Жаңалықтар

Камал Ормантаев: ӨМIРГЕ СӘБИ ӘКЕЛЕТIН АНАНЫҢ ӨЗI АУРУ

ашық дереккөзі

Камал Ормантаев: ӨМIРГЕ СӘБИ ӘКЕЛЕТIН АНАНЫҢ ӨЗI АУРУ

Белгiлi балалар хирургы, медицина ғылымының докторы, академик Камал Ормантаев өзiнiң 43 жыл ғұмырын педиатрия саласына сарп етiптi. Бiз бүгiн Дүниежүзiлiк балаларды қорғау күнiне орай ғалым ағамызбен ана мен бала денсаулығы, жетiм балалар, денсаулық сақтау саласының өзектi мәселелерi жөнiнде әңгiмелескен едiк.

— Камал аға, кейiнгi кезде елiмiзде ана мен бала өлiмiнiң көрсеткiшi басым боп кеттi. Бiздiң елде ана мен баланың денсаулығына қаншалықты мән берiлiп жатыр?

— Үкiмет тарапынан жағдай жасалып жатса да, өлiм-жiтiм көрсеткiшi өте жоғары екенi рас. Бар-жоғы 15 миллион ғана халқымыз бар. Оның 5 миллионы – бала. Ал оған өмiрге сәби әкелуге қабiлеттi жастағы қыз-келiншектердi қоссаңыз, 7,8 млн. болады екен. Мәселен, Ресейде бала саны 24- 25 пайыз болса, бiзде 32-35 пайыз, яғни, халықтың үштен бiрiн құрайды. Демек, елдегi ана мен бала саны жалпы халықтың 50 пайызын құрайтындығын ескерсек, бюджет қазанындағы қаражаттың мол көзi соларға бөлiнуi тиiс. Ана мен баланың денсаулығын бүкiл дүниежүзiнiң халқы қолға алып, қорғап, қолдап отыр. Ал, бiз «бала – болашағымыз» деймiз де, көп жағдайда көмек жасамаймыз. Құдайға шүкiр, экономикамыз бiршама iлгерi дамып, күннен-күнге өсiп жатыр ғой. Неге министрлiктегi мамандар осы мәселенiң байыбына мықтап үңiлмейдi. Оның үстiне қазiр кез келген ана аурушаң, денсаулығы сын көтермейдi. Барлығы дерлiк қан аздық (анемия) және оның темiр жетiспейтiн түрiне шалдыққан. Бұл ауру көбiнесе дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болады. Денi сау анадан денi сау ұрпақ өмiрге келедi. Ал егер анасы ауру болса, баласы қайда бармақ? Мысалы, нақты дерек бойынша 40 пайыз бала iштен ауру болып туылады екен. Оның бiрлi-жарымы туыла салып, шетiнеп кетедi. Өлiм-жiтiм көрсеткiшiн салыстырмалы түрде айтсақ, мың балаға шаққанда Ресейде 12, Белорусияда 7,5, Украинада 12 болса, бiзде 14,5 баланы құрап отыр. Шын мәнiнде, бұның өзi өте көп.

— Жақында министрлiкте өткен «Ана мен бала өлiмiн талдау: проблемалар мен оларды шешу жолдары» атты отырыста, министр Досаевтың өзi де дер кезiнде мәлiметтiң жетпей отырғандығынан, статистика да нақты болмай жатқандығын айтқан едi…

— Министр осыған байланысты елiмiздiң қалаларындағы медициналық мекемелерге зерттеу жүргiздi. Нәтижесiнде бiраз мәселенiң басы ашылды. Менiңше, кiнә дәрiгердiң сауатсыздығынан деп дөп басып айту қиын. Әрине, өмiрде қателеспейтiн адам болмайды. Тағы да айтам, барлығы арнайы құралдармен жабдықталмаған техниканың жоқтығынан. Жақсы маман дайындау үшiн техникамен толыққан үлкен клиника болуы керек. Мiне, бұлар бiзде жоқ. Сосын бiр дәрiгер қате жiберсе болды, соттайды.

— Дегенмен, бала өлiмiне әсер ететiн басты фактор не?

