Жаңалықтар

ОРТАҚ АРАЛ: ӨЗБЕККЕ ДЕ МҰНАЙ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ОРТАҚ АРАЛ: ӨЗБЕККЕ ДЕ МҰНАЙ КЕРЕК

Түрлi техногендi себептерден табиғаты азып, байлығы мен өндiрiсi дамыған, артқан жаңа ғасыр адамзаттың алдына аса өзектi, екiұдай бiр сауал тартып қойды. Жалпы, өмiр мен өлiмнiң, ақиқатында байлық пен тiршiлiктiң текетiресi Адамата ұрпағына ежелгi тәураттық баяндардан-ақ мәлiм. Осы бiр жоғары материялық мәнi бар, пәлсапалық аспани ұғым қарабазардың қалтарыстарында “жерге түсiп”, қалталы алыпсатардың бүйiрiне қанжарын тiреген қарақшының тiлiнде: “не — өмiр, не — әмиян?…” (“жизнь или кошелек?”) деп тiл қатады. Әлбетте, таңдау жасау әркiмнiң санасына байланысты.

Табиғаты ыстық, суға тапшы Кiндiк Азияның жағдайында Әму мен Сырды қатар емiп келiп, соңғы дәуiрде суалған Арал теңiзi — аймақтағы тiршiлiктiң қайнар көзi болып есептеледi. “Арал құрыса — кiндiк Азияның күнi қараң!” Осынау қағида күнi кешеге дейiн айнымас пастулат, бұлжымас норма есебiнде мемлекетаралық қатынастардың басты құралы болып келдi. “Күнi кешеге дейiн” деген анықтауыштың астын баттитып сызып көрсетуге мәжбүрмiз бүгiн. Себебi, айдың-күннiң аманында әлдебiр тараптардың Аралға байланысты көзқарасын 180 градусқа өзгерткенi байқалады. Осыдан шамалы уақыт бұрын Өзбек мұнай ғылыми-зерттеу институтының белдi мамандары “суалып бара жатқан Арал теңiзiнiң астындағы мұнай қоры Каспий теңiзiндегi мұнайдан кем емес” деген сенсациялық мәлiмдеме жасады. Әлбетте, мұнай жүрген жерде техногендi зардап қоса жүрмек. “Не — әмиян, не — өмiр?”деген қарақшыға тән қағиданың “атқа мiнетiн” тұсы да осы.

Аймақтағы экологиялық дағдарыстың күрделiлiгiн айта-айта ақпарат құралдарының жұртты мезi ете бастаған жайы бар. Теңiздiң тартылуынан тұз көбейiп, өлке адам тұруға жарамсыз бола бастаған шақта аймақтағы елдердiң экоахуалды оңалдыруға бағытталған көпсалалы шаралар белгiлегенi де өтiрiк емес.

Әуеге жылына 100 млн. тонна тұз бүркетiн қатерлi Аралдың проблемасы — әлемдiк дәрежедегi мұңға айналған мәселе. Алтын көрсе — перiште жолдан таяды, бүгiнгi Тәшкеннiң алдына құдiретi күштi жаратушы аса өзектi бiр таңдау қойып отырғанға ұқсайды. “Өзiңе қаржы көзi — мұнай керек пе? Әлде аймақтағы тiршiлiктiң кепiлi — Аралдың тартылмағаны керек пе?” дегенге саяды ол сауалдың түйiндi ойы. Кәдiмгi “не — өмiр, не — әмиян?” деген қарабазар қалтарыстарына тән сауалдың ғаламдық дәрежедегi нұсқасы да осы!

Нарықтық қатынастарға аймақтағы доминациядан үмiттi негiзгi бәсекелесiнен (Қазақстан) кеш келiп, экономикасы тұралаған Өзбекстанның осы екi таңдаудың қайсысына iшбұратыны туралы әңгiменi кейiнге қалдыра тұрып, Аралға байланысты “өзбекше гәплардың” осыдан бiрер жыл бұрынғы сипатына тоқтала кетейiк.

1. КЕШЕ: “АРАЛДЫ “СIБIР-ОРТА АЗИЯ КАНАЛЫ” АРҚЫЛЫ ТОЛТЫРУ КЕРЕК!…”

2002 жылы ресми Тәшкеннiң “Сiбiр өзендерiн оңтүстiкке бұру мәселесiне қатысты” халықаралық ғылыми конференция өткiзiп, аймақтағы елдердi былай қойғанда тұтастай Еуразияның есiн шығарғаны бар. Дәл сол шамада Ауғанстан мәселесiнiң әлемдiк саясаттың төбесiне шығып тұрған кезi едi. Соңынан белгiлi болғандай, әлдебiр тараптардан айтылыпты-мыс, деп жүрген “Ауғанстандағы су тапшылығын Арал арқылы шешу керек” деген Тәшкеннiң уәжi шiп-шикi өтiрiк болып шығып, ұяттылау болғаны және бар. Алайда өзбектердiң дәл сол кезде Арал теңiзiнiң суын Сiбiр өзендерi арқылы толтыруға мүдделi болғаны рас. Өйткенi Кiндiк Азия жағдайында су-саясат һәм-экономика, әрi суға тапшы көршiлерге дегенiн өткiзудiң таптырмас құралы едi. Оған қоса қазақ-өзбек шекара делимитациясы да тақап қалған кез-тұғын. Ең бастысы — ол кезде Арал түбiнде мұнайдың мол қоры барын ешкiм бiлмейтiн. Қалай десек те, сол жолы өзбектердiң кеңестiк дәуiрде қолға алынған “Сiбiр-Орта Азия каналы” жобасын қайта түлетуге жанын салғаны өтiрiк емес. Тәшкеннiң сол кездегi мүддесi Сiбiр өзендерi арқылы суға толмақ Аралға билiгiн жүргiзiп, аймақты ашса-алақанында, жұмса-жұдырығында ұстау болатын. 2002-жылы өзбектердiң кеңестiк дәуiрде жобасы мен алғышарты жасалып, дайын тұрған жұмысқа оп-оңай ие бола қалмақ ниетi де анық байқалып қалған. Ақиқатында “Сiбiр — Орта Азия каналы” жобасы, кеңестiк идеология тiлiмен айтқанда “Аралды құтқару жоспары” қайнауы келiсiп пiскен, дайын жоба-тұғын. Кеңестiк дәуiрде оның 260 нұсқасы жасалып, осыншама мәрте жобаланды. Бұл мақсатта бақандай 150 ғылыми-зерттеу институты күнi-түнi жұмыс iстедi. Жоба дайын болған шақта КСРО ыдырап, байтал түгiл бас қайғы заман туды, Аралға, Орта Азияға Сiбiр суы жетпей қалды. Соңғы кезеңде аймақтағы су тапшылығы асқынып, мемлекетаралық дүрдараздыққа әкелiп соққаны да өтiрiк емес. 2002 жылғы Тәшкен конференциясы баяғы жобаға қайта оралуға шақырды. Егер жоба қайтадан қолға алынса, бiрiншi кезекте 2200 шақырым канал қазылмақ-ты. Оған 16 миллиард доллар жұмсалмақ. Есесiне бiр жылдың iшiнде Обь пен Ертiстiң 350 мың текше метр суы “өзбекше жасанды ыдыстың” iшiне құйылуға тиiстi болды. Ол кез Кiндiк Азияда су мәселесi асқынып, бұған дейiн тау өзендерiнiң суын берi бұрғаны үшiн Қарағандының көмiрiмен есеп айырысып келген қырғыздардың өзi қабағын түйiп, ақша сұрай бастаған заман болатын. Сол кездегi ресми Тәшкеннiң басты мүддесi суға қарық болып, сол арқылы аймақта доминациялық рөлге иелiк жасау едi.

Ал сөйткен Тәшкеннiң Аралға байланысты бүгiнгi көзқарасы қандай?

2. БҮГIН: АРАЛ –“ӨЗБЕКНЕФТЕГАЗДЫҢ НАЗАРЫНДА!…”

Қазақ — өзбек шекара делемитациясына сәйкес, әрi оған дейiнгi тарихи жағрафиялық бөлiнiстерге сай Кiшi Арал – Қазақстанға, ал Үлкен Арал – Өзбекстанға тиесiлi. Алда-жалда Аралдың түбi шынында да шалқыған мұнай болса, экономикасы онсыз да тұралап тұрған өзбектердiң аузы таяудағы болашақта қай жаққа қарай қисаятынын бажайлап бiлу де қиын емес. Мұнайдың аты Құдайдан кейiн, кейде бұрын айтылатын мына заманда пенделiк ниеттердiң ненi көксейтiнi де белгiлi. Бүгiнгi Өзбекстанның жағдайында адамы түгiлi аң-құсы қашып жатқан апатты Аралдан мұнайдың мол қорының табылуы тақыр кедейдiң лотерея билетiнен миллион доллар ұтып алуына пара-пар жағдай…

Сонымен, Кiшi Арал – Қазақстанның, ал Үлкен Арал – Өзбекстанның меншiгiнде. Десекте, теңiздегi шекараның даулы тұсы көп болады. Таным айдынына мұнайлы, бекiрелi Каспийдi айнала қоршап отырған елдердiң әлi күнге теңiздiң асты-үстiн бөлiсе алмай, жыл аралата келiсiм үстелiне отыруға мәжбүр болатынын да көрiп отырмыз. Ақиқатында гәп Каспийде де, оның суында да емес, бұл жердегi гәп қара алтын-мұнайда! Соған қарағанда онсыз да жиi-жиi мылтық атылып, адамы өлiп тұратын қазақ-өзбек шекара қатынастарын алдағы уақытта жаңа қызықтар мен шыжықтар күтiп тұруы да ықтимал. Мұнайға зәру емес, экономикасы тұрақты қазақ жағы өздерiне тиесiлi Кiшi Аралды суға толтырып, сол арқылы аумақтағы ахуалды оңалтуға тырысып жатыр. Қазақстан ғалымдарының “2010 жылға қарай теңiздi құрғап кетуден қорғап қалудың мүмкiндiгi бар” деуi де сол себептен. Ал өзбектердiң пиғылы “дәл осы 2010 жылға қарай теңiздiң белгiлiктi бiр бөлiгi құрғап кетуге тиiс” дегенге саяды.

Мәселенiң анық-қанығы дәл осы жерден көрiнiс беретiнге ұқсайды. Қазақстанға керегi – Арал аймағының суы молайып, теңiздiң қалпына келгенi. Ал Өзбекстанды бәрiнен бұрын тұралаған экономиканы көтерiп тастайтын мұнайдың ықтимал мол қоры қызықтырады. Қазақстанға келсек, Кiшi Аралдың сақталып қалуына қазiрдiң өзiнде үлкен сенiм оянып отыр. Күнi бүгiн теңiздiң солтүстiк бөлiгiне бiрнеше өзендерден секундына 800 текше метр су келiп жатыр. Осыдан бiр жыл бұрын ресейлiк “Зарубежводстрой” компаниясы салған Көк-Арал бөгетi оңтүстiк қапталға бей-берекет ағып, зая кетiп жатқан суды Кiшi Аралдың арнасына бұрды. Дәл осы шаруа үшiн Бүкiләлемдiк банктiң Қазақстанға 64 миллион доллар несие бергенi де белгiлi. Аталмыш банктiң өкiлдерi бұл салымның он бiр жылдан соң пайда беретiнiн ресми түрде мәлiмдеп те қойды. Осы шара арқылы 9000 шаршы километр теңiз ауқымы бастапқы қалпына келмек. Суға толған арналарға бекiре балық жiберiлiп, балықаулау кәсiпшiлiгi дамымақ.

Өзбек өкiметiнiң соңғы кездегi Арал проблемасына қатысты көзқарасын бiршама салқын десе де болады. Бiрнеше жыл бойы қатаң визасаясатына орай Арал аймағын зерттеуге экспедициялардың келуiне кедергi жасалынды. Сондай-ақ, 2002 жылы Аралды Сiбiр өзендерi арқылы толтыруға мүдделi болған Өзбекстан соңғы кездерде Ресей мен Қазақстан тарапынан жасалған осы сипаттары шараларға сырт айналатынды шығарды. Ресми Тәшкеннiң көкейiнде болашақтың аса мол көлемдегi мұнайы тұрғаны басы ашық жайт.

3. ӨЗБЕКСТАНДА МҰНАЙ ТАПШЫЛЫҒЫ БАР

Үстiмiздегi жылдың ақпан айында Өзбекстанның Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi “Аралдың өзбек бөлiгiндегi ресурс қоры” деген конференция өткiздi. Аталмыш шараға келгендердiң арасында экология немесе балық өсiру саласымен айналысатын бiрде бiр кәсiпорын жоқ. Есесiне, негiзiнен мұнай өндiрушi компаниялар шақырылды. Олардың арасында “Узбекнефтегаз”, “Корея Нэшнл ойл копорейшн”, “ЛУКОЙЛ Оверсиз”, малайзиялық “Пэтронас Каригали” және қытайлық “Си-Эн-Пи-Си Интернешнл” мұнай компаниялары бар.

Отандық көмiрсутегiн өндiру – өзбек өкiметiнiң бүгiнгi таңдағы басты арманы болып отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын Өзбекстан жергiлiктi отын қорының жеткiлiктiгiн ресми түрде мәлiмдеп, шет елден мұнай сатып алуды тоқтатты. Алайда өткен жылы аяқастынан Қазақстаннан мұнай сатып ала бастады. Сондай-ақ Тәшкентте шұғыл түрде Аралдан көмiрсутегiн iздеу жөнiндегi инвесторлар консорциумы құрылды. Соған қарағанда, бұл елде мұнай тапшылығы бар. Ал Аралдың астынан табылып отырған мол мұнай қоры болса — анау. Демек, қолда бар иглiктi неге пайдаланбасқа?

Таяуда “Өзбекнефтегаздың” құзырлы шенеунiктерiнiң бiрi “2006 жылы Өзбекстанның Арал шельфiнен мұнай өндiрудiң кең ауқымды жұмыстары бастайтынын” ресми түрде мәлiмдеп те жiбердi. Соған қарағанда, ортақ Аралдың алдағы тағдыры шешiлiп қойғанға ұқсайды. Өзбектерде алдымен керегi – Аралдың эколгиясы емес, мұнайы. Олай дейтiнiмiз, мұнайлы ел есебiнде кең ауқымды мұнай өнеркәсiбi мен экологияның қарама қайшы мүдделер екенiн бiз Каспийдегi мұнай өндiрiсiнен жақсы бiлемiз. Мұндайда екi мүдденiң бiреуi ғана салтанат құрауға тиiс. “Не — мұнай, не — экология!”. Екiнiң бiрi. Дүниежүзiндегi мұнай ең көп өндiрiлiп жатқан аймақтардың бiрi Каспий аймағындағы экоахуалдың қиындығы басы ашық жайт. Дәл қазiр бiздi мұнай өндiрiсiнен жинақталған мол күкiрттi қайда жiберерiмiздi бiлмей далбасалаған жағдайымыз да бар. Мұнайлы Батысты меңдеген ауру сырқау бөлек әңгiме. Әлбетте, осының бәрi мұнай өндiрiсiне iлесе жүрмек кiнәраттар. Экологиядан бұрын мұнай өндiрiсiне iш тартып отырған ресми Тәшкеннiң әрекетiне қарағанда Аралдың тартылуынан пайда болған қыруар тұздан зардап шеккен жергiлiктi халықтың басына жаңа бiр қатер төнiп тұрған сияқты “Не — өмiр, не — әмиян?” деген өмiрлiк мәнi бар сауалдың актуальдылығы дәл осы жерден көрiнiс бередi.

Екi елге ортақ Аралдың бүгiнгi ахуалы осындай. Қазақстан жағынан жасалып отырған Кiшi Аралды суға толтыру әрекетi қаншалықты иманды құбылыс болса да, өзбектер тарапынан қолдау, ымыра болмайтынға ұқсайды. Керiсiнше, мол мұнайды судың астынан алғаннан гөрi тартылған теңiздiң қаңсыған түбiнен алу ыңғайлы болатыны да өтiрiк емес… Аралдың ықтимал мұнайы арқылы келмек мол қаржыға аузын ашып отырған “ортақұрсақ” өзбек жағы мұны жақсы бiледi. Өзбекстанға тиесiлi Үлкен Аралдың күн өткен сайын тартылып бара жатуы да осы пиғылдың салдары болуы әбден мүмкiн. Ал Қазақстанға тиесiлi Кiшi Аралға сауықтыру шараларының арқасында секундына 800 текше метр су құйылып жатыр. Кереғар бағыттағы осы екi ниеттiң қайсысының жеңiп шығары әзiрге беймәлiм. Себебi, “бiреуге-өмiр, екiншi бiреуге – әмиян керегi” белгiлi болып қалды.

Десек те, ортақ Аралды аймақтық дәрежедегi кереғар екi мүдденiң құрбандығына айналдыруға болмайды. Түптiң түбiнде жоғарыда айтылған екi ниеттiң бiреуiнiң жеңiп, бiреуiнiң жеңiлетiнi басы ашық жайт. Аралда Қазақстанның да мұнай барлау жұмыстарымен айналысып жатқаны рас. Екiншi мүдде жеңiске жеткен жағдайда қазақ жағының да Құланды мүйiсiнен мұнай өндiруi мүмкiн. Алайда Қазақстанға тиесiлi Аралда әзiрге жұмыс iстеп тұрған мұнай станциялары жоқ. Ал, Аралдан табылып отырған мол мұнай қоры өзбектердiң күндiз ойынан, түнде түсiнен шықпайтын сыңайлы…

Арты не болар екен?

Өмiрзақ МҰҚАЙ