорды iске асырған кеңестiк тоталитарлық жүйенiң құрбаны болып, арамыздан мәңгiлiкке кеткен ұрпақтардың ой-арманы, үмiт-тiлегi, қуанышы мен қайғысы да қайтпасқа кеттi. Мұрағаттардан саяси қуғын-сүргiн құрбандарының қай-қайсысына қатысты болмасын «Свидетельство о смерти» деген анықтаманы ашсаңыз, оның бәрiнде дерлiк «причина смерти — расстрел» деген суық сөз алдыңнан шығады. Жендеттiң оғы саған кезелiп тұрғандай денең шымырлап, арқаң мұздайды. Ажал үкiмi арманына жеткiзбей, қанатын қиғандардың бiрi — жер бетiндегi ең абзал мамандық иесi, қазақтан шыққан алғашқы дәрiгер, Ресей императорлық университетi медицина факультетiнiң түлегi Бақтыгерей (Бах, Бақыш) Бисенов болатын. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жылдары. Асау толқынды Жайықтың жағасын жайлаған ауылдардың бiрiнде, қазақтың киелi бiр қара шаңырағында дүниеге келген сәбиге ата-анасы, ағайын-жұрт үмiт артып, үкiлеп Бақтыгерей деп ат қойған. Балалықты артқа тастаған жас жүрек алыс арманға талпынды. Маңдайынан мейiрлене иiскер атасының «ертең мектептi бiтiресiң, дәрiгер болып елге қызмет етесiң» дейтiн сөздерi көкейде қалған. 11 жасында жергiлiктi орыс-қазақ мектебiн бiтiрген соң, Саратов университетiнiң медицина факультетiне түсуге шешiм қабылдайды. Әрине, ол үшiн алдымен дайындық керек-тi. Бақтыгерей арман жетегiнде Оралға жол тартады. 1901 жылы Орал әскери реалдық училищесiне түсiп, 1910 жылдың маусымында оның толық курсын және жоғары оқу орнына түсуге мүмкiндiк беретiн қосымша класын аяқтайды. Ал 1907 жылы Орынборға арнайы латын тiлiнен сынақ тапсыруға барып, «…Орынбор оқу-ағарту округi сынақ комитетiнде латын тiлiнен ерлер гимназиясының 8 класы көлемiнде сынаққа түсiп, қанағаттанарлық бiлiмi бар екенiн көрсеттi…» деген №323 куәлiк алады. Медициналық бiлiм алу үшiн бұл мiндеттi шарт едi. Сөйтiп, талапты жас 1910 жылы 14-тамызда Саратов қаласындағы Николай императорлық университетiнiң медицина факультетiне оқуға түседi. Ол кезде арнайы бiлiмi бар дәрiгер мамандар қазақ ауылдарында атымен жоқ болатын. Арада үш жыл өткенде бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс қимылдарының басталуына байланысты тоғыз семестрдi мерзiмiнен бұрын тапсырады. Соңғы емтиханды 1917 жылы 30 сәуiрде ойдағыдай тапсырған ол Саратов императорлық университетiнiң дипломын алып шығады. Осы жылы Б. Бисенов Орал облысы 13-Қызылкүлгiн ауылдық-дәрiгерлiк учаскесiнде қызметке кiрiсiп, мұнда 1920 жылға дейiн еңбек етедi. ХХ ғасырдың басы орыс патшалығы тыныштығынан айрылған кезең болатын. Патшалық құрылыс дағдарысқа ұшырап, халық арасында толқулар болып жатты. Оның аяғы февраль, октябрь революцияларына, ақтар мен қызылдардың атыс-шабысына, сөйтiп кеңес өкiметiнiң орнауына әкелдi. Аштық, ауыр тұрмыс, ауру-iндет, саяси қуғын-сүргiн, үздiксiз қантөгiстер дәуiрi басталды. Ел басына түскен осындай ауыр жағдайда Калмыков уездiк денсаулық сақтау бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалған өз заманының бiлгiр маманы Бақтыгерей Бисенов қай жерде қиын ахуал қалыптасады, көмек қолын созып сонда аттанады. Бұл жылдары Калмыков уезiнде 120 мыңдай халық тұрған. Уездiң өзiнде бес дәрiгерлiк, он фельдшерлiк пункт болған. Азамат соғысының басталуымен уез халқына медициналық қызмет көрсетуде көп кедергiлер туындайды. Бас дәрiгерлiк пункт бiр ғана мектеп фельдшерiнiң басшылығымен жұмыс iстейдi. Уездiң орталығындағы қалалық 25 төсектiк аурухана дәрiгерсiз жұмыс iстеп тұрған. Бiлiктi дәрiгер, iскер ұйымдастырушы Б.