— Өмiрге сәби әкелетiн ананың өзi ауру. Сондықтан болашақ ана боларлық қыз-келiншектер бiрiншi кезекте өзiнiң денсаулығын түземесе, бала тууға асықпауы шарт. Себебi, анадан балаға берiлетiн тұқымқуалаушылық аурулар да белең алуда. Сол сияқты Қазақстанның қайсыбiр жерiн алсаңыз да, экологиялық мәселелерi шаш етектен. Айталық, Оңтүстiк өңiр, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының экологиясының өзi бiр төбе. Экология – бiздiң қоршаған орта, iшетiн су, жейтiн тамақ, жұтатын ауа. Барлық бәленiң басы осы экологиядан келедi. Осыған байланысты аурулардың көбейiп кетуiне орай, жылына бiр рет ғылыми-конференция өткiземiз. Арғы жағымызда – Арал, бергi жағымызда – Семей, тiптi, Атыраудың да жағдайы дәл қазiр оңып тұрған жоқ. Кейде ойлап, қазаққа тек осындай сусыз, экологиясы асқынған елдi-мекендер тиген бе дейсiң. Мұның зардабы ауыл халқының әлеуметтiк тұрмысына айтарлықтай нұқсан келтiрiп жатқаны ақиқат. Айталық, туберкулез ауруынан республика бойынша Қызылорда облысының бiрiншi орында тұрғандығы алаңдатпай қоймайды.

Ауылда жұмыссыз жастардың көбейiп кеткенiне куә болдым. Бұрын әйтеуiр қолдан не келедi, құлшыныс танытып, бiр нәтижеге ұмтылатын едiк. Керiсiнше, қазiр жұмыссыздық пен нашақорлыққа салынған жастар басым. Мұнымен қоса, кедей, бай мен миллионер деп бөлiнетiн қоғам пайда болды. Бiрақ байдан не пайда? Бай-байға, сай-сайға құятын заман бұл. Шыны керек, Кеңестiк заманда бiлiм де, денсаулық сақтау саласы да тегiн болды. Басқасын айтпай-ақ қояйын, ол тұста әлеуметтiк мәселеге айрықша көңiл бөлiнген.

— «ҚР азаматтардың денсаулығын сақтау» туралы Заң жобасы қабылданды. Мұнда «Алғашқы медициналық көмек, яғни, жедел-жәрдем ақысыз, тегiн» делiнген. Бiрақ бұған бағынбайтын ақ халатты абзал жандар да кездесiп жатады…

– Денсаулық сақтау министрлiгiнде Заң да, реформа да жасалып жатыр. Бiрақ, сөзбен айту бар да, iске келгенде шорқақтық танытады. Қандай жағдайда болмасын, алғашқы медициналық көмек пен дәрi-дәрмек мiндеттi түрде тегiн болуы тиiс. Өзiм еңбек етiп келе жатқан №1 клиникалық балалар ауруханасында мұндай жағдай болған жоқ. Бәрi көз алдымда жүредi ғой. Ал, ендi кейбiреулер баласы тәуiр боп кеткен соң, қуанғанынан дәрiгердiң еңбегiн елеп, қалтасына азын-аулақ бiрдеңе салатын болар. Кiм бiледi? Алайда, дәрiгердiң айлығы 15-16 мың теңге, еленбейтiн еңбегiмен салыстырсаң, өте аз. Мұның бәрi сол баяғы жоқшылық, жетiспеушiлiктiң салдарынан шығар…

– Сiздiң ұсынысыңызбен цунамиден зардап шеккен елдерге көмектесу үшiн арнайы қор ашылған едi. Сол жөнiнде айтсаңыз…

— Бұл – жанымызға батқан оқиға болды. Мыңдаған адам өлiп, қаншамасы баспанасыз қалды. Шри-Ланкада осы табиғи апат салдарынан 200 мыңнан астам адам қаза тапты. Бiз де басқа елдер секiлдi қарап қалмай, қолдан келгенше көмектескiмiз келдi. «Адамның күнi – адаммен» деген бар емес пе? Академик Т.Шарманов екеуiмiз құрған бұл қорға (2005 жылы, 6 қаңтардан) былтырғы жылдың аяғында 75 мың доллар ақша жиналыпты. Оның 50 мың долларын екi балалар үйiн ашуға жiберсек, қалған 25 мыңын киiм-кешек, тамағына, қажеттi оқу құралдарына бердiк. Бiр қуантарлығы, бұл екi балалар үйi де «Қазақстан» деп аталады. Бұл да бiз үшiн үлкен ерлiк, патриоттық жiгердi рухтандыратын әрекет болды десем артық емес. Құдай қаласа, жақында арнайы iссапармен сол елге барып қалатын шығармыз.

— Елiмiзде де балалар үйi, аш-жалаңаш жетiмдер көп емес пе? Неге өз елiмiздегi жәрдемге зәру балаларға көмектеспеймiз…

— Сол кезде де журналистер тарапынан осы сұрақ қойылды. Әрине, бiзде де балалар үйi, жетiм балалар көп екенi рас. Алайда, табиғат апаты орын алған елдер нағыз трагедияны бастан кешiрдi ғой. Бiздiң жасаған азын-аулақ көмегiмiздiң септiгi балаларға тиiп жатса, қуаныш. Бiрақ, жаңағы сұрақтан кейiн бiзге «Неге өз жыртығымызды жамамаймыз» деген ой келдi. Осындай ниетпен Қайрат Сатыбалды басқаратын «Ақ орда» қозғалысының негiзiнде «Қамқор – ХХI ғасыр» деген қор ашқалы жатырмыз. Бiрақ бiздiң саясатқа ешқандай қатысымыз жоқ.

— Соңғы кезде шетелдiктердiң бала асырап алуына байланысты мәселе жиi көтерiлiп жүр… Осы туралы не айтар едiңiз?

— Бұл бүгiнгi күннiң өзектi тақырыбы. Шетелдiң iшiнде қазақтың қарадомалағын асырап алмаған ел жоқ екен. Бiр ғана американдықтардың өзi осы уақытқа дейiн 5 мыңға жуық қазақ баласын асырап алыпты. Әйткенмен, олардың жай-күйiн, жағдайын бақылап отыруға елiмiздiң мүмкiндiгi болмай тұр. 2002 жылы бiр топ депутатпен Ирландияға барған едiк. Сол кездiң өзiнде бұл мемлекет бiзден 98 бала асырап алыпты. Сәтi түскенде, қандастарымызбен бетпе-бет жүздесiп, тiлдестiк те. Олардың жағдайы жақсы, көңiлдерi көтерiңкi. Iштей қуандым. Ал қазiр асырап алушылар естуiмше, ұрып-соғып, зорлық-зомбылыққа дейiн барады екен.

— Ал, сол балаларды неге елiмiздегi отбасыларға асырауға мүмкiндiк бермеске?

— Әлбетте, баланың өз елiнде, Отанында қалғаны дұрыс. Ерекше күтiм мен қамқорлықты қажет ететiн бұл балаларға аналық мейiрiм, махаббат ауадай қажет. Бiрақ елiмiздiң азаматы асырап алам десе, жүгiрiсi, жұмысы көбейiп кете ме қалай, өзi? Менiңше, бәрi ақшаға тiрелетiн сияқты. Шетелдiктер көбiнесе денi сау деген балаларды ғана алуға ұмтылады. Сосын туғаннан аурушаң, әлсiз балалар ешкiмге керексiз боп қалады. Сондықтан қолдан келсе, өзiмiз асырап, өзiмiз бағуымыз қажет.

— Елiмiздiң бас педиатры ретiнде баланы өз елiмiзде қалдырудың жолын қарастырып көрдiңiз бе?

— Бұл мәселе жөнiнде депутаттардың өздерi айтысып, өздi-өзi тартысып жатты. Менi ешкiм тыңдап жатқан жоқ, тыңдамайды да. Неге екенi белгiсiз, қай жерде болсын, қандай мәселе болмасын қорлық көрiп жүрген – қазақ. Қайсыбiр қазақпын, қазақтың ұлтшылымын дейтiн азамат осындай кезде қарап қалмай, қолұшын берсе екен деймiн. Адам болған соң, жанымыздағы жағдайы төмен жандарға көмектесуiмiз керек. Мәселен, балалар үйiнiң жеткiншектерi мектептi бiтiргеннен кейiн оқуға түсе ме, түспей ме? Тiптi, жоғары бiлiм алмаса да, орта бiлiм алуына мүмкiндiк жасауды ойластыру қажет. Оның үстiне ертең оқуды бiтiргеннен кейiн де үйсiз-күйсiздердiң қатары осы балалармен толыға түсетiнi тағы рас. Жұмыссыз, нашақор қайдан шығып жатыр? Әрине, жетiм балалардан. Сондықтан мұндай жағдайға келтiрмес үшiн жетiмге жаны ашитын азамат бiр-бiреуiн сырттай қамқорына алып, оларға арнап есепшот ашып, бiр бөлмелi үй алып берсе де үлкен қамқорлық болар едi. Баланың көз жасын құрғатқанға Алланың шапағаты, нұры жауатынын ескерсек екен деймiн.

– Қазiрдiң өзiнде Балалар үйiмен байланыстарыңыз қалай?

– Балалар үйiндегi қазақ балаларын көрсем, жаным қатты ашиды. Көздерi мөлиiп бiр қарағанда тура ет-бауырың елжiреп кететiндей. Амал нешiк, тағдыр тәлкегi бейкүнә бала мен ата-анасының маңдайына солай жазған болар. Олардың арасында ерекше күтiмдi қажет ететiндерi баршылық. Көбiнесе iштен туатын, атап айтқанда сал, жүрек дертiне шалдыққандар жиi кездеседi. Ал, iшек-қарын, өкпе ауруы балаларда соңғы кезде 1,5 есе көбейiп кеттi. Бiздiң мақсатымыз – осындай қиын сырқатқа ұшыраған балалардың денсаулығын қадағалау.

Бiздiң ашқалы жатқан «Қамқор – ХХI ғасыр» қоры тек осы жетiм балаларға ғана арналмақшы. Республикада жетiм баланың саны шамамен 93 мың болса, оның 47 мыңы – мүгедек балалар. Бұл қор келешекте осындай балалардың денсаулығын жiтi қадағалауға, оқу мүмкiншiлiгiне қол жеткiзуге, жұмысқа орналасуына қолұшын бередi деген жоспардан туды. Әрине, iштен мүгедек болып туылған балаларға дәрiгерлiк көмек жасай алмасақ та, арнайы коляскалар әперiп, көңiл бөлгеннiң өзi қайда жатыр?!

— 1 маусым – Дүниежүзiлiк балаларды қорғау күнi ғой. Жалпы, елiмiздiң шетелдiң балаларды қорғау ұйымдарымен байланысы бар ма?

— 1993 жылы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми зерттеу институтының Американың Туссон қаласымен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Бiз оларға, олар бiзге келiп дәрiс оқып, талай тәжiрибе де алмастық. Содан кейiн байланысымыз күрт қысқарып кеттi. Сондай-ақ, гематологиялық лейкемия деген ауруды емдеу үшiн Германияның медициналық әдiс-тәсiлiн қолдандық. Олар бiздiң педиатрия институтында осы ауруға қарсы арнайы бөлiм ашып, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еттi. Көп көмектестi. Мiне, қазiр 13 жыл болды, әлi де байланыс жалғасып келедi. Бiрақ бiр-екi рет жол көрсетiп бергеннен кейiн, «өздерiң ары қарай алып кететiн шығарсыңдар?» деген болатын. Алайда, содан берi ол құрал-жабдықтар да ескiрiп, тозығы жеттi. Бұрынғы кезде алыс-жақын шетелге жиналыстарға, конференцияларға жиi баратын едiк. Кейбiреулер медицинада жиналыс көбейiп кеттi деп айтатын көрiнедi. Медицина тұрақты ғылым болмағандықтан, күнде өзгерiс, жаңадан тың дүниелер ашылып жатады. Соған байланысты көрiнiсi, диагностикасы, емдеу тәсiлi де түрленiп отырады. Керек болса, мына көршi Ресейдегi осындай тақырыптағы конференцияға баруға дәрiгер-маманның қалтасы көтермейдi.

— Қаржы жағы министрлiк тарапынан қарастырылмай ма?

— Министрлiк жiберсе де, бiр-екi адамды ғана жiбередi. Бiр жылда он бес, жиырма дәрiгер-маман барса, көп пайдасы тиер едi. Халқымыздың денсаулығын ойлайтын болсақ, бiрiншi маманның бiлiмiн жетiлдiру қажет. Ол үшiн дәрiгер ел-елдiң, жер-жердiң медицинадағы соны жаңалығын меңгерiп қана қоймай, тәжiрибесiн толықтыра түсуi ләзiм.

– Кейбiр мамандар Денсаулық сақтау саласына қаржыгер министрдiң келгенiн құптамады. Сiздiң «ҚР Денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасындағы» шараларға көңiлiңiз тола ма?

— Көңiлiмнiң толатын да, толмайтын да жерлерi бар. Өзi қаржыгер болғандықтан, Үкiметке көп нәрсенi дәлелдеп, мол қаржы бөлдi. Таяуда бiр кездескенiмде «Сiзге рақмет, ақшаны бөлудей-ақ бөлiп жатырсыз, бiрақ бар ақшаны дұрыс пайдалансаңыздар екен» деген ұсынысымды бiлдiрдiм. Әлбетте, министрдi бiз қоймаймыз, бiз алып тастамаймыз. Бiзден ешкiм сұраған жоқ, Президенттiң өзi тағайындады. Оның министр болғанына, мiне, екi жылға аяқ басты. Медицинадан хабары болмаса да, iскер, бiлгiр адам сияқты көрiнедi.

— Ал, «Педиатрия факультетiн жабу керек» деген уәжiне не дейсiз?

— Бұған үзiлдi-кесiлдi қарсымын. Министр шетелдiң жүйесiне ауысқысы келедi. Оның пiкiрiнше, «Емдеу iсi» мен «Педиатрия» факультетiн қосып, екеуiн бес жыл бiрге оқытып, содан соң екi жылда бөлiнедi дейдi. Бұл бiр-екi жылда педиатр мамандарын дайындау мүмкiн емес. Тiптi, қазiрдiң өзiнде Қазақстанда педиатр мамандары тапшы, жетiспейдi. Оның үстiне медициналық бiлiм беру мерзiмiн 9-12 жылға дейiн көтерiп отыр. Мұндай кезеңде адам бiр емес, бiрнеше диплом алуға мүмкiндiгi бар. Әлбетте, тереңiрек оқуды қажет ететiн мамандық түрлерi де бар. Десек те, оқуға кеткен шығынын жұмыс iстеп жүрiп қайтарып алатынына сенiмдi болатындай жоғары деңгейдегi жалақы төленуi керек.

Былтыр Мәскеуде де осы педиатрия факультетiн жабуға байланысты академик Баранов бастаған бiр топ ғалымдар қарсы шығып, «Бiздiң бұған жағдайымыз келмейдi, шетелден көшiрiп алудың керегi жоқ» деп едi, бұл мәселе одан кейiн көтерiлмедi. Академик Барановтың «Медициналық газетте» педиатрия саласының дүниежүзiнде қалай болып жатқаны жайлы үлкен зерттеу мақаласы шықты. Мұнда педиатрия саласын басқа факультетпен бiрiктiрген елдер қайтадан қалпына келiп жатқанын тiлге тиек еткен.

— Қазiр Денсаулық сақтау жүйесiне отбасылық дәрiгер мамандығы енгiзiлiп жүр. Сiздiңше, осы керек пе?

— Отбасылық дәрiгер керек.Бiрақ ол ересектi де, баланы да емдеуi тиiс. Негiзi бұл шетелден алынған тәжiрибенiң үрдiсi болса да, олар тап қазiр бұдан бас тартып отыр. Бiрақ үлкен Алматы сияқты қалаларда бұлар аса қажет емес. Қалаларда бiр ғана педиатрияның 21 бөлiмi жұмыс iстейдi. Керiсiнше, бұл ауылда тұратын халықтың денсаулығын қадағалау үшiн керек секiлдi. Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыда бiр-екi емхана сондай жүйеде жұмыс iстеген болатын. Сонда дәрiгерлер жаңа туған нәрестенi емдеуге қорқақтап, өзiмен бiрге нянятологты апарыпты деп естiдiм. Мiне, көрдiңiз бе, шақалақ баланы емдеу үшiн өмiр бойы педиатр саласын оқыған маманның да тәжiрибесi жеткiлiксiз.

– Соңғы уақытта министрлiк ересектер мен балалар емханасын бiрiктiрудi де қолға алып жатқанға ұқсайды…

— Бұл туралы да талай әңгiме болды. Менiң түсiнуiмше, емхананың ортасында диагностикалық тексеру құрал-жабдықтары орналасатын сияқты. Ал бiр жағынан балалар, екiншi жағынан ересектер келiп тексерiледi екен. Бiрақ аралас емханадан алпауыт ел Америкадан бастап, Еуропаның 12 мемлекетi қашып отыр. Олар қазiр бұрынғы посткеңестiк елдердiң жүйесiн таңдауда. Бiз болсақ баланы емдеудегi қалыптасқан жүйеден айрылайық деп отырмыз.

— Мұның бәрi еуростандартқа көшемiз деген ойдан туған секiлдi. Сiздiңше, бiз осыған дайынбыз ба?

— Еуростандартқа көшу үшiн не қажет? Елiмiздiң территориясы үлкен, халықтың саны аз, жағдайы төмен. Бұл бiр. Екiншiден, жақсы дәрiгер дайындауды теория жағынан баса назарға алғанмен, жаңа технология, құрал-жабдық жоқ. Мәселен, нағыз дәрiгердi даярлайтын Алматының медициналық университетiнде жеке клиника жоқ. Менiң кафедрамның өзi төрт жерде көшiп-қонып жүредi. Демек, бiр жерде шоғырланып, құрал-жарақтармен жоғары деңгейде жабдықталса, тәжiрибелi, әмбебап маман сонда көбейедi. Бұл тағы қаржы мәселесiне кеп тiреледi. Сөйте тұра, реформасын кеп тықпалай бередi.

— Қазiр қазақстандықтар операцияны көбiнесе Ташкентке, Орынборға, Тюменьге барып жасатады. Себебi, елiмiзде операция жасау қымбатқа түседi екен…

— Министрлiк қазiр квота дегендi шығарды. Бұл деген операцияға алатын тегiн жолдама. Бұған ие болған адамға операция ақысыз жасалуы мiндеттi. Шыны керек, кейбiр ауыр деп есептелетiн операциялар (жүрекке) бiзде жасалмайды. Сондықтан да әркiм ақшасына қарай, қайда жасатамын десе де өзi бiледi.

— Халқымызды 20 миллионға жеткiзу басты арман болды. Сiздiңше, елiмiзде демографиялық өрлеу туғызу үшiн не iстеу қажет?

— Бiздiң елiмiз жерге бай болғанмен, сол жердi мекендейтiн халыққа зәру. Қазiрдiң өзiнде қаншама құнарлы жерiмiзге басқа ұлт пен ұлыс өкiлдерi жайланып, қоныстанып алған. Тағы да қайталап айтам, қазақтың санын көбейту үшiн алдымен ана мен баланың жағдайын жасау тиiс. Мына бала туғанда анаға берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы– 13 мыңның өзiн ала алмай жүргендер де бар. Отбасы болғысы келген қазақ жастары бiреудiң босағасын сығалап, күн кешуде. Өз күнiн көре алмай жүрген отбасы қайдан балалы болуға асықсын. Әйтеуiр, қазiр Үкiмет әр бала туылғанда берiлетiн жәрдемақының мөлшерiн көбейтемiз деп жатыр ғой. Егер бұрынғыдай 18 жасқа дейiн төленетiн жәрдемақыны да қолға алса, әлеуметтiк жағдайға да, демографияға да едәуiр септiгi тиер едi. Керек десеңiз, көршiлес Ресейдiң президентi Путин де демографияны көтеру үшiн көп қаржы бөлiп жатыр. Неге? Өйткенi, мемлекет, тек өз ұлтымен – мемлекет. Оның үстiне қазақтың санын аз да болса, өсiрiп отырған – ауыл. Ал қаладағы жаңа қазақтар бiр-екi баламен шектелiп қалады. Менiңше, ауылдағы ана мен балаға жағдай жасасақ, әне-мiне дегенше бұл арманымызға да жетемiз.

– Кейiнгi буын ұрпақтың болашағы туралы не айтасыз?

— Әрине, болашақ – жастардың еншiсiнде. Бүгiнгi жастар ерiктi, өте қабiлеттi, ненi болса да тез игерiп кетедi. Кейiнгi кездерi «Жастар жiгерсiз, анаған-мынаған елiктегiш» боп барады деген әңгiменi жиi еститiн болдық. Алайда, ел ертеңi де, болашақ та солардың қолында екенiне кәмiл сенемiн. Сол сияқты нағыз қазақ – ауылда десек, ауыл халқының денсаулығын назардан тыс қалдырмайықшы, ағайын!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы