Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ “ИДЕЯНЫҢ” АСТАРЫ НЕМЕСЕ БОРИС НЕМЦОВ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ “ИДЕЯНЫҢ” АСТАРЫ НЕМЕСЕ БОРИС НЕМЦОВ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

Көптеген аузы дуалы, бiлiктi әлемдiк сарапшылардың пiкiрiнше, түптiң түбiнде Ресейдi кезектi ыдырау күтiп тұрған сияқты және бұл уақыттың еншiсiндегi ғана жайт. Әлемде осындай тосын қорытындыға келушiлердiң қатары күн санап көбейе түсуде. Әрине, сыртқы және iшкi саясаттағы iс-әрекеттерiне алдын-ала болжау жасаудың мүмкiндiгi бар ядролық державаның болашақта ондаған ұсақ бөлшектерге бөлiнiп кету қаупi халықаралық қауымдастық үшiн орасан зор апат көзi болары сөзсiз. Сондықтан, шын мәнiнде салиқалы, сындарлы ешбiр саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерi, халықаралық күштер бұған мүдделi бола қоймаса керек. Дей тұрғанмен, осыған мүдделi және бұл бағытта астыртын әрекет етушi күштер Ресейдiң өз iшiнен табылатын сияқты. Қазiр алып елде қалыптасқан жалпы ахуал, бiрсыдырғы жүгенсiз жүргiзiлiп отырған iшкi саясат әлгiндей сарапшылар мен зерттеушiлердiң осындай қорытынды жасауларына ерiксiз мәжбүрлеп отыр. Соңғы жылдары елде қалыптасқан соғыс психозы, жеке дара бiр ұлтты – орыс халқын асқақтату, православие дiнiн ғана әсiре дәрiптеу мен шексiз қолдау, тiзгiн бермей өршiп келе жатқан нәсiлшiлдiк пен ксенофобия, шовинистiк өктемдiк түбi осындай күтпеген әрi трагедияға толы нәтижеге әкелiп соғу қаупiн үстемелеуде. Белгiлi бiр топтар нәсiлшiлдiк, ксенофобияның ең асқынған, жүгенсiз көрiнiсi – скинхедтер қозғалысы елдегi қордаланған ұлтаралық проблемаларды бiржола шешедi деп үмiттенетiн сияқты. Таяуда Санкт-Петербургте қатыгездiгi, ұлты бөтен студенттер мен бейкүнә адамдарды ұрып-соғулары және өлтiрулерiмен аты шыққан скинхедтер тобының бiр топ мүшелерi мен басшылары тұтқындалды. Тергеу жаңа басталғанына және iстiң толық аяқталмағанына қарамастан-ақ алғашқы үрейлi қорытындылар жасалып отыр. Ұзақ жылдардан берi осы қала тұрғындары мен қонақтарының арасында үрейлi даңқы жайылған скинхедтердi ұйымдастырушы, дем берушi және қаржылай көмектесушiлер Мәскеуде екенi әлден-ақ анықталды. Қандай да жол және әрекеттер арқасында “Ресейдi әлем мойындайтын империя етемiз, қайта өркендетемiз” деп басын тау-тасқа соғуды үрдiске айналдырған ресми Кремль билiгi бiр кездердегiдей жанталаса қарулануды да қайта тiрiлттi әрi ресми деректердiң көзi бойынша қазiр жыл сайын 10 млрд. доллар көлемiндегi орасан зор қаржы қару сатып алуға жұмсалуда. Және бұл көрсеткiш жылдан жылға үздiксiз ұлғайтыла бермекшi. Осынау әрекеттердiң тасасынан экономикалық тұрғыдан мейлiнше дамып, кемелiне келген қуатты батыс мемлекеттерiне қоқан-лоққы жасаудан гөрi, Ресейдiң жан-жағындағы көршiлес елдерге сұс көрсету, қалайда ықпалынан шығармаудың құйтырқылары құлақ қылтитады.

Ресейдегi ресми билiк қана емес, өздерiн гуманистер санатына қосатын қоғамдық қайраткерлер, зиялы қауым өкiлдерi, оңшыл күштер мен либералдар да елдегi соңғы жылдары қалыптасқан ойын ережесiне бiртiндеп мойынсұнып, адамдар мен ұлттардың арасындағы алауыздықты қоздыруды, жеке ұлттың өркөкiректiгi мен үстемдiгiн одан әрi өршiте түсудi жөн санайтын сияқты. Бұл қауiптi өрескел жағдай таяуда Ресей президентi В.В.Путиннiң жолдауынан соң одан әрмен жандана түскенi анық аңғарылып отыр. Өткен аптада, 25 мамыр күнi “Известия” газетi Ресей оңшыл күштерi одағының (СПС) саяси кеңесiнiң мүшесi, өзiн либералдар қатарына жатқызатын Борис Немцовтың “Непродуманная стратегия” атты шағын мақаласын жариялады. Осы уақытқа дейiн адамзат сүйгiш, гуманист, демократ ретiнде биiк мiнберлерден уағыз айтуға машықтанған аталмыш мырзаның пiкiрлерi фашистiк идеологиямен ұштасып жатқан сияқтанады. “Либо мы решим вопрос с народонаселением, либо начнем терять территорию.

Однако пути выхода из демографического кризиса, предложенные президентом, совершенно непродуманны и даже опасны для России”, – деп ерекше алаңдаушылық бiлдiрген Борис Немцовтың пiкiрiн түпнұсқада алуды жөн көрдiк. Өйткенi, оқырмандар осынау қайраткердiң ұзақ жылдар бойы демагогия, популистiк сөздермен бүркемелеп келген шынайы бейнесiн көруге құқылы. Б.Немцов Путин жолдауынан Ресейге төнiп тұрған орасан зор “қауiптi” алдын-ала аңғарыпты. Оның пiкiрiнше: “Первое опасное последствие – это люмпенизация России. Первые, кто откликнется на призыв рожать, будут семьи алкоголиков и наркоманов, для которых ежемесячные 3000 р. – это столь большие деньги, что они даже задумываться не станут”. Мiне, бiр кездерi Кремль билiгiнде болған, қазiр Путинге оппозициядағы жанның шынайы көзқарасы бұл. Бiр кездердегi нацистердiң ұстанымдарына бұдан әрi жақын келу мүмкiн емес. Туған халқын, адамдарды мұншама жек көру, менсiнбеу, мал қатарына қосу бұрын-соңғы тарихта бола қоймаған шығар-ау.

Ол ол ма, бұл саясаткер одан да асқан “қауiптi” алдын ала сезгенсидi. “Второе последствие еще более неприятное. Это исламизация России. Уже сейчас рождаемость весьма высоко в тех регионах, где большинство населения – мусульмане. Это Дагестан, Чечня, Ингушетия, Кабардино-Балкария, Татарстан, Башкорстан. Не нужно объяснять, что будет, если эту высокую рождаемость еще дополнительно простимулировать”, – дейдi ол. Өзiн адамзаттың ең алдыңғы тобы – либералдар қатарына қосатын Б.Немцовты Ресейдегi жылына миллионға жуық адамдардың мезгiлiнен бұрын түрлi маскүнемдiк, жол апаттары, техногендiк апаттар, ұйымдасқан немесе тұрмыстық қылмыстар кесiрiнен және де басқа себептерден қайтыс болуы емес, елдегi 20 млн. шамасындағы мұсылмандардың саны тым өсiп кету ықтималдығы айрықша үрейлендiредi екен. Бұл мырза Ресейдегi демографиялық ахуалды реттеудiң ақылға сыймас жолын ұсынады одан әрi. “Гораздо лучше было бы, если бы президент предложил стимулировать рост рождаемости в среднем классе. Ведь именно средний класс является основой стабильности любого общества…” Ал Ресейде “ортаңғы класс” ретiнде орыстар ғана қарастырылатыны бесенеден белгiлi. Бiр сөзбен түйiндегенде, Б.Немцов мырза “ұрыдан – ұры, ақылдыдан – ақылды туады” деген ортағасырлық, тiптi, күнi кешегi фашистiк идеологияны Ресейде қайта тiрiлтпекшi. Тiптi, Освенцим, Дахау, Маутхаузен секiлдi концлагерьлердегi миллиондаған адам өмiрлерiнiң соңғы нүктесi болған газ крематорийлерiнiң алдындағы нәсiлi, ұлты бөлек адамдардың шұбатылған тiзбегi елес бердi.

Осыдан аз уақыт ғана бұрын Еуропа Кеңесiнiң нәсiлшiлдiк және төзiмдiлiк комиссиясының Ресей туралы кезектi баяндамасы жарық көрген болатын. Аталмыш комиссияның айтуына қарағанда, Ресей соттары түрлi заң бұзушылықтардың тасасынан көбiне нәсiлшiлдiк себептердi iздеуден қашқақтайтын көрiнедi. Өздерiнiң сыртқы бейнелерiмен ерекшеленетiн аз санды ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерi, Кавказдан шыққандар, түрiк-месхедтер, афроамерикандықтар мен Орта Азия халықтарының өкiлдерi жиi шабуылға ұшырап, өмiрлерiне зор қауiп төнедi және Еуропа сарапшыларының пiкiрiнше, милиционерлер мен казактар айрықша нәсiлшiлдiктерi, өзге ұлттарды кемсiтушiлiгiмен көзге түсуде. Сондай-ақ, олар адамдар арасындағы жеккөрушiлiктердi насихаттауға, дiни қудалау мен нәсiлшiлдiктiң тууына жауапты БАҚ-тар мен журналистерге қатысты жазаларды кең көлемде қолдануға кеңес бердi.

Мұндай қауiптi дерттен бiр кездегi салиқалы, сындарлы, демократияшыл басылым ретiнде танылған “Известия” газетi де тысқары қала алмай отыр. Соңғы уақытта аталмыш басылымда мұсылмандарды өзге дiндер үшiн ортақ жау етiп көрсетудiң сорақы үрдiсi қалыптаса бастады. Және бұл көзқарастарын түрлi адамдардың пiкiрi түрiнде жеткiзудiң құйтырқы жолдарын жиi пайдалануда. Рим Папасы Бенедикт ХVI туралы кiтап жазған Бернар Леконтпен шағын сұхбатта да осындай ой астыртын қылаңытады. Әлгi сұхбатта Бернар Леконт: “Басқа да христиан шiркеулерi сияқты, ОПШ (РПЦ) алдында да ұқсас проблемалар тұр. Олардың бастысы – ислам фундаментализмiнiң шабуылы. Сондықтан – католиктер, протестанттар және православтар ортақ айқасқа қатысуға тиiс”,–дейдi. (“Известия” газетi, 16.05.2006 ж.).

Мiне, Қазақстанда да кең таралып отырған беделдi басылым ХХI ғасырда христиандарды мұсылман әлемiне қарсы крест жорығына шақыруда және мұны әлдебiр белгiсiз автордың аузымен жүзеге асыруға күш салуда. Өздерi сүттен ақ, судан таза бола қалмақшы. 1979 жылы тақтан тайдырылған Иран шаһы Реза Пехлевидiң Мэриленд штатында тұратын ұлы Реза Пехлеви биылғы шiлде-маусым айларында Ирандағы билiктi құлатуды мақсат тұтқан қозғалыс құрылатынын мәлiмдедi. “Ешқандай соғыс қажет емес – бұл жүйенi өзiмiз-ақ құлатамыз”, – дейдi ол. Соңғы күнi Кабулдағы бейбiт халыққа оқ жаудырып ондаған адам қаза тапқан қанды оқиға да мұсылмандарға қарсы крест жорығы үздiксiз жалғасып жатқанын көрсетедi.

Ресейде соңғы уақтары қалыптасқан жағдайды сырт көз аңғармауы, оған көз жұмып қарауды, елемеудi одан әрi жалғастыра беруi бұдан әрi мүмкiн емес. Оның үстiне сырттай бақылаушы емес, осы елдiң азаматы ретiнде күн сайын куә болып жүрген журналист Асланбек Дадаевтың қорытындылары да Кремль билiгiндегiлердi қуантпайтыны айқын.

“Кез келген қақтығыстың негiзгi астарында бәрiне жол берудi туындататын коррупция мен жазасыздық жатады. Кавказда бұл шаш-етектен. Екi жақтан да жасалған әскери қылмыстар үшiн жауапқа тартылатындар некен-саяқ ғана боларына күмәнданудың керегi жоқ. Көптеген Ресей әскерилерi үшiн соғыс шен өсiрудiң текпiшегi болды. Орта буындағы қанша офицерлер генерал болды? Ал қанша генерал саясатпен айналысуға мүмкiндiк алды”, – деп күйзеледi ол (“Московские новости”,N10, 24-30 наурыз, 2006 ж.).

Турасын айтқанда, Ресейдiң болашағына қауiп төндiрiп отырған мұсылман фундаментализмi немесе мұсылмандар санының көбеюi емес, осы елдегi жүгенсiз коррупция, ұйымдасқан қылмысты топтар мен тұрмыстық қылмыстар. Мұны ресми билiк те жоққа шығармайды. Таяуда құқық қорғау органдары және сот жүйесi басшыларының үйлестiру кеңесiнде РФ Бас прокуроры Владимир Устинов: “Ресейдегi ұйымдасқан қылмыс ұлттық қауiптiң деңгейiне көтерiле бастады”,–деп амалсыз мойындады. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыс iс жүзiнде барлық саланы: саяси, экономикалық, әлеуметтiк салаларды да қамтып отыр. Қай жердi алмаңыз – барлық жерде ұйымдасқан бiрлестiктер бар. Қылмыстың басынғаны соншалық, тiптi, мемлекеттiк және құқық қорғау органдарымен де кiрiге бастаған. Бұл қауiптi құбылыс бiрте-бiрте бой бермей барады.

Ежелден-ақ тұрмыстық түрлi ауыр қылмыстар көптiгiмен ерекшеленетiн елде бұл қауiптi құбылыстың асқынғаны соншалық, Ресей Әдiлет министрлiгi мен үкiмдi жүзеге асыру федеральдық қызметi (ФСИН) Үкiмет тапсырмасы бойынша “Бостандықты шектеу туралы” федеральдық заң жобасын жасады. Бұл жоба бойынша ұсақ қылмыскерлердiң аяғына электронды, жеңiл кiсен кигiзiлмекшi және әлгiндей қылмыскерлердiң жүрiп-тұруы арнайы орталықтардан бақыланып отырмақ. Алдын-ала тыңдау кезiнде Мемлекеттiк Дума бұл әрекеттен бас тартқанымен, таяу болашақта жүзеге асырылары сөзсiз. Әзiрге әңгiме қаржы мәселесiне ғана тiрелiп тұр. Осыдан жүз-жүз елу жыл бұрын ғана аяқ-қолына ауыр шынжыр кiсен салынған қылмыскерлердiң Сiбiрге жер аударылған ұзақ тiзбектерi әлi де тарих еншiсiнде қала қоймағанға ұқсайды.

Ол ол ма, Ресей федеральдық пошта қызметi (ФПС) таяу уақытта пошташыларды газ баллондары, сауытты желеттер, сондай-ақ пистолеттермен қаруландырмақшы. Ресми деректерге қарағанда, әрбiр байланыс бөлiмшесiне үш ай сайын қарулы шабуылдар жасалып, әрбiр пошташыға қарсы алты ай сайын қылмысты әрекеттер орын алатын көрiнедi. Қауiпсiздiктiң мұндай шаралары әлемнiң ешбiр елiнде жүзеге асырылмайтыны бесенеден белгiлi әрi қылмыстың мұндай жүгенсiздiгi туралы да айтпай-ақ қоюға болады.

Жоғарыда айтып кеткенiмiздей, бүгiнгi Ресейдiң басты проблемасы – бұл елдегi мұсылмандардың көбеюiнде емес. Елдегi 152 млн. адамдардың небары 20 млн.-нан сәл астамы ғана мұсылмандар. Басты мәселе, соңғы жылдары Ресейде бала туудың мейлiнше азайғанында болып отыр. Ресейдегi 42 миллион отбасылардың 47 пайызы, яғни жартысына жуығында бала жоқ. Осыған қарамастан қазiр елде 720 мың жетiм балалар бар және олардың 220 мыңы ғана балалар үйiнде тәрбиеленуде. Мұның өзi елдегi аса қауiптi әлеуметтiк дертке айналып отыр. Оның үстiне, Ресейде қазiргi заманның ең қауiптi дертi — СПИД-пен ауыратындардың саны 1 млн. адамға жеттi және бұлардың басым бөлiгi 30-ға толмаған жастар.

Ал Б. Немцовтың елде мұсылмандар көбейiп кетедi деген қаупiне қайта оралсақ, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн КСРО Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қазақ әйелдерiнiң бала тууын шектеу туралы астыртын бұйрығы болғаны ойға оралады. Сол жылдары осындай адамшылыққа жат, жауыз жабық бұйрықтың болғаны туралы қауесеттiң қазақтар арасында кең жайылғаны рас. Ал билiк басындағы қандықол, жауыз коммунистер мұндай бұйрық беруi мүмкiн емес деп күмәндануға да болмайды. КСРО-ны 70 жылдан астам билеген қатыгез коммунистер бұдан да қатал, қанды бұйрықтар шығарып, ашық та, астыртын түрде де жүзеге асырғандарына тарих куә.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Нобель сыйлығының лауреаты, жапонның атақты жазушыларының бiрi Кэндзабура Оэнiң Жапонияның сыртқы саясатына байланысты: “Бойкүйездiк, мойынсұну мен бағыныштылық секiлдiлерден жамап-жасалған iс-әрекеттердiң стереотипi – мұндай ұстаным кейде жұртқа көз қылу үшiн жасалғандай көрiнедi – Жапонияның соңғы елу жылдағы, тiптi бейбiт келiсiмдер жасалғаннан кейiнгi және ел толық егемендiк алғаннан соңғы барша сыртқы саясатының негiзiне айналды”, –деп күйзелгенi ойға оралады.

Қазақстанның соңғы жылдардағы бойкүйез, мойынсұну және бағыныштылық саясаты да елiмiздi таяу жылдарда тығырыққа тiреуi мүмкiн. ТМД ауқымындағы, ең бастысы, Бiртұтас экономикалық кеңiстiк (ЕЭП) негiзiндегi достастық, әрiптестiк интеграцияға шектен тыс құмартуымыздың түбiнде қатерлi боп шығуы ықтимал. Ерте ме, кеш пе Б.Немцов сияқты орыс “либералдары” мен Кремль билiгiндегiлер қазақ әйелдерiнiң бала тууын шектеу туралы талап қоймасына еш кепiлдiк жоқ. Ресей билiгiндегiлердiң бүгiнгi күнгi жылы-жылы сөйлеуi ертең-ақ басқаша мәнге, мазмұнға ие болмасына да еш кепiлдiк жоқ. Өткен сенбi күнi Мәскеудегi Абай ескерткiшiн вандалдар жасыл бояумен бояп, қорлаған, ал ертеңгi күнi ондайлар қазақ халқын қызыл қанға боямайды дей алмаймыз.

Осы тұрғыдан өз елiнiң ТМД мемлекеттерi қатарынан шығатынын мәлiмдеген Грузия президентi Михаил Саакашвилидiң: “Россия – коварный, хитрый, неприятный сосед”, – деп бүкпесiз әрi батыл мәлiмдеуi Қазақстан билiгiндегiлерге де сабақ болса құба-құп.

Жаңабек ШАҒАТАЙ