Жаңалықтар

КIМ КIМГЕ ТӘУЕЛДI?

ашық дереккөзі

КIМ КIМГЕ ТӘУЕЛДI?

«Қазақстан, Украина мен Беларусь халқының тең жартысы Ресейге қосылуға кетәрi емес». Ресейлiк БАҚ-тың бiрi осылайша хабар таратты. Бұл кеңестiк империяға бодан болған «екiншi сортты» ұлттардың аяғына тұсау салуды көздеген Кремльдiң арам пиғылы ма, әлде басқа себебi бар ма? Жерi де кең, көңiлi де кең қазақты бодандыққа телитiндердiң дiттегендерi не? Табиғи ресурстарға бай, потенциалы жоғары қазақ шынымен бiреуге тәуелдi ме?

Осыдан сәл уақыт бұрын ғана ресейлiк БАҚ «Ресей мен Қазақстан қосылады. Путин – президент, Назарбаев вице-президент болады» деп дүрлiктiргенi бар едi. Елдi алатайдай бүлдiрмесе, «ас батпайтын» кейбiр мысық тiлеулер «ескi әдеттерiне» басқан сыңайлы. Отандық сарапшылардың кейбiрi Қазақстанның солтүстiк, батыс бөлiгiндегi қазақтардың әлi күнге КСРО-ны аңсайтынын, сондықтан олардың Ресейге қайта қосылуды армандауы заңдылық екенiн айтады. Ал әлi күнге Мәскеуге қарап «мөңiрейтiндер» мен орыстарға бүйректерi бұратындар – негiзiнен орта жастан асқандар мен самайларын ақ шалғандар. Кейiнгi буын, яғни жастар мен жасөспiрiмдер Еуропа мен АҚШ сияқты дамыған елдерге қарап бой түзегендi қалайды. Сауалнама жүргiзгендердiң Қазақстанның қай бөлiгiн қамтығаны және сұраққа жауап бергендердiң жас мөлшерi белгiсiз. Алайда орыс сарапшыларының Қазақстан, Украина, Беларусь сияқты тәуелсiз мемлекеттiң тәуелсiз азаматтарынан «Қай елмен бiрiгудi қалайсың?» деп сұрауының өзi арандатушылық емес» деп кiм айта алады?! Айрандай ұйыған ел iшiне iрiткi салуға мүдделiлердiң көздейтiнi – қазақтың мол табиғи байлығы пен ұшы-қиырына көз жетпейтiн дарқан даласы. «Жығылған үстiне – жұдырық», өз жерiнде, өз елiнде отырса да, өгейдiң күйiн кешкен қазақ тiлiнiң мүшкiл халi тағы бар. Орталық Азияда, тiптi, посткеңестiк кеңiстiктегi бiрде-бiр елде Қазақстандағы тәрiздi Мемлекеттiк тiлдi қорғау туралы комитет не ұйым құрылған емес. Қазақстан КСРО-дан iргесiн аулақ салғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел басына күн туған қысылтаяң шақта қазақты паналап келген өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң басым бөлiгi, әсiресе, Қазақстанның солтүстiк, батыс бөлiгiнде тұратындары бүгiнде: «Қазақтың тiлiн үйренбеймiн, үйренгiм келмейдi» деп кергидi. Қазақтың «асын iшiп, аяғын тепкендерге» «әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа» тағы жоқ. Қазақстандық ақпарат кеңiстiгiнiң ресейлiктер ықпалында болуы да қазақтарға рухани және психологиялық тұрғыда керi әсер етуде. Әлi күнге теледидардан орыс жаңалықтары, орыс музыкасы мен орыс жарнамасы үздiксiз берiледi…

Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi таңда ресейлiк электрондық БАҚ-тың 90 пайыздан астамы Кремльдiң уысында. Путин әкiмшiлiгi орыс телеарналарынан берiлетiн жаңалықтарды қатаң бақылауда ұстап отыр. Осыдан 1 ай бұрын еуропалық депутаттардың «Ресейде сөз бостандығы шектелуде, адам құқығы аяққа тапталуда» деп дабыл қағуына да осы себеп болған. Ал билiк қысымына ұшыраған бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң Кремльдiң сойылын соғып, Кремль жүргiзiп отырған саясатты ұстануға мәжбүр болатыны анық. Дүниежүзi бойынша энергоқорларға бай Ресей қазiр әлемдiк саясатқа ықпал етуге жанталасуда. РФ-ны алып державаға айналдыруды мақсат еткен Путин саясаты Еуропаның өзiн тығырыққа тiреп отыр. Вашингтон мен Еуроодақ тарапынан айтылатын сынды Путинге шыбын шаққан құрлы әсер етпейдi. Өйткенi, Еуропалық Одаққа мүше елдердiң көпшiлiгi орыс газына тәуелдi. Қазақ, өзбек, түркiмендердiң арзан газын еуропалық нарыққа шығару құқығын иелену арқылы кәрi құрлықты тәуелдi етудi көздейтiн Кремль табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймақты уысында ұстауға мүдделi. Сондықтан «Қазақтар орыстармен бiрiгудi армандайды-мыс» деген сияқты психологиялық тұрғыда әсер ететiн ақпараттардың жиi қылаң беруi заңды. Ал көпвекторлық саясатты ұстанып отырған Қазақстан ретi келсе, өзiнiң табиғи газы мен мұнайын Баку-Жейхан-Тбилиси арқылы да, Қытай мен Иран арқылы да әлемдiк нарыққа тасымалдауға мүдделi болуы тиiс. Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет деңгейiне көтерiлудi көздеген Қазақстан Президентi былтыр Алматыны Орталық Азияның қаржы орталығына айналдыру және Орталық Азия Одағын құру туралы ойға қонымды ұсыныс айтқан болатын. Негiзi «ақырын жүрiп, анық бассақ», орталықазиялық аймақтағы ықпалымызды күшейтуге мүмкiндiк мол. Әрине, экономикалық және саяси тұрғыда тәуелсiздiгiмiздi нығайтуды және ұлттық қауiпсiздiгiмiздi қамтамасыз ету үшiн «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан мемлекеттермен де, дамыған Еуропа елдерiмен де, алып державалардың бiрi – АҚШ-пен де сәлемiмiз түзу болуы тиiс. Сонда ғана қазақты бодандыққа қарай бұра тартқысы келетiн арам пиғылдылардың маңдайлары тасқа тимек. Айтпақшы, қазақ қоғамында отарсыздану саясатын жүргiзу, қазақтардың, әсiресе, жастар мен жасөспiрiмдердiң көпшiлiгiнiң санасында қалыптасып үлгерген құлдық психологиядан арылу мақсатында идеологиялық жұмыстар жүргiзу де мемлекет келешегi үшiн аса маңызды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