Бисенов 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасының меңгерушiсi болса, 1925 жылы Жымпиты уездiк денсаулық сақтау бөлiмiнде санитарлық дәрiгер, одан көп уақыт өтпей Жымпиты ауруханасын басқарады. Мұндағы медициналық қызмет көрсетудi жоғары деңгейге жеткiзген оны 1928 жылы Тайпақ аудандық ауруханасына басқарушы етiп жiбередi. Келесi жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мектебiнiң дәрiгерi, бiр жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлiмiнiң емдеу-профилактика iсi жөнiндегi инспекторы болып тағайындалады. Бисеновты партия қиырдан— қиырға, қиыннан-қиынға жұмсады. Қиындықтың қандайынан болсын ол жол тауып шыға бiлдi. Жайықтың жағасын жайлаған жұрт осы күнге дейiн Б. Бисеновты 1921-1935 жылдарғы ауыр тұрмыс пен ашаршылықтан азып-тозған ел iшiнде бас көтерген оба iндетi сынды түрлi жұқпалы аурулардың бетiн қайтарып, елдi қатерлi дерттiң құрығынан аман алып қалған бiрден-бiр өте зерделi маман, бiлiктi дәрiгер, ұлтын сүйген азамат деп бағалайды. Азамат соғысының аласапыран жылдарында Тайпақ ауданының орталығы Базартөбеде қазақтарға арнап аурухана салдырғаны да ел есiнде. Қазiрдiң өзiнде дұрыс жолға жарымаған бұл өңiрдiң халқы сол кезде Жайықтың арғы бетiне құрылыс материалдарын тасып апарудың қаншалық қиямет екенiн жақсы түсiнедi. Жайықтың бергi жағасында, уез орталығы — Оралдағы ауруханаға жергiлiктi халықтың өкiлдерi бас сұға алмайтындығын, қабылдаған күннiң өзiнде жеткiзбес жол ауыртпалығының азабын ескерген ол елдiң болашағы үшiн бұл қияметтi өз мойнына алған едi. Денсаулықтың негiзi ең алдымен сәби күтiмi мен дұрыс тамақтандырылуына байланысты екенiне барынша маңыз берген бiлгiр маман балалар тағамы үшiн арнайы сиыр табынын бөлудi ұсынады. Осы мақсатта малшаруашылығы көрмесiне қатысқаны үшiн Мақтау қағазы берiлген. Оның 1921 жылы Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлiмi кеңесiнде халықтың денсаулық жағдайы және дәрiгерлiк көмек туралы жасаған баяндамасы архивте сақталған. Мұндай баяндаманы дайындау ,әрине, тек мықты маманға ғана сенiп тапсырылатын. Жұмысбастылығына қарамастан Б. Бисенов өзiнiң бiлiмiн жетiлдiрудi де ұмыт қалдырмаған. Петербор, Мәскеуге барып ғылыми жұмыстармен де айналысқан. Мұның бәрi, әрине, медицина ғылымы жаңалықтарының қайткенде елге пайдасын тигiзу, халық денсаулығын жақсарту iсiн дамыту мақсатындағы қарекеттер-дi. Бiрақ күшiне енген сталиндiк террор осынау асыл мақсаттың да жолын кестi. Халқы үшiн күн-түн жарғақ құлағы жастыққа тимеген азамат 1937 жылдың 16 қыркүйегiнде НКВД үштiгiнiң құрығына iлiгедi. Оған Батыс Алашорда үкiметiнiң белдi мүшесi, өз ортасында өте беделдi тұлға ретiнде танылуы себеп болса керек. Тұтқындауға негiз болған №18 хаттамадан: «Заседание тройки УНКВД по Западно-Казахстанской области 5 декабря 1937 года постановили Бисенова Б. заключить в ИТЛ на 10 лет, считая срок с 10 сентября 1937 года. Обвиняется в принадлежности к контрреволюционной повстанческой националистической организации. Статья 58-2 УК РСФСР». Арада бiр жыл өткенде сол үштiк мынадай үкiм шығарады. №1 хаттамадан: «Заседание тройки УНКВД по Западно-Казахстанской области от 15.02.1938 г. постановили Бисенова Б. расстрелять, имущество, лично ему принадлежащее конфисковать (статья 58-2-II УК РСФСР)». Үкiмдi орындау уақыты 1938 жылдың 19 ақпанына, сағат 21.15-ке белгiленедi. Сөйтiп, күнi кеше қиын-қыстау жылдарда елдiң денсаулығын қайтсем жақсартам, денсаулық сақтау саласын қайткенде көтеремiз деп ұлтының ертеңi үшiн тыныштық көрмеген ардақты азамат «халық жауы» болып атылып кете барды. 1958 жылы Б. Бисеновтың iсi қайта қаралып, Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының қаулысымен ешбiр кiнәсi болмағандықтан толық ақталады. — Әкем туралы деректер жинастыруды 1992 жылдан қолға алдым, — дейдi Роза апай, — 1890 жылы 10 желтоқсанда Орал облысы, Лебшiн уезi, Қызылжар болысындағы №5 ауылда дүниеге келген ол кiсiнiң бiрге туған бауырларының бәрi де (алты ұл, бiр қыз) патша заманында-ақ жақсы бiлiм алған. Ең үлкен ағасы Мейiрман — мұғалiм, сол кездегi қазақ басылымдарында мақалалары жарияланып тұрған. 1910 жылы қаза болса керек. Ұрпақтары Алматы, Орал қалаларында тұрып жатыр. Iзiмей деген баласы патша үкiметi кезiнде болыс сайланған, ауыл шаруашылығы академиясын бiтiрген адам. Жеңгемiз Ақедiл өте парасатты, туыстарына мейiрiмдi болған. Бисен атамыздың жалғыз қызы — Ақкенже апамыз Калмыков уезiнде болыс болып, жастарды тәрбиелеу iсiне үлкен еңбек сiңiрген. Ол кiсiден қалған жалғыз тұяқ — жиенiмiз Кәрiм Қайыршин мен Қасила жеңгейдiң балалары осы Орал қаласында тұрады. Әкемiздiң тағы бiр ағасы Нұрғали да кеңес кезiнде жер аударылған. Одан үш қыз тараған. Үлкенi Ғазиза Мұхтар Әуезовтiң хатшы-машинисткасы болыпты. Ортаншысы Рәзия Алматыда баспаханада машинистка болып жұмыс iстеген. Кенжесi Ғапура Орал пединститутының математика факультетiн бiтiрген. Кейiн Алматы консерваториясын бiтiрiп, сонда сабақ бередi. Одан қазақтың талай белгiлi композиторлары, музыка мамандары бiлiм алған. Консерваторияда жиырма жылдан астам проректор болған ол кiсi қазақ әйелдерi арасынан шыққан алғашқы шахматшылардың бiрi. Роза апайдың айтуынша, Бақтыгерейдiң бес ұл, екi қызы болған. Үлкен қызы Зейнеп «Орал өңiрi» газетiнде көп жыл аға корректор болып еңбек етiптi. Қазақтың мемлекеттiк медицина институтының емдеу факультетiн бiтiрген кенжесi, бiз әңгiмелесiп отырған Роза апай әке жолын жалғастырған, дәрiгер. Қарағанды қаласында бас балалар дәрiгерi болып қызмет еткен. Балалар денсаулығын жақсартуға арналған ұзақ жылғы еңбегi Октябрь революциясы, «Құрмет белгiсi» ордендерiмен марапатталып, екi мәрте облыстық кеңестiң депутаттығына сайланған Роза Бақтыгерейқызы қазiр құрметтi еңбек демалысында. — Кешегi саяси қуғын-сүргiннiң лаңымен әке-шешеден ес бiлмей айрылдым, тәрбиесiн көрген жоқпын. Бiрақ мен оларды мақтан етемiн. Бiр жасымда ата-анадан айрылып, тағдырдың талай қиындығын көргенмен, бүгiнгi күнге жетiп отырғаным — ата-баба топырағының құнары, сол құнардан нәр алған әке-шеше қанының қасиетi ғой деп ойлаймын, — дейдi Роза апай. — Жақсы күнге жетiп, кiндiк қаным тамған туған жерге арада жарты ғасыр өткенде табаным тидi. Халқы үшiн оққа байланған азаматтың аруағы қолдаған болар, жолымда жаны жомарт, көкiрек көзi ояу кiлең бiр жақсы жандар кездестi. Оралға келгенде алғаш жолығып, бiраз деректерiмдi өткiзген облыстық өлкетану музейiнiң директоры Сара Танабаеваның парасат-пайымына, бiлiктiлiгiне, өз iсiне деген адалдығына тәнтi болдым. Одан кейiнде Мұрадым Төреш, дәрiгер Ғадiлше Махметов, жазушы Жайсаң Ақбай, Бисен Жұмағалиев, Бекежан Жанғалиев, Ғазиз Хаймолдин, Саят Сәлiмов, облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң басшысы Айзат Молдақасымова және басқа да көптеген азаматтармен кездестiм. Олар әкемдi бiлетiндiктерiн, ел аузында қалған еңбегi, мiнез-құлқы туралы айтып, қосымша деректер жинастыруға үлкен көмек көрсеттi. Оралға соңғы барғанымда әкелер iсiн жалғастырушы бүгiнгi ұрпақтың қарекетiмен таныстым. Жергiлiктi музейлерге материалдар ұсындым. Әкем жергiлiктi халық үшiн аурухана үйiн тұрғызған, қызмет еткен Базартөбе, Ақжайық аудандарында болып, тарихпен тiлдескендей күй кештiм. Өзi тiкелей араласып, басшылық жасап салдырған аурухана үйi бертiнге дейiн сыр бермей тұрған екен. Медицина саласындағы оңтайландырудың нәтижесiнде қараусыз қалып, кейбiр пысықтар кiрпiшiн бұзып алған. Бүгiнде қабырғалары мүжiлгенмен, iргетасының бiр жерi қисаймаған, мықты. Ал, бiр жағын дәрiхана етiп салған, ұл-қызы дүниеге келген әкемнiң үйi сол өзi кiрiп-шығып жүргендегiдей әдемi қалпында. Арада бiршама ұрпақ ауысқанмен, Базартөбе халқы әлi күнге«Бағыштың үйi», «Бағыштың больницасы» дейдi екен.Әкем қызмет еткен кездегi қарасирақ балалар — бүгiнде ел ағасы, қадiрмендi ақсақалдар. Халықтың денсаулығын сақтау жолындағы Б. Бисеновтың еңбегi туралы ата-аналарының әңгiмесiнен қанық бұл кiсiлер ұлт болашағына өмiрiн арнаған азаматтың есiмiн мәңгi есте қалдыру шараларын жүзеге асыру керектiгi туралы ойларын да ортаға салды. Осы сапарда қолынан келген көмегiн аянбаған аталған аудандардың басшылары Шапқат Өтемiсов, Амантай Сәлiмовтерге, түр-тұлғасын да ажырата алмас сәби шағымда мәңгiге айрылған әкем, халқының адал ұлы Бақтыгерей Бисеновтың еңбегiн өскелең ұрпаққа өз дәрежесiнде жеткiзу мақсатында өзiм кездескен азаматтардың барлығына да шексiз ризамын. Адамдармен жұмыс iстейтiн, халыққа қызмет көрсететiн орындардағы iрiлi-ұсақты лауазым иелерi мен қызметкерлердiң бәрi, шiркiн, осы азаматтардай сезiмтал, сергек, қарапайым болса кәне, — дейдi Роза апай тебiрене. Иә, тарихымызды парақтау, зерделеп-сараптау — өткенге баға беру ғана емес. Өйткенi қуғын-сүргiнге ұшырап, атылып-асылған миллиондардың арасында сiз бен бiздiң ата-әжелерiмiз, әкелерiмiз бен аналарымыз, туған-туыс, бауырларымыз бар. Сондықтан, бұл ең алдымен ақиқатты түсiну, сезiну үшiн қажет. Кiнәсiздi ақтап, арылу үшiн қажет. Көзiмiздi түсiрмей тiк қарау үшiн, басымызды жоғары көтерiп жүру үшiн қажет. Ал, Роза Бақтыгерейқызы сынды асылдарымыздың сынығы арамызда жүргенде, елiнiң азаттығы, халқының жақсы өмiрi үшiн жанын қиған ерлердiң аруағын қастерлер тәуелсiз елi барда арыстарымыздың есiмi мен iсi өшпейдi, ұлтжандылықтың, батырлықтың, азаматтық пен адалдықтың өнегесi болып ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бередi.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА