«БОЛАШАҚ» – ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫНДА

«БОЛАШАҚ» – ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫНДА

«БОЛАШАҚ» – ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫНДА
ашық дереккөзі
Шекарадан маза кеткелi қашан?! Қазақ-өзбек шекарасындағы соңғы жанжал ресми санақ бойынша 27-шi оқиға екен. Бұл санның астарына үңiлсек, өзбек шекарашылары тарапынан қазақ жерiне талай рет оқ атылды, адам шығыны да аз болмады, ауыр жарақат алған азаматтар да баршылық. Бiрақ ресми санақ қаншалықты рас?! Таяуда шекараға арнайы ат басын тiреп, ондағы мән-жағдайды анықтауға тырысқан «Болашақ» республикалық қозғалысының өкiлдерi шекарадағы жанжалдардың жиi-жиi қайталанып тұратынын анықтапты. Бiрақ екi арадағы жанжалдар тек қана бiр-екi ауыл шеңберiнде ғана өршiп тұр. «Болашақ» өкiлдерi Қазақстан жағынан соңғы рет зәбiр көрген Бауыржан Ахметовтiң үйiнде болып, жергiлiктi тұрғындар арасында сауалнама да жүргiзiптi. Шекара тұрғындарының өз аузынан естiген шындықты аталған республикалық қозғалыс төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов «Түркiстан» газетiне былай жеткiздi. — «Болашақ» республикалық қозғалысының шекараға барғандағы басты мақсаты — қалыптасқан жағдайға байланысты нақты мәлiмет, ақпарат алу. Өкiнiшке қарай, бiзге көбiне бұрмаланған ақпарат жетедi екен. Мысалға, соңғы оқиғаға байланысты әртүрлi ақпарат жария етiлгенi белгiлi. Мәселен, шекарада жарақат алған Бауыржан Ахметов Өзбекстанның азаматы екен деген қауесет те тарады. Бұл жалған сөз?! Бiз Бауыржан Ахметовтiң үйiнде болып, оған қозғалыс атынан өз сыйымызды тарту еттiк. Ол бiзге «Қазақстан азаматы» екендiгiн растайтын куәлiгiн де көрсеттi. Оның отбасына көмек ретiнде ақша ұсынып едiк, олар өте салмақты жiгiттер екен, ақшаны алмады. Сөйтсе Бауыржанның Қошқар деген ағасы iнiсiн ажал аузынан аман сақтап қалу үшiн бәйгеге қосатын қымбат тұлпарын 100 мың теңгеге сатып жiберiп, iнiсiн аман алып қалыпты. Ауданның әкiмшiлiгiнен көмек ретiнде тек қана 30 мың теңге берiлген. Басқа ешқандай көмек жоқ. Негiзiнен бiз «Сарыағаш» ауданының маңындағы бiр-екi ауылға барып, бiрқатар iс-шаралар өткiздiк. Мәселен, шекарадағы жағдайға байланысты жергiлiктi тұрғындар арасында әлеуметтiк сауалнама жүргiздiк. 150-ге тарта адам респондент болды. Ауылда 1350 адам тұрады екен. Жергiлiктi тұрғындармен әңгiмелесiп, жағдайларын да сұрастырдық. Әңгiме барысында әртүрлi фактiлердiң басы ашыла бастады. Мысалға, Өзбекстанның шекарашылары Қазақстанның территориясы iшiне 3,5 км-ге дейiн кiрiп кетiптi. Сондықтан Өзбекстанның шекарашылары Қазақстан территориясына үнемi кiрiп-шығып жүредi екен. Бiрақ осы тектес ақпарат, мәлiметтер Сарығаштың орталығына жетпей, сол ауылдың төңiрегiнде ғана қалып қалатын көрiнедi. Қазақстан азаматтарын ұрып-соғып, ұрлап кетiп жатқан фактiлер де талай болған. Көбi ауыл шеңберiнде қалатын сияқты… Бiз сауалнамамен шектелмей, Қазақстанның шекарасынан берi қарай 50 метрдей жердегi төмпешiкке елiмiздiң Көк Жалауын желбiретiп тiктiк. Мұның өзiне жергiлiктi халықтың еңсесi бiраз көтерiлiп қалды. Әйтпесе ауыл Қазақстаннан бөлек «арал» сияқты тұрады екен… Тiптi, Қазақстанның телеарналары да онда толыққанды көрсетiлмейдi. Тек қана «Хабар» бұлдырап көрсетедi, ал негiзiнен халық Өзбекстанның телеарналарын көруге мәжбүр. — Ал, Бауыржан Ахметовтiң жағдайы қазiр қалай? — Қазiр оның жағдайы қалыпты. Оны өзбек шекарашылары басынан, бүйрегiнен теуiп, тепкiлеп ұрған. Ол тiптi өлiм аузында жатқан. Бiрақ өзбектердiң майоры келiп қалып, әскерилердi тоқтатқан көрiнедi. Әйтеуiр, Бауыржан Ахметов бақуатты, денсаулығы мықты, шымыр азамат екен, әйтпесе өлiм аузында тұрған бала ғой… — Бұл игi шараңыз осымен бiттi ме, әлде оның жалғасы бола ма? — Ең алдымен, бiз баспасөз мәслихатын өткiзiп, шекарадағы жағдайға байланысты үлкен мәлiмдеме жасамақпыз. Ауылдың тағы бiр үлкен проблемасы — ауыз судың тапшылығы. Бүкiл ауыл — 1350 адам арықтан су iшедi екен. Ол арықтан суды сиыр да, есек те iшедi. Су лай. Қыркүйекке қарай ол арықтың суы да сарқылатын көрiнедi, өйткенi Өзбекстаннан ағып келетiн су ғой. Ал ауылға ең жақын су одан 60 км қашықтықта орналасқан. Бұл үлкен проблема. Ауыл тұрғындары, тiптi, суды Өзбекстаннан сатып алып iшедi: 1 цистерна су — 3000 теңге. Оның өзiнде де соңғы оқиғаларға байланысты шекара жабылып қалған. Ендi ол жақтан су келмесе халық қай жерден су алатынын да бiлмейдi. Бiз өркениеттi елде тұрып жатсақ та, халқымыздың басына осындай қиын жағдай туып отыр… Жергiлiктi әкiмшiлiк су бiр жылдан кейiн болатынын алға тартады. Сонда ондағы тұрғындар бiр жылға дейiн ауыз сусыз отыра бере ме? — Телеарналардан жергiлiктi прокурордың «Болашақ» қолға алған шаралар шекарадағы жағдайды одан ары шиеленiстiрiп жiбередi» дегенiн есiткен болатынбыз. Сiз мұнымен келiсесiз бе? — Жағдай оңынан шешiлетiн болса, бұл жағдайды шиеленiстiрмейдi. Кез келген мемлекеттiң ұстанымынан басқа қоғамдық ұйымдардың да пiкiр-көзқарасы болғаны дұрыс. Сондықтан бiздiң шекараға арнайы барып, ол жақтан толыққанды мәлiмет алып келгенiмiздi дұрыс деп есептеймiн. Ол жаққа барып, көптеген фактiлердiң басын ашып келдiк. Тiптен, бiр ғана фактiнi — Бауыржан Ахметовтiң Қазақстан азаматы екенiн бiлiп келгенiмiз не тұрады?! Жаңағы прокурор соншама күштi болса, неге әлi күнге дейiн кiнәлi адамдар табылған жоқ? Өзге елдiң шекарашылары Қазақстанның территориясына 3 км жерге дейiн кiрiп келiп, қазақ азаматын ұрып-соғып кеттi, ал әлгi прокурор неге сол содырларды тауып, жауапқа тартпайды?! Бiз жазалылардың табылуын талап етемiз. Бiр айта кетерлiгi, бiз онда жедел әрекет ететiн Бақылау қызметiн құрдық. Оған жергiлiктi тұрғындардан мүшелердi қабылдадық. Олардың басты мақсаты — белгiлi бiр олқылықтар болып тұрса, бiзге хабарласып, мән-жағдайды айтып тұрады. Егер оларды ешкiм елемейтiн болса, бiз бұл жұмысқа өзiмiз кiрiсемiз.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА