“Код да Винчи”: ШIРКЕУ ҚАРСЫ, КӨРЕРМЕНДЕ САУАЛ КӨП
“Код да Винчи”: ШIРКЕУ ҚАРСЫ, КӨРЕРМЕНДЕ САУАЛ КӨП
Таяуда Алматыда ресми Ватиканнан бастап Орыс-православие шiркеуiнiң үлкен наразылығын туғызған «Код да Винчи» фильмiнiң тұсаукесерi болып өттi. Негiзiнен қазақ көрермендерi ай сайын тұсауын кесiп жатқан батыс фильмдерiне үйренiп-ақ қалған. Бiрақ соңғы кездерi Батыстан көбiне дiни фильмдер, оның iшiнде христиандық рухтағы фильмдер көптеп түсiрiлiп, күллi әлемге жайылып жатыр. Соңғы үш-төрт жылдың өзiнде «Страсти Христова», «Брюс всемогущий» сияқты дiни сарындағы фильмдер әлем прокатына шығыпты. Иса пайғамбар жайлы кино өнiмдерiнiң iзiн суытпай жатып, таяуда «Код да Винчи» триллерi дүниежүзiлiк деңгейде шеруiн бастады. Шытырман оқиға мен дiни пафосты бойына бiрдей сiңiрген фильм көрермендi бей-жай қалдыра алмайды: мұсылманды да, христианды да…
Бiздiң айтпағымыз, бас қайғысы мен қалта қамын ғана ойлайтын Голливуд продюсерлерi мен режиссерлары қашаннан берi дiнге, оның iшiнде христиан дiнiне соншалықты «бауыр» басып қалған? Осыдан бiраз уақыт бұрын әлемдi «Страсти Христова» фильмi шулатты. Бұл фильмнен кейiн көптеген американдықтар еврейлерге қырын қарай бастаған – кезiнде олардың Исаға жасаған жамандықтары үшiн… Ендi, мiне, «Иса – Құдай ма, әлде адам ба?» деген сауалға жауап iздейтiн «Код да Винчи» фильмi тұсауын кестi. Әлбетте, фильм христиан әлемiнiң үлкен наразылығын туғызған сыңайлы. Оның iшiнде христиан дiнiнiң католик және православие тармақтары фильмге қатты наразы. Олардың «Код Да Винчи» фильмiне мiн тағып, дабыл қағатындай ретi бар. Себебi фильм христиандықты түбiрiмен жоққа шығарады. Соған қарамастан, фильмде протестанттық рух сезiледi. Христиан дiнiнiң байырғы тармақтарына қарағанда, дiнге келгенде демократиялық заңдылықтар мен зайырлылықты алдымен бетке ұстайтын протестанттық ағым бiрнеше ғасырдан берi АҚШ-тың басты дiнi болып келедi. Отандық дiнтанушылардың айтуынша, сыртта протестанттық пен демократияны қос егiздей сабақтастыру да бар екен. «Код да Винчи» – нағыз американдық рухта түсiрiлген фильм: шытырман оқиға желiсi бойынша Иса пайғамбардың Құдай екенiне күмән келтiрiледi, солай бола тұра «бұл бiзге маңызды емес, маңыздысы — бiздiң кiмге болса да сыйынып, сенетiнiмiзде» деген астарлы ой жатыр. Оның үстiне фильмнiң соңына қарай Иса мен Мария Магдалинаның арасында перзентi болғаны анықталады. Олардың қазiргi ұрпағы жап-жас қыз болып шығады. Оқиғаның бар шытырмандығы осы-ақ…
Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па дерсiз, әйтеуiр, фильмде екiншi жағынан иудейлердiң «Звезда Давида» белгiсiне де ерекше мән берiлген. Кезiнде режиссер Мел Гипсонның «Страсти Христова» фильмi еврейлердiң абыройына нұқсан келтiргенiн ескерсек, сол нұқсанды жуып шаятын да «Код да Винчи» фильмi сияқты. Бiр қызығы, фильмнiң оқиға желiсi де, шытырман тұстары да, құпия-сырлары да христиандық белгiлер мен жазбаларға негiзделсе де, мұсылмандықтың да бiр белгiсi екiншi планда көрсетiледi. Аяқтың астында жатқан кiлемде мұсылмандық белгiсi – жарты айдың бедерi көзге бiрден iлiгедi. Американдық фильмдерде ештеңе де тектен-тек болмайтынын ескерсек, аяқ астында жатқан жарты ай бедерiндегi кiлем де – Американың «өзгелерге» қатысты ойын бiлдiрмесiне кiм кепiл?!
Фильмде ресми Ватиканның да абыройына қаяу түсiретiндей тұстар баршылық. Ватикан жанында қызмет ететiн құпия «Опус Дей» дiни сектасы христиандықтың тарих қойнауында қалған қылмыстары мен сырларын жасырумен келедi екен. Оқиға желiсi бойынша, Ватикан епископтары қол астындағы секта мүшелерiн өз қарсыластарына қарсы қойып, тiптi, адам өлтiрумен де айналысады. Фильм прокатқа шыққан бойда Ватиканның оған қарсы болғаны да сондықтан. Онда Папа институтына тағылар мiн де көп. Бұл орайда кезiнде протестант дiнiнiң Рим Папасына «протест», қарсылық ретiнде бөлек ағым болып шыққаны ерiксiз еске түседi. Христиан дiнiнен бөлiнiп, өздерiне бөлек шаңырақ тiгiп алған протестант өкiлдерi өзге де христиан ағайындарына қарағанда, дiнге сәл басқаша, дәлiрек айтсақ, «еркiн» қарайтын сияқты. Егерде католиктер мен православие өкiлдерi «дiн үшiн» қағидасы бойынша өмiр сүрсе, протестант өкiлдерi «Америка үшiн» деген қағидаға сай қызмет ететiндей. Әйтеуiр протестантизмнiң АҚШ-тың мемлекеттiк саясатына айналғалы қашан?! Американың президенттерiнен бастап кино, өнер жұлдыздарына дейiн протестант дiнiн ұстанады, насихаттайды, мемлекеттiк саясат жүргiзедi. Протестантизмнiң асыра саясатқа айналып бара жатқанын АҚШ саясаткерлерiнiң өздерi де мойындап отыр.
Таяуда Мадлен Олбрайт АҚШ президентi Джордж Буштың «дiнге келгенде, асыра христиан болып шыға келетiнiне» алаңдаушылығын бiлдiрдi. Өз сөзiнде ол: «Мен екi бiрдей президенттiң бастамасымен жұмыс iстедiм (Джимми Картер, Билл Клинтон, К.Т.), олардың екеуi де дiндәр болды, бiрақ өздерiнiң дiни көзқарастарын Американың саясатымен ұштастырмады» – дей келе, Буштың дiн мен саясатты сабақтастырып жүргенiн сын тезiне алады. Буш болса, өз дiни сенiмiнiң оның президент ретiнде қабылдайтын саяси шешiмдерiне ықпал жасайтынын жасырмайды да. Ирактағы соғысты бастамас бұрын Буш Құдайдың қолдауын тiлептi. Мұсылман әлемiнiң бұл соғысты крест жорығымен салыстырғаны да белгiлi. «Құдай осыны қалайды» деген Буштың сөзi әлi күнге дейiн көпшiлiктiң көкейiне қонар емес. Негiзiнен Американы басқарған президенттердiң денi – протестанттар болған. Дiн мен саясаттың етене араласып кеткенi де содан болар. Бiр қызығы, Голливудтың дiни фильмдердi түсiруге бiлек сыбана кiрiсiп кеткенi Буштың президенттiгi кезiнде өршiп кеттi. Бұл жай ғана кездейсоқтық па, әлде бұның астары тереңде жатыр ма, мұны да уақыт көрсетер. Бiрақ соңғы кездерi христиандық рухтағы фильмдердiң көбеюiнiң өз себебi бар сыңайлы.
Тек қана Американы емес, күллi әлемдi евангелилендiру саясаты да алып елдiң төбесiнен басталады. Жылда Америкадан әлемнiң түкпiр-түкпiрiне мыңдаған миссионерлер жөнелтiлетiнi белгiлi. Миссионерлiк сайттарды ашып, «Kazakhstan» деген бөлiмдi көрсеңiз, төбе шашыңыз тiк тұрады. Аталған сайттарда христиан миссионерлерi қанша қазақты дiнге кiргiзгенi жайлы, қай қазаққа үйленiп, отбасын протестантизмге иландырғаны жайлы толыққанды есеп берiп тұрады екен. Оның үстiне «Христиан бауырлар! Жұмабай қазақтың жүрегi Исаға жол тауып кетуi үшiн бәрiмiз сыйынайық!» деген сыңайлы «ұрандар» да бар. Осының бәрi не үшiн жасалып жатыр дерсiз? Мұның бәрi, ең алдымен, Америка үшiн жасалып жатыр. Бұл жолда олар дiндi де өз пайдасына жаратудан тайынбайтын сыңайлы.
ХРИСТИАН ДIНIН «ШОУ-БИЗНЕСКЕ» АЙНАЛДЫРУ КIМГЕ ТИIМДI?
Жасыратын несi бар, бiрақ Америкада дiн де шоу-бизнеске айналып бара жатқаны көпшiлiкке мәлiм. Бүгiнгi таңда протестантизмнiң құрамына iрi қаржы топтары, iрi миссионерлiк ұйымдар, баспа үйлерi, телевидение, газет-журналдар, мемлекеттiк саясаткерлер, құзырлы орындар, т.б. кiредi. Шоу-бизнестiң басты қағидасы – жобаға салынған қаржының еселеп қайтуы. Бұл дiн өкiлдерi де iрi-iрi баспалар мен шоу-бағдарламалар арқылы өз пайдасын көрiп отыр. Мемлекеттiк саясатты ары қойғанда, соңғы кездерi дiни сарындағы фильмдердiң көптеп түсiрiлуi де дiннiң шоу-бизнеске айналып бара жатқанын аңғартқандай. Иә, «Код да Винчи» фильмi әлемде үлкен қоғамдық резонанс, наразылық туғызды. Бiрақ бұл фильмнiң түп мақсаты да – христиандық жайлы әлемдiк ой туғызу емес пе едi? «Антиреклама – тоже реклама» – дейдi, менеджмент мамандары. Голливудтан жыл сайын христиандық жайлы фильмдердiң көптеп түсiрiлiп жатқанына қарағанда, бұл дiннiң менеджментi де жақсылап жолға қойылған дерсiз.
Америкада «Код да Винчидiң» гуi басылмай жатып, христиандыққа қатысты тағы бiр даудың басы қылтиды. Әлемге әйгiлi әншi Мадонна өз концертiнде Иса пайғамбарды көрсеткендей болып, кресттiң үстiнде ән айтты. Бұл не үшiн керек едi?! Бұл да насихат үшiн жасалып жатқандай. Әрине, мұның артынан евангелистiк ұйымдар дабыл қағып, шу көтердi. Бiрақ жоғарыда айтқанымыздай «жаман жарнаманың өзi де – жарнама» ғой.
Қазақстанда «Рахат» телеарнасы тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан берi «Благая весть с Риком Реннером» деген дiни шоу-бағдарламаны көрсетiп келедi. Осы бағдарламамен азанын ашатын қазақ жастарын да бiлемiз. «Благая весть» өте тартымды, қызғылықты шоу-бағдарлама. Музыка десеңiз, музыкасы да бар, күлкi десеңiз, күлкiсi де, мұң десеңiз, мұңы да бар… Ал, әлемде осы тектес қаншама бағдарламалар, телеарналар мен газет-журналдар барын бiлесiздер ме?! Протестантизм музыка, кино, театр, баспа, ғылым, жарнама, менеджмент, т.б. салаларды қамтып жатыр. Құранда дiннiң насихат арқылы тарайтыны айтылған. Менеджменттiң қыр-сырларын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн протестант миссионерлерi қоғамдық резонанс, шу, сын тудыру арқылы протестант дiнiн насихаттап келедi. Өкiнiшке қарай, дәл бүгiнгi таңда мұсылман дiндарлары өзiнiң заман талабына сай насихатымен мақтана алмайды. Бiрақ бiздiң ұстамды да салмақты дiнiмiз арзан саудаға да бармайтын сияқты. Жылтырағы көп дiндер әлемде көп-ақ. Бiрақ шоу-бизнестiң заңдылығы да қатал: түптiң түбiнде жылтырағы, жарнамасы көп дiндер жолда қалып қалуы әбден мүмкiн, ал нағыз байыпты да сабырлы дiн Алланың қолдауымен-ақ аман қалса керек.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА